15 Қараша, 2011

Азаттықпен жолы ашылған Алматы, Алашымен бағы ашылған Алматы

427 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

15-16 қарашада Астанада Алматы қаласының күндері өтеді

Алматы әрқашанда Қазақ елінің абырой-беделін асқақтатуға қызмет ететін мәдени, ғылыми, қаржылық, инновациялық және туристік ор­та­лық болып табылады. Елдің аса қуат­ты экономикалық, қоғамдық-саяси әлеуеті осында шоғырланған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ішкі жалпы өнімнің бестен біріне жуығын өндіріп, мемлекеттік бюд­жет кірісінің ширегінен астамын беріп отырған да Алматы екендігін әр­дайым атап көрсетіп келеді. Алматы сонымен бірге Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі саналады. Мемлекетіміздің даму сатыларының аса ма­ңыз­ды кезеңдері Ал­матымен тығыз байланысты. Сон­дықтан, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесінің күллі алматылық­тар үшін мән-ма­ңы­зы ерекше. Тәуел­сіз­дік жылдарында ме­га­полистің әлеу­мет­тік-экономикалық өмі­рі­нің барлық са­ла­ларында толымды табыстарға қол жеткізілді. Халықаралық сарапшы­лар­дың бағамдауы бойынша, Эдин­бург, Детройт және Санкт-Петер­бургпен қатар Алматы әлемнің жа­һандық шаһарларының тізіміне енді. Біздің оңтүстік астанамыздың мәр­те­бесі Орталық Азия­ның барлық қала­ла­рының маңдай алдына шығып, әлемдік экономиканың осы ұлан-ғайыр өңірдегі қақпасы деп та­ныл­ғанын да Алма­тының елордадағы күндері қар­саңында мерейлене айтқанымыз жөн болар. Тәуелсіздікке қолымыз жеткен жылдарда Алматы еліміздің ас­та­на­сы болды. Тәуелсіздігіміз осы қа­лада жарияланды, Тұңғыш Президентіміз осы қалада билік тізгінін ұстады. Тәуелсіз еліміздің даму бағдарламасы да осында жаса­лып, жасампаз іске жол ашылды. Кейінірек, елордамыз Ақмолаға ауы­сып, Ас­тана дейтін әсем қала пайда бол­ған соң, кейбіреулер енді Ал­маты­ның күйі кетеді деп сәуе­гей­лік айт­қан. Ал Алматы Ас­та­на­ға лайықты енші беріп шығарып салды да, өзі қарашаңырақ болып қала берді, өсіп-өркендеп, кемелдене түсті. Ол мәдени-рухани қарашаңы­рақ болумен қатар, қаржылық, ин­новациялық, іскерлік орталық бо­лып бой көтерді. Ел экономи­ка­сы­ның шешуші тұтқасына айналды. Бұл жөнінде цифрлар сөйлесінші. Алматыда елдегі жалпы ішкі өнім­нің 20 пайызы, яғни бестен бірі өн­дірілді; барлық түсетін салықтың ширегі осында жиналады; көтерме және бөлшек операциялардың 50 па­йыздайы осында жасалады, сон­дай-ақ сыртқы сауда айналы­мы­ның алтыдан бірі Алматыда жү­р­гі­зіледі; салынған тұрғын үйдің 16,4 пайызы осында; барлық инвес­ти­ция­ның 9 пайызы осында салына­ды. Та­ғы да атап айтарлық бір жәйт, елі­мізде ерекше мән берілетін ша­ғын және орташа бизнес жү­зе­ге асыратын тауар айналымы­ның, жұ­мыстары мен қызметінің үштен бірі Алматының үлесіне тиеді. Қала экономика­сын­да қаржы­лық және банк секторы қызметі ай­рықша ба­сым. Қазақстан банктері­нің 80 па­йы­зы осында шо­ғырлан­ған, Ұлт­тық Банк, Қазақстан қор биржасы, сақтандыру компа­ния­­лары­ның жә­не зейнеткерлік активтерді басқару жөніндегі компа­ния­­лар­дың көпші­лігі осы жерде жұмыс істейді. Индустриялық-инновациялық даму бағытын ұстана отырып, Ал­ма­ты қаласының басшылығы ең ал­дымен энергия кешенін, көлік инфрақұрылымын дамытуға, су жү­­йе­сін жаңартуға назар аударып, пәрменді жұмысқа кірісті. Әлеу­мет­тік бағыттағы нысандардың құ­рылысын жаппай жүргізу, әкім­ші­лік-аумақтық жақсарту және сон­дай-ақ «өмір сүруге қолайлы қала» қағидасы бойынша қала маңын­дағы аумақты дамыту үшін барлық жағдайды жасау – мегаполис үшін айрықша маңызды болып отыр. Алматының инвестициялық мүм­­­кіндігі аса жоғары. Оның рес­пуб­ли­камыздың іскерлік және қаржылық орталығы болуының өзі инвес­ти­ция­ға даңғыл жол ашады. Халық­ара­лық FITCH рейтингтік агенттігінің бағалауы бойынша, оның инвес­ти­циялық рейтингі ВВ+ деңгейінде. Біршама жылдардан бері негізгі ка­питалға салынған инвестиция­ның үлес салмағы жөнінде мұ­най­лы Атырау облысынан кейінгі Қазақ­стан­дағы екінші аймақ. Инвестиция қандай салаға құ­йы­лады дегенде, ол қала өмірін тү­г­ел қамтиды десе де болады: қоз­ғал­май­тын мүлік операциялары; жалға беру және қызмет көрсету; көлік және байланыс, өнеркәсіп; қаржы; сауда, жөндеу ісі; денсау­лық және әлеуметтік қызмет, қонақ үйлер мен мейрамханалар; құры­лыс; білім беру т.б. Инвестицияларға ұсынылатын жобалар көп. Бюджет қажетін қар­жы­ландыру үшін мемлекеттік ба­ға­лы қағаздар шығару құқы да Ал­матыға берілген. Ғылыми-инновациялық даму ор­талығы ретінде болашақта Ал­ма­ты қаласы инновациялық даму­дың көш­басшысы болмақ. Экс­порт­қа шы­ғарылатын өнім өндіру­ге бағыт­талған ірі фирмалар айма­ғын құру үшін үлкен шаралар жүргізіліп жа­тыр. Сонымен қатар аймақтық кө­лемде инновациялық инфра­құры­лым­дар – венчурлық қор­лар, бизнес – инкубаторларды дамытуға бағыт ұсталып отыр. Қалада орналасқан ірі қазақ­стан­д­ық фирмалар мен қаржылық құрылымдар шетелдік озық ком­панияларға қатысу үлесіне ие бола отырып, сол компаниялар өндірі­сі­нің бөлімдерін Алматыда орналас­тыру саясатын жүргізбек. Бұл Ал­маты агломерациясын ірі халық­аралық инновациялар мен озық технологиялар орталығы ретінде көрсете алады. Көліктік, сауда-логистикалық ор­талық болуды да Алматыға тағ­дыр­дың өзі жазғандай. Ол Батыс пен Шығыстың ортасында жатыр. Осы екі аймаққа қатысатын көлік толқыны  Алматыны басып өтеді. Ал өмірдің өзі Батыс пен Шығыс­тың арасында үлкен сауда жүруін талап етеді. Болашақта Алматы ТМД ауқы­мын­да көлік, жүк тасу саласында көшбасшыға айналмақ. Әсте де ол біреудің қалауымен емес, Оңтүс­тік-Шығыс Азия – ТМД – Еуропа ко­ри­дорында оның тірек пункт бол­­ған­дығынан. Халықаралық кө­тер­­ме сауда және дистрибуция ор­талы­ғын құру мақсатында сауда инфра­құ­ры­лымын дамыту көзде­ліп отыр. Алматы қаласындағы өнеркә­сіп­ке инвестициялық мүкіндіктің 57 пайызы шоғырланған. Мұнда тамақ, жеңіл, фармацевтикалық өнеркәсіп, мәшине жасау дамыған. Өнеркәсіп өндірісінің шарықтау шегі өткен дағдарыстан бұрынғы 2007 жылға сай келеді. Сонда 384,5 миллиард теңгенің өнімі өн­дірілген еді. Ал дағдарыс кезінде біраз төмен құлдырады. Сөйтсе де, былтырғы жылдан бастап қайтадан өсу жолға қо­йыл­ды. 2010 жылдың алғашқы жар­ты­сында-ақ өсім көлемі одан бұрын­ғы жылмен салыстырғанда 26,8 па­йызға артты. Қазіргі кезде өсу қар­қынының артуына өңдеу өнер­кәсі­бі, металлургия өнеркәсібі, сон­дай-ақ «электрмен жабдықтау, газ бен бу беру» салалары айтар­лық­тай үлес қосып отыр. Кәсіпкерлікті дамытудың аса ірі орталығы – Алматыға осындай анықтама барынша сай келеді. 2009 жылы мұнда 77,9 мың шағын және орта бизнес нысаны болған екен, қаржы-экономикалық дағ­да­рыс жылдарында да олардың саны азаймағанын айтқан жөн болар. Шағын бизнестің кәсіп­орын­дары негізінен сауда ісімен, автомобильдер, тұрмыстық техника және жеке меншік бұйымдарды жөндеумен айналысады, қозғалмайтын мүлік, жалға беру, қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс сала­сын­да жұмыс істейді. Қала экономикасын негізінен жер­­гілікті бюджетке түсетін са­лық­тың 60 пайызын кәсіпкерлік құрай­ды. Содан да қала әкімі Ахметжан Есімов бас­қа­ратын Іскерлік кеңес шағын және орта бизнеске барынша қолдау көр­сетеді. Әсі­ресе кәсіпкер­лік­ке әкім­ші­лік кедергі жасамауға айрықша мән беріледі. Мұның өзі лицензия алу­дағы машақатты ба­рын­ша азай­тып отыр. Сондай-ақ кә­сіп­керліктің бес түріне лицензия алуды жою жө­нінде ұсы­ныс жасал­ды. Бұл шағын бизнесті дамытуға жаңа жол аша­тын болады. Жалпы кәсіпкерлікті дамытудағы Алматы қаласының тә­жірибесі бүкіл республикада кеңі­нен қолданылуда. Қаланың қаржылық орталық ре­тінде одан әрі дамуының бола­шағы көп жағдайда бағалы қағаз­дар на­ры­ғын дамытуға байланыс­ты. Ұлттық компаниялардың Қа­зақ­стандық қор биржасына шығуы, ұжымдық инвестициялау инс­ти­туты мен жинақ­тау­шы зейнеткерлік қорлардың жұ­мысын икемдеу нә­тижесінде Алма­ты қа­ласын бир­жалық сауда орта­лығына айнал­дыруға жақсы негіз қаланып отыр. Мегаполистің дамуы үшін мы­на­дай үлкен міндеттер тұр: қар­жы­лық рынокқа қатысатын қазақ­стан­дық ны­­сандардың осы қалада ор­нығуы; отандық экономиканы жа­ңар­ту үшін бағалы қағаз ры­но­гы ар­­қылы халық­тың ішкі жина­ғын іске қосу; қазақ­стандық және шетелдік эмитент­тер­дің бағалы қа­ғаз­дарын орналас­ты­ра­тын алаң ретінде Қазақстан қор бир­жа­сы­ның жұмысын жандан­ды­ру. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақ­са­тында қалада үлкен шаралар жа­са­лып жатыр. 2006 жылдан бастап Алматыда Ай­мақтық қаржылық орталық (ААҚО) жұмыс істейді. Оған қаты­су­шыларға кең түрде қызмет көр­сету кешені ұсынылады. Аймақтың табиғи-рекреа­ция­лық әлеуеті мен халықаралық стан­­дартқа сай келетін инфра­құ­ры­лымы Алма­ты­ны республика­ның туристік қақ­па­сы деп атауға мүм­кіндік береді. Үстіміздегі жылдың басында Астана мен Алматы қаласында 7-қыс­қы Азия ойындары үлкен та­быспен өтті. Жарыстар өткізу үшін 125 және 95 метрлік керемет шаң­ғы трамплиндер кешені са­лын­ды. Бұл кешендер техникалық параметрі бойынша әлемдегі ең үздік­терд­ің қатарына қо­сылады. Сон­дай-ақ, шаңғы және биатлон стадиондары да бой көтерді. Балуан Шолақ атындағы спорт са­райы күрделі жөндеуден өтті. Атақ­ты биік таудағы «Медеу» мұз ай­ды­ны мен «Шымбұлақтағы» шаңғы ку­рор­­ты қайта жаңғыртылды. Дүние жү­зін­де ұзындығы жөнінен екінші орын алатын гондол жолы салын­ды. Оның ұзындғы 4,5 шақырым. Бар­лық спорт нысандары халық­аралық сарапшы­лар тарапынан жоғары баға алды. Болашақта «Шымбұлақ» ку­рор­ты әлемдегі биік таудағы ең үздік деген он курорттың қатарына қосылмақ. Мұндай ғимарат Орта­лық Азияда Алматыда ғана бар. Ақ Азиада бүкіл ел үшін үлкен оқиға болды. Соның арқасында Ал­маты үлкен спорттың тарихына еніп қана қоймай, халықаралық деңгей­дегі мегаполиске айналды. Біздің қа­ламызды қазір бүкіл әлем таниды. Халықаралық туризмді да­мыту үшін Алматыда барлық жағ­дай бар. Осы жайды ескеріп, қала басшылығы туризмді одан әрі дамытуды басты міндеттің бірі санап отыр. Барлық саладағы жұмысты жақ­­сартудың нәтижесі халықтың әлеу­мет­тік жағдайына әсер етеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, халық­тың әлеуметтік өміріндегі игі өз­геріс­тер­ді аңғаруға болады. Эконо­микалық дағдарыстың әсеріне қара­май, бүкіл еліміздегі тұрғын үй құ­ры­лысының 11 пайызы Алматыда жүргізілді. Соң­ғы бір-екі жылда 16 мың үлес­кер пәтерлі болды. Жалпы алғанда, мемле­кеті­міз­дің саясатының арқасында аймақта халықтың әлеуметтік өмірінің са­па­сы айтарлықтай өсті. Соңғы бір жылда халықтың айлық жалақысы 4,3 пайызға өсіп, ол қала бойынша 121,3 мың теңгеге жетті. Жұмыс­пен қамтамасыз етілген халықтың саны 1,6 пайызға өсті. Халықтың әлеуметтік жағ­да­йын сөз еткенде, денсаулық сақ­тау жү­йе­сіне арнаулы тоқталған жөн. Тәуел­сіздік жылдарында ол үлкен өзгеріске ұшырады. Қан­ша­ма жаңа нысандар пайда бол­ды. Бұл ретте саламатты өмір сал­тын орнықтыру орталығы, кардиологиялық және рев­мато­ло­гиялық орталық, қан ор­та­лығы, перинаталдық орталық, емдеу-диаг­ностика орталығы, қа­ла­­лық патология-анатомиялық бюро, ең­бек және әлеуметтік қалпына кел­тірудің емдеу орталығы, баланы қал­пына келтіру орталығы, ау­дан­­ара­лық туберкулезге қарсы диспансер көңілге оралады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бас­­та­ма­шылығымен жүзеге асып жат­қан «100 мектеп, 100 аурухана» жо­ба­сы қаланың денсаулық сақтау са­ла­­сына айтарлықтай оң ықпал жаса­ды десек ләзім. Осы жоба ая­сында қала­лық неонатал­дық орта­лықтың құры­лы­сы аяқ­та­лып, ана мен бала­ның өмірі мен денсаулығы үшін үлкен шаруа тындырылды. Бұл бү­кіл рес­пуб­ликадағы жаңа туған балалар­дың кардиохирур­гия­сын жү­зе­ге асыра­тын перина­тал­дық орта­лық болып табылады. Тәуелсіздік жылдарында қала­да­ғы жалпы білім беру ісі жаңа дең­гей­ге көтерілгенін көп дәлел­деу­дің қажеті жоқ. Қалада бұрын да білім беру мекемелері жұмыс істеді, қа­жет­ті өтеп жатты. Сөйтсе де білім беру­дің жаңадан 42 мемлекеттік ны­саны салыныпты. Со­ның 20-сы соң­ғы үш жылдың есебіне кіреді: 11 балабақша, 5 мектеп, 11 есту кемістігі бар балаларға арналған мектеп-ин­тернат, үш мектепке жаңа қосым­ша ғимараттар салынған. Сөзді түйіп айтқанда, алматылықтар еліміздің бас мерекесін осындай табыстармен қарсы алғалы отыр.   Алматы Жазылмаған жыр ма екен, Шертілмеген сыр ма екен? Көктөбенің етегі – Көктем көшкен бір мекен. Алмасы да азайып, Арнасы да азайып, Қайран шаһар ғажайып Сәл мұңайып тұр ма екен?   Шабыт болып шарықтап, Бақты құшқан Алматы. Жеті өзеннен қалықтап Аққу ұшқан Алматы. Желтоқсанның жанылған Қайрағындай Алматы. Азаттықтың сағынған Байрағындай Алматы.   Арайларың өпкенде, Көгеретін көктембіз. Көктөбедей көк белге Өлең іздеп жеткенбіз, Өмір іздеп жеткенбіз. Сайрағасын ұмтылдым Таңда құсым, Алматы. Қазақ деген жұртымның Арманысың, Алматы.   Тұндыратын тұмамды Тұнығымсың, Алматы. Мұнар-мұнар мұнарлы Ғұмырымсың, Алматы. Ақын болып фәниге Кірдік кеше, Алматы. Өлең атты сәбиге Кіндік шеше – Алматы. Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, халықаралық «Алаш» әдеби  сыйлығының лауреаты.   Метро – ел мерейі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында көптен күткен Алматы метросы іске қосылмақ. Біз осы маңызды оқиғаға орай «Метрополитен» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Мұрат Өкшебаевқа жолыққан едік. – Мұрат Таңқыбайұлы, тек алматылықтар ғана емес, бүкіл Қазақстан халқы метро­ның іске қосылуын асыға күтуде. Біздің білуімізше, метромен заулайтын сәттерге са­наулы күндер қалды. Осы тарихи күнге дайынсыздар ма? – Біз Елбасының берген тапсырмасы бойынша желтоқ­сан айының басында метро­поли­тен­нің құрылыс жұмыс­тарын бітіріп, іске қосуымыз керек бола­тын. Қазіргі таңда бар­лық жұ­мыс­тар толықтай аяқталды. Тек ашылуға дайын­дық жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан, белгіленген межеде Алматы тұрғын­дары метро­ны пайдалана алады деген сенімдемін. – Метро желісінің жалпы ұзындығы қандай? Неше станса іске қосылатын бола­ды? Жолақысы қанша? – Іске қосылайын деп отырған метроның алғашқы кезегі. Оның ұзындығы 8,56 км. Бұл желінің бойында жеті бекет орналасқан. Алғашқы кезде 7 пойыз қатынайтын болады. Жол­ақыға келетін болсақ, оның мөлшері шамамен 75-100 теңге аралығында. Қалалық мәслихат жол­ақының нақты сомасын дауыс беру арқылы бекітеді. – Шет мемлекеттерде болып жатқан неше түрлі оқиға­лар­дан кейін, біздің метро қауіп­сіздігі тақырыбын айналып өту­ге болмас. Осы туралы ай­тып берсеңіз. – Алматы метросына мінген әрбір жолаушы өз өмірі үшін алаңдамауына болады. Өйткені, метроның қауіпсіздік және авто­маттандырылған басқару жүйе­лерін орнату барысында, біз шет мемлекеттер метроларының жү­йе­лері мен онда орын алған лаң­кестік оқиғаларын, заң бұзушы­лық әрекеттердің барлығын ескер­дік. Шетел метроларында қол­даны­латын озық үлгідегі технологиялар мен жүйелерді енгіздік. Алматы метрополитенінде отыз­ға жуық автомат­тандырыл­ған қауіпсіздік жүйелері орна­тыл­ған. Барлық жерде бейнекамералар ор­натылды. Сонымен қатар, метрода полицияның ар­найы бөлімшесі қызмет атқара­тын болады. Бізде енгізілген технологиялар ТМД метроларының ешқайсысында жоқ. – Желтоқсан айында іске қосылатын 7 бекеттен басқа стансалар салына ма? Жал­пы, метроның келешегі қандай? – Алматы метрополитені тек осы іске қосылатын 7 бекетпен шектеліп қалмайды. Ал­ма­ты сияқ­ты алып шаһарға шы­найы пайдасы тиіп, тұрғын­дар­дың жү­ріп-тұруының қолайлы­лы­ғына септесуі үшін метро желісі қала шетіндегі кенттер мен шағын аудан­дар­дың аума­ғын да қамтуы керек. Бұл мәсе­ле­ге қа­тысты жұмыс­тар атқарылуда. Үстіміздегі жылдың мамыр айында Алматының орталығын Қалқаман кентімен байланыс­ты­ратын метроның екінші кезе­гінің құрылысын бастадық. Ол Алатау бекетінен жалғасын тауып, Абай даңғылының асты­мен тура Қал­қаман кентіне дейін барады. Қа­зір­гі таңда 300 метр­ден астам тон­нель қазылды. Бұл жолдың бо­йында тағы 5 станса салу жос­парланып отыр. Қазан айында қа­ла­лық мәс­ли­хат бе­кет­тердің атауын да бекітті. Сон­дықтан, қа­ра­жат уа­қы­тын­да бөлініп отыр­са, 5-6 жыл кө­ле­мінде екінші кезек­тің құрылы­сын толық­тай аяқтай­мыз деген үміттеміз. Сонымен қатар, Алматы-I темір жол бекетіне апаратын жерүсті жол жобасы да дайын. Әңгімелескен Айгүл ШАХМАРАЛ, журналист.   Алатау ауданы. Авторы - Елбасы Алатау ауданы Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың тікелей тап­сыр­масымен Алматы қала­сы­ның сол­түс­тік-батысында шо­ғыр­ланған ел­ді мекендерінің көп жылдар бойы қор­даланған әлеу­меттік-экономи­ка­лық мәселе­л­ерін шешу мақ­сатын­да 2008 жы­лы шілде айында құрылған бола­тын. Сол уақыттан бері ол Ал­ма­ты қа­ласының қалып­ты өмір сү­ріп жат­қан аудандары қатарына қо­сылып, тұрақты ілгерілеу жолына түсе білді. Бүгінде ауданның дамуына бар­­лық жағдайлар жасалуда. Ең алды­мен, ауданда мемлекеттік басқару мекемелері – аудан әкімі аппара­ты­ның ғимараты, халыққа қызмет көр­­сету орталығы, салық басқар­ма­сы, прокуратура, аудан­дық сот, ішкі істер басқармалары құрылып, өз міндеттерін толық­қан­ды атқару­да. Аудан тұр­ғын­дарына ыңғайлы болуы үшін ор­талығы ретінде «Шаңырақ-2» шағын ауданы белгіленіп, аз уақыт аралығында жо­ғарыда аталған мекемелер шоғыр­лан­ған әкімші­лік кешені салынды. Бас-аяғы 3 жыл ішінде жаңа ау­данның дамуына қалалық және рес­пуб­ликалық бюджет есебінен 48 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Осы орайда, алғашқы күннен бастап қажетті әлеуметтік нысан­дарды салу жұмыстары басты на­зар­ға алын­ды. 3 жыл ішінде «Ұл­жан», «Әй­ге­рім-2» шағын аудан­дарын­да 1200 орын­дық заманауи талаптарға сай жал­пы білім беретін мектеп салын­ды, «Шаңырақ-1» шағын ауданында спорттағы да­рын­ды балаларға арнал­ған респуб­ликалық спорт интернаты ашылды. «Шаңырақ-2» шағын ау­да­нында 1 ауысымда 200 адам қа­был­дай­тын қалалық емхана іске қо­сыл­ды. Сон­дай-ақ «Шаңырақ-1» ша­ғын ау­данында 120 орындық, «Ша­ңы­рақ-2», «Ұлжан-1», «Дархан» ша­ғын аудандарында 320 орындық ба­ла­бақшалар пайдалануға берілді. Жалпы ұзындығы 100 шақы­рым болатын 257 көшеде құрылыс-жөн­деу жұмыстары жүргізілсе, аудан аумағын газдандыру жұмыс­тары ая­сында ұзындығы 117 шақы­рым газ құбыры тартылды. Мұны­мен қоса, 155 шақырым электр жү­йелері тар­тылып, 86 жаңа транс­фор­ма­тор­лық қондырғы орнатыл­ды. 13 ­шақырым су құбыры тар­ты­лып, 5 шақырымда кәріз жүйелері жүргізілді. Алатау ауданы құрылған күн­нен бері оң шешімін тауып келе жатқан басты мәселе – өз бетімен ба­сып алын­ған жер телімдерін заң­дастыру болатын. Бүгінде аудан ау­мағында өз бетімен жер басып алу әрекеттері толығымен тоқтатылды. Заңсыз жер телімдері заңдас­ты­ры­лып, тұр­ғын­дар көп жылдар бойы арман еткен заңды құжаттарына қол жеткізуде. Арнайы жүргізілген инвентаризация кезінде анық­тал­ған 4523 заң­сыз жер телімдерінің 3895-і бойын­ша заңдастыру жөнін­де шешімдер шығарылды. Заң­да­су­ға жатпайтын жер телімдерінде тұ­ра­тын азамат­тар­дың да мәселесі шешімін табуда. Бүгінде бұл тұр­ғындар үшін «Қа­ра­су» шағын ау­данында 600 тұрғын үйдің құры­лысы жүріп жатыр. Ауданда жалпы қала бойынша үдемелі экономикалық дамудың басым бағытының бірі – Индус­триал­дық аймақты дамыту жоба­сы іске асырылуда. Жобаға сәй­кес таяу болашақта 490 гектарды құрайтын аймақта өндіріс пен әлеуметтік инфрақұрылымды да­мыту, жаңа жұмыс орындарын құру көзделген. Қазақстан Республикасы Тәуел­­сіздігінің 20 жылдығы аясында «Трудовик» шағын ауданында «Ха­лық» атты спорттық саябақ кешені ашылды. Желтоқсанның ба­сын­да «Дархан» шағын ауданында қазіргі заман талаптарына сай са­лынған аудандық ішкі істер басқар­масы­ның ғимараты қолданысқа берілмек. Осылайша авторы Елбасы бо­лып табылатын аудан болашақта көркейіп, дами бермек.   Шығыс айналма жолы шырайлы-ақ Алатау баурайындағы ару қа­лада ең ірі де елеулі жоба­лар­дың бірінен саналатын шы­ғыс айналма автомобиль жолы­ның құры­лы­сы аяқталуға жа­қын. Бү­гіндері жолдың мәрелі бөлігін­дегі жұ­мыстар қызу қар­қынмен өріс­те­ген. Бұл жұ­мыстарды Юрий Слуев жетекшілік ететін «Дормехстрой» ЖШС ұжымы жүр­гізуде. Алты жолақты кең ма­гистральға түс­кен­нен-ақ жыл­дам­дықты саға­ты­на 80 шақы­рым­ға жеткізіп, ұшырта жөнеле­сіз. Мұнда ав­то­көлік иелерінің қауіпсіздігі қам­та­масыз етілгені бірден бай­қа­ла­д­ы. Екі жерасты және сегіз жер­үсті жаяу жүргін­ші­лер өтке­лек­терінің салынуы шығыс айналма жолының тағы бір артықшылығы болмақ. Мега­по­листің ең ірі жо­басын аяқтау үшін құрылыс­шы­лар уақытпен санаспай, ертеден қара кешке дейін жұмыс істеуде. Әл-Фара­би даңғылындағы Тәт­тім­бет көше­сі­нің бұрышынан бас­та­ла­тын шы­­ғыс айналма жо­лы­ның жал­пы ұзындығы 7,2 ша­қы­рым. Ол Халиуллин және Николаев көше­­лерінің қиылысын­дағы үш дең­гейлі көлік жола­йы­рығында тү­йін­деледі. Сөй­тіп, осы арадан Құл­жа күре жо­лы мен Талғар жаққа тарам­да­лып ке­теді. Жол­айырыққа дейінгі қоз­ғалыс осы таяу күн­дер­де ашыл­мақ­шы. Одан әрі айырымдық жолақтар, жа­рық­­тандыру, жиекжолдар, арық­­тар, абаттандыру мен көр­кей­ту жұ­мыстары қала­ды. Сонымен, Тәуелсіздік мерекесіне қарай ал­матылықтар мен қала қонақ­тары орталықтан ха­лық­аралық әуе­жайға дейін он бес минөтте жету мүмкіндігін алады.   Тілдік ахуал айшықтары Алматы қаласының жергілікті бюджетінен мемлекеттік тілді дамыту жұмыстары үшін 2008 жылы 113 млн.тең­ге, 2009 жылы 124 млн.теңге жұмсалса, 2010 жыл­ға 175 млн. теңге, 2011 жыл­ға 187 млн. теңге қаржы бөлінді. Қаланың жергілікті ат­қару­шы органдарындағы мемлекеттік тілдегі құжат айна­лы­мының көрсеткіші артып келеді. 2008 жылы 60%, 2009 жы­лы – 65%, 2010 жылы – 75% болды, ал биыл 82%-ға жетті. 19 этномәдени орталық­тың 28 тобындағы 371 тың­дау­шыға қазақ тілі, 16 этномәдени орта­лық­та 32 топқа бөлінген 497 тың­даушыға өз ана тілдері оқытылуда. Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілінде іс жүргізе алатындары 65%-ды, әр түрлі деңгейде түсіне­тін­дері  27%-ды құрайды. Қазақ тілінде тәрбиелейтін және білім беретін балабақ­ша­лар мен мектептердің саны жылдан-жылға артып келеді. Яғни, қала­да қазақ тілін тұтынушылар қа­тары күн санап көбеюде. Ал­ма­тыдағы 216 балабақшаның 81-і қазақ тілінде, 82-сі – аралас. Олар­да тәрбиеленушілердің 15 мыңы – қазақ. Бұған қоса, 18 мың сәби аралас топтарға барып жүр. Өзге ұлт өкілдерінің өз ба­ла­ларына қазақша тәрбие беруге деген ықыласы жыл сайын ар­тып келеді. Қалада өзге ұлт өкіл­дерінің балалары 3692 қазақша тәрбиеленуде. Таза қазақ тілінде оқыта­тын мектептердің саны 50-ге жетті. Ал, 1989 жылы олар­дың саны – 7, 1999 жылы – 32 болған. Соң­ғы үш жылдың ішінде ғана онға жуық қазақ мектебі ашылды. Олар­дың барлығы – жаңадан са­лынған ғима­раттар. Таяу жыл­дары тағы да 7 қазақ мектебі шаңырақ көтер­мек. Ара­лас мектептерді жеке бө­­ліп шығарудың да жүйелі жос­пары бар. Осыдан жиырма жыл бұрын Алматыдағы қазақ мектептерінде оқитын балалар саны 8 мыңдай ғана болса, биылғы оқу жылында олардың саны 70 мыңнан асты. Алматыдағы 53 жоғары оқу орнындағы 186 мыңнан астам студенттің жартысынан астамы ана тілімізде оқиды. Салыс­ты­рып қарағанда, 1990-1991 оқу жыл­­дары жоғары оқу орын­дарында қазақ тілінде оқытатын топтар саны 13,6 пайыз болса, 2000-2001 жылдары 30,1 пайызды құ­раған. Ал өткен оқу жылында қазақ тіліндегі топтардың саны 51,6 пайызға жетті. Айқарма беттің материалдарын дайындаған Алматы бөлімшесінің тілшілері Мамадияр Жақып, Қорғанбек Аманжол. Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ,  Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ.
Соңғы жаңалықтар

Берекелі грант

Қоғам • Кеше