17 Ақпан, 2017

Бюджетке енгізілетін өзгерістер мақұлданды

331 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда күн тәртібіне үш мәселе шығарылды. Соның ішінде бір күн ғана бұрын Мәжілісте талқыланып, мақұлданған 2017-2019 жылдардың бюджеті туралы заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасы қаралды. Баяндаманы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жасады. Басты өзгерістер туралы айтатын болсақ, ІЖӨ-нің өсімі 1,9 пайыздан 2,5 пайызға дейін өсетіні, мұнай өндіру көлемі 81 млн тоннаға дейін көтерілетіні, ал бағасы бұрынғы болжанған 35-тен 50 АҚШ долларына дейін артатыны, инфляция деңгейі бұрын белгіленген 6-8 пайыз деңгейінде сақталатыны күтіліп отыр. Негі­зінен осы көрсеткіштердің өзге­руі­мен бюджеттің кіріс пен шығыс бөліктеріне өзгерістер енгізілетіні белгілі болды. Сонымен қатар, Елбасының жаңа Жолдауында айтылған тапсыр­маларды және Үкіметтің кеңей­тілген отырысында берген мін­деттерді орындау мақсатымен Ұлт­тық қордан бөлінетін нысаналы трансферттер көлемі 1 трлн 534,6 млрд, бюджет тапшылығы 1 трлн 147,9 млрд теңгеге дейін арттырылады. Ал кепілдендірілген трансферт көлемі бұрын белгі­ленген деңгейде сақталған. Кіріс­тер мен шығыстардың нақты­ланған, оңтайлырақ көлемі туралы Мәжілістің кешегі жалпы отырысынан жазған материалда толық айтылғандықтан қайталамадық. Сұрақ беру рәсімі басталғанда сенатор Сәрсенбай Еңсегенов бюджет тапшылығы қандай көз­дер­дің есебінен жабылатын болады деп сұрады. Оған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жауап беріп, 1,5 трлн-ға дейінгі бюд­жет тапшылығы ІЖӨ-нің 3,1 пайызы деңгейінде екенін айта келіп, оның қауіпсіз екенін жет­кізді. Ал тапшылықты жабатын көздердің қатарында ол зейнетақы қоры активінің айналысы мен екінші деңгейдегі банк­тер құнды қағаздарының бағасы артуынан түсетін табысты атап, солардың есебінен жабылатынын атады. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Ел­басының тапсырмасы бойынша мемлекет-жекеменшік әріптестігі дамып келе жатқанын, оның, әсі­ресе, жекеменшік балабақша жұ­мысын жүргізуде өріс алғанын атап, осындай әріптестікті мектеп­ке де әкеліп, жан басына қаржы­ландыру мәселесін шешуге бола ма деп сұрады. Оған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жауап беріп, 2018 жылдан бастап бұл жұмыстың қолға алынатынын жеткізді. Заң жобасын талқылауға қа­тысқан сенатор Ертарғын Астаев бюджетке енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Қазақстанның бәсекеге қабілетті 30 елдің қа­тарына енуіне үлкен әсерін тигі­зетінін атап өтті. Ал сенатор Сәр­сенбай Еңсегенов сайлаушылармен кездесулер барысында халықтың жанар-жағармай баға­сының тұрақсыздығына қатты наразылық білдіретінін айта келіп: «Бұл – Президент Жол­дауындағы тапсырмаларды іске асыруға кедергі болатын маңызды факторлардың бірі. Өйткені, бензин бағасының өсуі өмірдің барлық саласына, бүкіл өнімдер құнының тұрақсыздығына тікелей әсер етеді. Өкінішке қарай, осыны бақылауға тиісті министрлік әрекетсіздікпен ұштасып жатқан шарасыздық танытуда. Бензин бағасының артуын түсіндірген осы министрлік қызметкерлеріне халық наразы, өйткені оларды мұнай бағасының тұрақсыздығы, Ресей рублінің құлдырауын алға тартқан себептер қанағаттандырмайды. Сондықтан, осы мәселеге Үкімет назар аударуы керек», деді. Сонымен қатар, ол маусым айында Сенатта үкіметтік тыңдау өткізуді ұсынды. Одан әрі сенатор екінші деңгейдегі банктердің жарамсыз активтерін Үкіметтің сатып алуына байланысты да сыни пікірлер айтты. «Бұл активтердің қандай екендігі жөнінде нақты дерек қорының жоғы анықталды. Біз миллиардтаған қаржыны осы шығындарға жұмсай отырып, ешқандай айқын, нақты, дәлелді анықтама ала алмадық. Қазір 2 трлн теңге қарастырылып отырған бұл шығынға мұқият қарауымыз керек», деді С.Еңсегенов. Осындай талқылаулардан кейін Сенат заң жобасын дауыс­қа қойып, оны бірауыздан қабыл­дады. Күн тәртібіне енгізілген кей­бір заңнамалық актілерге азамат­тық заңнаманы жетілдіру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қарал­ды. Бұл заң жобасы да бір-ақ күн бұрын Мәжілісте қаралып, екін­ші оқылымда мақұлданған еді. Сена­торлар онымен тіпті танысып үл­гермеуі де мүмкін. Алайда, заң жо­басын тез арада өткізу қажет­тілігі туған соң Сенатқа оны жедел қарау туралы өтініш түскен екен. Бұл Төраға Қ.Тоқаев тарапы­нан да наразылық тудырып, Үкімет мүшелеріне бұдан былай мұн­дай өтініштер жасамауды қатаң ескертті. Өзгерістер тараптардың келі­сімі болмай, мүліктерді бөлу мүмкін емес жағдайда оны аук­ционға салу туралы соттың шеші­мін қабылдау міндетін белгілейді. Сонымен қатар, меншіктен бас тартудың талаптары нақтыланған. Мұндайда меншік иесінің еркінің құқыққа сай екендігі және еріктілігі көзделеді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен олардың өкілдерінің меншік құқығынан бас тартуына тыйым салынады. Шағын талқылаудан кейін заң жобасы бірінші оқылымда қабылданған. Бірақ заң жобасын жүргізуші Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төр­аға­сы Серік Ақылбайдың ұсыны­сымен ол екінші оқылымда қарауға да шығарылып, нәтижесінде заң қабылданды. Сонымен қатар, осы күні елі­мізде Орталық Азиядағы аймақтық гляциология орталығын құру туралы Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы да қаралып, қабылданды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»