16 Қараша, 2011

Биліктің белсенді буыны

319 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан хал­қына арнаған биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауы жергілікті өкілетті органдардың жұмыс өрісін кеңейте түсті. Бұл іс, әсіресе, Тәуелсіздігіміздің мерейлі мерекесі қарсаңында барынша жан­данып отыр. Мәселен, Еңбекшілдер аудан­дық мәслихаты өздеріне жүктелген жауапты міндет – мемлекет пен халық арасындағы ұтымды байланыстарды нығайтып, Жолдауда алға қойылған, 10 жылдық мерзімді қам­­титын тапсырмалардың табысты орында­­луына ықпал жасауда. – Ауданымызда жыл мәресіне жақындар тұста, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғы қарсаңында мемлекеттік-саяси құрылым­дар, жалпы ел азаматтары қоғам алдындағы парыз-міндеттемелерін екшеп, өзіндік есеп беретін дағды қалыптасқан, –дейді аудандық мәслихат хатшысы Марат Исажанов. –Бізде 2007 жылғы сайлаудан кейін жұмысты ұйымдастыру қабілеті жоғары, білікті де білімді депутаттық корпус қалыптасты. Мені сессиялардың күн тәртібін белгілеудегі белсенділік пен жауапкершілік қызықтырады. Барлық мәселе атқарушы билік өкілдерінің қатысуымен әрі ашық түрде қаралуы халық арасындағы беделімізді көтере түскендей. Оған тұрақты комиссиялардың қарауына екі жүзге жақын өтініш, ұсыныс, тілектер келіп түскені айғақ. «Нұр Отан» ХДП 10 адамнан тұратын депутаттық фракциясының абырой қарымы да жоғары. Аудан тіршілігі оның бюджетін қалып­тастырудан басталады десек, депутаттар бұл орайда да ілкімділік танытқаны жыл бойғы жұмыс нәтижесінен көрініп тұрғанын ай­туы­мыз керек. Аудан экономикасы екі ша­қырылым аралығында күрт серпіліс бастап, өңірде дәстүрлі аграрлық қана емес, аг­рар­лық-индустриялық бағыт қалыптасты деу­ге негіз бар. Мұнда 329 ауыл шаруа­шы­лы­ғы құрылымы табыс арнасын ұлғайтты. Диқан­дар 195,1 мың гектардың өнімділігін арт­тыр­ды. Мал түлігінің барлық түрінен өсім байқалады. Өріске 25 мың ірі қара, 30 мыңнан астам қой, 6 мыңның үстінде жыл­қы шығарылса, құс саны 800 мыңнан асып түседі.  Ет, сүт өндірудегі кестелі тапсырма асыра орындалуда. Жалпы, салаға жұмыл­дырылған инвестицияның көлемі 4 миллиард теңгеге жақындапты. Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру мақсатында  «Kaz Meat Beef  Ltd» ЖШС қарауында 500 ірі қараға арналған бордақылау алаңы мен Мамай ауылында 1000 бастық екі асыл тұқымды шаруашылық құрылды. Кеңащы ауы­лындағы инвестициялық жобаның нәти­жесінде 5 мың бастық бордақылау алаңы қа­зірдің өзінде күткендегідей қайтарым беруде. «Ақ-Бас» ЖШС Астана қаласындағы 3 фирмалық дүкені арқылы тұрғындар дас­тарқанын молайтып отыр. Осы бағыттағы «Қазгер Құс» заманалық фабрикасы биік міндеттер үдесінен шығуда. Сондай-ақ, аудан тау-кен өндірісін дамытып, темір, алтын  қоспасы, қорғасын, әк рудаларын шығарып, ірі цемент зауытын салып жатыр.Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев биылғы сапарында аталған еңбек ұжымдарында болып, риза­шы­­лық сезімін білдірді. Ортақ табыстың орайын келтіруде халық қалаулыларының тікелей еңбек ұжымда­рын­да жиі болатындығы елеулі серпіліс жасай­тындығын айтады мәслихат хатшысы. Де­путаттардың құс фабрикасында, «Әлімғо­жин С.Б.» жеке кәсіпкерлігінде, «Бүркітті» туристік-сауықтыру кешенінде, Үлгі және Макин ауылдық округтерінде көшпелі мәжі­ліс өткізуі тұрақты комиссиялардың салмақ­ты шешімдер қабылдап, нақты іске жол ашқаны байқалады. Мәселен, Үлгі ауы­лындағы мәдениет үйін жөндеуге қатысты аудандық бюджетке өзгеріс енгізілген. Қазір мәдениет ошағының маздақ шамы жарқырай жануда. Осындағы мектеп оқушылары соң­ғы жылдары халықаралық медиафес­тиваль­дің жеңімпазы, бес пәннен республикалық байқаулардың жүлдегері атанып отыр. Депутаттар Макин ауылдық округіндегі кездесуге аудандық мекемелер басшыларын да қатыстырғаны құптарлық. Мұнда «Бал­дырған» бала бақшасының пайдалануға берілуі «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын сәтті жүргізуге септік жасағаны көрініп тұр. Ал, жергілікті мектеп оқу-тәрбие жұмысы жө­нінде көпке үлгі болғанымен, мектеп ди­ректоры Бикеш Смайылова қазандыққа дейінгі электр бағаналары әбден ескіргендігі алаңдататынын айтты. Аудандық электр жү­йе­­сінің бастығы С.Сәкенов бұл мәселенің қа­таң бақылауға алынатындығына уәде берді. Көшпелі мәжілісте Макин ауылының әкі­мі Әсет Шәріповтің есебі тыңдалды. Округте 3402 тұрғыны бар 6 елдімекен орналас­қан. Бізді жергілікті азаматтардың еңбек белсенділігі қызықтырды. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде  86 адам, шағын және орта бизнесте – 112, шаруа қожалық­тарында – 170, келісім-шарт және жалдама­лы жұмыста – 129, жеке қосалқы шаруа­шы­лықта 749 адам­­ның нәпақа табатыны үлгі-насихатқа тұрар­лық. Әсіресе, «Астана-Бурабай» автоба­ны­ның іске қосылуы жол бой­ындағы сервистік қызметті дамытып отыр. Былтыр жеке тұл­­­­ға­лардың өзінен 2,5 миллион теңге салық түсуі шағын бизнестің даму­ындағы ілгерілеушілікті білдіреді.Осындағы 40 шақырым­дық жолға асфальт төселгені, 115 миллион теңге инвестиция жұмыл­дыры­лып, Макин ауы­лының су жүйелері күрделі жөндеуден өткізілгені, ау­ыл­дарда денсаулық сақтау ісіне көңіл бөлі­ніп, мәдени-спорттық шаралар үз­бей өткізі­ліп келе жатқаны оң бастамалар кө­рінісі. Жер­гілікті көркемө­нер­паздар соңғы жыл­дар­ғы байқауларда үш рет жеңімпаз атан­ды. Ау­ылдарға жыл сайын орта есеппен 30 отбасы көшіп келетіні жақсы ойларға бастайды. Мәжілісте аудандық әділет басқарма­сы­ның бастығы М.Шаужанова, аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бастығы Ш.Омаров, «Макинка» ЖШС директоры Ю.Гостик, Мемсанэпидемқадағалау басқарма­сы­ның жетекші маманы Г.Имақова, тұрғын­үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Е.Кенжебаев тұрғындар сұра­ғына толымды жауаптар қайтарды. Аудандық мәслихат тұрақты комиссия­сының төрайымы Құралай Хамитованың осы сапардан жазған есебіндегі кемшіліктерге қатысты атқарушы билік органдарына тиісті ұсыныстар жолдады. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы,  Еңбекшілдер ауданы.
Соңғы жаңалықтар

Берекелі грант

Қоғам • Кеше