17 Маусым, 2016

Достарыңды жамандап, жақсыны қайдан табасың

427 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Дүбірге толы дүние дагдарыс-1Жақында әлемнің ақпарат құралдары Түрік республикасының президенті Реджеп Тәйіп Ердоғанның Барак Обама президент болғалы АҚШ-пен арадағы қарым-қатынастарының дамуына көңілі толмайтыны жөнінде мәлімдеме жасауына айрықша мән берді. Түрлі сипатта бұл мәлімдеме түсіндіріліп жатыр. Түрлі дегенде, бұл мәлімдеме екі ел арасындағы қарым-қаты­насқа салқынын тигізер болса, бұл ең алдымен түріктерге қо­лайсыздық тудырады. Сонда Ер­доғанға мұндай мәлімдеме жасау неге керек еді дейсің. Дип­­ломатиялық саясат, дип­ло­ма­тиялық әдеп деген бар, тіпті Барак Обама ұнамаған күннің өзінде, сол өкпені лақ еткізіп құса салмай, ір­кіп қалуға да болар еді. Тү­­рік басшысы олай етпеді, сезім шар­­­пуына жол берді. Сірә, мұның екі ел қарым-қатынасына салқыны тиеді. Бұл мәлімдемені Ердоған ұшақ үстінде жасады. Оған да өкпе әсер еткендей-ау дейсің. Ол атақ­ты боксшы Мохаммед Әлидің қазасына байланысты АҚШ-қа барған. Ақпарат құралдарының хабарларына қарағанда, сонда түрік басшысына лайықты көңіл бөлінбегендей. Оның құран оқуына, бір матаны табытқа жабуына мүмкіндік бермеген тәрізді. Тіпті, сөйлейтіндер тізіміне де қоспаса керек. Соның бәріне өкпелеп, жерлеуге қарамай, Ер­доған еліне қайтып кеткен. Жөндеп қарсы алмады деп, Обамаға да өкпелеген шығар, сол өкпесін сыртқа жайып салды. «Обама президент болып сайланғаннан кейін алғаш сапар шеккен елі ретінде Түркияны таң­дағанда, біз біраз үміттенген едік, бірақ үмітіміз ақталмады», – дейді Ердоған. Басты өкпе–ислам экстремистеріне қарсы күресте лайықты қолдау көрсетпей отыр дейді. Әр елдің өз саясаты, өз пайымы бар, дәл мен қалағандай бол деу артық та шығар. Тағы бір өкпенің үлкені – АҚШ сириялық күрдтерді қолдайды дейді. Қолдамағанда қайтсін – сол ислам экстремистеріне қарсы күресте қанын төгіп, жанын қиып күресіп жатқан сол сириялық күрдтер емес пе! Оларды АҚШ қана емес, ислам экстремистерін айыптайтын елдердің қолдайтыны даусыз емес пе? Тіпті, сол түркі дүние­сінің бір бұтағы – күрд дейтін халық өз мемлекетін құрып, әлемдік қауымдастық қата­рына қосылса, деп тілейтіндер де аз емес. Түрік ағайындардың күрдтерге неге сонша қандары қараятынын түсіну қиын. Жә, бұл – екінші мәселе. Біздің негізгі айтпағымыз, президент Ердоғанның АҚШ президентін айыптауы, онымен кетіскендей болуы еді ғой. АҚШ дос ел болатын, басшысын да дос деді. Енді жақпай отыр. Күні кеше Еуроодақты кінәлады. Германия, Франция, Ұлыбританиядай ел­дерді, олардың басшыларын кінә­лады. Содан жақсылық болады деп, ойлау қисынға келмейді. Ресеймен кінәласқанның неге соқтырғаны жұрттың көз алдында. Оған Ердоғанның өзі де өкінетінін, қайта табыссақ дейтін ойын әр кез аңғартады. Соның бір көрінісі – 12 маусымдағы Ресей күніне орай Путинге құттықтау жолдады. Болашақта қарым-қатынасымыз лайықты деңгейде болсын деп тілек білдірді. Ол үшін оны бүлдірмеу керек емес пе еді? Кінәласу, бір-бірін ғайбаттау жақсылыққа апарған емес. Басқа елдің, әсіресе жаныңа жақын елдің саясаты, ұстанымы туралы айту қиын. Әрине, әркімнің өз пікірін білдіру құқы барлығы да белгілі. Сөйтсе де жақыныңды айыптағандай пікір айту қиын-ақ. Шындық айтқызады. Тұлғаның қазасы да әлемді дүрліктіреді дагдарыс-2Дүниені дүрліктерген оқиға дегенде, соңғы кездерде Америка Құрама Штаттарында бұл жиі кезікті. Президент сайлауы жаңа фазаға көшті – бір деңіз, ұлы боксшы Мохаммед Әли дүниеден озды – оны әлем аза тұтты, Орландо қаласындағы бұрын-соңды мұнда болмаған алапат террорлық актіге кезікті – әлем шулап жатыр. Қайсысы да еріксіз ойға қалдырады. Біз Мохаммед Әлидің қазасы жайында ой бөліспекпіз. Жұрт оны АҚШ дейтін алып елдің өміріндегі ғана емес-ау, әлемдік мәні бар оқиға ретінде қабылдады. Оны білмейтін ел жоқ. Әлемнің спортты сүйетін қауымы, әсіресе бокс жанкүйерлері аза тұтты. 3 маусымда жұмада қайтыс болған қайраткер тұлғаны араға жеті күн салып жұмада жерледі. Оның қазасына көптеген елдердің басшылары қайғырып, аруағын құрметтеп, жерлеуге қатысты. Осы жерде ұлы спортшы туралы айтулы тұлғалардың айтқан ой-пікірлері, бағалары көңілге орала береді.  БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Америка халқына, басшылығына көңіл айтуында Әлиді әлемдік азаматтар қатарына қосты. Ал АҚШ президенті Барак Обаманың ол туралы сөзі, сірә, азаматтықты бағалаудың өнегесіндей тарихта қалатын шығар. «Әли әлемді дүрліктірді, сол дүрлігу арқасында әлем де жақсара түсті», – деді президент. Ол Әлиді Мартин Лютер Кинг және Нельсон Манделамамен теңестірді. Ал бұл тұлғалармен небір мен әлемнің тұтқасын ұстап отырмын деп көкірегіне нан пісетін талай елдің басшылары теңесе алмайды. Әлиді теңестіру – үлкен баға. Сол азалы күндерде Мохаммед Әли жайында айтылған небір тебіренерлік сөздерді естігенде, теле­арналардан халықтың құр­метін көргенде, бірді-екілі, тіпті жалғыз десе де болар, біреу­лердің ұлы боксшы туралы қыңыр тартқан сөздері көңілге тық етіп тиеді екен. Сондай сөздің бірін Әзербайжан бокс федерациясының вице-президенті, Әзербайжан парламентінің депутаты Агажан Алиев деген 6 маусымда Oxit.az интернет-порталында жазды. Не әкесінің құны қалғанын кім біледі, Мохаммед Әли ешқандай да ұлы боксшы болған емес, бокс­ты дамытуға түк те істеген жоқ, деді. Одан Джо Луис деген біреуді жоғары тұр деп сандырақтады. Көңілге тиген соң, айтамыз да, әйтпесе Әлиді марапаттаған сөз теңіз болса, әлгіндей ғайбат сөз тамшы шығар. Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы деген атақтар бар. Онда сол атақтардың да бәрі болды. Бірақ Мохаммед Әли сол атақтардан да жоғары тұрды. Жұрт айтқандай, ол «Халық чемпионы» болды. Бұл атаққа басқалар ие болған жоқ. Спорттық жетістіктеріне қарағанда Әлиден жоғары тұрғандар да бар. Бірақ басқалар Әлидей халықтың құрметіне жете алған жоқ. Сонда несімен дейсің ғой. Сірә, қысқа қайырып, азаматтық тұлғасымен десек, дәл болатын шығар. Ол ешқашан да сол азаматтық тұлғасын жоғалтқан емес. Тіпті рингте де. Ол қарсыласына да жыртқыштық қатыгездікпен ұмтылмайтын. «Көбелекше ұшамын, арадай шағамын» деген сөз де Әлиден қалған. Ол боксты өнерге айналдырып, көрерменге қуаныш сыйлайтын. Мохаммед Әли өмірден тұлға болып өтті. Қажетті кезінде ислам дінін де қабылдады, АҚШ-тың Вьетнамға қарсы соғысын да айыптады, үкіметпен де соттасты. Сол үшін біраз уақыт бокстан да ажырады. Бірақ азаматтық келбетін сақтап қалды. Халық, тіпті, оның жеңілістерін де жеңістей көретін. Азаматтығы үшін. Ұлы боксшы дүниеден озғанда да халық онымен ұлы тұлғамен қоштасқандай қоштасты.