Үш тілді оқу заман талабы десек, оның негізгі мақсаты – бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Елбасы көп ұлтты қазақстандық қоғамда көп тілділікті дамытудың маңыздылығы мен мәнділігі туралы «Қазақстан жоғары білімді ел ретінде әлемге танымал болуға тиіс. Ол үшін Қазақстан халқы үш тілді меңгеруі қажет: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – халықаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға табысты кірігу тілі», деген болатын. Әлбетте, оның ішінде қазақ тілінің алатын орны ерекше. Осыған орай мемлекеттік тілдің қызметін арттыру үшін түрлі бағдарламалар, жобалар қабылдана бастады. Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады дегені есімізде. Сондай-ақ, бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту, сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударды. 2011 жылдан бастап қолға алынған бұл жоба біртіндеп оң нәтиже беріп келе жатыр. Бүгінде біздің алдымызда тұрған мақсат – мектеп оқушыларының функциялық сауаттылығын дамыту. Бұл дегеніміз – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Функциялық сауаттылығы дамыған тұлғаны қалыптастыру, мектеп қабырғасында басталады. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Оқушының бойына білім нәрін дарытуға көмек беретін функциялық сауаттылық мұғалім бойында да болуы тиіс. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Мұғалім қандай болса, мектеп hәм сондай болады».
Бүгінгі таңда шешімін тауып келе жатқан мәселенің бірі – республика көлемінде орта білім мазмұнын жаңарту аясында педагогтардың, оның ішінде қазақ тілі пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстарының өтуі. Аталған іс-шараның мыңыздылығы айрықша. Қазақ тілді емес мектептерде қазақ тілін оқытып жүрген ұстаздар, білім беруді әлемдік стандартқа сай тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым әрекеттерін дамыту арқылы жүйелі түрде жүргізіп келеді. Екіншіден, мұғалімдер әдістемелік материалдармен, түрлі ресурстармен қамтамасыз етілді, оның ішінде оқу бағдарламалары, күнделікті сабақ жоспарлары, мұғалімдерге арналған нұсқаулықтар, бағалау жөніндегі ұсыныстар бар.
Қазақ тілді емес мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін 20 жылдан астам уақыт бойы оқытып келемін. Осы кезең аралығында ұсынылған оқулықтардың оқушылардың сөйлеу әрекеттерін дамытуға бағытталмағандығын айту керек. Бұл ретте оқулықтар мәселесі жайлы А.Байтұрсынұлының «Бұл күнде қазақша оқуда кемшiлiк көп. Әуелі, оқу құралы, кітаптар жоқ. Екiншi, қазақ мектебіне түзелген программа жоқ, онсыз оқу бір жөннен шықпайды. Үшiншi, бала оқыту ғылымынан хабардар мұғалімдер аз. …Оқу құралдары сайлы болмаса, оның iшiнде оқу кітаптары оңды болмаса, оқу да оңды болмайды. Шеберге аспап серік, мұғалімге құрал серік. Аспапсыз шеберлер еш нәрсе істей алмайды, құралсыз мұғалімдер бала оқыта алмайды», деген сөзінің әлі де өзекті екеніне таңғаласыз. «Тілдердің үш тұғырлылығы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда осы көптен күткен үлкен мәселе шешімін тауып келе жатыр десек артық емес. Қазақ тілі пәні мұғалімдерінің алдында тұрған тағы бір мәселе – оқушылардың тілдік деңгейін анықтау.
Бұл орайда, қазақ тілін оқыту тарихында оқушының нақты сөйлеу деңгейлерінің бұрын анықталмағандығын ескеру керек. Сондықтан бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды. Өйткені, оқушылардың тілдік деңгейін дұрыс анықтап алу, болашақта мұғалім мен оқушының жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді деп ойлаймын. Осы орайда, қазақ тілді емес мектептерде қазақ тілін оқытуда «Тілдік портфельдің» алатын орны ерекше. Еуропада 2000 жылдардан бері қолданып келе жатқан бұл құжаттың тиімділігіне күмәнім жоқ. Өйткені, «Тілдік портфельді» жүргізетін оқушы функциялық сауаттылық деңгейінде бір тіл бойынша білімін жетілдіреді, үйренген материалдарды тікелей өмірмен байланыстырады, өздігінен жұмыс істеу дағдылары дамиды, алған білімдерін өмірде қолдануға, өзін өзі бағалауға, сонымен қатар, өзінің жасаған жұмысына рефлексия жасауға, нақты, қолжетімді мақсат қоюға үйренеді, қазақ тілі пәні бойынша өзінің дамуын зерттейді.
Қазіргі таңда мектепте жұмыс атқаратын әрбір мұғалімге үлкен талап қойылатындығын бәріміз білеміз. Әр мұғалім өзінің жаңашылдық, яғни инновациялық іс-әрекетін қалыптастыра отырып, жүйелі түрде сабақтарында бәрімізге белгілі жеті модульді қолдану керек.
Өзінің мектептегі тәжірибесінде мұғалім сабақты жеті модульді бір-бірімен ықпалдастырып өткізсе, сабағының нәтижесін көре алады. Десе де, қазақ тілінің оқу-әдістемелік жағы ойдағыдай деңгейге көтеріліп, жақсарып кетті деуге әлі ертерек сияқты. Басты проблема – қазақ тілі оқытылғанымен, мектеп бітірген балалар қазақ тілінде еркін сөйлей алмайды. Бұл орайда ең алдымен тіл үйренушіге өз ойын басқаларға ауызша біршама түсінікті етіп жеткізе алуды меңгерту негізгі міндет. Сондықтан қазақ тілді емес мектептердегі қазақ тілі пәні мұғалімдерінің алдына қойылатын мақсат – өзге ұлт өкілдерінің ауызекі тілде сөйлеу дағдыларын қалыптастыру. Педагогтар осы мәселені шешу мақсатында оқушылардың ауызекі тілде сөйлегендерін қамтамасыз ететін күнделікті өмірде кездесетін тақырыптар бойынша бірыңғай ортақ тақырыптық, лексикалық минимум, сонымен қатар, қажетті грамматикалық тақырыптарды іріктеп, түзетулер енгізіп, қарқынды жұмыс жүргізуде. Елжандылыққа тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғары оқу орындарына дейінгі барлық ұйымдарында өте маңызды. Балаларды туған жері мен елін сүюге тәрбиелеу – мұғалімнің маңызды міндеті. Сондықтан, оқушылардың патриоттық сезімдерін, еліне, қазақ тіліне деген құрметін арттыруға сабақ барысында да, сыныптан тыс та жіті көңіл бөлу керек.
Бұл орайда үш тілде білім беру бағдарламасын ата-аналарға дұрыс түсіндіруіміз шарт, өйткені, тәрбие отбасынан басталады. Тәуелсіз еліміздің өсіп келе жатқан жас ұрпағына өз Отанының мемлекеттілігінің кепілі – мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеуге баулу, сол арқылы еліміздің саяси тұрақтылығын арттыру еліміздің бүгінгі тіл саясатының стратегиялық нысандарының бірі. Әрине, бұл орайда аймағымыздың ерекшелігін ескеруіміз керек. Шығыс Қазақстан өңірінде мемлекеттік тілді үйренуге құлықсыздықтан бұрын қажеттіліктің жоқтығы байқалады. Сондықтан үш тілде білім беру ісі оңай емес. Осы орайда бұл мәселені қалай шешу керек деген сауал туады. Әр мекемеде қызмет етіп жүрген азаматтар, қызметтен тыс адамдар, жалпы жұрт жұмыла кіріссе, қазақ тілі өзінің лайықты орнын алады. Оған қол жеткізу үшін, жігер, ынта керек.
Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе, халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біз де халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен кенже қалмауы үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін маман бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілі – ұлттық руханиятымыздың өзегі. Бұл орайда, оқу орыс тілінде жүретін жалпы білім беретін мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің көтеретін жүгінің салмағы өте ауыр. Мұндай жаңа міндеттерді мұғалімнің кәсіби санасының өзгеруінсіз, кәсіби құзыреттілігінің өсуінсіз ескі психологиямен, ескі әдістермен, ескі біліктілік арттыру жүйесімен шеше алмаймыз. Олай болса, қоғамға жаңалыққа жаны құмар, жаңаша ойлайтын, өзгермелі өмірге икемделіп қана қоймай, оны жағымды жаққа өзгертуге белсенді қатысатын ұстаздар қажет.
Анар МАТЫБАЕВА,
№34 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, үштілділікті дамыту жөніндегі жұмыс тобының мүшесі
ӨСКЕМЕН