21 Маусым, 2016

Ұлы Абай елінде

520 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Абай«Алтай мұрасы» халықаралық автоэкспедициясы сапарын жалғастыруда Маусымның 15-і күні ұлылардың ұясы, қырандардың қиясы Қарқаралыны артқа тастап, ұлы Абай елі Қарауыл мен Семейге қарай жол тарттық. Бірінші тоқтаған жеріміз Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы, Тоқтамыс батыр ауылына қарасты Қырықүңгір қо­рымы болды. Осында университетіміздің тарих факультеті археология және этнология кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Ұлан Үміт­қалиев «Халық тарих тол­қынында» бағдарламасы бойынша екі бірдей жобаға жетекшілік етіп қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Басты зерттеу нысаны Шыңғыстаудағы көне мұртты обалар. Соңғы екі жылдың көлемінде ол басқарған экспедиция Шың­ғыстау өңірінде толық барлау жұ­мыстары мен қазба зерттеулерін жүргізуде. Біз келгенде Мәдениет министрінің жауапты хатшысы Қуат­жан Уәлиев пен Ұлттық мұражай ди­­ректорының бірінші орынбасары Жәкен Таймағанбетов мырзалар да осында жүр екен. Университет ректоры Е.Сыдықовқа берген есебінде ар­хеолог Ұ.Үмітқалиев осы уақытқа дейінгі барлық ақпараттарды қамти келе тас дәуірінен бастап, қола, ерте темір, түркі кезеңдерінің 270-тен астам кешенді ескерткіштері тізімделгенін атап көрсетті. Оның мәліметі бойынша Қырық­үңгір жерлеу кешенінде бір шаршы шақырым аймақта орналасқан қола, ерте темір және түркі дәуірінің ескерткіштері кездеседі екен. Мұнда 100-ге жуық ескерткіштер анықталған. Ескерткіштердің негізгі бөлігін қола дәуірінің қоршаулары құрайды, сонымен қатар, ерте темір дәуірі­нің қор­ғандары және түркі кезеңі­нің қоршаулары бар екен. Олардың бірсыпырасы беталды қазылып, то­налған. Соған қарамастан, көне дәуірге тән бұл қорымдардан көптеген қыш бұйымдар, киіз қалдықтары, жылқы мен адам сүйектері, қола пластинкалар, түрлі әшекей бұйымдар (моншақтар), сүйектен жасалған жебе ұштары, үюлі жатқан қойдың асықтары табылған. Мұның өзі осындағы көшпенді мәде­ниеттің тым әріден бастау алғанын көрсетеді. Автоэкспедиция дала жағдайында тамақтанып, одан соң Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің ректоры Е.Б.Сыдықов рес­публика  Ұлттық мұражайымен, Назарбаев Университетпен және Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетімен археологиялық қазба жұмыстары бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қарқаралыдағы Қызылкеніш сарайы, Қызыларайдағы Бегазы-Дәндібай мәдениеті, Ұлан бауырымыз қазып жатқан Шыңғыстаудың мұртты обалары, бәрі-бәрі арғы бабаларымыздың көне мәдениет ескерткіштері болып табылады. Бұлар Арқа өңірінің бір тұтас тарихи-мәдени кешенін қалыптастырады. Біздіңше, бұл көне қорымдар одан әрі жеріне жете зерттелуі әрі қалпына келтіріліп, айналасы абаттандырылуы керек. «Мәдени мұра» бағдарламасының қол жеткен нәтижелерінің бірі – Сарыарқа төсінде бұрын қалалар болмаған-мыс деген көзқарасқа толық тойтарыс берілуі. Бір ғана мысал, елорданың дәл іргесінен Бозоқ деген қалашықтың орны ашылып, ғалымдар оның ІХ-ХІ ғасырларда бой көтергенін анықтады. Бұл жағдай біздің археологтарымыз бен тарихшыларымыздың жұмысына тың серпін берді. Автоэкспедицияның келесі тоқтаған жері әйгілі Қоңырәулие үңгірі болды. Шыңғыстаудағы бұл үңгірдің биіктігі 3 метрден – 25 метрге дейін жетеді, ұзындығы 100 метрден асады. Оның киесі жайында ең алғаш баспасөзде 1892 жылы орыстың «Витебские губернские ведомости» газетінің № 63 санында сипатта­ма бе­рі­леді. Қоңырәулиеге ауырған – сырқаған, құдайдан бала тілеген адамдар осы күнге дейін көптеп келіп жатады. Үңгір­дің айналасында көнеден қалған көптеген қорымдар жатыр. Оны мұн­дағы жұрт тарихта жаугершілікте қы­рылған сарбаз­дардың қабірі деседі. Үңгір ішінде жаугершілік заманда талай адам жанын аман сақтап қалғаны туралы да аңыздар бар екен. Қоңыр әулиеге қатысты әңгіменің ең тұшымдысы осында Шыңғыс ханның жерленгені туралы болжам болды. Біздіңше, Шыңғыстау әлемге әйгілі билеушінің хан көтерілген жері болуы мүмкін, бірақ оның дүниеден өткен жері Солтүстік Қытай, мәңгілік тұрағы өзінің туған жері Бұрхан-қалдун тауы. Бұл дүниежүзі ғалымдары жаппай мойындаған, барлық жазба деректер түгел дәлелдеген айдай ақиқат. Оданша, біз Шыңғыс ханның қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы орны мен рөлін әділ бағалап, «ол да біздің бабамыз» деген пікірді ұстансақ, ұтпасақ ұтылмаймыз. Қоңырәулие үңгірінен аттанып бара жатып тарихшы ғалымдардың пікірі осыған тоқайласты. Кіші бесінде Абай ауданының орталығы Қарауылға да жеттік. Қазақ­тың қазіргі тарихында Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлылар өскен осынау киелі мекенде бір кезде Үш жүзге өнеге айтқан Әнет баба, Кеңгірбай би, Тобықты елін Шыңғыстауға бастап келген батыр Мамай Жұмағұлұлы, ел қорғаған батыр Тоқтамыс Лақаұлы, Айпара ана, Нысан абыз, Ералы әулиелердің рухы есіп тұрғандай еді. Алыс-жақыннан келген жұрт елім деп еңіреген сол ұлы тұлғалардың рухына тағзым етсе, мұндағы ел де Абай атамыздың туған мекенін гүлдендіруге бір кісідей атсалысып жүр. Біз осындағы әрбір адамның бойынан Абай еліне тән бекзаттық пен зияттылықты байқадық. Қарауылда болған басқосуда әкім Тұрсынғазы Жантұяқұлы әңгімені ауданның бүгінгі әлеуметтік-эконо­микалық дамуынан бастады. 2015 жылғы аудандағы барлық қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік іс-шаралары Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және Ұлы Абайдың 170 жылдығы мерекелеріне орайластырылып өткізіліпті. Ең бастысы, мұндағы ел-жұрт хакімнің тойын ауданның жоғары әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен қарсы алған. Абай ауданында негізгі өндіріс – мал шаруашылығы. Аудандағы мал басы өз төлі есебінен және мал тұқымын асылдандыру мақсатындағы сатып алу жолымен өсіп келеді екен. Бүгінде ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен 512 шаруа қожалығы және 3441 жекеменшік қосалқы шаруашылық айналысады. Бір қуантарлығы, ауданда асыл тұқымды малдың үлес сал­мағы 21 пайызға жетіп, республика аудандарының арасында 7-орынға табан тіреген. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 2015 жылға 82 млн. 660 мың теңгенің 27 жобасы іске асыпты. Ертеңіне ұлы Абайдың туған және өмір сүрген ауылы Жидебайға ат басын бұрып, одан соң жол-жөнекей Бөрілідегі М.Әуезовтің мұражай-үйіне зиярат еттік. Күн ерте болған соң, Бөріліден шыға бере сайын дала төсінде қара тасты қақ жарып аққан Күшікбай бұлағына аялдап, беті-қолымызды жуып, шөлімізді бастық. Күшікбай – ел намысын, жер намысын биік ұстаған жаужүрек батыр. Төбе басында оның зираты ерлік пен өрліктің белгісіндей болып оқшау тұр екен. Сыншылар ұлы Мұхтарды еуропалық биікке көтерді деп бағалаған «Қорғансыздың күні» де осында болған оқиғаларды негіз етіп жазылыпты. Әңгімесінің басты кейіпкері Ғазиза да осы маңда жерленген. Жалпы, Абай ауданына ат басын бұрған осы сапарымызда М.Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» эпопеясын қайыра оқығандай, әр бетін қайта парақтағандай әсерде болдық. Біраздан соң, алдымызда ұлы Ер­тістің жағасындағы ежелгі қала Семей көз ұшынан бұлдырап көріне бас­тады. Тарихты парақтасақ, оның аты VІІІ ғасырдағы көне түркінің мәңгітастарында да, Х ғасырдағы Махмұт Қашқаридің сөздігінде де сол баяғы «Ертіс» болып жазылған екен. Түркі қағанатына жан-жақтан жау қаптаған сонау аламан-тасыр замандарда Күлтегін бабамыз «Алтай тауын жолсыздан астым, Ертіс суын өткелсізден кештім» дейтіні осы Ертіс емес пе! Ендеше, сол көктүріктер заманында осы өлкені қарлұқтар мен қимақтар, кейін келе қыпшақтар мекен етті. Сонау ертедегі сақтар мен ғұндар заманында-ақ осында көшпенді скифтер мен ғұндардың жазғы орда-тұрақтары бой көтерді. Ертістің ұзына бойында Қимақ конфедерациясының он алты қалашығы болғаны тарихшы қауымға бұрыннан жақсы мәлім жай еді. Міне, сондай қаланың бірі Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарының межесі «Семияр» селосының маңынан табылып, археолог ғалымдарды елең еткізді. Қазіргі күні көне кенттің орнында үлкен қазба жұмыстары жүргізіліп, жер қойнауынан көптеген құнды айғақ­тар алынуда. Ал кезіндегі Қыпшақ-Қимақ қа­ғана­тының бас ордасы қазіргі Семей қаласының орнында орналасқаны туралы болжамды жергілікті өлкетану­шылар мен тарихшы ғалымдар 1988 жылдан бері баспасөз бетінде айтып, жазып келеді. Өйткені, бұған сілтейтін археологиялық ескерткіштер де, жазба мағлұматтар да жеткілікті. Бұлтартпайтын дәлел ретінде әйгілі көне құрылыс – «жеті мешіт» жайлы естіп, XVIII ғасырда Санкт-Петербургтен орта Ертіс жағасындағы орыс бекінісіне арнайы келген Миллер және Паллас сынды атақты ғалымдар айтқан деректерді еске саламыз. Сондай-ақ, Тәмим ибн Бәкіридің, Әл-Идриси мен Гардзинидің мәліметтері бойынша, орта ғасырларда Семейдің орнында үлкен сауда қаласы тұрғаны сөзімізге дәлел. Мәселен, Әл-Идрисидің ХІ ғасыр­да сызылған картасы сол ескі шаһар­дың Ұлы Жібек жолы бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқанын дә­лелдейді. Семейлік ғалым Асан Омаровтың «Қазақия» деп аталатын кітабындағы «Семей қаласы тарихының хроникасы» (Маңызды даталар) деген бөлігінде қала тарихын ІХ ғасырдың орта шенінен бастайды: Осы кезде Ертістің оң жағалауында Қимақ одағына кірген тайпа санына сәйкес жеті тас мешіт бой көтереді. Х ғасырда көптеген араб саяхатшылары, ал, ХІІІ ғасырда итальян жиһангері Плано Карпини Орта Ертіс шаһарына ат басын тірейді. Қала туралы жазба деректерін қалдырды, дейді өлкетанушы. Одан әрі ол өз зерттеулерін төмендегідей тарихи деректермен толықтырады: 1368 жылы өзінің қалың әскерімен Бұхара, Самарқандтан шығып, қазақ сахарасын қиып өтіп, Орта Ертіс бойына ат басын тіреген Әмір Темір құлап жатқан жеті тас мешітті қайта қалпына келтірген. 1616 жылдың 25 сәуірінде орыс патшасы Михаилдың Грамотасында: «Ертіс бойында тас мешіттер бар, оларды тексеру керек», делінген. Демек, қала тарихының арыда жат­қанын айғақтайтын дәлелдер жеткілікті. Оған зер салсаңыз «Семей» атауына қатысты «жеті шатыр» тарихы күні кешегі әңгіме болып қалады. Осыдан біраз уақыт бұрын, қала­дағы Амантай Исин, Мұхтарбек Кә­рімов, Ерлан Сайлаубай, философия ғылымдарының кандидаты Асан Омаров және басқа танымал зиялылар қол қойған «Семей қаласының жасы туралы тұжырымдама» деп аталатын тарихи құжат қабылдап, жоғарыға жолдаған екен. Мақсат – Семейдің сонау орта ғасырлардан келе жатқан көне қаланың орны болғанын жұртқа ұғындыру. Дегенмен, тағы біраз жұрт Ел­ба­сының 2007 жылғы 21 маусымы күнгі Жарлығымен орысша Семипалатинск атауы Семей болып өзгертілгенінің өзін көңілге медеу тұтатындай. Семей – еліміздің арғы-бергі тари­хындағы тағдыр-тәлейі ерекше, даңқты қала. Бүгінде жыры бітпейтін Семейдің қоғамдық-әлеуметтік мәселелері оң шешім таба бастаған. Түстен кейін, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде оқытушы құраммен кездестік. Аталмыш университет өңірдегі сапалық жағынан өзгеше, көп салалы, классикалық еуро­палық типтегі оқу орны, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан аймағының мәдени, оқу-әдістемелік және ғылыми ор­талығы болып табылады. Кездесуде тә­уелсіздік алған 25 жылдан бергі қол жеткен жетістіктеріміз сараланып, Еуразия университетінің еліміздің білім беру саласындағы орны мен рөлі және білікті кадрлар даярлаудағы басым бағыттары атап көрсетілді. Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңындағы еліміздің туристік тартымдылығын арттыру, тарихи-мәдени ескерткіштерді ашу мен жаңғырту, қорғауға алу проб­лемалары талқыланды. Тұрсынхан ЗӘКЕН, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Шығыс Қазақстан облысы