21 Маусым, 2016

Жер мәселесі Жетісу жерінде талқыланды

635 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Без имени-1Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен жер реформасы бойынша мәжіліс Жетісу жерінде жалғасты. Оған Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов және мемлекеттік органдар мен саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ фермерлер мен заңгерлер, экономистер қатысты. Жиын басталмай тұрып қонақтар Талғар ауданы, Арқабай ауылындағы «Байсерке Агро» ғылыми-өндірістік орталығын ара­лады. Асыл тұқымды малдар мен жүгері, бидай, астық, майбұршақ, сұлы секілді сортты дақылдарды да өсіретін осы ауыл шаруашылығы құры­лымының жұмысына көңілдері толды. Сонымен, өңір халқы көптен күткен айтулы жиынның күн тәртібіне қойылған басты мәселе – жерді сату, жалға беру, басқа да осыған қатысты мәселелер бойынша халықтың ой, пікір, ұсыныстарын білу болды. «Басы ашық мәселе – жер шетел­діктерге сатылмайды. Жерді жалға беруге халық қарсы емес. Тек мерзімін белгілеу керек. Екіншіден, шекара маңындағы жерді жалға беру мәселесіне келсек, осыған дейінгі заңнамада шекарадан 3-5 шақырым қашықтыққа дейінгі жерді жалға беруге болатыны жазылған еді. Енді оны 100-200 шақырымға жеткізу туралы ұсыныстар айтылуда. Жалпы осы комиссияның алғашқы отыры­сы­нан бастап-ақ, арнайы құрылған call-орталыққа 9 500 қоңырау келіп түс­кен. Олардың 75%-ға жуығын құры­лыс жүргізуге қажетті 10 сотық жер сұра­ғандар өтініші құрады. Алматы облысынан 500-ге жуық қоңырау шалынса, соның 1 пайыздан астамы ғана Жер кодексіндегі нормаларға қатысты екен. Бұл мәселе жөнінде бүгінгі отырыста да мамандар өзіндік ойларын айтып, пікірлерін білдіруі керек. Жайылымдық жердің ауыл сыртынан кемі  10-20 шақы­рым қашықтықтан барып басталуы тиіс екені жөнінде ұсыныстар аз айтылған жоқ. Халықтың пікірімен санаса отырып, кезінде сатылып кеткен жайылымдық жерді ауыл тұрғындарының мүддесі үшін мемлекет қажеттілігіне қайта алу­дың жолдарын қарастыру керек шығар», деп төраға Б.Сағынтаев ортақ мүддені оңды орайлас­тыруға қатысты өз ойын білдіріп өтті. «Қазақстанда жалпы жердің көлемі 272,5 млн. гектарды құрайды. Оның ішінде 24,3 млн. гектары – егістік, 2 млн. 100 мың гектары – шабындық, 68,4 млн. гектары – жайылым. Бүгінгі күні 99,5 млн. гектар жер ұзақ мерзімге жалға берілген.  Ал запастағы жердің көлемі 100,1 млн. гектар болса, 83,2 млн. гектар жер – ауыл шаруашылығы алқаптары. Бұл жерлер нарықтық айналымға әлі толық тартыла қойған жоқ. Енді еліміздегі жер реформасының тарихына тоқталсам, жер шетелдіктерге 1990 жылдан бас­тап жалға беріліп келеді. 1995-2011 жыл­дары Қазақстан азаматтарына және шетел­діктерге қысқа мерзімге – 3 жылға, ұзақ мерзімге 99 жылға дейін берілді. 2011 жылы Қазақстан азаматтарына қысқа мерзімге – 5 жылға дейін, ұзақ мерзімге 49 жылға дейін жалға беру енгізілді. Ал шетелдіктерге жалға беру 10 жылға дейін деп белгіленді. 2003 жылы қабылданған Жер кодексінде қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке алу құқығы белгіленді. 2011 жылдан бастап шетелдіктер үшін жарғы­лық капиталында үлесі 50 пайыздан жоға­ры заңды тұлғаларға 10 жылға дейін­гі мерзімге жалдау құқығы белгіле­ніп, талаптар күшейтілді. 2015 жылдың 1 қаң­тарынан бастап инвестиция тарту мақ­сатында шетелдіктерге жалға беру мерзімі 25 жылға дейін ұзартылды», деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев. «Алматы облысында 22 млн. 358 мың гектар жер бар. Оның 8 млн. 632 мың гектары ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жер болып табылады. Онда 61 мың шаруашылық құрылымдары жұмыс жүргізуде. Фермерлер үлесіндегі 547,6 мың гектар жер – жекеменшік құқығына ие. Облысымызда шетелдік 2 жер пайдаланушы 6,1 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді игеріп отыр. Соның бірі Еңбек­шіқазақ ауданындағы «Аль-Сакр» жауапкерші­лігі шектеулі серіктестігінде 1000 гектар жер болса, ал Жамбыл ауда­нын­дағы «Империя Фуд» шаруа­шылығында 5,1 мың гектар жер бар. Онда 3000 бас мал бор­дақылау алаңы салынып, 8000 тон­налық ет комбинатының құрылысы басталды. Жобаның құны – 23 млрд. теңге, 95 адамды жұмыспен қамтып отыр. Таяуда облыс әкімі бастаған топ жұмыс сапарымен «Жібек жолын» жаңғырту мақсатында Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданына барып келді. Бұл сапарда мәдениет, туризм, экономи­ка, ақпараттық алмасу секілді мәдени шара­ларды жақсарту ойластырылды. Жер құрылымына қатысты мәселе тал­қыланған жоқ», деп өңірде жер мәсе­лесіне қатысты айтыла бастаған дәлел­сіз әңгіменің ақиқатын нақтылаған Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров агроөндірістік кешенді дамыту үшін кезінде түрлі себептермен жер пайын ала алмаған ауыл еңбеккерлеріне тиесілі үлесін беру жайын баса айтып, ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерді тиімсіз пайдаланушыларды тексеруді күшей­ту керектігіне тоқталды. Жетісу жерін­де жүргізілген есепке алу барысында пай­­да­ланылмай жатқан жер телімі көп­­теп ашылып, бірқатары мемлекет мен­­шігіне қайтарыла бастағанын да жасыр­мады. Бұл жұмысты жүргізу үшін өңірде арнайы топ құрылып, Жер кодексіне енгізілген өзгерістердің мәні бар­лық ауылдық округтер тұрғындарына түсіндіріліп жатқанын да айтып өтті. Отырысқа қатысып, пікір білдірген­дердің бірқатары жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсы екендіктерін айтса, заңнама шеңберінде ілкімді әрекет етіп, іскерліктерін танытып жүрген шаруалар жағы керісінше қолдап сөйледі. Олар бірнеше жылдан бері шетелдіктермен келісім жасап, бірлесіп жұмыс істеп жүр­ген­діктен шетелдіктер тек қана өздері­нің технологиясымен келіп, бірлесе тап­қан таза пайданың 49 пайызын ғана алып кете алатынын, ал өздерімен бірге әкел­ген техникасы да, технологиясы да осы шаруа­шылықтарда қалатынын дәлелдеп, осыған мысалдар келтірді. «Былтыр италиялық бiр агрономмен келiсiп, биыл бiрлесiп жұмыс iстеуді бастадық. Топырақтың құнарлылығын, өнiм өткiзу нарығын зерттеп, жоспар жасадық. 1300 гектар жерге жаңа технологиямен жүгерi ектiк. Жердi игеру технологиясын меңгеру үшiн, ең алдымен, мамандарды әкелу қажеттігі де келісілді. Жер иесі ретінде мен шетелдіктерге шарт қойғандықтан, олар бізбен бірлесе еңбек етіп, тапқан таза пайданың 49 пайызын ғана алады. Жер телімі туралы талас жоқ. Ал ортақ қаражатқа сатып алған техника толығымен бізде қалады», дедi фермер Асқар Сүлейменов. Ауылда мал бағып, түрлі дақыл­дар өсіріп жүрген шаруалардың алды шетелдерге барып, тәжірибе алмаса бас­таған. Олардың өркениетті елдерден көріп, көкейге түйгендерін қазақ жерінде жүзеге асыруға талпынулары қуан­та­ды. Жерді пайдалану барысында шетел­­діктерге жалға беруден олар қорық­­пайды, қайта қуанады. Өйткені, шетел­дік мамандармен бірге қаражат, жаңа технология келеді. Сөйтіп, табыс көзі ашылған соң қарапайым халықтың тұрмысы түзеледі. Сонымен қатар, түрлі жолдармен шетелдерге барып кел­ген осындай азаматтар өз сөздерінде бірін­ші кезекте қауіпсіздік шарасын ойластырып, шетелдіктер келіп, жерді жалға алып жатса, олардың жер құнарын жоятын дақыл сортын екпеуін талап ету қажеттігін айтты. Сөйлеушілер арасы­нан  қазақстандықтардың өздеріне жерді сатуға үзілді-кесілді қарсы болып отырған азаматтардың да бар екендігі байқалды. Негізінен, қант қызылшасын, жүгері дақылын өсіретін шаруалар пайдала­на­тын жерді 49 жылға жалға беруді сұрады. Себебі, қол күшін көп қажет ететін бұл дақылды өндіретін алқаптар көп күтімді, жылма жыл тыңайтып отыруды қажет етеді. Сондықтан, тек ауыл шаруашылығы құрылымдарын қар­жы­лан­дыратын банк ашу қажеттілігі туын­дап отыр. Ұзақ мерзімге пайызы төмен несие алу үшін кепілдікке жекешелендірілгендігін растайтын мемлекеттік актісі бар жер қойылуы тиіс. Сонда сабақты ине сәтімен жалғасып, өнім берекелілігімен несие пайызы жабылып отыратыны анық. Осы отырыста көтерілген ұсыныстың бірі мүмкіндігі бар азаматтардың бір­неше облыстан бірнеше жер телімін сатып алуына шектеу қою қажеттігі болды. Алдымен шаруа тиімді жұмыс істейтінін дәлелдеуі тиіс, содан кейін ғана оған екінші, үшінші жерді сатып алуға мүмкіндік беру керек. Өйткені, шұрайлы жерді иеленгенімен, пайдалана алмай бос тастап қоятындар аз емес. Ал малы өскен екінші бір адамның жайы­лымы болмай қысылып жатады. Жерге зәру осындай адамдарға мүмкіндік беру үшін жайылымдық жерді мемлекет толығымен бақылауға алуы қажеттігін, егер фермерлер бірігіп, бір-біріне көмек­тес­пейтін болса, оларға жерді беруге бол­майтынын, жерді тұрақты жұмыс істей­тін жақсы мамандарға тапсыру қажеттігін ашына жеткізген шаруаларға қарсы уәж айтушылар да болды. Олар шетелдіктердің қолдауымен жүздеген гектар жерді дұрыс пайдаланып жүр­ген­діктен «шетелдіктерге жерді сатайын деп отырған жоқпыз, олардың техно­ло­гиясын, тәжірибесі мен білімін пай­далану үшін шақырып жатырмыз. Егер бірлесіп жұмыс істейтін болсақ, ауыл шаруашылығы өркендейді», деген тоқтамдарын білдірді. Мәселен, шаруа қожалығының иесі Советбек Еркін­байұлы жерді өз азаматтарымызға сатуға да, ұзақ мерзімге жалға беруге де бола­ты­ндығын айтты. Ол шетелдіктерге жалға беруден қорқатын ештеңе жоқ деп есептейді. Сондай-ақ, Рыскелді Ахмедчанов, Таңатхан Нүсіпов, Жанат Исағұлов, Қыдыржан Байбаулов секілді шаруал­ар «Шет мемлекеттерден келетiн аза­мат­тарға жер сатылмайтыны, тек жалға берi­летіндігі айтылды. Жалға беру­ден бiз неге қорқамыз? Бiз тоқымдай жер­де отырған жоқпыз. Қазақстанның кең-байтақ жерi игерiлмей жатыр ғой. Сол жердi игеруге қатысса, инвести­ция­сын әкелiп, ғылыми негiздегi жетiс­тiк­терiмен өз үлесiн қосатын болса, бiз неге қорқуымыз керек. Біздiңше, жалға беру қажет, бiрақ ол мемлекеттiң бақылауында болуы тиiс. Екiншiден, шетелдіктер бiздiң жерге келiп, жұмыс iстеген уақытта артынан топырлатып, өзiнiң азаматтарын әкелмей, бiздiң жергiлiктi тұрғындарға жұмыс берiп, оқытып, үйретіп, олардың жерге ие болып қалуына үлес қосса жақсы», деген пікірді де ашық айта білді. Жерді дұрыс пайдалана білу үшін су жүйесін рет­ке келтіру секілді өзекті мәселелерді кешегі күні түрлі шаруашылықтарды басқар­ған зиялы қауым өкілдері жан-жақты дәлел­дерін тізбелей отырып жеткізді. Пікірсайыс алаңында ешкімге шектеу қойылған жоқ. 5 сағаттан астам уақыт­та 73 адам түрлі мәселелер бойын­ша ойларын ортаға салды. Саралап сараптасақ, олардың басым бөлігі жеке мәселелерін айтумен шектелді. Күн тәртібіне қойылған қай жерді қалай жал­ға беру мәселесі ысырыла берді. Бірер спикерлер әуелгі сөзін жерге қа­тыс­тыра бастап алып, одан әрі билік тара­пы­нан әділетсіздік жасалды деп жазыл­ған арыздарға тұрғындар қолын жинап, ортаға салғанымен, түбінде жеке мүд­делері көрініп тұрды. Жариялылықтың жарқын көрінісін анық көрсетіп әрі тақырып аясынан ауытқуға жол бермей, мәдениеттілік таны­та білген төраға жиын ортасында жер дауына қатысты «Табыс Агро-2014» ЖШС тарапынан көтерілген мәселеге жиын соңында Талғар ауданының әкімі Райхан Садықованы орнынан тұрғызды. Әкім қойылған сауалға байланысты былай деді: «Табыс Агро-2014» ЖШС-іне Жер кодексінің 48-бабының талаптары сақталмай аудандық босалқы жерден 350 гектар жер телімін тауарлы ауыл шарушылығын жүргізу үшін уақыт­ша өтеулі құқығымен жалға берілгені анық­талып, «Қазақстан Республикасында жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 37-бабын басшылыққа ала отырып, заңсыз пайда­ланылған жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып алынды. Ал аталған заң­ды тұлғаға талапқа сай жер телімі қарас­тырылуда. Бұл іске жауапты тұлға тәртіп­тік жауапкершілікке тартылып, іс сотқа түсірілді», деді. Жер кодексінен бастау алып, өмір­лік қажеттіліктерге қатысты ел тілегі жиынға қа­тысу­шылар тарапынан өткір қойылға­ны­мен, сабырлылық сақтал­­ды. Салалық мамандар өз ойларын жік­тей, тереңдете ортаға салып, байсалды жауап­­тар алды. «Аграрлық ғылым – ауыл шаруа­шы­лығы саласының іргетасы болып табылады. Ашық айтатын болсақ, бізде бұл іргетас әлі де берік қалыптаса қой­ған жоқ. Үздік ғалымдарымыз жұмыс істеп жатыр. Алайда, олар аз. Бір мысал кел­тірсем, Еуропаның орта­сын­да орна­­ласқан Голландия деген мемле­кет­тің жері 41 мың шаршы шақырым ғана екен. Бұл – біздің Алматы облысы жерінің бестен бір бөлігі. Бірақ Голландия жылына 50 млрд. АҚШ долларына ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін экспорттайды. Ал біз бүкіл Қазақстан болып 5 млрд. доллар­дың өнімін шығарамыз. Міне, біздің әлеуетіміз осындай. Голландияның ми­нистр­лік басшыларынан мұның сырын сұр­а­ғ­анымда: «Біздің бір-ақ құпиямыз бар, бізде  аграрлық ғылым жақсы дамы­ған», деп жауап берді олар. Сон­дық­тан, біз аграрлық ғылымды қолға алуы­мыз керек», деді осы комиссия мүшесі, белгілі ғалым Ақылбек Күрішбаев. Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ел мүддесі үшін өзекті мәселе болып саналатын жер ре­фор­масын талқылауға келген комис­сия мүшелеріне алғысын білдіре оты­рып, «Бүгінде аграрлы облысымызда кәсіпкерлік дамып, былтыр 22 мың жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде рес­пуб­­ли­к­а бойынша өндірілетін өнім­нің 16 пайызы өндірілді. Елбасы тапсырмасымен, Үкімет­тің қолдауымен субсидия ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге 22 млрд. теңге қаражат бөлінгені тағы бар. Мұндай қамқорлық жоғарыда мысал­ға келтірілген Голландияда да көр­сетіл­мейді. Жүз мыңнан астам халық­ты ауыл ­шаруашылығы өнімдерімен қам­тамасыз етуге мүмкіндігіміз мол», деп қысқаша хабарлама жасады. Б.Сағынтаев өз сөзінде, бүгінгі күнге дейін және осы жиын барысында да ешкім жерді Қазақстан азаматтарына ұзақ мерзімге жалға беруге қарсы пікір біл­дірмегендігін, сондықтан осы мәсе­лені ұсыныс ретінде Парламентке беруге болатынын баса айтты. «Комиссия топтары жұмысын шира­тың­қырау керек. Өйткенi, қазiр бастапқы қарқын сәл бәсеңдеп отырғанын көрiп отырмыз. Осы кезге дейiн айтылған­дарды талдап, жүйелеп, нақты ұсыныс­тарды комиссия отырысына шығарып отырса, талқылауға да, әрi қарай жыл­жу­ға да жеңiл болар едi», – дедi Асқар Мырзахметов. Тағы бір айта кететін мәселе, осы оты­рыс­тың барысында Алматы облысын­дағы барлық аудандар осы отырысқа селекторлық байланысқа шығып, ондағы Қоғамдық кеңес мүшелері де жерді сату немесе жалға беруге қатысты өз пікірлерін білдірді. Жалпы алғанда барлық аудандар жерді 49 жылға жалға беруді қалпында қалдыруды қолдады. Екі ауданның өкілі жерді жекеге де беруге болатынын, өзге­лері жерді шетелдіктерге жалға беру­ге қарсы екендерін айтты. Жиын барысында көтерілген мәселеге жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелері Кенжеғали Сағадиев, Ғани Қалиев, Оразалы Сәбден, Владислав Косарев, Серік Сұлтанғали, Әділет ми­нистрінің орынбасары Зәуреш Баймол­дина, сон­дай-ақ танымал эконо­мистер мен заңгер­лер, қоғам қайраткерлері өз көзқарас­тарын жеткізді. Сонымен қатар, зиялы қауым тарапынан тұрғындармен кез­десу барысында регламенттің сақ­талуы, уақытты үнемді пайдалана оты­­рып, халықтың тосып отырған негіз­гі мәсе­лесіне нүкте қою керектігі ескер­тілді. Әкім­дердің жылына бір рет ел алдында есеп берумен ғана шектел­мей, сөздеріне жан бітіруі керек­тігі де сали­қалы оймен жеткізілді. Енді комис­сия топ­тарының отырыстары екі аптада бір рет өткізіліп, тек тақырып аясын­да мәселе қарау қажеттілігіне де тоқ­тал­ды олар. Сондай-ақ, қордаланған мәселе­лерді ретімен түйіндеп, шешіп отыру үшін Елбасы жанынан қоғамдық палата құру қажеттігі жөнінде ұсыныс та айтыл­ды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өнді­ріп, өңдеу үшін арнайы Аграр­лық банк құру туралы фермерлер ұсы­ныс түсірді. Сарапшылар жер мәселесін дұрыс, тиімді шешу үшін субси­дия мен ауыл шаруашылығы техника­ларын бөліп, мамандар дайындау керек­тігін айт­ты. Негізі отандық агроөндірістік кешен­ді дамытудың басты тетігі билік пен қоғам­ды және бизнес құрылымын біріктіру бойынша үлкен жұмыс жүргізу керектігі де нақты дәлелдермен айтылып өтті. Жер реформасы жөніндегі комиссия­ның кешегі бесінші отырысына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақыт­жан Сағынтаев соңғы рет төраға­лық етті. Ал келесі жиыннан бастап комис­сия­­ға Премьер-Министрдің орынба­сары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзах­метов төрағалық ететін болады. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы, Талғар ауданы IMG_2835 EDM_7333 EDM_7463