14 Ақпан, 2017

«ҚазТрансГаз» дабыл қаққыштар орнатып берді

310 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
  Жылыту маусымы кезінде Қазақстанның басқа өңірлеріндегі сияқты Оңтүстікте де қайғылы оқиғалар болып тұрады. Жыл басында Шымкентте газ құбырын дұрыс жалғамағандықтан екі қабатты саман үй қопарылып құлаған. Оқыс оқиғадан өрімталдай жас келіншек қаза болды. Оның шақалағын құтқарушылар бесік сақтап қалған деседі. Осы үйді жалдап тұрып жатқан екі отбасының зардап шекпегені жоқ. Себеп біреу. Негізгі желіден ас әзірлейтін плита мен каминге жалғанған шлангада көгілдір отын сығындысы жинақталып газға от бергенде атылған. Осындай қайғылы жағдайлар орын алса да көптеген тұрғындар көгілдір отынды қалауларынша жалғап алып, «шықпа жаным, шықпамен» отыра береді. Талапқа сай жасап алуларына басқа тартса аяққа жетпейтін жетіспеушілік бөгет болып, күнде ертеңмен арқаны кеңге салады. 2016-2017 жылдары жылыту маусымы кезінде Қазақстанда тұншықтырғыш газдан уланып, ақауы бар газ жабдықтарының жарылуынан 26 адам көз жұмды, 65 адам зардап шекті. Бұл қайғылы оқиғалардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелді. Мұнда болған 12 оқыс оқиғадан 12 адам көз жұмды. Олардың екеуі балалар. Сондықтан көгілдір отын мен газ жабдықтарын пайдалану кезінде болатын төтенше жағдайлар мен қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында «ҚазТрансГаз» АҚ Шымкент қаласындағы әлеуметтік жағдайы төмен 30 отбасыға сыйлық ретінде газ сигнализаторларын табыс етті. – Ақпанның екінші жартысында оңтүстікте күн жылына бастайды. Соның салдарынан мұржалардың тартуы нашарлап, тұрғын үйлерде тұншықтырғыш газдың таралу қаупі артады, – дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Оңтүстік Қазақстан өндірістік филиалы тараптық ұйымдардың газ желілерін жобалау, салу және техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызмет бастығы Нұрлан Қосмамбетов. – Біз бұл құралдарды табыстаумен шектелмейміз. Мамандарымыз барлық мекен-жайға барып, сигнализаторларды орнатып береді. Біз «ҚазТрансГаз» АҚ дабыл белгілерін орнатып берген отбасыларда болып, жағдайымен таныстық. Чапаевка елді мекені Көксай-3 шағын ауданының тұрғыны Нафиса Бектаева екі сөз сөйлесе, компанияға рахмет айта береді. Айтса айтқандай, тұрмыстық әлеуеті төмен отбасы бұл құрылғыларды өз ақшасына сатып алып, орнатуы қиын екен. Отағасы ғана жұмыс істейді. Нафиса үш кішкентайымен үйде отыр. – Бұрын бір жаққа шығар болсақ, қыздарымызға газды қоспауды тапсырып, шыбын жанымызды шүберекке түйіп жүрер едік, – дейді Нафиса. –Құрылғыны тегін орнатып берген мамандар енді ешқандай қорқыныш жоқ екендігін айтады. Дабыл қаққыш екі тетіктің біреуі тұншықтырғыш улы иіс шықса бебеу қағып, екіншісі автоматты түрде газды өшіріп тастайды екен. Әрине, өзіміздің күшімізбен орната алмас едік, сондықтан, «ҚазТрансГаз» компаниясына отбасымыздың атынан рахмет айтамыз. Газ мамандары сол күні Алатау көшесі бойында тұратын Темірбаевтар отбасына да газдың таралуына жол бермейтін дабыл қондырғыларын орнатып берді. «Жылыту қазандығымыздан иіс шығып, қатты қор­қыныш­та болған едік. Жөн дедік дегенімен көгілдір отын­­ның қаупі бөлек қой. Енді алаңдамайтын болдық». Үй­­лері­не қондырғылар орнатқан отбасылар осылай дейді. Сақтанғанды ғана құдай сақтайды. «Бәрі бір Алладан» деп жағаңды жайлауға жіберіп, сақтық шараларын жасамасаң, кейін орны толмастай опындырып жатады. Мұны осы шаралардың басында болған Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бөлім басшысы Асқар Жақиянов та айтқан. – Біз ескертпе қағаздар таратып жүрміз. Мұнда қауіпсіздік шараларының ережелерін сақтау жөнінде ақпарат бар. Әсіресе, жылыту маусымы алдында барлық мұржаларды, газ қондырғыларын міндетті түрде тексертіп тазартып алу керек, – дейді ол. Бұрын үй ішіндегі газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету газ қызметкерлерінің құзырында болатын. Қазір бұл қызмет бәсекелестік ортаға – жеке компанияларға берілді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес үй ішіндегі газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істеуіне тұтынушылардың өздері жауапты. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде табиғи және тұншықтырғыш газ тараған кезде іске қосылатын ажыратқыштар мен сигнализаторлар өте тиімді құрал болып табылады. Мұржа тартпай қалғанда немесе тұн­шықтырғыш газ бөлме ішіне тарағанда бұл құралдар авто­мат­ты түрде дабыл қағып, газ жабдықтарының жұмы­сын тоқтатады. Оған қоса бұл құралдар аса қым­бат та емес және газ жабдықтары сатылатын кез келген дүкеннен табылады. Мысалы, Ресейде газ сигнализа­торлары орнатылмаған тұрғын үйлер мен өзге де ғимараттарды табиғи газ жүйесіне қосуға тыйым салынған. Газ саласындағы ұлттық оператор тарапынан жер­гілікті БАҚ-тар мен интернет-ресурстарда ақауы бар газ жаб­дықтарының қаупі туралы мақалалар ұдайы жария­ланып тұрады. Теле және радио арналарда қауіпсіздік жөніндегі роликтер көрсетіледі. Тұрғындармен кездесулер өткізіледі, коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеуге арналған есеп-шоттармен қатар «Газды тұрмыста пайдаланудың қауіпсіздік ережелері» тақырыбында инфографикалы жадынамалар таратылады. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірлесіп қауіпсіздік жөніндегі рейдтер ұйымдастырылады. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, бұл шаралардың барлығы тұрғындар үшін аздық ететін сияқты. Сондықтан да төтенше жағдайлар комитеті мен «ҚазТрансГаз» компаниясы бірлесіп сақтық шаралары барысында осылайша жұмыс жасап жүр. Тұрмысы төмен отыз отбасыға газ сигнализаторын тегін орнатып берумен іс бітпейтіндігін біледі. Мүмкіндігінше, барлық отбасылардың аман болғанын, әр үйде дабыл қаққыш орнатқандарын қалайды. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы