22 Маусым, 2016

Жаңа жүйенің жаңалығы қандай?

351 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Медициналык сактандыру-21 06 2016Медициналық сақтандырудың тиімді тетігі хақында Денсаулық зор байлық екенін жұрттың барлығы да түсінеді. Қазекем де «Отбасына ауру кірді деген­ше, әлек кірді десеңші» деген ғой. Бұл даналықты кеңі­рек түсінсек, халықтың денсау­лығы мықты болса, мемлекет те экономикалық-әлеуметтік жағы­нан күшейеді. Түрлі аурулар кө­бейіп, халық денсаулығы нашарласа, мемлекет тарапынан оған бөлінетін шығындар да шаш етектен шықпақ. Ал мемлекет үшін басты байлық адам екенін еске алсақ, халық денсаулығының маңызы материалдық шығыннан да жоғары тұрады. Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) халық денсаулығын жақ­­сартудың дүние жүзінде қол­данылып отырған тетіктерінің бірегейі десек болады. Сондықтан, Елбасы өзінің Ұлт Жос­парын жүзеге асырудың нақты 100 қа­дамында осы мәселеге нақты көңіл бөлген болатын. Ал бұл мәселені жүзеге асыруды түсін­діру, халықпен ақылдаса шешу еліміздегі демократиялық даму­дың көрінісі екені тағы айқын. Осы міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру мәселесін тү­сіндіру мақсатындағы сапармен об­лысқа Республикалық тубер­кулез проб­лемалары ұлт­тық орталығының директоры Жұ­мағали Исмайылов келді. Облыс өңіріндегі ауруханалар мен емханалар бас дәрігерлеріне, аудан, қала әкімдерінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарларына, ведомстволар басшы­ларына әлеуметтік саладағы реформаның бірі болып табыла­тын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы кеңінен айтып берді. Жұ­мағали Қазыбайұлы алдымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі не үшін керек екендігін түсіндірді. Елімізде өткен жылы «Мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру туралы» заң қабылданды. Елбасы тапсырмасымен бұл жүйе 2017 жылдан бастап жүзеге асырылады. Енді алдымен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру жүйесін енгізуге не себеп болды?» деген сауа­л ертең жарна төлеуге тиісті әркімнің көңілінде тұрғаны анық. Бүгінде дүние жүзіндегі мемле­кет­тердің барлығы да бір кеменің үстіндегі жолаушы іспетті. Жер шарының өзге өңірлері секілді, бізде де инфекциялық емес ауру­лардың көбеюі, денсаулық сақтау саласын заманауи технологиялармен, жабдықтармен қамтамасыз ету және қартайған адамдар саны­ның артуы мемлекет тарапынан көп шығынды талап етеді. Осы проблемаларды шешудің барлығы да қосымша қаржыландыру көзін керек етеді. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жөнінен Қазақ­стан көрші Ресейден де, Эконо­микалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше елдерден де артта қалып қойды. Бізде бұл салаға ішкі жалпы өнім­нің 3,5 пайызы ғана бөлінсе, Ресейде бұл көрсеткіш 5 пайыздан астам, ал ЭЫДҰ елдерінде 9 пайызға жақын. Денсаулық сақтау проблемасы жөніндегі жауап­кершілік мемлекетке де, онда өмір сүріп жатқан адамдардың барлығына да ортақ болуы тиіс. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды әрта­раптандыру,  озық елдердегі секілді, халықтың өмір сүру деңгейін көтереді. Міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру жүйесіне әлі де «бұл қалай болар екен?» деген екіұшты көңілмен қарайтындар бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Себебі, ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде, анығырақ айтсақ, 1996-1998 жылдары мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру реформасы қолға алын­ған болатын. Бірақ сәтті болған жоқ. Өйткені, жоспарлы экономиканың орнына нарық келіп, экономиканың дағдарып тұрған кезінде медициналық сақтандыру қорына кірістер жинау деңгейі жеткіліксіз болды. Көптеген кәсіпорындар жар­наны төлей алмады, шамамен ха­лықтың төрттен бірі жарна аудармады. Жұмыссыздықтың көбеюіне орай, халықтың белсенді емес бөлігі үшін жарналардың тиісті мөлшерін аудару жергілікті бюджетке салмақ түсірді. Ең соңында медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдар алдында қарызға батты. Осыдан келіп, қордың атына сыбайлас жемқорлық және жиналған қаражатты бет алдына шашу секілді кінә да тағылды. Ал қазір уақыт басқа, экономикалық әл-қуатымызды да бұрынғы дағдарыс жылдарымен салыстыруға болмайды, шүкірлік етеміз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі және халықаралық озық тәжірибеден үйрене отырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге толық негіз бар. Адамдар Қазақстан Республика­сының «Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру туралы» заңына сәйкес өз денсаулығын құнттауда екі пакеттің бел­гі­ленгенін білуі тиіс. Оның бірін­ші­сі базалық немесе мемлекет тарапынан кепілдендірілген меди­циналық көмек. Ол толық­тай республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Мұндағы медициналық көмек түр­леріне жедел медициналық жәрдем, санитарлық авиация, әлеуметтік мәні бар аурулар, төтенше жағдайларда көрсетілетін көмектер, жаппай егу секілді басқа да бірқатар көмектер жатады. Ал екінші пакет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландырылады. Бұл пакет бойынша адамдарға көрсетілетін амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық және оны алмастыратын кө­мек, жоғары технологиялар қол­­данылатын медициналық көмек түрлері қамтылады. Бұл көмек түрлері әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесіне қатысушы азаматтарға тиесілі әрі қолжетімді болмақ. МӘМС жүйесі мемлекеттің, жұмыспен қамтушының және жұмыс бе­рушілер мен өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтардың міндетті сақ­тандыру төлемдерінен құра­латын болады. Жарна төлеуден еліміздегі 15 санаттағы азаматтар босатылады. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған аналар, зейнеткерлер, мүгедектер, жүкті әйелдер, әскери қызметшілер, тағы басқалар бар. Жұмағали Исмайылов келесі жылдан бастап өмірімізге енетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі не береді деген сұраққа тоқталды. Көптің көкейіндегі нақты мәселе де осы болса керек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі ен­гізілгенде адамдардың амбулаторлық ем қабылдауға, алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуға қолжетімділігі артады және дәрігерлер жүктемесі азая­ды. Қазір денсаулық саласында кадрмен қамтамасыз етудің алалығы, кезек күту секілді көрі­ністердің барлығы рас. Мы­салы, стационарлық ауруханаларда дәрігерлер жеткілікті. Ал емханаларға барған науқас күн ұзаққа дәрігерлер есігін күзетумен отырады. Өйткені, емханаларда жалпы практикадағы бір дәрігерге 2000 адамнан жүктеме келеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу арқылы Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдеріндегі стандарттарға жуықтатып, әр дәрігерге жүктемені 2000 адамнан 1500 адамға дейін төмендетуге қол жеткізілетін болады. Әрине, жүктеме азайғанда ем сапасы жоғарылайтын болады. Екіншіден, денсаулық сақтау саласын міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру қоры арқылы қаржыландырғанда адамдарды амбулаторлық дәрімен қамтамасыз ету қызметі жақсарады. Қазір бұл үшін еліміздегі әр адамға мемлекет тарапынан 46 АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалады. Ал мұны алдағы уақытта халықтың жан басына шаққанда 186 АҚШ доллары көлеміне жеткізу мақсат тұтылып отыр. Науқастардың тегін дәріге қолжетімділігі де артатын болады. Бұл халық денсаулығының жақсаруына ықпал етеді. Үшіншіден, кадр дайындау ісі жақсарады. Әдетте, қай саланың да жұмысын білікті кадрлар ілгерілетеді. Медицинада бұл сөздің маңызы арта түседі. Қазір үздік кадрлар ме­ди­­цинадағы оңал­ту, қалпына кел­тіру бағы­тында дайындалуы тиіс. Өйткені, қазір дүние жүзінде медицина аршынды адыммен дамып отыр. Ауруханаларда жоғары және күрделі технологиялармен жүрекке, тағы басқа да органдарға операциялар жасалады. Операция жасау бар да, оның нәтижесі бар. Сол үшін науқасты оңал­ту қызметі халыққа кеңінен қол­жетімді болуы тиіс. Жұмағали Исмайылов жур­налис­­тердің «Міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандыруды енгізуге жер­гілікті жерлердегі дайын­дық барысы қалай?» деген сұрағына да жауап берді. Бү­гінге дейін еліміздің барлық шал­ғайында көп жұмыстар атқа­рылды. Ең бастысы, денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі енгізілді. Осыдан бес жыл бұрын басталған бұл жүйе қазір жақсы қалыптасып үлгерді. Осының арқасында халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің дені орталықтандырылды. Облыс­аралық медициналық тарифтерді бірыңғайлап, теңестіріп отыратын комитет те жұмыс істейді. Алайда, әлі де шешімін күткен мәселелер жоқ емес. Мысалы, әлеу­меттік маңызды аурулар, ха­лықтың психикалық, нарко­логиялық денсаулығы жер­гілікті атқарушы органдардан әкім­шілік­тендіріледі. Өйткені, туберкулез, психикалық, жұқпалы аурулар әзірге жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Мұны да алдағы уақытта республикалық деңгейде ор­талықтандыруға дайындық жүріп жатыр. Жұмағали Қазыбайұлы Қос­та­най облысында денсаулық сақтау саласындағы өте өзекті рефор­маның жүргізілуіне аса қиындық тумайтындығын айтты. Жалпы, еліміздің денсаулық саласында міндетті әлеуметтік медициналық жүйенің енгізілуіне кадрлар даярлау өзекті мәселе болса да, Қостанай бұл жөнінен алдыңғы қатардағы облыс. Мұнда даярлығы жақсы, әлеуеті жоғары деңгейдегі кадрлар ресурсы бар. Саланың ин­фрақұрылымы да мақтауға тұрарлық. Бірыңғай ұлттық жүйе жақсы жұмыс істеп тұр. Жұ­ма­ғали Исмайылов кездесуді түйіндей келе, міндетті әлеуметтік меди­цина­лық сақтандыруды енгізу, қор жұмысын же­тілдіре түсу нәтижесі бүгіннен бас­талған жұмыстарға, яғни кадрлар даярлау, менеджмент, көрсетілген медициналық қызмет, әдістемелік жұмыстар деңгейіне байланысты екенін айтты. Тағы бір құлаққа жағымды ақпарат, сақтандыру қорындағы қар­жының бөлінуі, мөлдірлік, істің сапалық нәтижесін бақылау үшін жүргізілетін жұмыстарға азаматтық қоғам, яғни үкіметтік емес ұйымдар тартылады. Мұның болашақта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйе­сінің қалыптасуына шетелдік озық тәжірибелерді тартумен деңгейлес жақсы әсері болады деген сенім бар. Түсіндіру жұмысы алдағы уақытта тек дәрігерлер, медици­налық ұйымдар арасында ғана емес, кәсіпорындарда жүргізілмек. Денсаулық сақтау саласын қосым­ша қаржыландырудың игілігін әр адам көру үшін оған үлес те қоса білуі тиіс. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ