17 Ақпан, 2017

Аграрлық салада атқарылар шаруа көп

617 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы аясында «Агроөнеркәсіптік кешен – Қазақстан Республикасы экономикасының драйвері» тақырыбында республикалық форум өтті. Оған аграрлық саладағы еліміздің айтулы ғалымдары мен аталған университет ұжымы қатысты. Жиын барысында азық-түлік қауіпсіздігі, оның түрлерін экологиялық таза әрі сапалы өндіру, экспорт көлемін көбейту, май дақылдары мен жемшөп дақылдарының егістік көлемін арттыру, мал санын көбейту сияқты бірқатар мәселелер айтылды. Жер құнарлылығын сақтай отырып, жеке шаруашылықтарға қолдау көрсету мәселесі де назардан тыс қалмады. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполов аграрлық секторға байланысты Жолдауда айтылған өзекті мәселелерге тоқталды. «Бүгінгі күні мал шаруа­шылығы өнімінің сапасы мен өнімділігіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Мал шаруашы­лығын ірілендіруде қазіргі таң­дағы әлем талабына байланыс­ты жаңа инновация мен тех­но­логияны елімізге алып келуіміз қажет. Өздеріңіз білетін­дей, 2016 жылы ауыл шаруашы­лығы кооперативі туралы заң қабылданды. Оған дейін елі­мізде 5 заң қабылданған болатын. Екеуі салалық, үшеуі маман­дан­дырылған. Соған байланысты ауыл шаруашылығы коопе­ра­тивтерін субсидиялан­дыру жөнінде ерекше келісім­дер қабылданды. Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне салық көлемі жөнінен 70 пайыз жеңілдік көрсетіліп отыр. Бұл − мемлекет тарапынан үлкен қолдау», деді ректор. Аталған білім ошағындағы «Агрономия» кафедрасының мең­герушісі профессор Серік Ораз­баев: «Президент Жолдауына бай­ланысты біз кооперация мәселесін көтеріп отырмыз. Ауыл шаруашылығындағы ұсақ шаруашылықтардың басын біріктіріп, ірі шаруашылықтарға айналдыру, әр саланы жеке жетілдіруге баса назар аудара келіп, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, селекция сияқты ауыл шаруашылығының негізгі жұмыстарына зор көңіл бөлінуде. Біздің университет осы саладағы білікті, заманауи технологияларды меңгерген сауатты кадрлар даярлауға күш салып жатыр», − деп мәлімдеді. Ел экономикасының бір тынысы − аграрлық саланы дамы­туға мем­лекет тарапынан көп қолдау көрсе­ті­луде. Елба­сы айтқандай, «Ауыл шаруа­шы­лығын экономи­каның драйверіне айналдыру» − бүгінгі күннің не­гізгі талабы. Арман ОКТЯБРЬ, журналист