Адам даму индексі (АДИ) бойынша, халқының саны аз, қазба байлығы шектеулі Исландия дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы мемлекет саналады. Елдің экономикалық әл-ауқаты екінші мыңжылдықтан бастап тез өркендеген-ді. Алайда 2008-2011 жылдар аралығындағы дағдарыс халықтың тұрмысына ауыр соқты. Қиындыққа қабырғасы қайыспайтын исландиялықтар тоқыраудан тосылып қалған жоқ. Соның нәтижесінде 2013 жылдан бастап ел экономикасы қайта жанданып келеді. Халықаралық қаржы қорының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда Исландия жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім бойынша 6-сатыда тұр (59 мың доллар). Сатып алу қабілеті жөнінен де арал тұрғындары көп елден көш ілгері. Елдегі инфляция деңгейі 1,8 пайыз мөлшерінде. Бұл – басқа мемлекеттермен салыстырғанда анағұрлым төмен.
Әйтсе де, Исландиядағы жағдайдың бәрі керемет емес. Елдегі негізгі сала қызмет көрсетуге бағытталғандықтан, әлемдік дағдарыс секілді тосыннан келген тоқыраулар Исландияның әлеуетін шайқалтып кетті. Сондықтан ел президенті Гвюдни Йоуханнессон бастаған билік өкілдері экономиканы әртараптандыру мақсатында шаралар қабылдап жатыр. Поляр шұғыласын көруге ағылатын туристерге қызмет көрсетуден бөлек, ауыл шаруашылығына ерекше ден қойылып келеді.
Халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында да Исландия билігі бірқатар жұмыстар атқарды. Мәселен, 20 жылдай бұрын жасөспірімдердің 42 пайызы алкогольді ішімдік ішіп, 17 пайызы есірткі қолданған екен. Кейінгі жылдары әзәзілдің шырмауына түскендердің саны атқарылған игі істердің арқасында 5 пайызға дейін төмендеген. Қысқа мерзімнің ішінде Исландияның мұндай нәтижеге қол жеткізуінің сыры неде? Есірткімен күрестегі исландиялық модельдің қандай ерекшелігі бар?
BBC арнасы Исландиядағы «жасөспірімдер революциясының» себебін былай түсіндіреді. Біріншіден, елде жас буын үшін коменданттық уақыт белгіленген. Соған сәйкес 16 жасқа толмаған балалардың кешкі сағат 10-нан кейін сыртта жалғыз серуендеуіне тыйым салынған. Бұл заңның сақталуына құқық қорғау қызметкерлері ғана емес, ата-аналар да мүдделі. Сондықтан ата-аналардан құралған топ күнде кешкісін көшелерді аралап, коменданттық уақыттың сақталуын бақылайды.
Екіншіден, ата-аналар балалар алдындағы міндетін адал атқарады. Мәселен, олар ұрпағының әрекетіне жауап беру міндетін мойнына алып, арнайы ережеге қол қояды. Онда ата-аналардың балаларға алкогольді ішімдік ішкізбеуі секілді міндеттер нақты көрсетілген. BBC-ге сұхбат берген Эйдар және Александра есімді ата-ананың айтуынша, мұндай шаралар отбасы мүшелерінің кешкі уақытын бірге өткізуіне мүмкіндік береді. «Бұрын бізде бәрі еркін болатын. Алайда адамдар оның қауіп-қатерін сезінген жоқ. Есесіне қазір халықтың санасы жақсы жаққа өзгерді», дейді Эйдар.
Үшіншіден, елде балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі спорттық және көңіл көтеретін шаралар көп. BBC арнасы келтірген деректерге сүйенсек, мектептен кейінгі уақытын тиімді өткізу үшін жыл сайын әр балаға құны 500 доллар көлеміндегі талон беріледі. Мұндай әрекеттің тиімділігін уақыт көрсетіп отыр. Бүгінде исландиялық спортшылардың жетістігі әлем таңғаларлық. Мәселен, таяуда футболдан Исландия құрама командасы өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатына жолдама алды. Исландиялық өрендердің бұл ерлігі ел тарихында алтын әріппен жазылатыны анық. Өйткені бұған дейін халқының саны бір миллионнан аз бірде-бір мемлекет футболдан төртжылдықтың дүбірлі бәсекесіне қатысқан емес.
Бір жыл бұрын Исландия футболшылары тағы бір шыңды бағындырды. Олар Францияда өткен Еуропа чемпионатына тұңғыш рет жолдама алып, байрақты бәсекеде атой салды. Даңқты Эйдур Гудьонсеннің ізбасарлары ширек финалға дейін сүрінбей жетіп, алаң иелеріне ғана есе жіберген болатын. Айтпақшы, Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан осы Исландиямен бір топқа түсіп, біздің футболшылар Астанада 0:3 есебімен есе жіберіп, Рейкьявиктегі матчта тең тарқасқан.
Төртіншіден, жастардың жағдайы ғалымдардың зерттеу объектісіне айналған. Жыл сайын әрбір жасөспірім сауалнама толтырып, өзіне ұнайтын немесе көңілінен шықпайтын мәселелерді ашып айтады. Осы сауалнаманың нәтижесіне қарап әр аймақ өздеріне лайық жұмыс жоспарын бекітеді.
Бесіншіден, балалар мен жасөспірімдердің жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді. Жылына жастарға арналған үйірмелерді қаржыландыру үшін 100 миллион доллар қаражат жұмсалады екен. Бүгінде болашақ ұрпаққа салынған инвестиция оң нәтиже көрсетті.
Балалар мен жасөспірімдерді есірткі мен алкогольді өнімнен алшақ ұстауға арналған исландиялық жүйе өміршеңдігін көрсетіп отыр. Қазіргі таңда олардың тәжірибесін Еуропаның 35 қаласы өздерінде сынап көруге бел шеше кірісіп кетті.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан