17 Ақпан, 2017

Шеберлігін тағдыры шыңдаған

235 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жұмыр басты пендені алдында қандай қиын өткелдер мен бұралаң жолдар күтіп тұрғаны бір Жаратқанға ғана аян. Сергей сегіз жыл бұрын тағдыр тәлкегіне ұшыраймын деп еш ойламаған. Құрылыс учаскесінде еңбек етіп, ел қатарлы нәпақасын тауып жүрген. Жазым деген аяқ астынан. Бірде техникалық қауіпсіздік шараларының сақталмауы салдарынан жұмыс учаскесінде өн­дірістік жарақат алып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Ес-түсінен айырылып, төсекте таңулы жатқан 27 жастағы тепсе темір үзетін жігіт қос аяғының кесіліп, молақ болып қалғанын білмеген. Кейін тағы бірнеше ота жасалып, бірінші топтағы мүгедектер қатарына қосылған. Бұған дейін денсаулығына кінәрат артып көрмеген ол үшін енді азапқа толы күндер мен түндер басталған. Тән жара­қаты жазылар-ау, жан жарасынан қалай сауығармын деген сарыуайымға салынғанда өмірден күдер үзіп кететін. Ертеңге деген сенімсіздік тұла бойын тұмшалап, ойын әлдебір қорқыныш сезім билейтін. Туған-туыстары, достары сабырға шақырып, қанша басу айтқанмен, күйректікке салынып, сәл нәрсеге шыны сияқты шытынап шыға келетін. Өзі сияқты бір бейбақты кездестіріп, ақыл-кеңесіне құлақ түрмегенде бордай езіліп, жүндей түтіліп жүре берер ме еді. Тағдырласы «Мені көрмейсің бе? Екі аяғым, бір қолым жоқ болса да, масыл болған емеспін. Біреуге кіріптар болудан асқан қорлық жоқ. Еңсеңді көтер. Есіңді жи. Өз күшіңе сен. Әлі жассың. Көрер қызығың алда», деп жігер бере сөйлеп, жүрек түкпіріндегі сырын жайы­п салған. Сөйтсе, ол бастапқыда басқа түскен бейнетке шыдай алмай, ішкілікке әуес болыпты. Тек жеке басының қажыр-қайраты, алға қойған мақсат-мұратына ұмтылудың арқасында қоғамдық ортаға қайта оралыпты. Осындай қайрау сөздерден кейін Сергейдің көңілі көтеріліп, өзін өзгеше кейіпке түскендей сезінді. Қоларбада таңылып отыра бергенше мүмкіндігі шектеулі адамдардың қолынан да іс келетінін дәлелдейін деген ой қанат бітіріп, томағасын сыпырған қыран құсша дүр сілкінді. Алайда, мекеме-ұйым­дардың табалдырығын тоз­дырғанмен, ешкім құшақ жая қарсы ала қоймады. Қай есікті қақса да, «бос жұмыс орны жоқ!» деген әңгіме келтесінен қайырылады. Кейбіреулердің аяу­шылық, мүсір­кеушілік біл­діргенін, баз біреу­лердің осыған не керек дегендей оқты көзбен ата қарағанын сезсе де, сыр білдір­меді. Бірде белді бекем буып, тәуекел етті. Қолөнермен бала кезінен айналысып, қыр-сырын меңгеріп алғаны осы жолы кәдеге асты. Аға-інілерінің көмегімен үйдің жанындағы сарайды босатып, ұстаханаға айналдырды. Содан ағаштан неше түрлі бұйымдар жасауға бар ынта-жігерімен кірісіп кетті. Әдепкіде ауыр ойдан арылу­дың, уақыт өткізудің ермегіне санаса, кейін шығармашылық қарым-қабілетіне ұшқыр қиял қосылып, көз жауын алар, әдемі, әшекейлі өнімдер сөрелерден орын ала бас­тады. Көршілері мен таныстары жапатармағай сатып алып, қосымша тапсырыс түсе бастағанын көріп, тағы бір шешімге келді. Ондағы ойы – ұстахана ауқымын кеңейту, ұсақ-түйек істерден гөрі күрделісіне ауысу. «Даму» қорының ай­мақ­­тық филиалы арқылы қай­тарымсыз грант алуға бекінді. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған арнайы бағдарлама аясында кәсіпкерлік саласын кеңейтсем деген ішкі түйсік алға жетеледі. Мекеменің менеджерлері шағын кәсіпкерлік ретінде тіркеліп, қажетті құжат­тарды жинап әкелуге кеңес бер­ді. Айтқан тапсырмаларды тап-тұйнақтай орындап, «Да­му-Көмек» бағдарламасына қатысу мүм­кіндігіне ие болғанда төбесі көкке жеткендей қуанды. «Жұл­дыз­дарға қара» жобасының қайы­рымдылық қоры арқылы 300 мың теңге қаражат алды. Санау­лылардың қатарына ілігуін өзіне көр­сетілген сенім, құрмет деп тү­сінді. Қоғамға керек екенін ұғынды. Қайтарымсыз грантқа үш станок сатып алып, құстың ұясындай тар жерге орналастыруға тура келді. Өнімнің түрлері көбейіп, сапасы жақсарып, жұртшылық тарапынан сұраныс көптеп түсе бастады. Ағаштан түйін түйген шебер өтініш айта келген ешкімнің қолын қаққан емес. Кез келген тапсырыс­ты қа­былдап, сапалы етіп орындап береді. Алдағы мақсаты – үй жиһаздарын жөндеу мен жа­сауға арналған кәсібін ашып, өзі сияқты тағдырдың ауыр тауқыметіне ұшыраған адамдарды жұмыспен қамту. Әттең, үй жанындағы шеберхана тар. – Орынжай мәселесі ше­шілсе, қалған шаруаларды өзім-ақ тындырар едім. Екінші деңгейлі банктерден несие алу қиын, талап-шарты күшті. Біз сияқты мүгедектер түгілі сау адамдардың тауаны шағылып жатады. Екіншіден, мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер шығаратын өнімдерді сататын сауда нүк­телері жоқ. Алматыда ғана арнайы дүкен жұмыс істейді. Мені осы санаттағы жастардың басын біріктіріп отырған «Қамқор», «Ардос жүрек» сияқты жергілікті қоғамдық бірлестіктердің тір­шілігі қызық­тыра­ды. Олардың атқарып жат­қан іс-әрекеттеріне қолдау жасалып жатқаны қуан­тады, – дейді бізбен ой бөліскен Сергей Сапко. Сергей болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Облыс әкімінің қабылдауында айтқан ұсыныс-ойлары қолдау тауып, тиісті ме­кемелер шеберге кеңірек орын іздестіріп жатқан көрінеді. «Да­му» қорына тағы да қатысып, ба­ғын сынап көрмек. Екі аяғы жоқ болса да, қалай еңбек етудің үлгі-өнегесін көрсе­тіп келе жатқан қайсар жанның арманы орындаларына сенейік. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» ПЕТРОПАВЛ
Соңғы жаңалықтар