15 Қараша, 2011

Мемлекет және экономика

3925 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
Мемлекет – тарихи құбылыс. Ол адамзат баласымен бірге тумаған. Алғашқы қа­уымдық құрылыс мемлекет дегенді білмеген. Ол жеке меншіктің пайда болуымен бірге ғана өмірге келген. Мемлекеттің шы­ғуын Дидро, Гоббс, Руссо сияқты философтар қоғамдық келісімнің жемісі, яғни адам­дар жеке меншікті қорғау және қоғам­дық тәртіпті сақтау үшін өзара келісімге келу жолымен дүниеге келген деп түсін­діре­ді. Адамдар өздерінің табиғи құқық­та­ры­ның бір бөлігін өз еркімен мемлекет билігінің үлесіне берген деп ұғындырады. Ал Фурье болса, бұған қарсы. Қоғамдағы азамат­тар­дың бәрі бірдей жеке меншікке ие емес, көбінде еш байлық жоқ. Сондықтан да олар өз еркімен қоғамдық келісімге мойынсұна қоймайды. Әрқайсысының мүдделері әртүрлі. Марксистер болса, мемлекет қоғамдық келісімнің нәтижесі емес, социумдағы үстем таптың өз мүддесін қорғаудың, екіншісі, таптың қарсылығын жоюдың құралы деп түсіндіреді.  Қоғамдағы еңбек бөлінісі кезінде біреудің үстем жағдайға, екіншісінің бағынышты жағдай­ға түсетіні сөзсіз. Мәселен, бір отбасының өзінде табысты көп табатын отағасы әйелі мен бала­ларына билік жүргізеді. Оларды өз әміріне тәу­ел­ді етеді. Әйел мен бала отбасының иесіне бағы­нышты болады, өйткені, ол үй ішін асыраушы, тамақтандырып, киіндіретін де соның өзі. Ал қоғам жеке отбасылардан құралады. Олар­дың табыстары да әртүрлі, қоғамдағы орындары да әртүрлі. Әлеуметтік статусы олардың бай­лы­ғына, меншігінің көлеміне тікелей байланысты. Ф.Энгельстің: «Мемлекет дегеніміз, бір топ­тың екінші топты басып-жаншудың машина­сы­нан басқа ештеңе емес», – дегені белгілі, яғни ол ешқандай да қоғамдық келісімнің жемісі емес, олай болуы мүмкін де емес. Өйткені, ешбір тап өзін басып-жаншитын құралдың дүниеге келуіне мүдделілік танытпайды. Тек қоғамда үстемдікке ие болғандар ғана қолындағы байлығы мен билігін сақтау үшін мемлекеттің дүниеге келуіне мүд­делі болады. Мемлекет қоғамға қызмет етуге, ел­дің тыныштығын сақтауға, оны сыртқы шабуыл­дан және ішкі қарсылықтардан қорғауға қажет болғанда заңды түрде күш қолдануға құқығы бар феномен болып табылады. Мемлекеттік билік бүкіл ішкі және сыртқы саясатты, қоғамдағы ты­ныштықты сақтауды, меншік иелерінің мүддесін қорғауды, соларға қолайлы жағдай туғызуды жүзеге асырады. Сонымен бірге жалғыз ірі меншік иелерінің ғана емес, оларға жалданып жұмыс істеушілердің де мүддесін қорғаған кейіп білдіреді. Оларға ішінара жағдай жасап, әлеуметтік ша­ра­ларды іске асырады, оқтын-оқтын жалақыла­рын көтеріп, салықтарын азайтады. Бірақ бұл жалдамалы жұмыскерлердің түбегейлі мүддесін шеше алмайды. Тек әлеуметтік тыныштықты сақ­тауды, ел ішінде сілкініс, бүліншілік етек ал­мау­ын ғана көздейді. Сондықтан Ф.Энгельс ХІХ ға­сырдың соңында АҚШ-тағы мемлекеттік би­лік­тің қоғамнан оқшаулану процесін қатты сынға алды. «Мы видим там две большие банды политических спекулянтов, которые попеременно забирают в свои руки государственную власть и эксплуа­ти­руют ее при помощи самых грязных средств и для самых грязных целей, а нация бессильно против этих двух больших картелей политиков, кото­рые якобы находятся у нее на службе, а в действительности господствуют над ней и грабят ее». (К.Маркс, Ф.Энгельс, Изб.сочинения. т.4. с 309). Біздің еліміз, Ата Заңымызда жазылғанындай, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­мет­тік мемлекет құруға берік бағыт ұстап отыр. Мемлекет үшін ең басты құндылық адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы болып табылады. Мемлекет өзіне тиесілі құзыретіне сай осы мақсатты орындау жолында қызмет етіп келеді. Мемлекеттің тартымдылығы, пәрменділігі, әлеуметтік ұнамдылығы халықаралық форумдар, спорт жарыстарын, кинофестивальдар, мәдениет күндерін өткізумен ғана өлшенбейді. Бұлар, әрине, елді таныту үшін қажет, бірақ бұл басты өл­шем емес. Басты өлшем – мемлекеттің заң­ды­лық­ты сақтауы, еңбек етуге қолайлы жағдай ту­ғы­зуы, адам құқығы мен бостандығын қорғауы, ты­нығуға, білім алуға, кәсіби шеберлігін шың­дауға қолайлы жағдай жасауы болып табылады. Мемлекеттің өз азаматтарының мүддесін іште де, сыртта да қорғай білуі, әр азаматтың өзін еркін сезінуі арқасында үлкен Отанының тұрғанын әрдайым түйсіне білуі мемлекеттің беделіне қыз­мет етеді. Осындай мемлекет қана өз азамат­тары­ның сүйіспеншілігіне бөленеді, құрметіне ие болады. Оны сыртқы жаулардан қорғауға әркез дайын тұрады. Елде еркіндіктің салтанат құруы мемлекеттің халықаралық беделінің бірден-бір көрсеткіші болып табылады. Әлеуметтік саналуандық жағдайындағы қазір­гі заманда мемлекеттің рөлі мен мәні туралы көп сөз бола бастады, биылғы 7 қыркүйекте Ресейдің Ярославль қаласында болып өткен әлемдік саяси форум осы мәселеге арналды. Күн тәртібіне бұл мәселенің қойылуы кездейсоқ емес. Мемлекеттің түрлері мен функциясына түрліше көзқарас қа­лып­таса бастады, бір саясаткерлер ұлттық мем­лекеттің тағдырына күмәнмен қарайтын болды. Бүгінгі жаһандану жағдайында ұлттық мемлекет өзін өзі сақтай ала ма, оның болашағы бар ма деген сұрақ көбейе түсті. Мысалға АҚШ-ты ала­йық. Бұл елде әржақтан келген келімсектер жергілікті тұрғындармен белгілі күрестен соң «бал­қыту қазанына» түсіп, барлығы да америкалық аталып кетті. Соны біз басқаларға үлгі етіп, алға тартып келген едік. Енді бұл елдегі балқыту қазаны басқа жерлерде нәтиже бермеді. Еуропа елдеріне жұмыс іздеп келген Азия мен Африка келімсектері жергілікті халықпен кірікпеді. Олар келген елдерінің тілін үйренгенмен өз ұлтының мәдениетінен, дәстүрінен, әдет-ғұрпынан, ділінен, тілінен қол үзе қоймады. Америкалық тәжі­ри­бе өмірге кіріге қоймады. «Балқыту тайқазаны» іс жүзінде өзін ақтамады. Жаңа елдерге қоныс­та­нушылар тасқыны тайқазанда қайнап балқып кете алмады. Өмірге америкалық бұл «балқытқыш қа­занның» орнына жаңа ағым келді. Әртүрлі этноконфессиялық топтарды ұлттық-мемлекеттік идентификациялау концепциясы тұжырымдалды. Ол мультикультурализм деп аталды. Мұның идеологтары Даниэль Кон-Бендит пен Томас Шмид болды. Олар этно-конфессиялық және этномәдени топтардың шоғырланып, саясат және құқық жүзінде ұлт мемлекеттердің шеңберінде өздерінің жеке-дара заңдарымен өмір сүруіне рұхсат етілуін жақтайды. Бұл ел ішіндегі этникалық, діни қақтығыстардың етек алмауына көмектеседі. Квота арқылы қоныс аударушы­лар­ды қабылдайтын Еуропа елдері олардың эконо­ми­калық және басқа сұраныстарын қанағат­тан­дыруды өз мойындарына алулары көзделеді. Мультикультурализмнің негізінде шағын этникалық және діни топтардың мүддесін көздеу сияқты демо­кра­тиялық маз­мұн­дар жатқанымен, іс жүзінде ол ұлт­тық мемлекеттерде қоғамдық тұ­рақтылықты қам­та­масыз етуге кері әсерін тигізуде. Соңғы уа­қыт­та Францияда, Ұлыбританияда болған имми­грант-жастардың бүліншілігі, көше тәртібін бұзуы, ғи­мараттарды тал­қандап, дү­кен­дерді то­науы осыған дә­лел. Сондықтан да А.Мер­кель, Д.Кэ­мерон, Н.Сар­кози сияқты мемлекет басшылары мультикультурализм идеясы өмір­­де өзін ақ­та­ма­ды, тұйыққа ті­­реліп, дағ­да­рыс­қа ұшырады деп жариялады. Шындығында, бір ұлттық мемлекетте сырттан қоныс аударғандар әртүрлі этникалық, конфес­сиялық топтардың саяси, мәдени, әлеуметтік, діни талаптарын мүлтіксіз қанағаттандыру оңай ша­руа емес. Мәселен, Германия халқының 20 пайызын иммигранттар құрайды. Иммигрант­тар­дың этникалық менталитеті, мәдениет және білім дәрежесі, психологиялық және кәсіби дағдылары олардың жергілікті ұлтпен кірігіп кетуін қиын­датады. Сондықтан да ұлттық мемлекеттер сырттан келіп қоныстанушыларды өздерінің егемендігіне қауіп төндіретін фактор деп санайды. Батыста да, шығыста да, бұрынғы Кеңес Ода­ғы елдерінде де көпконфессиялық, көпэтностық қауымдастыққа әзірше теория жүзінде де, практика жүзінде де соңғы нүкте қойылған жоқ. Көңілге демеу болатын жай, біздің Қазақстанда бұл мә­се­ле тәп-тәуір жүзеге асырылып отыр. Көпэтнос­тық, көпконфессиялық елдің тұтастығына, халық­тардың ынтымағына көлеңке түсіріп отыр­ған жоқ. Мұны толық сеніммен Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің ішкі және сыртқы саясатын, дәлірек айтқанда, ұлт саясатын көре­ген­дікпен, сабырлылықпен, білгірлікпен жүйелі түрде жүзеге асырып отырғанының нақты жемісі деп бағалау керек. Мұны Қазақстан халқы күн­де­лікті өмірден, саяси ахуалдан анық көріп отыр. Либертаризм мемлекетті жеке адам бостандығын шектеуші, тұншықтырушы деп қарайды, яғни жеке адамның мүддесін жалпыхалықтық мүддеден жоғары қояды. Шындығында жеке адамның бос­тандығын мемлекет емес, қоғамда қалыптасқан әлеуметтік нормалар, діни сенімдер, отбасылық әдет-ғұрыптар, идеологиялық шарттылықтар және нарықтық заңдылықтар шектеп тежейді, дең­гейден жырақ жібермей бақылайды. Мұны адам құқықтарын бұзу деп түсінуге болмайды. Бір адамның бостандығы екінші жанның құқығына нұқсан келтірмеумен өлшенеді. Мемлекет қоғамдық тәртіпті сақтау үшін, елдің қауіп­сіздігін қорғау үшін заңды түрде күштеу, жазалау шараларын жүзеге асырумен шұғылданатын бірден-бір феномен болып табылады. Қазіргі жаһандану жағдайында бүкіл әлемде мемлекеттің қоғамдағы қызметі (функциясы) мен рөлі жөнінде көзқарас түрліше қалыптасып отыр. Либерал-демократтар мен консерваторлар ара­сын­дағы пікір бір-бірінен алшақ жатыр. Біріншілері болса, мемлекетті қоғамдық тәртіпті сақ­тау­шы (түнгі күзетші), сыртқы-ішкі жаулардан қор­ға­ну шараларын жүзеге асырушы ретінде ғана танып, оның экономикаға араласуын қаламайды. Нарық жағдайындағы экономика өзін-өзі ретке келтіріп дамиды, оған мемлекеттің араласуы керек емес, ол керісінше, өндірістің дамуын тежейді, шаруашылықтағы бәсекелестікке тұсау болады деп топшылайды. Сондықтан да олар эконо­ми­каны қоғамнан, мемлекеттің ықпалынан тыс өзді-өзін қозғалысқа келтіретін, өз алдына оқшау жеке құбылыс деп санайды. Бұл батыстағы көзқарас Ресейде де, ТМД елдерінде де көп қолдау тауып отыр. Ірі кәсіпорындардың бәрін жекешелендіріп, мемлекет меншігінен алу экономиканы шапшаң дамытудың алғышарты деп тану кеңінен өріс алуда. Алпауыттардың корпорациясы қоғамда билеуші күшке айналып, айтқандарын билікке орын­датып отыр. Бұл, экономиканы шағын топтың өз қолында ұстауына қолайлы жағдай жасап отыр деген сөз. Либерал-демократтар батыста да, шы­ғыста да экономиканы реттеуге мемлекеттің қа­ты­суын құптамайды. Нарықтық экономика бәрін өз орнына келтіреді деген пайымды басшылыққа алады. Нарық сырттан өзге күштің араласуын қажет етпейді. Ол өз заңымен өмір сүреді деген пікірді ұстанады. Тарих бұған қарама-қарсы қағидаларды да біледі. Мәселен, ағылшын экономисі Джон Кейнс (1863-1946) 1930 жылы «Ақша туралы тракта­тын» жариялады. Өндірістің құлдырауын ол сұраныстың кемуімен байланыстырды. Жеке меншік сектор сұранысты қанағаттандыра алмайды. Оны қанағаттандыруды мемлекет өз қамқор­лы­ғы­на алуы керек. Кейнс капиталистік экономиканың өзін-өзі реттеу тетігіне күмән келтіріп, қоғамның экономикалық және әлеуметтік өміріне мемлекеттік реттеудің қажеттігін дұрыс деп тапты. Бұл экономистің теориясы АҚШ-тың ұлы депрессиядан шығуына көмектесті. Дж.Кейнс дағдарыстан шығудың тұңғыш рет бағдарламасын жасады. Ол тұтынуды мемлекет тарапынан реттеу жолымен «ең тиімді сұранысты» қалыптастыру арқылы дағдарыс пен жұмыссыздықты енсеруді ұсынды. Жеке сектор бұған құлықсыз, сондықтан мемлекеттік реттеуді іске қосудың маңызы зор. Осы эко­номикалық саясатты жүзеге асыру арқылы Д.Рузвельт басқарған АҚШ ұзаққа созылған дағ­дарысты жеңе алды. Екінші дүниежүзілік соғыста күйреген неміс экономикасы Людвиг Эрхардтың басшылығымен шаруашылыққа мемлекеттің тікелей араласуымен қайтадан қалпына келтірілді. Бұл мысалдар мемлекетті экономикадан алас­тату­дың пайдалы еместігін, керісінше, экономика мемлекеттік реттеудің арқасында жедел өркендей алатынын көрсетеді. Бұл тарих сабақтарына қарамастан, посткеңестік елдерде батыс ақыл­шы­ларының, халықаралық валюта қорының кеңес­теріне бас шұлғып «есеңгірету емін» басшы­лық­қа алды. Нарық заңына қанық емес бұл елдер шын мәнінде есенгіреудің бүкіл ауыртпалығын бастан кешірді. Қазір ауыр күндер артта қалды. Сондықтан да, нарық ел экономикасын өзі реттейді, тек шыдамдылық, төзімділік керек деген қағи­даға біржақты қарамау керек. Мемлекет, әрине, ұсақ-түйек шаруаларға араласпай, яғни шағын және орта бизнеске кеңінен еркіндік беріп, оған қолдау көрсетумен бірге, экономиканың страте­гия­лық салалары мемлекет құзыретінен біржола шығып кетпеуі керек. Бизнестің тұтқасы жеке адамдардың қолында екені белгілі. Әдетте жеке адам, біріншіден, өз қамын ойлайды, өз табысын молайтуды, қолда бар мүмкіндіктердің бәрін пай­даланып, кірісін еселей түсуді мұрат тұтады. Оның қарапайым халықта шаруасы жоқ. Халық қамын ойлайтын, оған қызмет ететін жалғыз мемлекет бар. Соның қолында материалдық, қаржы­лық ресурстар болса, бүкіл қоғамның мүддесіне жұмсайды. Әлеуметтік саясатқа көп көңіл бөледі, ғылым, білімді дамытады, ел қорғанысын, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салады. Ал біздің либералдар болса, мемлекет меншігінен табысты салалардың бәрін жеке қолдарға таратып беруге бейім тұрады. Мемлекет қарамағынан ірі стратегиялық салаларды алу қоғамның, елдің күйреуіне әсер ететінін әрдайым ескере бермейді. Батыстың болсын, біздің болсын либерал-демо­крат­тардың мемлекеттің экономикаға араласуы­нан ат-тонын ала қашуының түбінде не жатыр? Олар шындығында қоғамның әлеуметтік жай-күйінің жақсаруын күйттеп, ел экономикасының гүлденуін қалап отыр ма, әлде ат төбеліндей ал­пауыт­тардың жеке өз мүдделерін көздеп, ешқан­дай бақылаусыз, шектеусіз олардың өз дегендерін жүзеге асыруына мүдделі болып отыр ма? Мәселе – осында. Шағын топ стратегиялық маңызы күшті өндіріс салаларын өркендетуге мүдделі ме, әлде өзіне шапшаң мол табыс әкелетін, өндірістік айналымға тез түсіп, тез кіріс әкелетін салаларды дамытуға, яғни қызмет көрсету салаларына қар­жы жұмсауға мүдделі ме? Әрине, алпауыттар ел­дің қорғанысы үшін, қауіпсіздігі үшін жауап бермейді, ол бұлардың құзыретіне де жатпайды. Оған мол пайда әкелетін экономика саласын да­мыту тиімді. Мәселен, елде апатты жағдай болды делік. Табиғаттың дүлей күші кенеттен ғаламат шығын әкелді делік. Мемлекеттің өз қолында артық материалдық-қаржылық қаражат жоқ, келген төтенше шығынды орнына келтіру үшін ол кімге қолын жаймақ? Әрине, алпауыттарға. Бірақ олар мемлекеттік биліктің талабына түсіністікпен қарай қояр ма екен? Бұл жағы, әрине, белгісіз. Кесіп-пішу, түпкілікті шешім айту қиын. Екінші жағынан, қолында жұмсар күші жоқ, маневр жа­сайтын экономикалық қажыр-қайраты жоқ мемлекет қоғамға қалай қорған болмақ? Экономика мемлекеттің қолында болмай, оған мұның қатысы шамалы болса, сонда либерал-демократтарға қандай мемлекет керек? Қоғамдағы ішкі тұрақтылықты сақтау үшін, әлеуметтік шайқалыстарды болдырмау, олардың алдын алу үшін мемлекеттік биліктің құзырында бюджеттік қордан басқа материалдық-қаржылық қосымша мол резерв те болуы керек. Әлеуметтік толқуларды қарудың күшімен басу түпкілікті нәтиже бермейтіні сөзсіз. Сондықтан да, билік ереуілшілердің, мемлекет саясатына қарсылық танытушылардың әлеуметтік-экономикалық та­лап­тарын ішінара болса да орындауға мәжбүр бо­лады. Мұнсыз қоғамдағы қайшылықтарды бірың­ғай күш қолдану тәсілімен шешуге бомайтыны сөзсіз. Мұндай қайшылықтар биліктегілердің, тіп­ті жергілікті ғана емес, орталықтағы биліктің орашолақ саясатының, алдын-ала ойласты­рыл­ма­ған ұшқары шешімдерінің салдарынан да туын­дауы ықтимал. Сондықтан билік қасарыспай, өз кемшілігін түзетуге арланбай, шиеленісті одан әрі ушықтырып жібермей, жылдам қажетті шаралар қолданулары керек. Бұл қоғамға да, билікке де пайдалы. Бұдан мемлекеттік биліктің беделі әлсіремейді, керісінше, оның қоғамды басқаруға жедел шара қолдануға бейімдігі, яғни биліктің ширақтығы, өмірге жанасымдылығы, ел басқару шеберлігіне жетіле түскендігі анық танылады. Сондықтан да либерал-демократтардың қоғамды басқарудағы мемлекеттің рөлін шектеу жөніндегі саясаты соңғы кезде қатты сынға ұшырап, қожырай бастады. Батыс Еуропа елдеріндегі әлеуметтік толқу­лар, бірқатар елдер экономикасының дефолтқа ұшырауы, жаппай дағдарыстың етек алуы қарапайым жандарды ғана емес, саясаткерлерді, мемлекет басшыларын да ойланта түсті. Германия, Франция және басқа елдер лидерлері де мемлекеттік басқарудың қазіргі жүйесіне сын көзбен қарап, оны жетілдіру қажеттігін ашық айта бастады. Тіпті дүние жүзіндегі алпауыт ел – АҚШ-тың билік саясатының кінәратсыздығы да күмән туғызып отыр. Американизм мен батыстық либералдық жүйенің артықшылығына бұл күнде күдік көбейді. Мемлекеттік билік өзінің қоғамды басқару құралы болу міндетінен біртіндеп қол үзіп, бұл саясатынан қазір де танған жоқ. Ішінара әлеу­меттік саясатына өзгерістер енгізгенімен мемле­кет­тің бір топтың екінші топты басып-жаншу құралына айналғаны белгілі. Мемлекет бұл ішкі мәнін ешқашан жоғалтқан емес, керісінше, оны жетілдіріп, амал-тәсілдерінің өңін айналдырып, адами сипат берген болып келеді. Сөйтіп, АҚШ екі ғасыр ішінде әлемдегі ең бай, ең күшті, ең өркениетті, ең демократияшыл ел болып саналды. Шындығында, бұл табыстарға АҚШ өзінің қар­жы­лық саясаты арқылы басқа елдерді тонау жо­лымен қол жеткізді. Американың сырты жыл­тыраған көзбояушылық саясатының бұл күнде бет-пердесі ашылып, өзінің ішкі мәнін жасыра алмайтын деңгейге жетті. Аңызға айналған америкалық асыл мұраттың арты ашыла бастады. Мұхиттың арғы жағындағы «жаңа құрлық» пен бергі жағындағы «ескі құрлық» мемлекеттің экономикадан тысқары тұруына мүдделі бо­луын­да не мән жатыр? Ат төбеліндей алпауыттар мемлекет билігін өз қолында ұстағылары келеді. Сон­дықтан да олар биліктің құзыретін шектеп, эко­номикадан алшақтатып, өндірістік күш-қуаттың бәрін өз иелігінде ұстауды қалайды. Мемлекет экономикаға ықпал ете алмайтын болса, оның айбары, құдіреті шамалы болатыны белгілі. Елдің қуаты, қорғаныс қабілеті, қауіпсіздігі, техникалық, ғылыми, азық-түліктік тәуелсіздігі экономикаға тікелей байланысты екені сөзсіз. Егер мемлекет бұл саладан тысқары тұрса, ол қалай елді басқара, оған ықпал ете алады? Мемлекет қолында қуатты экономика, озық техника, дамыған ғылым, инновациялық тетік, страте­гиялық өндіріс салалары – космос, авиация, темір жол, заманауи байланыс құралдары болуға тиіс. Әйтпесе, мемлекет өзіне жүктелген міндетті – елдің өркениетті жолмен дамуын қамтамасыз ете алмайды. Аталған салаларды алпауыттардың иелігіне беру өзін ақтай ма? Қорғаныс, соғыс құрал­дарын жетілдіру, ғарышты игеру, ғылымның іргелі салаларын дамытуға олигархтар мүдделі ме? Оған бұл маңызды ма, әлде өз қалталарын байыта түсу, жылдам табыс әкелетін қызмет көрсету са­ла­ларына қаржы салу пайдалы ма? Ірі кәсіп­кер­лердің мүддесі Отан, ел мүддесімен әрдайым ұш­тасып жата ма? Шын мәнінде халықты, жерді, елді қорғау алпауыттардың міндеті ме? Бұлар – тәуел­сіз, еркін жандар, қаласа қорғайды, қалама­са – қол ұшын бермейді. Қайда көп пайда тапса, сонда мекен ауыстыра береді. Оның қайда бизнесі, банкі табыс әкелсе, сонда оның Отаны. Елде әлеу­меттік дағдарыс белең алды, аштық, жұт болды, табиғи апат, жер сілкінісі, топан су қап­та­ды немесе құрғақшылықтың кесірінен егін, шөп шықпады делік. Сонда алпауыттар өз байлығын елге бөліп бере ме? Олар тиісті салығын төлейді. Басқасын өзі бөледі, мемлекет оған әмір ете алмайды, сұраушы, өтініш білдіруші ғана рөл ат­қарады. Бюджеті тапшы, кедей мемлекет өзі ештеңе шеше алмайды, сондықтан да, мемлекет қолында жеткілікті материалдық байлық, игілік болуы керек. Бұл үшін мемлекет жалаңаш қалып, алпауыттарға қол жайып, телміріп отырып қал­мауы керек. Билік өз иелігіндегі ырысын, ыр­зы­ғын емін-еркін тиімді пайдаланатын болуы керек. Либералдар болса, нарық жағдайында мемлекет экономикаға араласпауы керек дейді. Өндірісті сұраныстың өзі, яғни рыноктың өзі реттейді, өндіріс, экономика өз кезегімен, өз заңымен дами береді, мемлекеттің араласуы экономикаға қолбайлау болады, тұсау салады деп қақсайды. Сондағысы не? Әлде мұның басқа сыры бар ма? Ресейде де Орталық банк мемлекеттік емес ком­мерциялық құрылым болып есептеледі. Ол мемлекеттік Дума алдында есеп береді. Соған тәуелді деп саналады. Іс жүзінде АҚШ-тың фе­де­ралдық резервтік жүйесінің бір бөлімшесі секілді. Ресейдің орталық банкі бюджеттің тап­шы­лы­ғын өтеу үшін үкіметке қаржы бөле алмайды. Үкі­мет халықаралық валюта қорынан кредит сұрауға мәжбүр болады. Ресейдің орталық банкі өз еркімен алтын-валюта резерві есебінен қаржы бөле алмайды. Бұл тәуелсіз коммерциялық құры­лымға Ресей Орталық банкіне – ешкім де, президент те, премьер де ықпал ете алмайды. Бүкіл экономи­ка­ны, әсіресе, стратегиялық нысандарды жеке капи­тал­дың құзырына берудің тиімсіздігін эконо­мис­тер де, саясаткерлер де жиі ескертіп келеді. Ре­сей­дің белгілі мемлекет қайраткері, ғалым Олег Попцов: «Мемлекетті экономиканы басқару­дан аластату капиталистік жүйені күйретумен парапар», деп жазды. Мақалада жазылғандай, ТМД елдерінде капиталистік жүйе қалыптасып үлгер­ген жоқ, біздің істес болып отырған саяси жүйе­міз – жабайы капитализм. Сондықтан да, нарықтық жүйеге барлық жауапкершілікті аудара салу негізсіз. Әлемдік экономикалық дағдарыстан кейін Еуропада да капиталистік жүйенің мінсіздігіне күмән көбейе түсті. Капиталистік жүйенің уақыт сынына төтеп бере алмай отырғанын, оның әлсіз жақтарын жалаңаштап, нақтылап берді. Капитализмді сынау ел басшыларының өздерінің аузынан естілетін болды. Мәселен, Франция президенті Н.Саркози, Германия канцлері А.Меркель тарапынан капитализм мінсіз қоғамдық жүйе деп қабылданбай отыр. Керісінше, көптеген теоретиктер мен практиктер қазіргі дағдарыстың себебін қоғамдық жүйенің кінәратынан деп қабылдай бастады. Сондықтан да, социалистік жүйенің ұнам­ды жақтарын жоққа шығаруға болмайтынын мойындап, оларды пайдалана білуге үндеуде. АҚШ федералдық резервтік жүйесінің бұрынғы басшысы А.Гриспен өзінің соңғы жазбаларында либералдық нарықтық экономиканың тағдырына түбегейлі сенімсіздікпен қарайтынын ашық айтты. Ол әлемдік қаржы және экономикалық жүйенің жаңа үлгісін ұсынуға әрекет етіп бағуда. Б.Этцель атындағы қордың өкілдері жүргізген сауалнамада респонденттердің онының тоғызы қазіргі экономикалық жүйені жақсартуды қолдайтынын білдірген. Ресей ғылым академиясы социология инс­ти­ту­тының жүргізген сауалнамасына қарағанда, мем­лекеттің бақылауынан тыс капитализмнің либералдық үлгісін халықтың 9 пайызы ғана қолдайды екен. Экономиканың дамуы қоғамдағы коррупция­ны жоюға тікелей байланысты. Сондықтан онымен күресу – мемлекеттің тікелей міндеті. Бұл күнде қоғамды аса қатерлі індет коррупция мен жемқорлық жайлап отыр. Әрине, мұның тарихи да, әлеуметтік-рухани да себептері, тамырлары бар. Тарихи тамыры дегеніміз, парақорлық бір жылдың, бір ғасырдың ғана жемісі емес, ол ғасырлар бойы тамырын тереңге жайып кеткен қатерлі кесапат. Бір жерде оның ұйымдасқан ұясын әшкерелеп-жойып жатсаң, екінші жерден тағы да бұрқ ете түседі. Бүгінгі жаңа заманда да коррупция мемлекет­тің ырқына көнбей отыр. Бізде де коррупциямен күрес туралы арнайы заң бар. Билік онымен күрес жүргізген болып жатыр. Түрлі комиссиялар жұмыс істейді, заң орындары, фискальдық органдар жазалау шараларын қолданып жатыр. Бірақ бұл күрес жартымды жеміс бермей келеді. Мұны қоғам күнделікті өмірден күнбе-күн көріп отыр. Сонда коррупцияны жеңуге болмайды деп мемлекет шарасыздыққа, түңілуге ұрынуы керек пе? Енді не істеуі керек? Мұны бүкіл қоғам, бүкіл халық ойланып-толғануы тиіс. Билік жемқорлық пен парақорлықтың алдын алу үшін түрлі шаралар қолдануға барып жүр. Мемлекеттік сатып алу тендер арқылы, оқуға түсу, мемлекеттік қызметке кіру тест тапсыру арқылы жүргізіледі. Бірақ бұлардың бәрі жартылай шаралар. Өйткені, бұл экономикалық қатынастар техника көмегімен атқарылса да, оның артында адамдар тұр. Техника, компьютер адам арқылы іске қосылады. Сон­дық­тан да, техника арқылы коррупцияны жою жар­тыкеш шаралар, бұл бос әурешілдік болып отыр. Коррупцияны билік қатаң заң қолданумен, ауыр жазаға барумен, қорқытып-үркітумен ғана жеңе алмайды. Өйткені, ол қоғамдағы әлеуметтік жағдайға, адамдардың рухани-имандылық дең­гейі­не де тікелей байланысты дүние. Роберт Оуэн айтқандай, адамдардың иманды болуы олар өмір сүрген ортаға, қоғамдағы ахуалға тікелей бай­ла­нысты. «Ақылды ойлар мен сезімдерге бай адам­дарды тәрбиелеу үшін, деп жазды ол, ең алдымен, оларға қолайлы жағдай жасау керек, содан кейін барып адамзат баласынан парасаттылықты күтуге болады». Сол парасаттылықтың жетіспеуі де жем­қорлықтың ауыздықталмай отыруына себепші болуда. Ол күннен-күнге өршіп, өрісін кеңге жайып келеді. Бұл қатерлі дертке қарсы күрестің оң нәтиже бермеуінің себебі неде? Біріншіден, мемлекет тарапынан жемқорлықпен күресуші­лер­дің өздері таза емес, былыққа белшесінен батқан. Өздері ұры бола отырып, басқа ұрыларды қалай ұстасын. Ұрлықпен күресу үшін олардың өздері таза мінсіз, адал болулары керек. Біреуге тиіп кетемін бе деп жалтақтамай, күрес мейірімсіз, қатал әрі тұрақты түрде жүргізі­лу­ге тиіс. Бұл майдан науқаншылдықты көтер­мей­ді, ол тоқтаусыз, іркіліссіз, тұрақты түрде жүргізілуге тиіс. Анау ананың туысы, мынасы пәленшенің жақыны деп алаламай, қылмыскердің бәрі нысанаға алынуға тиіс. Тамыр-танысы, ағайын-туғаны билікте бар-жоғына қарамастан, қылмыскердің бәрі жауапқа тартылуы қажет. «Ма­ған ешкім ештеңе істей алмайды» деп күш көрсететіндер арамызда болмауы керек. Бұған әркімнің көзі анық жетуі тиіс. Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күресуші шенеуніктер заңнан басқа ешкімге бағынбауы керек. Сонда ғана қоғамда тәртіп орнайды. Екіншіден, қоғамдағы парақорлықты, ел үстінен жеңіл күнкөрісті бол­дырмау мемлекеттің жазалау, күш көрсету органдарының қызметіне ғана байланысты десек, қателесер едік. Азаматтардың заң шеңберінде, адамгершілік пен имандылық жолында таза өмір сүруіне жетісу қалыптасқан қоғамдық сананың деңгейіне де тікелей байланысты болады. Қоғамдық пікір арам жолмен баюды, алдау-арбау, ұрлық жасау жолымен молшылыққа кенеліп, сайран салуды, әкесінің, туысының атын пайда­ланып, оңай олжаға батуды қоғамдық пікір қатты айыптамайынша, оларға деген төзгісіз ахуал туғызбайынша, қоғамды жемқорлықтан тазарту мүмкін емес. Ол үшін адамдардың миын тазарту керек. Ой-санасында төңкеріс туғызу керек. Бү­гінгідей байлар алдында құрдай жорғалап, солар­дың сөзсіз құлы болып, аяғына бас ұру жойыл­майынша, арам жолмен табылғанына қарамастан, байлықты өмірдегі басты құндылық деп ба­ғалайтын көзқарастан арылмайынша, дүние­қоңыз­дық, байлыққұмарлық, оған табынушылық жойылмайды. Бұл үшін басты құндылық не екенін түсіне білетін рухани биіктікке көтерілуіміз керек. Ресейдің кәсіпкерлер мен арендаторлар ода­ғы­ның төрағасы, экономист Андрей Бунич бүгін­гі ақыл-ойдың деңгейін өзгертуді, ең алдымен, адам­дар миын тазартудан бастау керек. Тұр­ғындардың ғана емес, ел элиталарының миын тазарту қажет. Мәселе, олардың экономика, қоғам, ба­сымдықтар, дүниені жаңаша қабылдау жөнін­дегі көзқарастарын ғана өзгерту емес, олардың құндылықтарға деген көзқарастарын, бағамдарын түбегейлі өзгерту қажет, деді. Өмірдің үнемі өзгерісте болуы заңдылық. Уақытпен бірге салт-дәстүр де, әдет-ғұрып та өзгеріп, жаңарып тұрады. Құндылықтар қайта екшеліп, жаңалары пайда болады. Мемлекет сол өзгерістерге үрке қарамай, оларды да жаңа құбылыс, дамудың заңдылықтары, жемістері деп қабылдауы қажет. Қоғамдағы әртүрлі еліктеу-солықтаулар әр­дайым орын алған. Адам баласы сан қилы кезеңді бастан кешіруде. Соның бәрінде өзіне тән өмір салты, психология, дәстүр, руханият, діни сенімдер болған. Қазір де солай. Заман өзгерген сайын, саяси жүйе жаңарған сайын қоғамда жаңа қон­дыр­малар, жаңа үдерістер дүниеге келеді. Адамзат үнемі ізденіс үстінде әртүрлі реформаларға барады. Бірі оңды, бірі шалағай болып жатады. Бірақ бәрібір қоғам прогресс жолынан ауыт­қымайды. Қоғамды басқару жетілдіріле түседі. Мемлекет өзінің халыққа қызмет ету үдерісінен жаңылыспауға тиіс. Сондықтан да мемлекеттің өркениеттен қол үзбей, өзінің функциясын толық атқаруының үлкен маңызы бар. Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор. Алматы.
Соңғы жаңалықтар

Берекелі грант

Қоғам • Кеше