17 Ақпан, 2017

Жасампаздық жолында жасалар жаңа қадам

380 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың конституциялық реформалардың жобасын жалпыхалықтық талқылауға ұсыну жөніндегі бұл жолғы шешімі де елдің бүгіні мен келешегін, Мәңгілік Ел болуымызды тереңінен ойлағандығы деп таныдық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Билік тармақтары арасын­да өкілеттіктерді қайта бөлу мәсе­лелері жөніндегі» арнайы Үн­деуінде «Алдағы реформа біздің дамуымыздың қисыны мен тұ­тастай қазіргі заманғы даму қисынына арқа сүйейді. Негізгі мәні – Президент өзінің бірқа­тар өкілеттігін Парламент пен Үкіметке береді. Күшті прези­денттік вертикаль бізге мемлекет қалыптастырудағы орасан қиындықтарды еңсеру барысында қажет болды. Бұл уақытында өзін ақтады», деген сөзін алға тарта отырып, Елбасы 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні тәуелсіздігімізді жариялаған күннің ертесінде барлық Үкімет мүшелерін жинап алып: «Кәне, қайсың мемлекет құрып көріп едіңдер? Мен де мемлекет құрып көрген жоқпын! "Мемлекетті енді құрамыз", деп көңіліндегі алаң жайларды да, жан толғанысын да сездіргісі келмей айтқан осы бір ауыз тарихи сөзі ел ішінде әлі де айтыларының ойға оралатыны бар. Ұлы уақыт сол мемлекетті құру үшін Қазақстандағы прези­денттік биліктің дер уағында орнық­тырылғанын және де халқымыздың Нұрсұлтан Назарбаевқа ел билі­гін сеніп тапсырғанын, ол ұста­нымдарын 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық референдум арқылы Конституциямызға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер негізінде бірауыздан бекітіп беруі елдің де, Елбасының да көрегендігін айғақтайтын дара да дана шешім болатын. Президенттік басқару билігін өз қолында ұстаған Президентіміздің әр қадамы, әр Жарлығы, әр айтқаны мен әр сөзі өзінің туған елі мен туған хал­қы­ның арман-мүддесінен, жалпы қазақстандықтардың мақсат­тарынан туындап жатты. Елбасы өз елінің көкейіндегісін жазбай тани білді, танып та келе жатыр! Елбасы халқын адастырған жоқ, керісінше, халқын да, елін де әлем алдында асқақтатты, айбынымызды асырды, бәрімізді тәрбиелеп өсірді, өндірді, қамқорлығын әлі де аяп қалып отырған жоқ. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасырдың жаңа әлеміне жаңа көзқарас, тың ойлар мен тың бас­тамалар ала келді. Әлем дүниенің жаңа мыңжылдығының жаңа тари­хында дөңгеленген Жер шарын және оның үстінде өмір сүріп отырған барша адамзаттың өзін де, оның бүгінгі тіршілігі мен сан ғасырлық өркениетін де сақ­тап қалудың және сол үшін ядро­лық қарусыз әлем құрудың амалын айтып, жобасын сызып, жолын көрсетіп беріп, соған бас­тамашы болып отырған жалғыз-ақ Президентті біледі! Ол – Нұрсұлтан Назарбаев! Және де Қазақстан Президенті тұтаса біткен әлемнің бір-біріне сеніммен қарау көзқарасын ала келген, әлем мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастың ендігі арқауы өзара сенім мен өзара құрметтеушілік қана бола алады деген және соған үлгі тұтарлықтай тың да батыл қадам жасай білген әлемдегі бірден-бір Президент, бірден-бір саясаткер! Назарбаевтың тікелей батыл шешімімен Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы және Семей ядролық полигонын жабудағы тарихи шешімі, сондай-ақ, адамзаттың осы заманғы бас­ты қатерлері – лаңкестік, жаппай қырып-жою қаруының таралуына, трансшекаралық қылмыстың өсуіне, адам баласының рухани жан дүниесіне де зардапты қатер төндірер мың жылдықтар бойы қалыптасқан рухани дәстүрлерден қол үзуіне жол бермеу, әлемдік дәстүрлі діндерді құрметтеу мен сақтау жолындағы адами қадамдары дүниенің бүгінгі тарихына алтын әріптермен жазылған және өзінің мәнін мәңгі жоймайтын парасаттылық деп танимыз. Президентіміздің әлемдік дау-жанжалдарды, қарулы қақты­ғыстарды бітімгершілік, араағайындықпен шешу жолын­дағы саяси ерік-жігері мен айқын ұстанымы да қаны қызып тұрған дүниенің ыстығын басып, жарастырудың жаңа бір тынысын ашты. Күні кешегі Сирия мәселесіне арналған екі күндік Жер-жаһанның назарын аударған «Астана процесі» осының айғағы. Әңгімеміздің осы тұсында: «Туа бітті киелі бір қасиетімен қазақ топырағында дүниеге келіп және де өз дәуірі өзіне лайықтап туғызған адамзаттың ...бір перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың... көкірегіне Жаратқанның өзі... алғашқы нұрымен де, сәулесімен де оның бойына қазыналы ақыл, түпсіз терең ой, сарқылмайтын сабыр, тозбайтын төзім, жүйрік қиял, еш нәрсемен пар келмес парасат, қайырымы мол көңіл, кең жүрек, шешіле сөйлер шешен тіл мен ән төгер көмей, көз жетіп көре алмайтынды да, құлақ түріп ести алмас­ты да тап басып тани алар сезім құйып берген еді. Сол қасиетті де киелі жаратылыс өзінің... ұлын мың пәледен қорғай жүрсін, әрі айбыны, әрі пірі болсын деп қызыл жолбарысты иығына бірге қондырған-ды», – деп Елбасының ерекше қасиеттерін танымықтағы осы бір ауыз пікірді 2012 жылы жарық көрген «Әлемді жүрегіне сыйғызған» деректі хикаятымнан алып, бүгінгі күннің үндес оқиғасымен орайластыра сөйлеуді де жөн санадық. Өйткені, өзінің президенттік билігін ұлтаралық қарама-қай­шылықтар мен түрлі көзқарастарды ортақ бір мүддеге – татулық пен бірлік мүддесіне тоғыстыра білген Назарбаев саясатын бұл күндері әлем мойындап отырса, мұны да Қазақ елінің басына қонған бақтың бірі деп ұғынғанымыз абзал. Елбасы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесіне арнап өткізген жұмыс тобының бір отырысында: «Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тұрақтылықтың арқасында орнықты дамуға жол ашылды. Елімізді осы бағытынан ажыратпай, ілгері бастыра беру үшін 5 институттық реформа арқылы елді демократияландыру қажет», – деп осы ойын ортаға сала отырып, Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізудің батыл әрі қажетті ұсыныстары жасалды. Әсіресе, Үкімет пен Парламенттің мемлекетті басқарудағы рөлі мен жауапкершілігін күшейтуге үлкен мән беріліп отыр. Конс­титу­циялық өзгерістерде Парла­мент палаталарының Үкі­мет мүшелерінің қызметін бақы­лау өкілеттігін күшейту арқылы жә­не де Үкіметтің палата­лар ал­дында жауапты болады деп белгіленуі де еліміздің әлеумет­тік-экономикалық, өзге де бағдар­ламалардың орындалу барысын қадағалап, істі тиянақтап отыруға да негіз болары сөзсіз. Сондай-ақ, өзгерістердің бір парасы сот жүйесі мен проку­ра­ту­раның конституциялық негіздерін нақтылауды қамтитын болады. Бұл адам құқын қорғаудағы және заңдылықты қамтамасыз етудегі жаңа бір демократиялық қадам ретінде қарастырылып отыр. Қандай жағдай болса да, Ел­ба­­сына сенген және әлі де сеніп келе жатқан Қазақстан қоға­мы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жол­ғы Үндеуін де, бұл жол­ғы айт­қандарын да зор қанағат сезім­мен қабылдады. Тәуел­сіз­дігіміз­дің ширек ғасырлық кезе­ңінде халқымыз Елбасының үлгі-өне­гесімен саясатта сабырлы болуды үйренді. Елбасының ұстанымы негі­зінде елдің бірлігі мен ынты­мағын бәрінен де жоғары қоюдың қаншалықты бағалы да құнды екен­дігіне көзіміз айқын жетіп отыр. Ендігі арада қоғамда жүргізілетін кез келген реформа, кез келген өзгерістер болсын, солардың бәрі де елдің бірлігі мен ынтымағын ұйыс­тыруды одан әрі тереңдетуді көз­дегенде ғана табысты болары ешбір күмән-күдік туғызбауы керек. Бұған Елбасының өмірлік ұста­нымы, жүргізіп келе жатқан саясаты мен реформалары айқын дәлел. Бұл сөзіміздің бір желісін бұ­ры­ндары айтылған мына бір пі­кі­рі­міздегі: «Елдің тыныш­тығы – тәуелсіздігіміздің тұрақ­тылы­ғының кепілі. Ел тыныштығы ең әуелі біздің өзіміздің алаңдамай өмір сүріп, алда тұрған міндеттерді жүзеге асыру арқылы мына дүбірлі дүние дүрмегінің шаңын қауып қалмас үшін керек. Ел болып қалу үшін, егемендікті ұстап тұру үшін керек! Бізге керегі де сол – ел мен егемендік! Қалғанының бәрі де өткінші! Назарбаев нені де болса елімен бірге көрді, елімен бірге төзді, елімен бірге жеңді! Біз тәуелсіз ел болғанымызды айдай әлемге батыл жариялағаннан кейін, айдай әлемге батыл үн қатып, батыл қадам да жасауымыз керек еді. Соны жасай білдік! Соны жасата білді Елбасымыз!» деген осы бір ойымызды қайыра бір жаңғырта отырып, консти­туциялық реформалардың жобасын жалпыхалықтық талқылауға ұсыну жөніндегі Елбасының бұл жолғы шешімі де елдің бүгіні мен келешегін, Қазақ елінің Мәңгілік Ел болуын тереңінен ойлағандығы деп таныдық. Сол үшін де Елбасына ризамыз! Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты