Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2017 жылдың 31 қаңтарында халыққа арнаған өзінің кезекті Жолдауын еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі мәселесіне арнады.
Елбасы Қазақстанның жаңғыруын үш кезеңге бөліп қарастыра отырып, осы Жолдау арқылы Қазақстанды үшінші жаңғыртуға міндет қойды. Елбасымыз ел тарихына көз жүгірте келе бірінші жаңғырудың Қазақстанның дербес мемлекет болып құрылған кезеңіне, екінші жаңғырудың «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануы мен елордамыз Астананың салынуына орайлас келгеніне назар аударды. Бүгінгі күнде осы әрекеттердің нәтижелі еңсерілгеніне және еліміздің экономикалық тұрғыдан едәуір дамығандығына бәріміз куә болып отырмыз.
Мемлекет басшысы еліміздің дамуында жинақталған осындай мол тәжірибелерден кейін үшінші жаңғыруға аяқ басуды міндеттей отырып, бұл жолғы жаңғырудың жарқын болашаққа бастайтынын және бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары арқылы жүзеге асатынын мәлімдеді.
Биылғы Жолдауда басқа да өзекті мәселелермен қатар діни саласында орын алып отырған мәселеге де үлкен көңіл бөлінді.
Қазіргі күнде діни экстремизм мәселесі – әлемдік деңгейдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі әлемдегі жаһандану үдерісіндегі толассыз ақпараттардың қолжетімділігі жастардың бойында сол ақпараттарды електен өткізе білуді және теріс пиғылды идеологияларға қарсы тұра алатын иммунитетті қалыптастыруды қажет етеді. Өйткені, жат пиғылды ағымдардың ықпалына түскен адамдардың мұндай әрекеттерге баруының басты себебі, олардың дін саласындағы мәселелер бойынша сауаттылығының төмендігінен туындап отыр.
Қазіргі таңда интернеттің қолжетімділігін жат пиғылды діни ағымдар мен ұйымдар өз идеяларын таратуға және қатарларын көбейтуге кеңінен пайдалануда.
Міне, биылғы Жолдауда діни экстремизмнің алдын алу және ғаламтор мен әлеуметтік желілерде олардың жолына нақты тосқауыл қою мәселесі осы жағдайларды терең ой елегінен өткізуден туындағаны сөзсіз.
Биылғы Жолдаудың ерекше айта кететін тағы бір тұсы – ол өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеудің аса маңызды екендігінің айтылуында.
Біз бүкіл қоғам болып жастарымыздың сауатын арттыруға, ұрпағымызды адамгершілік рухында тәрбиелеуге, ұлттық салт-дәстүрімізді бойларына сіңіруге және оларды елі мен жеріне жанашыр азамат етіп тәрбиелеуге баса мән беруіміз тиіс.
Біздің жас ұрпағымызды жоғары адамгершілік рухта тәрбиелеуде отбасылық құндылықтардың алатын орнын анықтап, ата-аналардың жауапкершілігін көтеруіміз керек-ақ. Осы ретте, Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыруға бағытталған кешенді жұмыстар дін саласын реттейтін заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді де күн тәртібіне қояры анық. Сол жағдайда жасөспірімдердің ата-ана мен үлкендердің бақылауынсыз діни іс-шаралар мен рәсімдерге қатысуын заң арқылы айқындау керек деп ойлаймын.
Жалпы, еліміздің қарқынды дамуына және алдыңғы қатардағы озық елдердің қатарына енуіне бағытталған Елбасы Жолдаулары мемлекетіміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және рухани тұрғыдан дамып-өркендеуіне бағыт сілтейтін маңызды құжаттар болып табылады.
Қазақстан азаматтарын қоғамымызда нық орныққан этносаралық келісім мен конфессияаралық ауызбіршілікті сақтай отырып, Елбасы Жолдауында айтылған бағыттардың пәрменді жүзеге асырылуына барынша үлес қосуға шақырамын.
Ғарифолла ЕСІМ,
ҰҒА академигі