Алдында алып қазан шұңқырдай, текшеленген терең кеніш жатқанда, адам өзін төбеде тұрғандай сезінеді. Ойдағы топырағы түрлі-түсті кемпірқосақты елестететін карьер алақандағыдай көрінеді. Геолог қыз Ләззат Сәрсенбаева даланың мамырдан маусымға ауысар шақтағы сұлулығын бала кезінен жүрекке тоқыған, бірақ тілмен жеткізе алған емес. Құйып жаумай, нұр себелеп қана тұрған түбіт бұлттың торғындай қалқып көшуін-ай. Жасыл қырдан жанға жағымды жібек самалдың есуін қарашы. Краснооктябрь боксит кен басқармасының кеніштері жатқан Жоғары Тобыл өңірінде көп өсетін жиде ағашы сирень гүлін төккеннен кейін маусымда гүлдейді. Шоқ-шоқ жиденің жұпар иісін самал жел атырапқа алып қашып жатқандай.
Карьердегі экскаваторлар мен кен жынысын артқан ауыр жүкті машиналар құмда тыным таппайтын ірі құмырсқаларды еске түсіреді. Олардың гүрілі алып ойықтан шықпай-ақ ауаға жұтылып жатыр. Сондықтан, карьер жарынан қарап тұрғандарға олар мылқау, құмырсқалар секілді көрінеді. Геолог қыз каскасының күнқағарының тұсына қолын қалқалап, аспандағы тырнаға қарады. Белинский кенішіне келсе, қалқып ұшқан немесе далада жайылған тырнадан көз алғысы келмейді. Көктемде оларды қарсы алатын да, күзде шығарып салатын да өзі секілді. Ал Красногор кенішінің карьерлері жатқан аймақтағы көлдерде аққу көп. Бауырын қарға төсеп ерте көктемде жеткен аққуларын Ләззат Сәрсенбаева сонау қара күзге дейін бақылайтын. Жұмыста жүріп көл бетінде жүзген оларды санап қоятыны да бар. Карьерге түскенше самал желге бетін тосып осылай ұзақ тұрды.Бүгінде Краснооктябрь боксит кен басқармасындағы Белинский кенішінің аға геологы болып отырған Ләззат Сәрсенбаеваны осы мехнатты мамандыққа магниттей тартқан туған жердің табиғаты екені рас. Ұстаздары мектеп оқушыларын осы кеніштерге экскурсияға жиі әкелетін. Сонда оған геология сыры көп сала, жұрт біле бермейтін, жұмбақ мамандық болып саналатын. Ол мектепті бітірген соң еш жаққа бұрылған жоқ, іргедегі Рудный индустриялық институтының геология факультетіне құжат тапсырды. Л.Сәрсенбаева – анасының көзінің ағы мен қарасындай жалғыз перзенті. Жалғыз қыз геолог мамандығын қалағанда анасы не істерін білмей қиналды, қиналған жоқ-ау кәдімгідей қайғырды.
– Анамды тыңдағаным жоқ, тыңдай да алмайтын едім. Тіпті, басқа мамандыққа ол кісінің мәжбүрлеуімен барғанның өзінде бәрібір кейін тастап кетуім мүмкін еді. Мен жоғары сыныпқа барған соң-ақ геологиядан басқа саланы ойлай алмадым, – дейді Л.Сәрсенбаева. Жүрек қалауы деген осы болар. Бірақ ол анасын ұятқа қалдырған жоқ және өз таңдауының дұрыстығын дәлелдеп те шыққан тәрізді. Институтты үздік бітірді. Әуелде ғылым жолына түскісі келген, бірақ қайта ойланып, өндіріске баруды шешті.
Жиырмадан енді ғана асқан жауқазын қыз қара күзге таман Красногор кенішіндегі карьерлерге жұмысқа түсті. Анасының жылайтынындай да бар ғой, экскаваторшылардың барлығы ер кісілер. 190 метрдей тереңдіктегі карьерде ылғи ер адамның ортасында жұмыс істеу қыз балаға оңай ма? Қара күздегі суықты айтпаңыз. Аспанды қорғасындай ауыр бұлт тұмшалап алады, қара суық маңдайды жарады, ауық-ауық қар ұшқындап қояды. Ұстаған темір де, жер де сүйектен өтердей мұздай. Үстінде қалың шалбар, фуфайка, аяғында керзі етік, басында жылы қалпақтың сыртынан басып киіп алған каскасы бар қызды экскаваторшылар «айналайын» деп қарсы алған жоқ. Ол ер кісілердің суық жанарынан-ақ: «Қыз баланың жүретін жері емес бұл, басқа жер жетпейді ме?» деген ойды оқитын. Ол келген бетте экскаватор шөмішін қайда салу керектігін түсіндірді. Оны осы кеніште 20 жылдан бері экскаваторшы болып істеп келе жатқан мосқал кісі тыңдаған жоқ. «Сен білесің бе, ғұмырымды осында өткізіп келе жатқан мен білемін бе?» дегендей, кенді өз білгенімен арши берді. Жұмысшылар оны жассынып, қыз баласынып қанша дүрсе жауап берсе де, жұмыс бабында геолог маманға дөрекілік танытпау керектігі, былапыт сөйлемеу басшылық тарапынан ескертілген болатын.
– Сонда да үлкен кісілердің: «Әй, қызым, жолдан былай тұр» немесе: «Ойпыр-ай, сен не білесің?» деген сөздерін естіп жүрдім. Бірақ барлығына шыдадым. Алғашқы дөрекіліктердің барлығы да жұмысшылар тарапынан болуы тиіс деп ойладым. Ал мен оларға маман ретінде жұмысты түсіндіруден танбадым, – дейді Ләззат. Ұзын сөздің қысқасын айтсақ, шынашақтай қыз карьердегі барлық жұмысшыны ақыры жеңді. Көздері отты, алтын кірпік, ай қабақ қыздың шикіөкпе емес, геология саласын бүге-шігесіне дейін білетін мықты маман екенін олар көп ұзамай мойындап-ақ қалған.
Боксит – көмір кені емес. Бұл – өзінің табылуы да, аршып алуы да күрделі кен. Оны түзейтін минералдардың топырақтағы белгісі де түрлі-түсті болады. Аршылған карьерлердің кемпірқосақ тәрізді қызыл, жасыл, сары, боз секілді түрлі жолақтардан тұратыны да сондықтан. Түсіне қарай құрамындағы алюминий де түрлі. Оның барлығын анықтауға қажетті құралы жоқ геолог барлығын да көз шамамен мөлшерлейді. Ал экскаватор шөмішінің жерге әр қадалғаны қаржы тұратынын жұмысшылар да, геолог, маркшейдер мамандар да білуі тиіс. Сондықтан кеннің тура қайда бұрылғанын жер қазып бара жатқан экскаваторшы біліп, шөміші діттеген жерге тура түсіп отыруы қажет. Кен қазу жұмысындағы басты талаптар – уақытты, қаржыны үнемдеу және кенді таза қазу болып табылады.
Ол Краснооктябрь боксит кен басқармасына келгелі Красногор кенішінен бірнеше жаңа карьерлер аршылып, олардан алынған кен Павлодар электролиз зауытына артылды. Белинский кенішіне аға геолог болып ауысқан бір жылдың ішінде бұл жерден №9, №17 карьерлер аршылу үстіне. Мысалы №17 карьер күзде боксит кенінің алғашқы тоннасын беретін болады.
– Биыл біздің Белинский кеніші 1 миллион 28 мың тонна боксит кенін шығарып, осынша көлемдегі кенді Павлодар электролиз зауытына артатын болады. Жыл сайын осындай көлемде, яғни бір миллион тоннадан артық кен артып отырамыз, – дейді Белинский кенішінің аға геологы.
Краснооктябрь боксит кен басқармасындағы ең ірі кеніштің бірі осы Белинский кеніші. Кен басқармасының басшылығы өткен жылы Красногор кенішінде қатардағы геолог болып істейтін Ләззат Сәрсенбаеваға Белинский кенішінің аға геологы болуға сенім артты. Қазір ондағы кеннің сапасына, көлеміне, артылуына және айлық, жылдық жоспарлануына осы қаршадай қазақтың қызы жауап береді. Ол бізді осы кеніштегі шикі кенді майдалап жатқан қоймаға ертіп әкелді. Зауытқа артуға дайындап қойған шикі кен үйіндісі алыстан Мысырдың пирамидаларын еске салады. Карьерлерден келген шикі кен осы жерде ұсақталады, арасында ірі тастар кетпеуі керек, олар зауыттағы машиналарға тұрып қалса сындырып, істен шығарады. Сондықтан осы жерден кенді майдалап, тастарын іріктеп жібереді. Оның барлығы да геолог мамандардың бақылауын, сапасын тексеруін қажет етеді.
Краснооктябрь боксит кен басқармасының басшылығы Ләззат Сәрсенбаева секілді білікті жас маманның қадірін білмей қалмады. Оған биыл көктемде Белинский кенішінің қасындағы Октябрь поселкесінен екі бөлмелі пәтер берді. Жас маманға жұмысына алаңдамай кірісуге толық жағдай жасалды. Бес жылда қатардағы геологтан аға геолог лауазымына көтерілу жас маман үшін өте жақсы жетістік, оған өзінің біліктілігінің арқасында жетті.
– Мұндағы геолог мамандар өзімізде және Қазақстанда, тіпті шетелге шығып та оқып тұрамыз, түрлі семинарға қатысамыз. Өйткені, өндіріс ылғи жаңа технологиялармен, техникалармен, жабдықтармен толығуы керек. Оның барлығы да аз шығынмен көп кен өндіру мақсатына саяды. Біздің Краснооктябрь боксит кен басқармасының осы үдеден шығып отыруы мені қуантады, – дейді Л.Сәрсенбаева. Сонымен қатар, Ләззат геология ғылымы жетістіктерін қадағалап отыруға тырысады, осы сала дами түссе екен дейді. Карьерлердің бетін аршығаннан кейін кенді алып шығуға соңғы жылдары қосылған аса ірі жаңалық бар деп айтуға болмас. Қандай кен түрі де, оның ішінде боксит те жер қыртысының тереңінде жатады. Ең аз дегенде 170-190 метр тереңдікке дейін қазылады. Жер астындағы суды сорып алмай, бокситті қыртыстарды алу мүмкін емес. Осының салдарынан жер асты тұщы суының бағыты өзгеріп кететін кездер аз болмайды. Мұнан жақын маңдағы елді мекендерді ауыз сусыз қалдыратын кездері де болады. Жаңа ашылған бокситті лабораторияға жібереді, оның нәтижесі 12 сағатсыз дайын болмайды. Бұл уақытта мамандар да, кеншілер де кенді арта алмай, жіпсіз байланады. Жас геологты осындай мәселенің барлығы да толғандырады. Ғылым осының бәрін болашақта жеңілдететініне сенімі де бар.
Жас маманның айтуынша, қазір кенді өндіруге қарағанда, кен орындарын барлау жұмысы кенжелеп қалды. Институтты бітірген жылы Ләззат жұмысын осы кен іздестіруден бастағысы да келген. Алайда, геолог болып, дала кезу қыз балаға оңай емес, осы себепті оны Қостанайдағы геология экспедициясы алмады. Сосын Краснооктябрь боксит кен басқармасына келген болатын. Геология саласы қыздар түгел ер жігіттің өзіне де оңай жұмыс емес. Өндірістің өзінде олар таң атқаннан кешке дейін желдің өтінде, боранды, аязды күндері де тынымсыз далада жүреді. Көбіне кен басқармасында жастар жағы тұрақтамайды екен. Оның үстіне жастар бұл мамандыққа жүрек қалауымен баруы тиіс, істі білетін теориялық білімі, оқу орны қабырғасында жүргенде жинаған тәжірибесі де жеткілікті болуы қажет. Ал диплом алған жастардың көбі кабинетте отырып істейтін қызметті қолайлайды, сосын Астанаға асығады.
Ләззат өзінің мамандығының да, бітірген ісінің де маңызын біледі. Еуразиялық Топ құрамына кіретін «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамына жарты ғасырдан асты. Краснооктябрь боксит кен басқармасы – «Қазақстан алюминийінің» құрамындағы өндіріс. Оның өндірген кені өңделетін Павлодар электролиз зауыты Қазақстанның жаңа тарихындағы іске асырылған алғашқы ірі индустриялық жобалардың бірі. Зауыт – еліміздің аллюминий өндіретін бірегей әрі ең ірі кәсіпорны. Онда 2010 жылдан бастап, 20 килолық А8 және А85 маркалы құймаларды жылына 250 мың тонна көлемінде өндіреді. Ал алюминий сымдарының, металдың пайдаланбайтын саласы бар ма? Бүкіл өміріміз электр қуатына тәуелді. Осы тұрғыдан алғанда бокситтің де, оны өндіретін кен басқармасының да, зауыттың да маңызы шарықтап жүре бермей ме? Бұл тәуелсіз еліміз экономикасының да қарыштап дамуына қомақты үлес екені айқын. Осындай үлеске өзінің мысқалдай болса да қатысының барлығына қуанады.
Аға геолог қазір Белинский кенішіндегі карьерлерді күнара аралайды, жұмыстың көлемін, кеннің түр-түсін, сапасын бағамдап қояды. Кеншілермен кездеседі. Карьердің жар қабағында тұрған каскалы қыздың көз жанары алысты шолып тұр. Көк аспан мен қыраттың көкжиегі астасып кеткендей, сағым ойнап қояды. Қос тырна қанатын жайып, қалқып жүр. Ләззат карьерге қарай аяңдады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Лисаков қаласы