Қазақстан • 24 Сәуір, 2017

​Электронды үкімет саласында Кореямен тәжірибе алмасамыз

257 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанада электронды үкімет саласындағы ынтымақтастықты жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан мен Корея елдері өкілдерінің кездесуі өтті. Аталған шара өткен жылдың қараша айында Бусан қаласында еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Корея Республикасының Мемлекеттік басқару және ішкі істер министрлігі арасында жасалған «Электронды үкімет саласындағы ынтымақтастық туралы» меморандум аясында ұйымдастырылғанын айта кетейік.

​Электронды үкімет саласында Кореямен тәжірибе алмасамыз

Кореялық делегацияны елдің Мемлекеттік басқару және ішкі істер вице-министрі Сонг-Рел Ким басқарып келсе, қазақстандық делегацияға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жетекшілік жасады. Кездесу барысында тараптар электронды үкімет саласына қатысты өзара ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін қарастырды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік моделі бойынша бірлескен жобаларды әзірлеуге қатысты келіссөздер жүргізу туралы уағдаласты. 

Еліміздің ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев атап өткендей, бұл семинар өткен жылдың қараша айында Бусан қаласында жасалған меморандумнан кейінгі аралықта өткізіліп отырған алғашқы шара. Алдағы уақытта осы тектес басқа да шараларды ұйымдастыру жоспарланған.

Кездесу барысында Дәурен Абаев:

– Бүгінде Қазақстанда электронды үкіметтің инфрақұрылымы жасалды, базалық компонентері іске қосылды. Соның арқасында мемлекеттік қызметтің 700 түрін электронды түрде алуға болады. 2012 жыдан бергі аралықта барлық лицензиялар тек электронды түрде беріліп келеді. Сол сияқты, мобильдік үкімет арқылы 80 түрлі қызметті пайдалануға жағдай жасалған,– деп атап өтті.

Жиынға қатысушылар «ақылды қалалар», «практикалық үкімет» сынды жобаларды одан әрі дамыту жайын жан-жақты талқылады. Корея Республикасы Ұлттық архивының қызметкері Ким Джепайонг қазақстандық мамандар үшін арнайы семинар өткізді.

Жалпы, ақпараттық технологиялар, электронды үкімет саласында Корея әлемдегі көшбасшы елдердің бірегейі саналады. Бұл орайда, Қазақстан 193 елдің ішінде 33-орында тұрғанын атап өткен жөн. Яғни, біздің еліміз үшін корялық әріптестерінің озық тәжірибесімен танысып, артықшылықтарын меңгерудің пайдасы зор.

Биыл Қазақстан мен Корея Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына биыл 25 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында екі ел барлық деңгейде саяси диалог орнатып, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыста үлкен нәтижелерге қол жеткізді деуге толық негіз бар. Өткен жылдың қараша айында Елбасының Кореяға жасаған мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынастың одан әрі дамуына тың серпін беріп, әріптестік байланыстар нығая түсті. Сол сапарда Бусан қаласында екі елдің тиісті министрліктері арасында мемонардумға қол қойылғанын жоғарыда атап өттік. Астанада өткен кездесу барысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пен Корея Республикасы Мемлекеттік басқару және ішкі істер вице-министрі Сонг-Рел Ким өзара іс-қимыл жөніндегі хаттамаға қол қойғанын жоғарыда атап өттік.

Бүгінгі таңда елімізде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту жүйелі түрде жүргізіліп келе жатыр деуге болады. Еліміздің барлық қалалары байланыстың 4G түрімен қамтылған, халықтың 73 пайызы интернетке қол жеткізген. Дегенмен осы жетістіктерге шектеліп қалуға әсте болмайтыны түсінікті. Бұл туралы Дәурен Абаев:

– Біз қазір елімізде одан әрі цифрландыру, мемлекеттік тараптан берілетін қызметті одан әрі оңтайландыруды қарастырып отырмыз. Осы шараларда екі-үш мемлекет топбасшы болып келеді. Соның бірі – Корея. Кореяның үлгісін Қазақстанға алып келеміз. Себебі, бұл саланы одан әрі дамытуымыз керек. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында адамдар неге кезекте тұрады? Себебі, тиісті құжатты электронды үкімет арқылы алатын адамдардың үлесі сол құжатты ХҚО-ға барып алатындар сияқты көп емес. Жаңа технологиялар арқылы біз «электронды үкіметті» дамыдамыз. Яғни, еліміздің азаматтары ХҚО-ға барып алатын құжаттарды үйлерінде отырып ала беретін болады. Азаматтардың да, ХҚО қызметкерлерінің де уақыты үнемделеді. Біз осы тектес жұмыстардың барынша сапалы болғанын қалаймыз. Бүгін қол қойылған хаттаманың аясында Кореяның тәжірибесін үйрену, инвестицияны қайда салу керектігін меңгеру, қандай жұмыстарды жақсарту керектігін түсіну қарастырылған. Соның есебінен қаражат та айтарлықтай үнемделеді,– деді.

Корея Республикасы Мемлекеттік басқару және ішкі істер вице-министрі Сонг-Рел Ким де хаттамаға қол қою рәсімінен кейін журналистерге сұхбат берді. Оның айтуынша, алдағы уақытта электронды үкіметтің «смарт қала», киберқауіпсіздік, дата-орталық салу және басқа да салаларында екіжақты ынтымақтастық дамиды.

– Бүгінде Кореяда халықтың 80 пайызы электронды үкіметтің қызметіне жүгінеді. Бұл саладағы ақпараттық технологияларды дамыту бойынша үздік елдердің санатындамыз. Алдағы елу жылға арналған бағдарлама әзірлеп, «Smart nation» сынды жобаны жүзеге асырмақпыз. Қазақстан да ақпараттық технологияларды дамыту бойынша Орталық Азияда көш бастап келе жатқан мемлекет. Сондықтан сіздермен арада өзара тиімді әріптестік орнатуға дайынбыз. Халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін қандай шаралар қолға алынуы керек болса, сол бағытта тәжірибе бөлісеміз,– деді Сонг-Рел Ким.

Осы кездесуде белгілі болғандай, биыл қазақстандық сарапшылар мен бірқатар лауазымды тұлғалар электронды үкімет саласындағы білімін жетілдіріп, машықтарын арттыру мақсатында тиісті бағдарламаға қатыспақ. Қазақстандық тарап кореялық әріптестерін елордада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға, өзара тәжірибе алмасуға шақырды.

Арнұр Асқар, 

"Егемен Қазақстан"

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ,

«Егемен Қазақстан»




Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024