17 Ақпан, 2017

Бұл − нағыз тарихи тағылым

310 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Егемен еліміздің қазіргі әлем­дегі болып жатқан өзге­ріс­терге бейімделуі және 2050 жыл­­ға қарай әлемдегі ең озық 30 мем­лекеттің қатарына қосы­луы үшін Президенттің билік тармақтары арасында өкілет­тіктерді қайта бөлу мәселелері туралы халыққа Үн­деуі және баспасөз беттерінде жарияланған Президенттің Қазақ­стан халқына арналған «Қазақ­станның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты кең ауқымды Жол­дауы қазіргі заманның талабына сай жасалған орынды да және тарихи қадам болып табылады. Елбасы атап өткендей, Қазақ­станның бірінші жаңғыру кезеңі Тәуелсіздік алған жылдар­дан басталады. Оған эконо­ми­камыздың нарыққа көшіп, жоспарлы эко­но­микалық кезеңнен шығып, әлем картасында бол­маған жаңа мем­лекеттің құрылуы уақытын жат­қызамыз. Екінші жаңғыруымыздың ке­зеңі «Қазақстан-2030» страте­гия­сы­ның қабылдануымен және жаңа елорда – Астананың салынуымен ерекшеленеді. Енді Мемлекет басшысы елі­міз­дің үшінші жаңғырту жолдарын айқындап берді. Оның себе­бі, экономикамызды жаңа жағ­дай­ға, әлемдік бәсекелестікке бейім­деуіміз керек. Үшінші жаңғыру эконо­ми­каның технологиялық жаңаруына және инновациялық салаға күш-қуатты беру керек. Ал жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты – инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу. Сонымен қатар, дәстүрлі ба­за­лық салаларды дамытуға сер­пін беру керектігі айтылған. Олар: өнер­кәсіп, АӨК, көлік және логис­тика, құрылыс секторлары. Осы сала­ларға төртінші өнеркәсіптік рево­люция элементтерін енгізу ар­қы­лы еңбек өнімділігін арттыруға болады. Оларға автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтермен» алмасу жатады. Тағы бір басымдық, ол – ша­ғын және орта бизнесті дамыту. 2050 жылға дейін кәсіпкерліктің өнімін ішкі жалпы өнімге шақ­қанда 50 пайызға жеткізу. Осы арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, адам капиталын дамытып, өркениетті елдермен бәсекелестікті күшейту болмақ. Әлеуметтік саланы дамытып, жұмыссыздықты азайтып, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етіп, зейнетақы мен балаға төленетін жәрдемақыны еселеп көбейтіп, қоғамымызды болашақта алға ұмтылдыру керек. Айтылған бағыттардың қай-қайсысы да жауапкершілік пен кәсібилікті талап етеді. Сондықтан, елімізде мемлекеттік басқару ісін әрі қарай жетілдіру керектігі анық. Бұл туралы Елбасы өзінің халыққа Үндеуінде атап айтқан болатын. Үндеуге сәйкес, билік өкі­лет­тіктерін бөлу барысында 40-қа жуық президенттік құзы­реттер Парламентке немесе Үкі­метке беріледі. Олар Қа­зақ­стан Рес­пуб­ликасының Консти­туция­сына және конституциялық заңдарға тиісті өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асатын болады. Оның ішінде, Президенттің әлеуметтік-экономикалық үде­ріс­терді реттейтін біршама өкілет­тіктері Парламент пен Үкіметке жә­не атқарушы органдарға бері­леді. Парламенттің мәртебесі ай­тар­лықтай күшейіп, сайлауда же­ңіс­ке жеткен партия Үкімет құ­ра­мын жасақтауға түбегейлі ық­па­лын тигізеді. Бұл, өз кезегінде Министр­лер кабинетінің депутаттар корпусы алдындағы жауапкер­шілігін арттырады. Ұсынылып отырған реформа демократиялық даму жолындағы батыл қадам, сондай-ақ, бұл ше­шім, мемлекеттік басқарудың тиім­ділігін жетілдіре түседі және атқа­рушы билік пен өкілетті билік­тің арасында конституциялық дең­гейде тепе-теңдік орнатады. Пар­ламент пен Үкіметтің ел ал­дын­­дағы жауапкершілігін арттырады. Бұл реформа оған Қазақ­стан­ның әрбір азаматының қатысуын талап етеді, сондықтан, барша қазақ­стандықтарды мемлекеттік би­лік­тің тармақтары арасында өкі­леттіктерді қайта бөлу мәселе­лерін талқылауға белсенді қаты­суға және Елбасының биылғы «Қазақ­станның Үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауын жүзеге асы­руға үлес қосуға шақырамын. Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты