Пейзаждық сұңғат өнеріндегі қазіргі сұңғыла суретшілердің жайлауына Жайық Күшікбаевтың өз қосын тіккелі де ширек ғасырға таяп қалды. Содан бері 1 мыңнан астам сұңғаттық туындыларды дүниеге келтіріпті. Қаншама республикалық һәм халықаралық көрмелерге қатысыпты. Ертелі-кеш табиғат аясынан сыр тартып, шабыт шақырған тынымсыз еңбегін ұлағатты орда – Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясындағы жалықтырмас ұстаздығымен де қатар алып келеді.
Жер жаннаты Жетісу, оның ішінде Сарқан атырабы, Бақалының баласы арманшыл болып өсті. Әнші де болғысы келген, музыкамен де әуестенген. Ауылды үш жағынан таулар қоршап тұр. Төртінші жағы бос. Міне, сол жақтағы аспан қалай құлап кетпей тұр деп кішкентай кезінде миын талай қатырған Жайықтың көңілі келе-келе суретшілікке біржола құлаған. Ауыл баласы арманға жету жолында табанды болып шықты. Мәскеудегі ВГИК-тің көркемсурет факультетіне түсу үшін небір қиындықтарға төзді. Мәскеуден кетпей, екі жылдай Курск вокзалында аула сыпырушы болып істеп, әйтеуір, тұяқ іліктірген.
Сахи Романовтың «Жайлаудағы кеш» атты пейзаждық суретіне қатты қызығатын. Сондайда Сахи ағасы айтатын: «Әй, Жайық, өмір қамшының сабындай қысқа. Бұл өмірде кең жол алма. Өзіңнің жіңішке сүрлеуіңді тап», дейтін. Жайық аға ақылын тыңдады. Әр саланың басын бір шалмады. Тарихи тақырыптарға да бармады. Пейжазды таңдап, суретшіліктегі нақ осы сүрлеуін кеңейтіп дамыта берді.
Шабытының қайнар көзі – табиғат. Әсіресе, Алатаудың қойнауы, қолтық-қонышы. Асай-мүсейін алып, мәшинесіне мініп табиғат аясына таңертең кеткен Жайық кеш түспей үйге қайтпайды. Өйткені, ол сұлулықты жұмыскер қолдар жасайтынын жақсы біледі. Кенебін керіп табиғаттың шынайы бейнесін көшіреді. Табиғатқа құшырланып қараған сайын әйтеуір жаңа бірдеңе таппай қоймайды. Кейде күні бойы ішінде жүргенде сөйлемеген табиғаттың үйге келгесін, шеберханада сөйлеп, жырлап қоя беретіні бар. Өнер тылсымы, шабыт құдіреті осы шығар. Қисапсыз этюдтер, құйылып түскен пейзаждық картиналар осылай туады.
Ресейлік Самарин деген суретші: «Үлкен картиналар жаз. Үлкен нәрсе үлкеннен шығады», дейді екен. Жайық Күшікбаев бұл қағиданы да ойға бек түйген. Өнертану кандидаты О.Батурина: «Жайық Күшікбаев – күйкі тірліктен жоғары тұрған, кең өрісті, панорамалы пейзаждың шебері. Ол табиғатты жай қызықтамай, үлкен кеңістік арқылы туған жерге деген сүйіспеншілікке толы жүрек лүпілін, жан сезімін қапысыз білдіреді», деп бағалайды. «Қырғауылдыдағы кеш», «Қысқы пейзаж», «Анамның портреті» және басқа картиналарынан осы қасиет анық байқалады.
Жайық әсте салып жатқан суретін тез бітірейінші деп ойламайды, сатуға өтімді болсын деп жан салмайды. Өзімен өзі, табиғи түрде толғағы жетіп бітуін қалайды. Содан да жасандылыққа, жылтыраққа ұрынбай, табиғат болмысын әрі қарапайым, әрі шынайы кескіндейді. Сол үшін де оны суретші жолдастары «Пейзаждың Бейімбеті» деп атап кеткен. Бұл атақты Жайық Күшікбаев бүкіл шығармашылығымен, жан дүниесінің сурет өнеріне мейлінше адалдығымен ақтап та келеді.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,«Егемен Қазақстан»