Үкімет ауылдық жерлердегі еңбек өнімділігін арттыруға айрықша мән бермек. Ол үшін кәсіпкерлікті кеңейтіп, осы бағыттағы жұмысты барынша қолдауға күш салмақ. Яғни, бизнесті алыс ауыл-аудандардағы, қашық қалалардағы халықты жұмыспен қамтуға жұмылдыру қажет. «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасының есеп беру съезінде айтылған ұсыныс-пікірлер, міне, осындай оймен үндесті.
Съезд кеше Астанада Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өтті. Жиынды «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев жүргізіп отырды. Ал палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өткен жылғы жұмыстың қорытындыларын баяндады. Мұнда негізінен қаржы ресурстарына қолжетімділік, мемлекеттік сатып алулар, шағын несие беру, мемлекеттік органдардың заңсыз тексерістері, ауылшаруашылық кооперативтерін дамыту мәселелері қаралып, кәсіпкерлер тарапынан жұмысты жетілдіру жайы талқыланды.
«Мен сiздердiң барлық ұсыныстарыңызды тыңдадым. Ұлттық экономика министрi мен «Бәйтерек» холдингiнiң жаңа басшысына ұсыныстарды мұқият қарастыруды тапсырамын. Кейiн Үкiметте отырыс өткiзiп, осы мәселелердi талқылаймыз», дедi палата мүшелерінің есебінен кейін сөз алған Премьер-Министр. Бұған қоса өңiрлердегi кәсiпкерлермен де бұл ұсыныстарды талқылайтынын айтып өтті. «Президенттiң тапсырмасы бойынша мен өңiрлердi аралауды бастадым. Әр облыста кәсiпкерлермен кездесiп, олардың проблемаларын тыңдауға дайынмын. Бүгiнгі жиында жалпы мәселелер ғана айтылды, ал өңiрлерде басқа да түйткiлдер болуы мүмкiн», дедi К.Мәсiмов.
Съезде сондай-ақ, кәсiпкерлер бизнестi тексеру мәселесiн көтерген болатын. Айтуларынша, тексеріс азайды дегенмен, бұл мәселе әлі толық шешілмеген. Осыған байланысты Премьер-Министр бизнестi тексерудi қысқарту мүмкiндiгiн тағы да қарастыру қажеттігіне тоқталды.
«Бақылау-қадағалау функцияларын қысқарту идеясы дұрыс, бiрақ тепе-теңдiк табу керек, содан кейiн барып бұл мәселенi Үкiмет қарауына беру қажет. Мен Қаржы министрлiгiне «Атамекен» палатасымен бiрге бұл сұрақты талқылап, Үкiмет қарауына ұсынуды тапсырамын», дедi К.Мәсімов.
Үкімет басшысы ауылдық жерлердегі еңбек өнімділігін арттыруға басымдық беру керектігін айтты. Кәсіпкерлік көкжиегін кеңейте отырып, халықты жұмыспен қамту қажет. Екіншіден, еңбек күшін мобильдендіру, кәсіптік мамандар дайындау мәселесін алға қою маңызды. Сондай-ақ, ұйымдастыру жұмыстарын жүйелендіре түсу керек. Оған қоса, инвестиция тарту жайын да назардан тыс қалдыруға болмайтынын жеткізді. Осы ретте, К.Мәсімов Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке тапсырма жүктеді.
«Ауыл шаруашылығы еліміз үшін табыс әкелетін бағыт болып табылады. Азық-түлік өнімдері әрдайым сұранысқа ие екені белгілі. Біз сіздермен бірге екі жыл бұрын азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасын талқылаған болатынбыз, қаржы бөлінді. Министрлік осы жұмыстармен банктер айналысқанын айтуда, ал банктер клиенттерді қайта несиелендіргенін алға тартуда. Атап айтқанда, көптеген себептермен ілгерілеушілік болған жоқ», деді Үкімет басшысы. Осы ретте К.Мәсімов Ауыл шаруашылығы министріне Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мүшелерімен бірлесіп ауыл шаруашылығында халықтың еңбек өнімділігін арттыру мен отандық тауарларға сұранысты жоғарылату тұрғысында ұсыныстар әзірлеуі тиіс екенін атап өтті.
«Еңбек ресурстарының мобильдігіне тоқталатын болсақ, экономика құрылымы бойынша бізге ұқсас елдерді салыстырып көріңіздер. Олар дамудың мүлдем басқа деңгейінде тұр. Мысалы, Австралия мен Канаданың тәжірибесі үздік. Біз олардың деңгейіне ұмтылуымыз керек. Оларда да белгілі бір проблемалар бар, яғни мұнай бағасының құлдырауы секілді мәселені еңсеруде. Алайда, бұл елдерде еңбек ресурстары жақсы дайындықтан өткен. Егер де бір секторда кәсіпорын жабылса, онда жұмысшылар өздерінің дайындық біліктілігіне қарай басқа өндірістерге ауысуға мүмкіндігі бар», деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ, кәсіптік мамандар даярлауды және қайта даярлықтан өткізу бағыттарын тиімдірек ету тұрғысында жұмыс істеу керектігін айтты. «Президенттің тапсырмасы бойынша Үкіметте жұмыс тобы қызмет етуде және жақын арада біз тиісті ұсыныстармен шығамыз», деп толықтырды Премьер-Министр.
Жиында бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты да мәселе айтылған болатын, бұған орай Үкімет басшысы ұсыныстар талқыланып жатқанын жеткізді. «Бiз қазiр Ұлттық қордағы ресурсты пайдалану мәселелерiн мұқият зерделеп жатырмыз. Ұлттық қор – бұл ортақ байлығымыз, Үкiметтiң емес, барлық азаматтардың қазынасы. Сондықтан осы қаражатты қалай тиiмдi бөлген дұрыс? Бұл ретте сiздердiң ұсыныстарыңыз болса, бiз тыңдауға дайынбыз», дедi К.Мәсiмов. Премьер-Министр атап өткендей, бұған дейiн де отандық бизнес өкiлдерi Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты пiкiр-ұсыныстарын айтқан болатын. «Қазiр ендi тағы мүмкiндiк бар. Менiң ойымша, әкiмшiлiктен гөрi, нарықтық тетiктердi пайдаланған дұрыс. Өкiнiшке қарай, қазiр бiз әкiмшiлiк жолды таңдап отырмыз. Бiрақ бұл бiздiң ақша емес, бұл салымшылардың, зейнеткерлердiң қаражаты», деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы Салық кодексiне де тоқталды. «Ұлттық кәсiпкерлер палатасы жаңа салық кодексiн әзiрлеу мен оны қолданысқа енгiзу бойынша көп рет мәселе көтердi. Сiздердiң пiкiрлерiңiз ескерiлiп, Мемлекет басшысы бiзге тағы бiр жыл жаңа кодекстi жетiлдiруге рұқсат бердi. Сiздердi бұл мәселенi әрi қарай бiрге талқылауға шақырамын. Осы аптада Мемлекет басшысы бағдарламалар iшiнде қаражатты қайтадан бөлу туралы шешiм қабылдады. Бұл кәсiпкерлiктi қолдап, шағын несие беру мен жұмыспен қамту мәселелерiн шешуге мүмкiндiк бередi. Палата осы жұмысқа белсендi араласып, бұл қаражаттың, шын мәнiнде, экономикаға түсуiн бақылауы қажет», дедi Премьер-Министр.
Сондай-ақ, ол шағын несие бағдарламасының тиiмдiлiгiн атап өттi. Үкімет басшысының мәлімдеуінше, бүгiнде елiмiзде шағын несиеге сұраныс үлкен.
«Сондықтан бiз қазiр қайта бөлiп жатқан қосымша ресурс шағын несиелеуді дамытуға ықпал етедi деген ойдамын. Мемлекет басшысының шешiмi бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дамытуды да қолдайтын боламыз. Тек iрi жобаларға ғана емес, инфрақұрылымды дамытуға да көңiл бөлiнедi. Бұл мақсатқа да қаражат қарастырылады, оны әкiмдiктермен бiрге бөлемiз», деген Премьер-Министр бұл жұмыстың жеке тұрғын үй құрылысын өркендетуге серпiн беретiнiне сенiм бiлдiрдi.
Съезде «Атамекен» ұлттық палатасының үш жылға арналған орта мерзімді индикативті бюджеті бекітілдi. Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП әзірлеген Қазақстан кәсіпкерлерінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі хартиясы қабылданды. Сонымен қатар, палатаның 2016 жылға арналған басым міндеттері нақтыланды. Олар – жергілікті қамту мен сатып алулар жүйесін дамыту, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін жекешелендіру мен дамыту үдерісінде бизнестің мүддесін қамтамасыз ету, ауылда бизнесті дамыту, Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы, экспорт-импорт операцияларын оңайлату, дауларды реттеудің сотқа дейінгі тетіктерін дамыту жұмыстары.
Айтқандай, өткен жылы «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасының қатысуымен 3 мыңнан аса нормативтік құқықтық актілер сараланған болатын. Оның ішінде 100 заң жобасы бар. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге салынатын әлеуметтік салық мөлшерлемесі 11 пайыздан 6,5 пайызға дейін төмендеген. Салық төлеушілерді қосымша құн салығы бойынша есепке қоюдың шекті мәнін 10 есеге азайтуды 2017 жылға дейін қалдыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді, осы шешімді толықтай қайта қарастыру мүмкіндігі алынды, салық төлеушілердің жекелеген санаттарын жоюдың жеңілдетілген тәртібі енгізілді. Сондай-ақ, қосымша құн салығын қайтару рәсімі жеңілдетілді, шаруа қожалықтары – үшін бірқатар салықтарға 70 пайыздық жеңілдік енгізілді, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге алым жойылды. Сарапшылық қызмет саласында мемлекеттік монополия алынып тасталды, сарапшы ұйымдар құрылды, құрылыс саласында бастапқы-рұқсат беретін құжаттарды алу мерзімі қысқартылды, «бір терезе» қағидаты жүзеге асты, жұмыс берушілердің міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне аударатын қаржы мөлшері 5-тен 2 пайызға дейін төмендетілді. Рұқсат беру жүйесін оңтайландыру нәтижесінде бизнестің қаржылық шығыны 1,5 млрд. теңгеге азайған.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»