17 Ақпан, 2017

Бас бостандығынан айырылғандардың түзеу мекемелеріндегі жағдайы туралы не білеміз?

1371 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Түрмеге түскен жанның жағдайы жақсы болмайтындығы баршаға мәлім. Есік, терезесі торланған тар бөлмеде бірнеше адам болып немесе дәліздей созылған жайда қатарласа тізіліп жататын сотталғандар арасында небір қылмыскердің жүретіндігі тағы белгілі. Тар қапаста сандаған жылды бірге өткізетін олардың өзіндік ережелері және бар. Әрине, адамға қайда жүрсе де өмір сүру керек. Ал бас еркінен айырылған жан белгісіз ортаның жазылмаған ережесін амалсыз ұстануы тиіс. Сондықтан түзеу мекемесі сотталғанды түзейді дегенге де қазір екінің бірі сене қоймайды. Демек, бас бостандығынан айырылып, темір торға тоғытылған адамның тағдыры тәлкекке түседі деген рас сөз. Ендеше, жазаға тартылып сотталғандардың жиылған ортасы жаңа қылмыскерлерді туындататын ортаға айналып кетпей ме? Оған себеп те жоқ емес. Жоғарыда айтқанымыздай, кәнігі қылмыскерлердің қатары­на әлі қылмыс әлеміне денде­мегендерді қосып, қосақтай берудің қаншалықты пайдасы мен зияны бар екенін қазір қоғам жақсы біледі. Бірақ нақты қылмыс жасағандардың жүгенсіз жүргені заңға қайшы ғой. Сонда, алдымен, бас бостандығынан айырылған адам өзінің не үшін мұндай жазаға тартылғанын нақты ұғынуы, сезінуі және оған мойынсұнып, жаза тәртібін толық қабылдауы тиіс. Бабаларымыздың: «Адас­қанның айыбы жоқ, қай­тып үйірін тапқан соң» деге­ніндей, қылмыс жасап, бірақ айыбын ұғынып, қоғамға түзу азамат болып оралғысы келетіндерге қолдау білдірген дұрыс. Қылмыстық саясатты ізгілендірудің негізі – осы. Әрине, түрме аты қанша­лықты үрейлі естілгенімен, адамдардың да адамы бар дегендей, оларды тәубесіне келті­ретін, әйтеуір, бір амал болуы қажет. Және ол адам тар қапасқа қамалғанымен, оның адами құ­қы бәрібір сақталуы тиіс. Міне, осы жоғарыдағы айтылған бар­лық өзекті мәселелерді шешу үшін еліміздің пенитенциарлық жүйесі жылдан жылға жаңа үлгілер мен тиімді өзгерістерді қолданып келеді. Соның бірі – пробация қызметі. Пробацияның екі түріне, яғни оның сотқа дейінгі және пени­тенциарлық пробация дегенге тоқталып өткен дұрыс. Сотқа дейінгі пробация күдіктілер мен айыпталушыларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсете отырып, олардың мінез-құлқын түзеуге бағытталған. Мұның кәмелетке толмағандарға, мүге­дектерге, 58 жастағы және одан асқан әйелдерге, жүкті әйел­дерге, үш жасқа дейінгі жас балалары бар әйелдерге тікелей қатысы бар. Оның мақсаты – қылмыстық ахуалды ізгілендіру болып табылады. Өйткені, нақтылап айтқанда, пенитенциарлық пробация түрі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бас бостан­дығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүргендерге қолданылады. Бұл жаңа екі үлгінің ендірілуіне байланысты елімізде есепте тұрғандарды бақылаудың сапалы амалы мен жүйесі қалыптасты. Бұл өз кезегінде жазаларды орындау жүйесін «Нельсон Ман­деланың қағидалары» деп аталатын, яғни сотталғандарды ұстаудың 1955 жылы БҰҰ Кон­гресінде қабылданған жеңіл талаптарына сәйкес келтіру болып табылады. Өзекті мәселелерді шешу жолында еліміздің пенитен­циарлық жүйесі елеулі өзге­рістер жасады. Жүргізілген реформалар динамикалық және кешенді сипатқа ие болды. Құқықтық қамтамасыз етуде бірқатар жұмыс­тар жүзеге асырылды, заңнама жетілдірілді. Сотталғандарға медициналық қызмет көрсету толық көлем­де жүргізілетін болды және тұрмыстық жағдайлары, тамақ­тану жақсарып, түзеу меке­ме­лері күрделі жөндеуден өткі­зілді. ҚАЖ комитеті бас бостан­дығынан айыру орындарындағы құқықтық тәртіпті күшейту, сон­дай-ақ қылмыстық жазалар­ды орындау үдерісін әрі қарай жетілдіруге бағытталған ұйым­дас­­тырушылық-практикалық жұмыстарын «100 нақты қа­дам» Ұлт жоспары аясында іске асырып келеді. Бұл орайда, өткен жылы Қылмыстық-атқару жүйесі «Про­бация туралы» заң жобасын әзірледі. Сонымен қатар, Пре­зиденттің 2016 жылғы 8 желтоқ­сандағы Жарлығымен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясы, ал Үкіметтің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен осы стратегияны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Сонымен қатар, екі жылдан бері құқық қорғау органдары жаңа қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару заңнамаларын практикада қолдануда. Жалпы, осы жаңалықтың арқасында, яғни заңнамаларды ізгілендіру және бірқатар баптарды қыл­мыстық сипаттан арылту сот­талғандардың санын бірден азайтуға сеп болды. Қылмыстық атқару жүйесінен алған мәлімет­терімізге сай, былтырғы жылы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 13 мыңнан аса адамның 74 пайызы ізгілендіру актілерін қолдану тәртібімен босатылса, 4,5 мың адам шартты түрде мерзімінен бұрын босатылыпты және 5 мыңға жуығының жа­засы неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстырылған. Соның нәтижесінде 2015 жыл­мен салыстырғанда, түзеу мекемелеріндегі адамдардың саны 10 пайызға, ал жаңа заңна­маларды қолдану кезеңінде 25 пайызға азайған. Бұл өз кезе­гінде 7 түзеу мекемесін жа­буға, сол арқылы жалпы ма­те­риал­дық-тұрмыстық қамта­масыз етудің жақсаруына жол ашты. Жазасын өтеушілердің арасында тәрбие жұмыстарын жүр­гізуге, білім беруге және оларды бостандыққа даярлауға да ерекше назар аударылатын болды. Түзеу мекемелерінің аумағындағы 104 білім беру орнынан өткен жылы 1200-ге жуық сотталған жалпы орта білімі туралы куәлік алса, бұдан басқа 3 мыңға жуық сот­талған адам түрлі мамандықтар бойынша оқып, тиісінше кәсіп игерді. Жеке кәсіп аясында 52 сотталған кәдесый, жиһаз жасау, аяқ киім тігу, құс өсіру бойынша өз іс­терін ашты. Мекемелерде металл бұ­йым­­­­­дары, кеңсе және мектеп жи­һаздары, құрылыс мате­риалдары, тігін бұйымдары шығарылады, ауылшаруашылық өнімдері өндіріледі, мал, өсім­дік шаруашылығы дамуда. Бұдан өзге, ҚАЖ-дың 47 мекемесінде еңбек нарығына қажетті 35 жұмыс мамандығы, яғни ағаш ұстасы, сылақшы-маляр, сантехник, электр-газ дәнекерлеуші, тігінші, аспазшы, т.б. бойынша кәсіби даярлық қамтамасыз етілді, осының аясында 2016-2017 оқу жылдары 3139 сотталған білім алуды бастады. Бүгінгі күні сотталғандардың жұмыспен қамтылуы 68 пайызды құрайды, бұл өткен жылға қарағанда 15 пайызға артық. Осының ар­қасында сотталғандар жалпы сомасы 970 млн теңге залалды өтеген. Бұған қоса, сотталғандар арасында туберкулезбен ауыр­у көрсеткіші 2015 жылмен салыстырғанда 28,5 пайызға азайыпты. Мемлекет басшысы қол қойып, бүгінгі таңда іске асырылып жатқан «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңның да орны бөлек. Президент өз сөзінде: «Рақымшылық – мемлекет тарапынан жасалатын ізгі қадам» деген болатын. Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, рақымшылық жасау туралы актiнi Қазақстан Парламентi жеке-дара айқындалмаған адамдар тобына қатысты ғана шы­ғарады. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдар рақымшылық жасау туралы актiнің негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн. Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жаса­ғаны үшін сотталған адамдарға тағайындалған жазаның мерзімі қысқартылады. Рақым­шылық арқасында жазасын өтеген немесе оны одан әрi өтеу­ден босатылған адамдардан сотталғандығы алынып тасталуы да әбден мүмкін екен. Бүгінгі күнгі көрсеткіш бойынша елімізде аталған заңның күші 24 мыңнан астам адамға қатысты қолданылады. Олардың арасында кәмелетке толмаған балалар, мүгедектер, егде жастағы ерлер мен әйелдер бар. Әлбетте, қылмыстық-атқару жүйесінде алда орындалатын міндеттер әлі де көп. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»