16 Маусым, 2016

Кәсіпкерлердің құқығын қорғайды

410 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
MaskeuТаяуда Мәскеу қаласында кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі өкілдердің жалпыресейлік конференциясы өтті. Аталған жиынға ресейлік әріптесі Борис Титовтың шақыруымен қазақстандық бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов қатысып, конференция барысында тараптар «Өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі» меморандумға қол қойды. Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас әлімсақтан жүйелі жолға қойылғаны белгілі. Десе де, қазіргі экономикалық қиындықтар кезінде өзара бірлесіп шешетін күрмеулі мәселелер де жоқ емес. Осы тұрғыдан алғанда екі ел кәсіпкерлерінің құқығын қорғаушы институттардың ынтымақтастығы қос тарап үшін де тиімді болмақ. Басқосуда Ресей Федера­циясының кәсіпкерлер құ­қығын қорғау жөніндегі өкілі Борис Титов бизнесті дамыту бойынша екі елдің тығыз қарым-қатынаста болуының маңыздылығына тоқталып өтті. «Егер макроэкономика, Қазақстандағы экономикалық және іскерлік ахуал жөнінде айтар болсақ, Қазақстан біз үшін үлгі мемлекетке айналды десе болады. Олай дейтін себебім, қазіргі таңда біздің алдымыздан шығып отырған көптеген мәселелер Қазақстанда әл­де­қашан тиімді әрі жедел шешімін тапқан. Сондықтан кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл ретінде өз тәжірибемізбен бөлісе оты­рып, бір жағынан көп нәр­сені Қазақстаннан үй­ре­нуімізге тура келеді. Атап айтқанда, бұл аталған мем­лекеттің экономикалық сая­саты мен салық жүйесіне, бизнесті қорғау және тағы басқа көптеген мәселелерге қатысты», деді Б.Титов. Оның айтуынша, Ресейде соңғы кезде бизнес-омбудс­мен институтының көмегіне жүгінушілер саны күрт көбейген. Бұл бір жағынан аталған құрылымға деген сенімнің артқанын білдірсе, әрі бүгінгідей қысылтаяң кезде екі елге де ортақ мәсе­лелердің көбейгенін аңғарт­са керек. Болат Палымбетов өз баян­дамасында қазақстандық кәсіпкерлердің ресейлік контрагенттерге қатысты шағымдары бар екенін атап өтіп, осыған орай көрші елдің құзырлы органдары тарапынан тиісті ықпал ету шаралары қажеттілігіне тоқталды. Сол сияқты дәл осындай шағымдар ресей­лік бизнесмендерден де түсіп тұратынын атап өт­кен ол бұл мәселелерді өзара тиімді түрде шешудің маңыз­дылығына назар аударды. «Жауапкершіліктің аты – жауапкершілік және ол заңға сәйкес орындалуы тиіс. Мәселен, біз ресейлік кәсіп­керлердің барлық шағымдарын қарастырып, қазақстандық контрагент­термен байланысамыз да мейлінше жедел түр­де бар­лық ақпаратты беріп отырамыз», деді Б.Палымбетов. Өз кезегінде қазақстандық уәкіл ре­сейлік әріптестеріне екі ел кәсіпкерлеріне қатысты қалыптасқан күрмеулі мәсе­лелердің жедел әрі тиім­ді шешілуіне ықпал етіп отырғандары үшін алғысын жеткізді. «Ресей құқық қор­ғау органдарының кей­бір заң бұзушылықтарға қа­тысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары кезінде қазақ­стандық кәсіпкерлердің қар­жысы қайтарылған оқи­ғалар болды. Жергілікті бизнес-омбудсменнің көмегінсіз мұндай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес екенін атап өту керек», деді ол. Шет мемлекеттерде қи­ын­дыққа тап болған ел кәсіп­керлері енді бизнес-омбудсменнің көмегіне жүгіне алады. Көп жағдайда негізгі мәселелер шетелдік серіктестердің тауар жет­кізу мен қаржылық міндет­темелерді толық орындамауы салдарынан туындап жатады. Болат Палымбетовтің айтуынша, қазақстандық кәсіпкерлер мұндай күрмеулі мәселелерде қайда жүгіну керек екенін білгені жөн. «Бүгінгі басқосудың мақсаты да осы. Қазақстандық бизнесмендер шетелде бизнеске қатысты қандай да бір құқық бұзушылыққа тап келсе, біздің көмегімізге сүйене ала­тынын білуі тиіс», деді кәсіп­керлер құқығын қорғау жөніндегі қазақстандық уәкіл. Болат Палымбетов қа­зір­дің өзінде еліміздің алты өңірінде болып, атап айт­қанда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматы, Астана қалаларында аймақ басшыларымен, прокурорлармен және кәсіпкерлермен кездесіп, жергілікті жердегі түйінді мәселелермен танысты. Кәсіпкерлерді же­ке қабылдап, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, қор­даланған мәселелерді мем­лекеттік органдармен бірлесе отырып шешудің жолдарын қарастыруда. Сондай-ақ, Бас Прокурормен, Жоғарғы Сот Төрағасымен кездесіп, бизнес қауымдастықтың түйт­кілдерін талқылады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жасаған сараптамалық деректерге сүйенсек, қазірде еліміздегі кәсіпкерлік сала­сының қордаланған ең өзекті мәселелері – жер, құ­рылыс, салық, экологияға қатысты. «Бұл проблемаларды шешу үшін бүгінгі дағдарыс, мұнай бағасының құлдырауы кезеңінде бизнес пен билік арасындағы өзара түсіністік айқын болуы керек», деді Болат Палымбетов. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»