Кітап көп демейік.
Мүмкін болса сол кітапты жас ұрпаққа оқып өсуді үйретейік.
Сонау сексенінші жылдары әйгілі Бауыржан батыр жайлы «Шуақты күндер» атты кітап жарыққа шықты. Пышақтың қырындай ғана кітапты қолдан-қолға жүгіртіп, ел таласып оқыды. Оқығанның көзі ашылып, жан дүниесі қайта оянғандай болды. Қыздарын ұзатқандар жасауына берді. Келіні барлар сыйлыққа берді. Қыз өсіріп отырғандар үйінде құрметтеп ұстап, тәрбие құралына айналдырды. Жұртты дүр сілкіндірген ол кітапты кім жазды?!
Ол кітапты аты әлемге әйгілі классик жазушы жазбады.
Ол кітапты көп жасаған қария жазбады.
Ол кітапты шетелдердегідей адамның жан дүниесін зерттейтін психолог маман жазбады.
Оны көпті көрген келін, ұлт ардақтысының келіні жазған болатын.
Содан отыз жыл өткенде ел елеңдеген тағы бір кітап дүниеге келді. Оны да жұрт таласып оқып, қыздарын ұзатқандар жасауына беріп, үйлерінде бала тәрбиесіне көрнекті құрал етіп ұстап жатты. «Ұрпағыма хат» деген бұл әке өсиеті – хат үлгісінде шығарманы отыз бес жыл адам жанының арашашысы болған хирург, көпті көрген азамат Амантай Біртанов жазған еді.
Енді ел сүйсініп оқыған сол екі кітаптың жалғасындай болып, үлкенге өткенді еске салар, жастарға өнеге болар тағы бір кітап көрдім.
Ол – «Ой иірімдері» деп аталады екен. Авторы – Елбасына серік, демеу болған, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізге жебеуші бола білген, бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов.
Кітапты шығарған «Арда» баспасы. Жиырма баспатабақ көлемі шағын ғана, қалтаңа салып кез келген жерде оқи беруге өте ыңғайлы. Ал ішіндегі бүгінгі және келешек ұрпаққа бағдаршам боларлықтай ой-толғамдары қандай. Қазақ қоғамының жаһанданудың илеуінде кетпей, дәстүр-салтымызды, қазақи қалпымызды сақтауға, кісілік пен кішіліктен, ұлттық болмыс, рухани қасиеттерден ажырап қалмауға үндейді.
Кеше мен бүгіннің аражігін ажыратып беруге ұмтылады. «Кешегінің бәрі ғибрат немесе түкке алғысыз еді деп те кесіп-пішіп айта алмайсыз. Қазір бізде кешегі кеңестік жүйе құндылықтарының көбісін жоққа шығаратын үрдіс қалыптасты. Оның қаншалықты пайдалы тұстары болғанын пайымдағысы келмейтіндердің қатары көбейді. Жаңалық – санадан көмескілене бастаған бұрынғының бір көрінісі. Өйткені, қоғамдық құрылымның қалыптасу заңдылығы бойынша ешнәрсе өз бетінше өзгере салмайды. Бүгінгі күні сіз бен біз жүйткіп жүрген даңғыл жолдың бәрі кезінде сүрлеу, соқпақ болған. Ол келе-келе тегістелген, жүре-жүре кеңейген.
Қазақ Елі қазіргі кезде «Мәңгілік Ел» бағытындағы нұрлы жолды таңдап, өз бағытын айқындады. Елбасының сындарлы саясаты туған халқын жаңа асуларға жігерлендіріп келеді. Тәуелсіз елдің ертеңі нұрлы екенін уақыт көрсетті. Барша қазақстандықтар жұдырықтай жұмылатын кемел келешек үшін тер төгетін кез бұл. Осыны ұмытпау керек», – дейді қоғам және мемлекет қайраткері.
«Ой иірімдері» алты тараудан тұрады. «Айналған даңқы дастанға», «Шыңыраудан шыққан сөз», «Қазақтың жаны – ана тіл», «Соңында өшпес ізі бар», «Өмірдің өзі өнеге», «Тіршіліктің тірегі – адамгершілік», – деген атаулардың өзі-ақ ішіндегі әңгіменің мазмұнын ашып тұр.
Осы кітаптың өзегіндей болып тұрған бір пайым бар. Ол – «Өзгермейтін құндылықтар», – деп аталады. «Адами құндылықтар оңай өзгере салатын дүние емес. Ал адами құндылықтар – мейірім, махаббат, әділет, адалдық, қанағат, уәде өзгерсе не болады? Ойлап көріңізші, айналамызды қара түнек баспай ма?! Сондықтан, қай қоғамның болсын ең басты мақсаты, осынау алтынға сатып ала алмайтын адами құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, оны мүмкіндігінше байыту болып келген. Алдағы кезде де солай бола береді», – деп сенімді айтқан автор: «Кейбір адамдардың өз пиғыл-ындыны өзгерген шығар, ал адами құндылықтар өзгермейді. Оны пенде баласы оңайшылықпен өзгерте алмайды, Рас, оған кез келгеннің қолы жете бермейтіні өкінішті. «Өзгеріп кетті», – дейтіндер де сол қолы жетпей жүргендер-ау деп пайымдаймын», – дейді.
«Ой иірімдерінде» басты ұстанған бағыт – адамгершілік, ұрпаққа үлгі-өнеге жолдарын айта отыру сияқты. Оқыған адам керегін алады, ой түйіндеп жүрегінің сандығына салады. «Жайнаған мына дүниедегі пенденің адами келбеті, мінезі, мақсат-мүддесі бар. Қадір-қасиет, абырой деген алғышарттар да алдан шығады. Мына тіршілік болған соң сан түрлі қиындықтар алдан шығады. Адамның пейіл-ниеті де ала-құла. Соның бәрін жұдырықтай жүрек сүзгіден өткізеді. Оңай ма, қиын ба?!», деген Серік Әбікенұлы осы тұста адамға мейірім керек екендігін баса еске салады.
«Имани қасиеттерді бойымызға жинақтап, періште көңілдегі балалардың да санасын таза мейірімге бөлесек, қане. Сонда олар қатыгездіктен алыс болар ма еді. Демек, ерекше мейірім мен ықылас бізге күн сайын қажет қасиеттер. Мейірім иіріміне шомылып, бір-біріміздің көңілімізді көтергеннен артық не бар мына беймаза тірлікте», – деп толғайды. Кітапты оқып отырып, есіме ата-анамның шексіз мейірімі түсіп жүрегім елжіреп кетті. Шіркін, адамдар бір-біріне шын ықыласымен, мейіріммен қараса, бізге жетпей жататын не бар еді?
«Ой иірімдері» халқымыздың таным-түсінігінде қалыптасқан Ана мен жарға, қыз балаға деген айрықша құрметке де айрықша тоқталған. «Қыз – халықтың ары мен намысы. Халық ғасырлар көшінде қандай қиын сынақтарға тап келсе де, қыздың арын бәрінен жоғары қойғаны тегін дейсіз бе?! Ар-намысын, ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сақтамаған адамзат өкілінің еш жерде, ешқашан барқадар таппайтынын абыз тарих сан рет дәлелдеген. Сондықтан, бүгінгі жаһандану тұсында өзгелермен терезесі тең ел боламыз десек, келер күннен қандай да өзіндік үлес дәметер болсақ, осы мәселені ең алдымен ойлауға міндеттіміз», – дейді автор.
«Қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз», – деген Елбасы сөзін еске сала отырып, тәрбие-тәлімі ата дәстүріне сай қалыптасқан, денсаулығы мен қажыр-қайраты кемелденген, білім-білігі заманына лайық жан-жақты жетілген қыз кез келген ұлттың, мемлекеттің болашағын нұрландыратынын баса айтады.
«Уақыттың құстай зулаған мына заманында жаһандану тегеурініне төтеп беру үшін әр қазақтың бойында жан-дүние тазалығы аса қажет. Халық өзін өзі осылайша құрметтеуге дағдыланғанда ғана еліміздің тұғыры биік болады», – деп ой толғаған Серік Әбікенұлының «Ой иірімдерінің» бетіне ол кісінің ұлтжанды, адамгершіл, мейірімді де қайырымды бет-бейнесі шығып тұрғандай.
Сәуле ДОСЖАНОВА,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері