17 Ақпан, 2017

Қайраткер Дінше Әділов - ұлт театрын ұйымдастырушы

1219 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
«Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы бастапқы сандарында: «Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да Мемлекеттік Ұлт театрының ашылу мерекесі болады. Театр әртістері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды. Оның соңынан – концерт. Демалыс уақыттарында оркестр ойнап тұрады. Театр директоры Дінше», – деген хабарлама әлденеше рет басылды. Сөйтіп, 1926 жылғы 13 қаңтарда сол кез­дегі ел астанасы – Қызылордада Мем­л­е­­кеттік ұлт театры салтанатты түрде ашылды. 1926 жылдың алғашқы төрт айы бойы шыққан әлгідей жарнамалар­да ұлт театрының қызметі жайында түрлі деректер бар. Со­лар­дың бірінде бәйгеге түскен пьесаны тал­қылауға көрермендердің де қатыса ала­тын­дығы айтылады. Сонымен бірге, «Жеті кісіден сыншы комиссия ойында болып, пьесаның артық, кем жерлерін бақылап оты­рады» деген ақпарат беріліп, комиссия құрамына ағарту халкомы Смағұл Садуақасов, өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Ораз Жандосов, орыс театрының режиссері Михаил Насонов, ақын-жазушылар Бейімбет Майлин, Молдағали Жолдыбаев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов кі­ре­тіндігі көрсетілген. «Еңбекші қазақ» бетіндегі жарнамалар­дан «оқу комиссариатының бәйгесіне кел­ген пьесалардың ішіндегі дәмелісі – 3 перделі «Исатай батыр» деген тарихи драма», «Шернияз» атты 4 перделі қа­ра­қалпақ тұрмысынан жазылған драма», сондай-ақ, «бәйгеге келген 3 перделі, 6 сүгіретті және прологі мен эпилогі бар «Қаракөз» атты драма» қойылғанын бі­лу­ге болады. «Театр әртістерінің саны жетпегендіктен, 10-нан артық адам сырт­тан шақырылды», деген жолдар да қыз­ғылықты. Бұдан жас өнер ордасындағы кәсіби сахна шеберлерін қа­лып­тастыру талабын көреміз. Тұңғыш ұлт театры аптасына бір-екі мәр­те ойын қойып отырды. Театрдың бірінші маусымы төрт айға ғана созылып, сах­налық қойылымдардың 12 премьерасы өтті. Әр пьеса қысқа мерзім ішінде сахналанып, бір-екі-ақ реттен қойылатын. Барлық спектакль концерттік ойын-сауықтармен астастыра көрсетілді. Театр әртістері болып ешқандай кәсіби білімі жоқ халық таланттары қызмет атқарып, түрлі образдарды сомдады. Спектакльдер соңындағы концерттерде ән-күй, әзіл-сықақ, тіпті, цирктік нөмірлерді де солар орындайтын. Театр директоры Дінше (Дінмұхамед) Әділов спектакльдердің қойылымдарына жал­пы көркемдік жетекшілік жасады. Ал әр ойынның режиссуралық деңгейін көте­ру үшін ол сахна шеберлерінің өз ішінен жекелеген спектакльдердің ре­жи­с­сер­лерін тағайындап отырды. Мы­са­лы, «Қаракөзге» режиссер болуды Орын­­бор оқу орындарындағы көр­кем­өнер­­паздар үйірмесінде ысылып келген Серке Қожамқұловқа, «Шернияздың» ре­­жиссерлігін Ташкент сахналарын­да тәжірибе жинап, Қазақ ағарту инсти­тутындағы музыкалық драма үйір­ме­сін­де өзінің шәкірті болған Құрман­бек Жан­дар­бековке тапсырды. 1926 жылғы 11 ақпанда Смағұл Садуақасов төрағалық еткен Ағарту халкоматы алқасының мәжілісінде ұлт театрының жай-күйіне байланысты Дінше Әділовтің баяндамасы тыңдалып, театрдың аяқ алысы жақсы бағаланды. Театрға «Қазақ мемлекеттік академиялық театры» атауы берілсін деген қаулы алынды. Театрдың ресми ашылған күні 1926 жылғы 13 қаңтар екенін кеңестік тарих жоққа шығарған емес, тек осы күні теа­тр өз шымылдығын Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегімен» ашты деген деректі әб­ден құлаққа сіңірген. Расында, бұл күні сах­нада Қошке Кемеңгеровтің «Алтын са­қина» пьесасы ойналған еді. Ал тарихи де­ректің бұрмалану себебі – 1913 жылы Омбы­дағы шәкірттік кездерінен аралас-құ­­ралас болып, саяси соқпақтары бірде түйісіп, бірде ажырап жүрген байырғы дос­тар – Дінше мен Қошкенің саяси репрессия құрбанына айналғанында жатқан-ды. Бірақ «Еңлік-Кебек» – Әуезов театрының алғашқы қойылымы» деген дерек ойдан шығарылмаған, ол шынында да құрылу үстіндегі жас театр әртістерінің сахнаға ұсынған алғашқы спектаклі болды. Ол Қазақ өлкелік партия ұйымының бесінші кон­ференциясы аясында, 1925 жылғы 1 жел­тоқсанда қойылған. 1926 жылғы 25 сәуірде Ағарту халық комиссариатының алқасында Дінше Әділов есепті баяндама жасады. Қазақ театрының есеп беру мерзімі ішіндегі қызметі қанағаттанарлық деп табылды. Бірақ көп ұзамай Дінше қыз­метінен босанды. ОГПУ тергеушісіне 1928 жылы берген түсініктемесінде ол былай деген: «Мен бұл театрдың директоры мін­детін кінәратсыз атқардым, қажырым мен қуатымды аямай жұмсадым деп есептедім, сондықтан да, доғарысқа кетуге бел будым». Тарихи шегініс жасасақ, Діншенің өнер­паздықпен шұғылдануы 1914-1918 жыл­дары Омбы гимназиясында білім алып, жастардың «Бірлік» ұйымына мүше бол­ған және Ақмолада облыстық қазақ ре­волюциялық мекемесінің комиссары ре­тін­де қызмет атқарып, «Жас қазақ» ұйымын қ­ұ­рысып жүрген кездерінде басталғанын айт­қан жөн. 1917 жылы Дінше Әділов Алаш пар­тиясының Ақмола облыстық комитеті мү­ше­лігіне сайланады. 1918 жылғы сәуірде ол мүше болып жүрген «Бірлік» ұйымы көз­қарас ыңғайымен екі жарылады. Дінше ке­ңестік бағдардағы демократиялық одаққа қо­сылады. Ізінше Омбыда жасақталған қы­зыл партизандар жасағына кіреді де, ақ­тар­мен соғысу үшін Қиыр Шығысқа атта­на­ды. Благовещенскіде ақтар түрмесіне тү­­седі. Одан Омбыға аман-есен оралып, Колчак дик­татурасына қарсы қарулы кө­те­ріліске қатысады. Ақтардан бой тасалап, 1919 жылы Түр­кіс­тан өлкесіне өтеді. Ташкентте Тұрар Рыс­құлов басқаратын Мұсылмандар бю­росы жұмысына қатысып, қазақ педа­го­ги­калық училищесінде сабақ береді. Ал 1920 жылы Түркістан Орталық Атқару Ко­митетінің төрағасы Нәзір Төреқұловтың ше­шімімен Алматыға аттанып, Жетісу об­лыстық халыққа білім беру бөлімінің мең­герушісі болады. Мұғалімдер дайындау курсына мәдениет тарихынан дәріс бе­реді. Облыстағы мәдени-үгіт топтарын құ­руға қол ұшын созады. Дінше 1920 жылдың күзінде Семейге барып, Жүсіпбек Аймауытов басқаратын қа­зақ бөлімі жұмысына қатысқан. Сол жылы қазан айында өткен Қазақстанның тұң­ғыш кеңестер съезінде Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сырттай сайланып, Орынборға келген. Ол жайында белгілі қайраткер Смағұл Садуақасов республиканың бас газеті бе­тін­­де: «Дінмұхамед Әділов жас болса да, қа­зақ революционерлерінің кәриясінен са­налады», – деп жазған-ды. Әділов ішкі істер халық комиссариатының алқа мүшесі, халық комиссарының орынбасары, халық ко­миссары міндетін атқарушы болды. Сосын қазақ үкіметі мен облыстық партия комитетінің отаршылдық салқынынан арыл­­маған саяси бағытына Смағұл Садуа­қа­совпен бірге қарсы шықты. Соның сал­да­рынан халық комиссары лауазымына бе­кітілмеді, қызметінде кыспақ көрді. Сөйтіп, Әлихан Бөкейхан және Ахмет Бай­т­ұрсынұлының батасымен Ташкентке кетіп қалды. Онда 1919-1920 жылдары өзі ұстаздық еткен Қазақ ағарту институты мұғалімдері мен оқушыларының қа­ты­суымен қаланың «Колизей» театрын­да өтіп жүрген «Шығыс кештеріне» ар­нап қа­­зақ тұрмысынан ойын-сауық бағ­дар­ла­ма­­ларын әзірледі. Мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қо­жановтың жары – Гүләндәм Мұңайт­пас­­қызы 1988 жылдың бас ке­зін­де­ бізге Ташкенттің 1921 жылғы мә­де­ни­ өмірінен бір сыр шерткен еді. Түр­к­­рес­публика жауапты қызметкерлері зайып­­тарының қатысуымен өткен бір өнер ке­шінде қойылған спектакльдің бас­ты ұйым­дастырушысы Дінше Әділов бол­ға­ны н еске алған. Бұл туралы 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне Дінше: «Есімде, ме­нің Тәшкенде тұрған шағымда «Шығыс ке­ш­­терін» қоюшы едік, қазақ бөлімін мен бас­қа­ратынмын», – депті. Дінше Әділов 1921 жылғы мамырдың соңғы күндерінің бірінде серіктерімен бірге астыртын тапсырмамен Бұхара қаласына шыққан. Онда түркі әлемінің ірі қайраткері Ахмет Зәки Уәлиди жасырынып жүрген еді. Оған қазақ зиялылары жіберген жігіттердің бірі қазақтардың Ферғана алқабындағы тұрақты өкілі ретінде қалдырылды. Бұл Дінше еді. Ол Бұхарада белсенді жұмыс ат­қарды. Зәки Уәлиди кейіннен өзінің «Есте­лік­терінде» оның қызметін әлденеше мәрте ри­зашылықпен атап өтіп, «Бұхара мен Самарқанда Алашорда уәкілі болған қазақ шайыры әм мәдениет қайраткері Дінше» деген мәтінмен жеке суретін бас­тырды. Дінше 1922-1923 жылғы қыста Сыр­да­рия облаткомы мандатымен Шу бойын­да халық жиналыстарын өткізіп, салық жи­нау­шылардың зорлық-зомбылығына тыйым салды. Сосын Ташкентте Қазақ ағарту ин­ститутының оқытушысы, 1924 жылы директоры болды. Дінше 1926 жылы жазғытұрым ұлт театрының басшылығынан өз еркімен кетті де, ОГПУ қармағына түсті. 1928 жылғы тәркілеу науқаны тұсында тұтқындалып, 1930 жылғы 21 сәуірде бар болғаны отыз жасында Мәскеуде атылып кетті. Рес­пуб­ликалық басылым бетінде бір белгілі ақы­нымыз 30-шы жылдары: «...бетінен қа­ны шыққан ұлтшыл Әділұлы театрдың ба­ғытын еңбекші тап мүддесінен бұрып әкет­ті», – деген жалалы тұжырымын жария етті. Енді Діншенің зор еңбегін бағалап, есі­мін Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының тарихындағы өз орнына қоюға толық мүмкіндік бар. Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты