14 Ақпан, 2017

Германияның жаңа президенті тұрақтылықтың ұстыны бола ала ма?

196 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Өткен жексенбіде Германия Федеративтік Республикасының президентін сайлау науқаны мәреге жетті. Федералдық жиын мүшелерінің дауыс беру рәсімінде басым дауысқа ие болған Франк-Вальтер Штайнмайер дәрежесі Канцлермен иықтас саналатын лауазымды атқаратын болды.   Жалпы, Еуропа экономикасының локомотиві, Еуропалық одақтың белді мүшесі, тіпті, бетке ұстар мемлекеті саналатын елдің президентін сайлаудың регламенті көп елдерден ерекшеленеді. Жо­ғарыда айтып өткеніміздей, пре­зи­дент­ті бес жылда бір мәрте осы шара үшін ар­найы жиналатын Федералдық жиын мү­ше­лері сайлайды. Ал конституциялық орган саналатын Федералдық жиын бундес­таг депутаттары мен жер парламенттері, яғ­ни ландтагтар сайлаған арнайы депу­тат­тардан жасақталады. Федералдық жиын­ның жалғыз, жалғыз да болса аса ма­ңызды міндеті осымен тәмам. Сонымен, Федералдық жиынның қол­дауына ие болған Франк-Вальтер Штайнмайер 18 наурызда президенттік өкі­леттігі аяқталатын Йоахим Гауктың ор­нын баспақ. Сарапшылардың көп­ші­лі­гінің пайымына салсақ, Штайнмайер – құ­был­малы кезеңде тұрақтылықтың зәкірі бо­ла алатын мығым саясаткерлердің бірі. Жалпы, Германия Федеративтік Рес­­пуб­ликасының президенті – мем­ле­кет­тің бірі­нші тұлғасы саналады. Канцлер, бундес­таг төрағасы, бундесрат төрағасы... одан кейінгі орындарда. Жа­ңа президент Штайнмайер елдегі ең та­нымал саясаткерлердің санатынан. Еуропада да, әлемдік ауқымда да сый-құр­метке ие тұлға. Жұмысшы отбасынан шық­қан, негізгі мамандығы – заңгер, заң ғы­лымдарының докторы. Сарапшылар оның саясат баспалдағымен өрлеуін елдің экс-канцлері Герхард Шредермен байланыстырады. Ол елдің Сыртқы істер министрі, фе­дералдық канцлер ведомствосының басшысы, вице-канцлер, Еуропалық одақ кеңесінің төрағасы сынды лауа­зымдарды ат­қарған. 2008 жылдан бергі аралықта Германияның социал-демократиялық пар­тиясына төрағалық жасады. 2008 жы­лы ол Грузия-Абхазия арасындағы қақтығыстарды реттеу жолдарын ұсын­ған. Ресей мен Грузия арасындағы қақ­т­ығыстарға қатысты келіссөздерге қа­тыс­қан. Алпыстан асқан саясаткерді гер­ма­ниялықтар отбасына берік адам ретінде ерек­ше құрметтейді. Әкімшілік істер жө­ніндегі судья болып қызмет атқаратын зайыбы екеуі бір қыз өсіріп отыр екен. 2010 жылы зайыбы ауыр науқасқа шал­дық­қан кезде Штайнмайер өзінің бір бүй­регін беріп, өмірін сақтап қалуға ық­пал еткенін жергілікті БАҚ-тар жары­са жазған болатын. Сондай-ақ, басқа қалада тұра­тын қарт ата-анасына, бауырларына жиі барып, мерекелерде сыйлық жасап тұратыны да БАҚ назарынан тыс қал­мапты. Штайнмайердің кандидатурасы әуел бас­тан басым деп саналғанын айта кету ке­рек. Социал-демократтар партиясы мен христиан-демократтардан құралған би­лік коалициясы өткен жылдың 14 қара­ша­сын­да оның кандидатурасын ұсыну тура­лы ортақ шешім қабылдаған болатын. Жалпы, ГФР президенті халықаралық аре­нада елдің ұстанымын көрсетіп, өз­ге мемлекеттермен келісімдер жасау, ел­ші­лер­ді тіркеу және қабылдау сынды жұ­мыстармен шұғылданады. Үкіметті жа­сақтауға қатысу да президенттің құ­зы­рында. Егер канцлердің кандидатурасы бун­дестагтағы дауыс берудің үш раундын­да басымдыққа ие болмаған жағдайда, сол сияқ­ты канцлер бундестагтың сенімінен айы­рылған болса, парламентті тарату құқына да ие. Тағы бір айта кетерлігі, президент министрлерді тек канцлердің ұсынысы бойынша ғана тағайындай алады, яғни министрлер кабинетін жасақтауға ықпалы аз деуге болады. Ал сотталушыларға федералдық деңгейде рақымшылық жасау өкілеттігі президентке берілген.   Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»