15 Маусым, 2016

Үкімет жұмысты ширатты

229 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
МасимовКеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің селекторлық режімдегі кезекті отырысы өтті. Онда негізінен бизнесті дамыту және қолдау, сондай-ақ, мүлікті жария ету мәселелері қаралуы керек еді. Жиын Ақордада өткен кеңестен кейін болғандықтан, күн тәртібі бұдан да толыға түсті. Нәтижесінде Үкімет мүшелеріне елдің қазіргі саяси-экономикалық, әлеуметтік ахуалына байланысты бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Отырыс Асқар Мырзах­метов­тің Ауыл шаруашылығы министр­лігімен қоса, Премьер-Министр­дің орынбасары болып тағай­ындалуына орай құттықтаудан басталды. А.Мырзахметов өз кезе­гінде Елбасының артқан сеніміне алғысын айтып, жүктелген жауап­кершілікті орындауға бар күш-жігерін, білім-білігін жұмсай­тынын жеткізді. Ал К.Мәсімов ендігі ретте орынбасарлар ара­сындағы міндеттер бөлінісін қай­та қарап, оның ішінде ауыл шаруа­шылығына, өңірлік дамуға байла­нысты мәселелерді, сондай-ақ Жер реформасы жөніндегі комис­сияға қатысты жетекшілікті де А.Мырзахметовке жүктеу керек­тігі жөнінде айтып өтті. Одан әрі Үкімет басшы­сы Ақ­ордада өткен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия қызметінің аралық қорытындыларына арнал­ған кеңесте қаралған мәселелерге қыс­қаша тоқталды. Онда елімізде жүзеге асырылып жатқан 5 рефор­маның, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының орындалу барысы жайында Елбасына есеп беріл­генін, соған орай Президент Үкі­метке нақты тапсырмалар жүк­тегенін жеткізді. Осы ретте Үкімет жұмысында қазіргі кезең­дегі экономикалық саясатқа қатыс­ты Мемлекет басшысының келі­сімімен бірқатар түзетулер болатынын мәлімдеді. Мәселен, мұ­най өндіру кө­ле­мін арттыру мақсатында жұ­мыс­тар жүргізілуі керек. Бұл ретте Үкімет басшысы Энергетика мин­истрі­не және «Қаз­МұнайГаз»-ға бірқатар тапсырма берді. «Сіздер мұнай өндіру көлемінің жоспардағы 74 миллионын 75 миллион тоннаға дейін арттыруды қамтамасыз етулеріңіз қажет. Осы тапсырмалар орындалуы үшін іс-шаралар өткізу қажет», деді К.Мәсімов. Сондай-ақ, Энер­гетика министрлігіне мұ­най өң­деу зауыттарында жос­парлы жөндеу жұмыстары мерзі­мін оңтайландыруды тапсырды. Осыған орай Қашағанды қазан айында іске қосу қажеттігін нақ­ты­лады. Сонымен қатар, К.Мә­сімов облыс әкімдерімен, көмір өндіруші компаниялармен тиісті жұмыстар жүргізілуі керек­тігін атап өтті. Ағымдағы жыл­дың соңы­на дейін энергия нысан­дар­ын­да отын қауіпсіздігі норма­тив­терін жасау керектігін тапсырды. «Инфляцияны төмендету және өнер­кәсiп кәсiпорындарын қол­дау, сондай-ақ, iрi электр станса­ла­рының жұмысын күшейту мәсе­­лелерi бойынша ұсыныстар әзiр­леп, электр қуатының шектi та­рифтерiн төмендету жөнінде шешiм қабылдау керек», – дедi К.Мә­сiмов. Үкімет отырысында, сондай-ақ, соңғы уақытта елiмiзде орын ал­ған оқиғалардан кейiн түйт­кілді мәселелердi шешу бойынша кешендi iс-шаралар қабылдау қа­жет­тігі жө­нінде де айтылды. Оның iшiн­де жұмыссыз жүрген жастар мә­селесi Үкiметте түбегейлi қайта қарастырылмақ. «Денсаулық және әлеу­мет­тiк даму министрлiгi мүдделi мем­ле­кеттiк органдар, жергiлiктi ат­қа­рушы органдармен бiрге бiр ай­дың iшiнде проблемалық жас­тармен жұмысты түбегейлi қайта қарастыру керек. Бүгiн Мемлекет басшысы өткiзген жиында бұл мәселе жан-жақты талқыланды. Мен ертеңнен бастап өңiрлерге шығамын. Барлық кездесулерде жастармен жұмыс, оларды жұмыспен қамту мәселесi бөлек талқылануы тиiс. Мұны ертеңнен бастаймыз», дедi К.Мәсiмов. Қауiпсiздiк Кеңесiнiң отырысында Мемлекет басшысы ұлт­тық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге ба­ғытталған стратегиялық және жүйелi мәндегi бiрқатар нақты тап­сырма берген болатын. Осыған орай терроризм мен экстре­мизмге қарсы iс-қимыл саласында кешендi iс-шаралар әзiрлеу бой­ынша ведомствоаралық жұмыс ко­миссиясы құрылмақ. Оған Ұлт­тық қауiпсiздiк комитетi жетек­шiлiк етедi. Осыған орай «екi күн iшiнде бұл топты құру жөнiн­дегi менiң өкімімнің жобасын енгiзудi тапсырамын», дедi К.Мә­сiмов. Ведомствоаралық жұмыс комиссиясы бiр аптаның iшiнде нор­мативтiк-құқықтық және ұйым­­дастырушылық мазмұндағы iс-шаралар жоспарын әзiрлеуi керек. Үкімет басшысы, сондай-ақ, Ақтөбедегi терактiден кейiн бiр­қатар шетелдiк инвестор Қазақ­стандағы жағдай мен өз инвес­тицияларының сақталуына қатыс­ты алаңдаушылық танытып отыр­ғандығын атап өтті. «Инвес­тициялар және даму министрлiгi Сыртқы iстер, Ақпарат және коммуникациялар министр­лiк­терi­мен бiрлесiп, осы ба­ғытта жұ­мыс атқаруы керек», дедi К.Мә­сiмов. Яғни, инвес­тициялардың қау­iп­сiздiгiн қамта­масыз ету қа­жет­тiгiн баса айтты. Осы ретте әуе­жайлар мен вокзалдарды қазір­гі за­манғы тексеру жүйесімен жаб­дық­тауды тапсырды. «Инвестициялар және даму министрлігіне Ұлттық қауіп­сіздік комитетімен, Ішкі істер министрлігімен, «Самұрық-Қазы­на» қорымен бірлесе әуежайларды, автобус және теміржол вокзалдарын қазіргі заманғы тексеру жүйесімен жабдықтау бойынша бірыңғай техникалық талаптарды бекіту тұрғысында шаралар қабылдау қажет», деді К.Мәсімов. Премьер-Министр Қазақстан өңірлеріне жұмыс сапарлары барысында осы бағытта да атқарылған жұмыстардың нәтижесін жеке өзі тексеретінін айтты. «Барлық өңірлерге барғанда әкімдер маған әуежайлардың жағдайын, сондай-ақ, тексеру жүйесін көрсетуі тиіс. Осы орайда сол жерде тиісті ше­шім жасау қажет болса, қажетті шара­лар жасаймыз», деді Үкімет бас­шысы. Отырыстың күн тәрбітіндегі биз­несті дамыту және қолдау, сон­дай-ақ, мүлікті жария ету мәсе­­­лелеріне қатысты Ұлттық эконо­мика министрі Қуандық Бишім­­баев, «Атамекен» Ұлттық кәсіп­кер­лер палатасының басқар­ма төр­ағасы Абылай Мырзах­метов, Қар­жы министрі Бақыт Сұл­танов, «Бәй­те­рек» ұлт­тық бас­қарушы холдингі» АҚ бас­қарма төрағасының орынбасары Ләззат Ибрагимова, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев баяндады. Баяндамашылар бұл бағыттар бойынша елде ауқымды жұмыстар ат­қарылып жатқандығын хабарлады. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»