14 Ақпан, 2017

Қасиет құрсақта қонады

661 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қолына «сотка» түскен кішкентай баланың саусақтары жып-жып етіп, әріп танымай жатып-ақ қажетті пернелерді дөп басатынын көргенде «іштен біліп туғанын» айтарыңыз анық. Жалпы, баланың заманауи электронды техникаларды тез «түсінуіне» немесе ерекше бір қабілетіне қатысты таңдана отырып, «іштен» біліп туатынымен байланыстырушылар көп. Бұл сөздің жаны бар. Олай дейтініміз, баланы ана құрсағынан бастап тәрбиелеуді атам қазақ ерте ескерсе, қазіргі медицина құрсақтағы балаға сыртқы әлемнің немесе дыбыстың әр алуан әсері барын әлдеқашан дәлелдеген. Оңтүстік өңірінде «Шаянға барсаң, әншімін деме, Созаққа барсаң, күйшімін деме», деген сөз бар. Әр ауданның адами қасиеттерімен байланыстырылатын өзіндік бір ерекшелігі болады. Созақта шертпе күйдің негізін салған Сүгір Әліұлы бастаған әйгілі күйшілер Төле­ген Момбеков, Генерал Асқа­ров, Жаппас Қаламбаев сынды таланттар шоғырланса, тау бөктеріндегі Төлеби ауданынан 17 КСРО суретшілер одағының (кейінірек танылған дарынды­лар есебінен бұл санның ұл­ғайғаны анық) мүшесі шық­қан. Ана құрсағындағы ба­ла­ға сыртқы әлемнің әсері ба­рын өңір­лердегі осындай ерек­ше­ліктерден де аңғаруға бо­ла­ды. Бәлкім, таланттар шо­ғыр­ланған өңірде болашақ ана сұлу табиғат көріністерін тама­шалап, әсем ән-күй тың­дап, алған әсерін жан-күй те­бі­ре­нісі арқылы іштегі нәре­с­­теге жет­кізе білген болар. Құрсақта жа­ң­а қалыптасып келе жатқан ша­ранаға тылсым табиғатты, жел толқыта тербеп тұрған көк шөптің сыбдырын сездіре, бе­сік жырының нәзік әуенімен ба­л­қыта алған болар. Талантты суретшілер көп­теп дүниеге келген Төле­би ау­данының тумасы, қылқа­лам шебері, Мемлекеттік сый­лық­тың иегері, Ресей, Қыр­ғыз­стан, Чехия Көркем­сурет ака­демиясының акаде­мигі, Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның құрметті азаматы Ербо­лат Тө­лепбай өз туындыларында жақ­сы адамдар үміт ететін үн­дестік пен таңданыс тудыра­тын қайшылықтың көрінісі бей­неленетінін айтып еді. «Мені қарапайым адам­­дардың образы қы­зық­ты­рады. Олардың қоңыртөбел өмі­рінде әжім түскен бейнет бар. Адал­дық иісі аңқып тұ­рады. Қа­лыпты мінезі өз­ге­ріс­сіз көрі­неді. Мені дүниені жал­па­ғынан басып жүрген жанның, мей­лі ол қайраткер болсын, об­разы, ішкі жан-дүниесі түк қы­зықтырмайды. Екіншіден, бұл өмірден түңілген, өз тағ­ды­­­рына өзі кесел келтірген, қа­ң­ғыбастар тобына қосылған адам­­дардың болмысына үңіл­гім де келмейді. Ақ шаңы­ра­ғын­­­да бала-шағасын өсіріп, мә­­пе­леп тәрбиелеп отырған пәк пен­­­делердің образы жүрегіме жы­лы. Әрине, идеологияның қыс­­­пағына төзу, шыдас беру қи­ын соғатынын жақсы біле­мін. Оны мен өз басымнан өт­кер­ген­мін. Бірақ сіз менің бір шы­ғармамнан да социалистік ре­ализмге қызмет еткен реңк та­ба алмайсыз. Ондай бірде-бір картина жоқ. Мен сол за­ман­да-ақ томаға тұйықтық пен догматизмге қарсы ойым­ды білдірген туындыларымды шығардым. Тұспалдап жет­кіз­дім. Адамдық асқақ қасиетті боя­­масыз биікке көтеруге ты­рыс­­­тым. Біреу опат болса, ол же­ке адамның шаруасы де­ген идея­ға қарсы болдым. Адам­дық тепе-теңдікті сақтау, жақ­сылық пен жамандықтың ара-жігін ажырату мәнісіне жа­ра­тылыстың заңдылығымен түйсініп үңіл­дім», – деген еді Орта Азия мен Қазақстан су­рет­­шілері арасында алғаш болып Мәскеудегі мемлекеттік Тре­тьяков гале­реясында жеке көр­­месін ұйым­дастырған, Саль­­вадор Дали атындағы ха­лық­­аралық жүлденің иегері Е.Төлеп­бай ілгеріде бір сұхбат­тас­қанымызда. Бүгінде өнердің қолдау тау­ып, дамығанын қалайтын қыл­қалам шеберінің жоғарыда айт­қан әңгімесінен-ақ өсіп-өнген орта­сын аңғаруға болады. Орта де­мекші, есімі елге танымал су­ретші Тоқболат Тоғысбаев Ерболатпен туған ағалы-інілі бо­лып келсе, Мем­лекеттік сый­лықтың иегері, қазақ го­беленінің негізін салған Құрасбек Тыныбеков, таэквон­до­дан 6-дан иегері, дарынды су­ретші Бексейіт Түлкиев Тоқболаттың соңынан ерген іні-шәкірттері. Төлеби ау­да­нын­­да осы үш талантты өнер ие­лерінің атында мектеп бар жә­не аудан орталығында галерея ашылған. Осы орайда, Оңтүстік Қазақ­­­стан облысының әкімі Жан­сейіт Түймебаевтың бас­тама көтеріп отырғанын айта кетелік. Суретшілерді қолдау, өнерін насихаттау, пікір алмасу, сондай-ақ, осы бағытты дамытуға қа­тысты ұсыныс­тарды талқылау мақсатында облыстық бейнелеу өнері му­зейінде болған облыс басшысы көркемсурет галерея­сын салу туралы тапсырма бер­ге­нін мәлім еткен-ді. Өңір­де руханият саласының өріс­теуі­не, өнер мен әдебиет әле­мі­­нің дамуына мүдделілік та­­ныт­қ­ан облыс әкімі көр­кем­су­р­ет галереясына бір айда екі рет барып, Суретшілер ода­ғы­ның мүшелерімен өзекті мә­се­лелерді талқылады. Шы­ғар­ма­­шылық өкілдерінің жұ­мы­сын тек жергілікті деңгейде ға­­­н­а емес, халықаралық дә­ре­жеде көрме ұйымдастыру ар­­қылы өткізу керектігін айт­ты. Сондай-ақ, Жансейiт Қан­сейi­тұлы бейнелеу өнерi му­зейi­не елге танымал суретші Тоқболат Тоғысбаевтың есi­мiн бе­ру жөнiнде ұсынысты қол­дай­­тынын жеткiздi. Біз жоғарыда айтып өткен та­лантты суретші Ерболат Тө­леп­байдың, бейнелеу өнері му­­зейіне есімі берілгелі отыр­ған қылқалам шебері Тоқ­бо­лат Тоғысбаевтың да, шерт­пе күй­­дің негізін салған Сүгір Әлі­ұлының да ана құрса­ғын­да­­ғы тәрбиесі ерекше болға­ны даусыз. Аталарымыз бала ана құрсағында жатқанда ана­сы нені көп үйренсе, кей­ін сол нәр­сені тез игеріп ала­ты­нын білген. Әлгі зиян­ды жа­қ­­та­­ры жиі айтылып жүрген «сот­­­ка­ңыз­ды» баланың тез «тү­сі­не­ті­ні» де сондықтан. Демек, ба­ла­­ны ана құрсағынан бастап тәр­­биелеу, зиянды нәрседен ау­­лақ болып, жақсылыққа ұмтылуы маңызды. Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы