Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің мәліметінше, қазір аймақта тасқынға қарсы дайындық жұмыстары басталып та кетті. Өйткені алдын алмаса, су тасқынынан ауылдықтардың әбден зәрезап болатыны рас.
Алдыңғы жылы тасқын Баянауылдағы Ащысу өзенінің көпірін, ауданның 15-тен астам ауыл жолдарын бұзып өткені есімізде. Көпірсіз қалған Сәтбаев атындағы және Теңдік, Ұзынбұлақ ауылдарының тұрғындары жолдың бейнетін көрді. Көпірді күрделі жөндеуден өткізіп немесе жаңадан салу үшін қыруар қаржы қажет көрінеді. Өткен жылы Ертіс өзенінің арнасынан асуынан облыс орталығына жақын Ақсу қаласының ескі бөлігіндегі бірнеше үй ауласымен қоса су астында қалған-ды. Қазір осы жерлерде су тасқынына қарсы бөгетке ұзындығы 600 метр топырақ үйіндісі тұрғызылды.
Қазіргі күні 2923 тонна жанар-жағармай, 8 000 тонна инертті материал мен 60 000-ға жуық құм толы қап, 140-қа жуық техника мен 400-ден аса маман дайын. Су деңгейі көтерілген жағдайда үйін-
ділер тұрғызылады. Департамент өкілдері осы уақытқа дейін тасқынның алдын алу бойынша өңірдегі 200-ге жуық үйді аралап, қала, ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті. Жалпы, тасқынға қарсы жұмыс шаралары қардың толық еруі кезінде, екіншісі өңірдегі су қоймаларындағы су мөлшерінің артуы кезінде қолға алынады. Мысалы, Қарағанды облысындағы Қаратоқа бөгеті аумағынан ағатын қар суы Баянауылдың Теңдік, ал, Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан келетін су Ақтоғай ауданының Шолақсор ауылдарына қауіп төндіреді. Шолақсор ауылы тасқын басталса-ақ, қауіп-
сіз жерге көшіріледі. Қоймадан ағатын суды өткізу мақсатында құбырлар, қосымша құралдар да орнатылды. Құм толтырылған қаптар да әзірленеді, үйілген тас, топырақ тасиды. Жылдағыдай тасқынға дайын-
дық шаралары қолға алынуда. Қашыр ауданында да төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары ауыл тұрғындарына тасқын кезіндегі қауіпсіздік ережелерін үйретуде.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы