15 Ақпан, 2017

Солтүстікте сакура гүлдеп тұр

537 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Петропавл ботаникалық бағында тропикалық, субтропикалық өсімдіктер мен жеміс ағаштарының 400-ге жуық түрі жерсін­дірілген. Олардың арасында пальма, папоротник, кипарис, магнолия, лавр, бансай, туя, агава, юкки сынды ағаштар кездеседі. Ал сакураның мұнда ор­ны­ғуының өзіндің тарихы бар. Оранжереяның негізін қалау­шылардың бірі, Қазақ­станның еңбек сіңірген агрономы Равиль Рязапов 1965 жылы тың және тыңайған жерлерді игерудің он жылдығына орай делега­цияның құрамында Мәскеуге барады. Бүкілодақтық халық шаруа­шылығы көрмесінде декоративті ағаштар семинары ұйымдастырылып, Жапо­ния елшісінің әйелі оған делега­цияның ең жас мүшесі ретінде сакура ағашын сыйлайды. – Жапондар өрік, шие, алқоры секілді жеміс ағаштарын сакураға жатқызады. Мұндай ергежейлі ағаштар жиынтығын бансай деп те атайды. Шығыс күнтізбесі бойынша 13-14 ақпан күндері жапондар жаңа жылды тойлайды. Жаратқанның құдіреттілігін көрмеймісің, осы кездері теріс­кейдің қатал климатында өсіп тұрған сакура да гүл жарады. Осы­дан бірнеше жыл бұрын қатты дауылдың салдарынан ғима­раттың шатыры жұлынып, сакураның үсікке шалынғаны бар. Бірақ, жас бұталарын сақтап қалдық, – дейді бағбаншы. Сакураның гүлдеу аралығын жапондар «ханами», яғни «гүлге қарау» деп атайды. Сондықтан, жан-жақты дайындық шаралары жасалды. Қазір қызықтаушылар қатары қалың. Жасыл өсімдіктердің адам сенбес тылсым сырлары толып жатыр-ау! Мәселен, агава гүл­десе, өмірі ұзаққа бармайтын қасиеті бар екен. Ал магнолияның гүлдеуі өте сирек. Бүр жарса, хош иісі танау қытық­тайды. Құрма ағашының «көңіл күйі» келіссе, бір-екі айда өскін пайда болатын көрінеді. Әйтпесе, жылдап «үн-түнсіз» жатып алуы ықтимал. Осыдан екі жыл бұрын Арабиядан әкелінген құрманың дәндері егіліп, бүгінде алып дараққа айналған пальма бірде аяқасты «тіріліп», жылдам өсе бастап, тіпті жылыжайдың әйнектелген төбесін тесіп шы­ғыпты. Содан үш метрге дейін қысқартуға тура келген. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы
Соңғы жаңалықтар