*Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі
Сәні мен салтанаты жарасып, тәуелсіз еліміздің айбары мен айдынына айналған Астана төрткүл дүние түгел таныған бейбітшілік пен ізгілік ордасына айналды. Бүгінде елордамыз қай салада болмасын серпінді дамып келеді. Астанада жүзеге асырылып жатқан түбегейлі даму жетістіктері әлемдік қауымдастықтың назарынан тыс қалмады. ХХІ ғасырдың мегаполисі ретінде қаламыздың қол жеткізген жетістіктері әлемдік сарапшылардың лайықты бағасына ие болуда. Жақында «Moody’s Investors Service» атты дүниежүзінің жетекші рейтингтік агенттігі елордамызға Ваа3 кредиттік рейтингін ұсынды. Яғни, бас қаламыз әлемнің Барселона, Ыстанбұл, Мадрид сияқты қалаларымен бірдей осы жоғары рейтингке ие болды.
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, елорда соңғы жылдары ел экономикасының локомотивіне айналды. Жыл сайын барлық бағыттар бойынша көрсеткіштерін жақсарта отырып, 2015 жылы Астана әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша өңірлер арасында көш бастады. Өткен жылы жалпыөңірлік өнім бұрынғы жылмен салыстырғанда 5 пайызға артты. Елорданың республикалық көлемдегі үлесі 10 пайыз немесе 4,5 триллион теңгені құрады. Бас қаладағы жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі республика бойынша орта көрсеткіштен 2 есе асып, 5,2 миллион теңгеге жетті.
Бүгінде Астананың таза пайдасы 200 миллиард теңгеден асты. Сөйтіп, өткен жылдан бастап Астана республикалық бюджеттің төрт донорының біріне айналды. Яғни, елорданың табысы өзінің қажетін өтеуден артып, өзге өңірлердің экономикасын көтеруге жұмсалатын болды. 2015 жылы елорданың республикалық бюджетке аударған қаржысы 850 миллиард теңгеден асып, 2014 жылғы көрсеткіштен 11 пайызға өсті. Бұл ретте республикалық бюджетке келіп түскен жоспардан тыс түсімдердің үштен бір бөлігі біздің қаламызға тиесілі.
Қазіргі таңда Астананың алдында тұрған басты міндет – қаланың осынау даму үрдісінен таймай ілгері басып, әлемнің үздік шаһарларының қатарына қосылу. Ол үшін бірінші кезекте бизнес ортаның сеніміне кіріп, олардың инвестициялық әлеуетін инновациялық жобаларға тарту қажет. Сондықтан да, қанатын кеңге жайып келе жатқан бас қаламызға молынан инвестиция тарту мәселесі әрқашан өзекті болып отыр. Бұл мәселе Үкіметтің және қала әкімдігінің назарынан тыс қалып көрген жоқ. Осы мақсатпен соңғы жылдары Астана экономикалық форумы шеңберінде тұрақты түрде «Астана Инвест» халықаралық инвестициялық форумын өткізу дәстүрге айналған. Күні кеше ғана Елбасының тікелей қатысуымен ІХ АЭФ шеңберіндегі кезекті «Астана Инвест» халықаралық инвестициялық форумы табыспен өтті.
Міне, осындай мақсатты жұмыстардың нәтижесінде межелеген асулар жүйелі түрде алынып келеді. Өткен жылы елордаға тартылған инвестиция көлемі 773 миллиард теңгені құрады. Бұл 2014 жылғы көрсеткішке қарағанда 15 пайызға артық. Соңғы уақытта елордадағы Индустриялық паркте 28 жаңа жоғары технологиялық өндіріс іске қосылып, 800 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы, №1 Индустриялық парк аумағында жалпы құны 187,5 миллиард теңгені құрайтын 62 инвестициялық жоба іс-жүзіне асырылды. Осы кәсіпорындардың бюджетке төлеген салықтарының есебінен парк инфрақұрылымы құрылысына жұмсалған қаржы толығымен ақталды.
Қала әкімдігінің жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан қызметінің басты бағыттарының бірі кәсіпкерлікті дамыту болып табылады. Бүгінде шағын және орта бизнестің Астанадағы жалпыөңірлік өнімдегі үлесі 62 пайызды құрап отыр. Бұл еліміздің өңірлерінің ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш. Үстіміздегі жылы елордада қызмет ететін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 105 мыңға жетті. 2010 жылдан бастап Астанада шағын және орта бизнес субъектілеріне мақсатты қаржылық көмек көрсету қолға алынды. Осы кезеңде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында орта және шағын бизнес субъектілерінің жалпы құны 84,7 миллиард теңгені құрайтын 480 жобасына қаржылай көмек көрсетілді. Оның ішінде 2015 жылы жалпы құны 12,1 миллиард теңгенің 67 жобасы мақұлданды. Бұл елордада шағын және орта бизнесті дамытуға қосымша серпін бермек.
Жыл сайын елорданың экономикалық әлеуетінің өсуіне байланысты әлеуметтік саланы дамытуға да жан-жақты мүмкіндіктер жасалуда. 2016 жылы Астанада тұратын 3 – 6 жас аралығындағы балалардың 84,5 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. Бұл мәселені кешенді түрде шешуге бетбұрыс жасалуда. Жыл сайын қалада көптеген балабақшалар пайдалануға беріледі. Сонымен бірге, елордадағы бала туу мен көші-қон деңгейі де жоғары. Күн сайын елордада 60 сәби өмірге келіп, мектепке дейінгі тәрбие мекемелеріне 90 – 100 бала кезекке тұрады екен. 2015 жылы қаламызда 10 жаңа балабақша пайдалануға берілді. Бүгінде Астанада 188 мектепке дейінгі тәрбие мекемесі жұмыс істейді. Оларда 34 мыңнан астам бүлдіршін білім және тәрбие алуда. Биыл елордада алғаш рет кезекте тұрған бүлдіршіндерге 8 мыңға жуық жаңа орын берілмек. Жыл сайын елордада жалпы білім беру мектептерінің саны да артып отыр. 2014 жылы қалада 88 мектеп болса, биылғы оқу жылында олардың саны 94-ке жетті. Жаңа мектептерді пайдалануға беру есебінен елордада өткен жылы 3 ауысымдық оқу жүйесі түбегейлі жойылды.
Қазір елордада 870 мыңнан астам тұрғын бар. Қала халқының саны жыл сайын 20 мыңға артуда. Осыған байланысты қала халқына медициналық қызмет көрсету барысында емдеу мекемелеріне түсетін салмақ жоғары. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы орын алған осы мәселелерді шешу үшін кешенді іс-шаралар қабылдап, жүзеге асыруда. Өткен жылы Астанада 5 ірі заманауи денсаулық сақтау мекемесі ашылды. Жедел медициналық жәрдем қызметін жаңғырту мақсатында нақты шаралар іс-жүзіне асырылды. Бүгінде Астанада жедел жәрдем бригадасының келу уақыты 10 минуттық межеден аспайды.
Жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, экономикалық дамудың орталығы болып саналатын Астана жалпыға ортақ еңбек қаласына айналуда. Өткен жылы елордада 18 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Соңғы жылдары жоғары кәсіби кадрларды еңбекке жұмылдырған жаңа жұмыс орындарының ашылуы нәтижесінде елордадағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендеді. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен де төмен. Қазір жұмыссыз жүргендер ретінде 1898 адам тіркелсе, еңбекпен қамту орталығына тіркелген бос орындар саны 2315 жұмыс орнын құрайды.
Осы ретте ерекше атап өтетін мәселе, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық елорданың тұтастай экономикалық дамуына тың серпін беруде. Бүгін көрмеге дайындық қызу қарқынмен жүргізілуде. Міне, осындай тарихи ірі жобалардың нәтижесінде елорданың тыныс-тіршілігінің барлық салаларына инновациялар белсенді түрде енгізілуде. Астанада білім, денсаулық сақтау, мәдениет, көлік жүйесі салаларында «ақылды қала» қанатқақты жобалары іс жүзіне асырылуда. Елорданың тыныс-тіршілігін кешенді қамтамасыз ету мақсатында – ТКҚЖ бағдарламасы жүзеге асырылды. ТКҚЖ бағдарламасының мақсаты – елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздік деңгейін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қаладағы жағдайлардың нақты уақыт режімінде мониторинг жүргізу болып табылады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»