Ауылдағы басты мәселелер депутатпен кездесуде сөз болды
Шығыс Қазақстан облысындағы Жарма аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Есболовтың айтуынша, өңірдегі жол, су, тұрғын үй мәселелері өткір күйде қалып отыр. Себебі, бүгінгі таңда тұрғын үй мәселесі кезек күттірмейтін шаруаға айналған. Жарма өңірінде жалғызілікті қарттар мен дипломын қолына алып, ауылға келген жастарға баспана керек. Ауылда осыған орай екі 16 пәтерлі үйдің жобалау-сметалық құжаттары дайын екен.
– Енді осы жоба биылға жоспарланғандықтан қаржы бөлсеңіздер деп отырмыз, – деді Нұрлыбек Есполов ауылдың жағдайын сұрап арнайы іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновқа өтініш жасап. Өйткені, елді мекендерде инфрақұрылымдарды жөндеу халықтың көптен бері келе жатқан проблемасы.
Ал Аягөз – облыстағы ғана емес, еліміздегі әлеуеті зор шағын қаланың бірі. Қала халқы негізінен темір жолда және аумақта орналасқан бес әскери қалашықта жұмыс істейді. Жұмыссыздық проблемасы жоқ, бірақ ауыз судың азабын аягөздіктер бір кісідей тартып келеді. Тұрғындардың 60 пайызы ауыз суға зәру, су және жылу құбырлары ескіріп, тозып кеткен. Тұрғын үй де қат мәселе, қалада сонау 1930 жылы тұрғызылған 117 үй бар. Оны сүріп тастап, орнына екі бес қабатты үйді тұрғызу қолға енді ғана алынған іс.
– Шығыс Қазақстан облысында «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз су мәселесін шешуде 30-дан артық жоба қаржыландырылды, бұйырса ауыз су келіп қалар. Сондай-ақ, жұрт жиырма шақты жылдан бері күткен «Шар – Қалбатау» арасындағы жол салынады. Ол үшін республикалық бюджеттен 2 млрд 650 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жұмыстар ақпан айынан басталады, – деді депутат Нұртай Сабильянов өңірдегі кездесуінде.
Жол мәселесінің оң шешімін табатынына Аягөз, Жарма аудандарындағы бірқатар ауылдар мен Шар қаласының тұрғындары ризашылық білдірді. Бірақ, халық бұл іс сәтімен аяқталса және жолға кеткен қаржы тиісті орнына жұмсалса дегенді айтты. Себебі, жолды салғанмен, екі ай өтпей жатып, ол шұрқ тесіліп, жүруге жарамай қалады. Бұған мысал ретінде Семей қаласындағы жыл сайын қаржы бөлініп, жөнделетін, бірақ сапасыз болғандықтан, халықтың көңілі толмайтын жолдарды айта кетуге болады.
Сондай-ақ, алдағы уақытта Семей қаласының инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлінеді. Бұл да болса қала шетінде ауыз сусыз, жарықсыз отырған халыққа игі көмектің бірі. Нақты айтқанда, электр жарығын тартуға, көшелерді жөндеуге тиісті қаражат бөлініпті. Бірақ сол өз мақсатында жүзеге асса, соған орай халық риза болып жатса, құба-құп. Әйтпесе, қаражат бөлініп, содан оның қайда кеткендігін майшам алып іздеу, сотқа жүгіну күнделікті көрініске айналып барады. Сондықтан да, бөлінген қаражатты тиімді, мақсатына сай жұмсайтын болса, әр елді мекенде орын алып отырған өткір мәселелерді шешуге болады.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Шығыс Қазақстан облысы