16 Қараша, 2011

Тілді осылай «тірілтіп» едік...

772 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Елбасының әр сөзі – елдіктің бағыт-бағдары. Алдыңғы күні Президент Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммедті қабылдауда ел Тәуел­сіз­ді­гі­нің елеулі жетістіктерін ашып көрсету бойынша зиялы қауыммен жұмысты жандан­ды­руды тап­сыр­ған еді. Иә, қай кезде де халық сөзін алды­мен зиялы қауым айтады. Ел газеті «Егемен Қа­зақстанның» бетіндегі тұрақты айдарлардың бірі – «Замана зиялылар зердесінде» болатыны сон­дық­тан. Зиялыларымыздың елдік мұ­раттарға қатысты толғаныстары газетте жүйелі жарияланып та жүр. Редакция қоржынында қазір де халқымыздың ардақты азаматтарының талай мақалалары, сұхбаттары өз кезегін күтіп жатыр. Зиялы қауым өкілдері өздерінің ой-пі­кір­лерін Тәуелсіздік тойының қарсаңында бұ­рын­ғыдан да белсендірек айта түсетіндігі анық. Барлық қоғамдық құ­рылыста, мәдениеттердің көшінде тіл тек қа­рым-қатынастың құралы ғана емес, ол – азаттықтың, тәуелсіздіктің бел­гісі, дер­бестіктің айқын нышаны болған. Мемлекеттердің ара­сында бі­рін-бірі жаулап алу мақсатында небір ғарасат майдандар бол­ға­ны­мен, олар да түбі бір күні тоқтайтыны белгілі. Ал мәдениет, руханият пен тіл тазалығы үшін болып жатқан күрес адамзаттың соңғы өкілі қалғанша жал­ғаса берері хақ. Тәуелсіздікке қол жеткізген күннің ертесіне қа­зақ­тың тілі гүлденіп шыға келген жоқ. Өзге түгілі, өңі бір де өзегі бөлек қа­ра­көздеріміздің де бір күнде туған тілінде сайрай қоймағаны екібастан белгілі жайт. Тіл үшін бағзыда басталған тартыс, көзге көріне бермейтін майдан әлі де жалғасуда. Осы ретте, Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ана тілінің арызы мен парызын қатар ар­қа­лаған азаматтардың бірі ғана емес, бірегейі академик, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті Әбдуәлі ҚАЙДАРҒА жолыққанбыз. – Тіл үшін күрес кеше, не бүгін бас­тал­ған жоқ, және ертең біте қоя­ды деп те айта алмаймыз. Алдыңғы ұр­пақ өкілдері өз ана тілі үшін, өз елі­нің азаттығы үшін жазалы болғаны бәрімізге белгілі десек, әң­гімені өзіңіз куә болған тіл сая­са­ты­нан бастасақ дейміз. – Қазақ тілінің мәселесі бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Бұл мәселе бұдан 50-60 жыл бұрын қозғалған болатын. Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин тіл үшін түн баласы ұйқы көрмей, болашағы үшін күрескен. Біз бүгін біліп отырмыз, Сәкен Сейфуллин тіл мәселесін қаузап 50 мақала жазып­ты. Сондағы көтеретіні – тілдің шұ­бар­ла­нуы, мемлекеттік дәрежеде туған ті­лі­міздің қолданыс аясының ке­ңей­меуі сияқ­ты соқталы мәселелер. Қайтсек, тілімізді таза сақтап, мәрте­бесін көтере­міз деп күресіп өтті ғой ол бабалар да. Кезінде Қазақстан көп ұлтты рес­пуб­ликалардың қатарында болып келді. Көп­теген ұлттарды бір елде тоғыс­тыр­ған зерт­хана жасап, оны дабыл­да­та мақтаумен бізді түрлі саяси сы­нақ­тың астына алып келді. Қазақ елі орыс тілін жақсы мең­гер­ді. Шынында да грузиндерге қарағанда қа­зақтар орыс тілін озық білді. Грузин де орыс тілінде сөйлейді, бірақ өзіндік акцентпен бұзып сөйлейді. Ал қазақ сөйле­ген­де аузы аузына жұқпай кетті. Олжас Сүлейменов бүкіл Ресейге Останкино телекешені арқылы 2 сағат орыс тілінде сөйлеп, өз өлеңдерін орысша оқы­ған­да орыстар таң-тамаша қалысты. Сонда олар «бұл қазақ деген халық керемет қабілетті екен, бұлармен дос болу керек» десіп, «Дос­тық деген ұғым­ның орталығы – Қазақстан!» деп біздің астымызға көпшік қойып, өз пайдасы үшін марапат көрсетті. Сол «көпшік» бізді орыс тіліне қарай икем­­деді. Ға­лым­дарымыз да ғылыми еңбегін орыс тілінде жазатын болды. Сөй­тіп, біз орыс тілінде алдыңғы қатарға шықтық. – Иә, сөз саптауда кез келгеннің қатесін түзейтіндей шамада тілді же­тік меңгерген қазақтарды көзіміз көрді, әлі де байқап қалып жүрміз. Алайда қызыл өкіметтің пәрмені жү­ріп тұрғанда туған тілдің тағды­рын ашық айтқандар болған шығар. – Ұлт болып қалу жолында бұл мәселе сол кездің өзінде әр-әр жерде қозғала бастады. Әсіресе, 1986 жылғы жастардың көтерілісінен кейін тіл мәселесі қатты көтерілді. Желтоқсан көтерілісінен кейін, 18 желтоқсан күні Мәскеуден Соломенцев бастаған бір топ комиссия Алматыға ұшып келді. Сосын Ұлттық академияның залына барлық академиктерді жиып, жиналыс өткізді. Сонда Колбин «Мен өзім өзге тілді үйреніп машықтанған адаммын. Грузияда қызмет еттім, сол елдің тілін бір жылда оңай меңгеріп алдым. Сон­дықтан, бір жылдан кейін мен қазақ тілінде де сөйлеп кетемін, керек болса қазақ тілін өздеріңе түсіндіретін бо­ламын» деген болатын. Одан әрі ол жастардың қарсылығы туралы «Мен кабинетімде отыр едім, бір топ қазақ­тың жастары келіп алаңда айғайлап тұрып алды. Сосын мен көмекшімді ша­қырып сұрасам, ол маған жаста­р­дың «тіл мә­селесімен» келіп тұрға­нын айтты. Со­сын мен оларды кабинетіме шақырттым. Алдыма келген оншақты қыз-жігіттен «басшыларың кім?» деп сұрап ем, бір жігіт суыры­лып шығып «менмін» деді. Аты-жөнін сұрасам Тимур екен, одан «неге топ­талып жүрсіңдер, не пробле­ма­ларың бар?» деп сұрасам, ол «бізде орыс ті­лінің басымдығы сонша, біз от­ба­сы­мыз­да отырып ата-анамызбен орыс тілінде сөйлесетін халге жеттік. Сонда қазақ деген халық ұлт па, ұлт емес пе?!» деді. Сосын мен жастарға «Маған бір жыл уақыт беріңдер. Бір жылдан кейін ел алдында баяндаманы қазақ тілінде жасайтын боламын» дедім. Жастар тар­қап кетті» деп өзін ақтауға тырыс­ты. Алайда, ол берген уәдесінде тұрмады. – Және қазақ халқын ұзағырақ бас­қарып отыра да алмады ғой. Со­нымен «Қазақ тілі» қоғамын құру жолында алғашқы қадам қалай жасалды? – Тіл туралы өзгеріс болмады, бая­ғы­ша бәріміз орысша шүлдірлеп жүре бердік. Ал қазақтың бір топ зиялысы әр жиналыс сайын тіл туралы мәсе­ле­ні көтере беретін болды. Мен ол кезде институт директоры едім. Қазаққа қозғау салмаса, тіл мәселесі қатқан ор­нынан қозғалмасына көзім әбден жетті. Сосын осы институтта жина­лыс ашып, зиялы қауым алдына мәсе­ле қойдым. Қазаққа тілді қорғап қа­ла­тын, тіл мәселесін қозғап отыратын бір қоғам керек, соны біз басқарып тұра аламыз ба, жұмысын жүргіземіз бе деп сұрақ қойғанда, аты-жөндерін айтпай-ақ қояйын, кейбір кісілердің беттерін шымшып, бізді келеке еткенін қайтерсің. Сол кезде көпшіліктің арасынан Өмірзақ Айтбаев суырылып шығып, менің ұсынысымды қолдады. Сол кезде Өзбекәлі Жәнібеков Орта­лық комитетте хатшы болып істейтін. Соған барып құрайын деп жатқан қоғам туралы айттық. Ол, әрине, біздің сөзімізді қуаттап шықты. Сосын іскер жігіттердің көмегімен халыққа арнап хат жаздық, осындай қоғам құрып, тілімізге араша түссек, бізді қолдайсыңдар ма деген ауанда. Сол-ақ екен халық бізді қолдамақ түгі­л, төбесіне тік көтеріп әкетті. Елдің әр түкпірінен хат қарша борады. Өз­бек­әлі бізге «бұл хаттар тек оқылып бір жерде қалып қоймасын, сендер оны тіркеп, жинаңдар» деді. Сосын ол Орталық комитетте өзімен бірге жұмыс істейтін Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқа­ба­совқа тапсырма беріпті «мына хаттар туралы қоры­тын­ды жазыңдар, біз оны Колбинге табыс етейік» деп. Аз ғана уақыттың ішінде елден түскен бір қап хат халықтың өз тілінің мүшкіл халіне қатты алаңдап отырғанын көрсетті. Сол хаттарды тізімдеп Колбинге апардық. Алайда, Кол­биннің ұстанған саясаты қайт­кен­де де Қазақстанда екі тіл болуы керек деген бағытта ғана болды. Екі тіл қа­тар жүріп, екеуін тең қолдану керек деген пікірді күн сайын айтып отырды. – Қазақтың үштен бірі сыртта десек, аса қателеспейміз. Сіздер сол шеттегі қандастарымыздан да қол­дау таптыңыздар ғой. – Иә, әрине! Қанша жерден артқа тартулар болса да, біз тіресіп жүріп «Қазақ тілі» қоғамын құрдық. Жан-жаққа хат жолдадық, бүкіл ел ішінде қозғалыс пайда болды. Енді халықтың басын құрап бір жиналыс өткізуді ойладық. Жәнібеков бізге драма театрының залын алып берді. Халық жиылар ма екен, жиылмас па екен деп біз бекерге күдіктеніппіз, жұрт залға сыймастай болып толып кетті. Сол жиналысқа қатысқандардың арасында шетте жүрген қаракөздеріміз де бол­ды. Олар тысқары қалмасын деп «ха­лық­аралық «Қазақ тілі» қоғамы» деп атадық. Қоғамның жарғысына сай жыл сайын құрылтай өткізіп тұрдық, жер-жерде өз өкілдіктеріміз ашылып жат­ты. Елдің ішінен есті жігіттер келіп, өз ұсыныстары бойынша өкіл­дік­тер аша бастады. Ол аз болса, Түркия, Ресей, Польша, Моңғолияда тұратын қан­дас­тарымыз бірге қолдау білдіріп, сол жерлерде қоғамның өкілдіктерін ашты. – «Мемлекеттік тіл» мәртебесі де оңайшылықпен келмеген болар? – Тілдің тағдырын заңды түрде қорғап қалу үшін біз қазақ тілінің мем­лекеттік тіл болуын талап еттік. Егер оны мемлекеттік мәртебе беріп, қолдау көрсетпесе, өзіміз білетіндей кей ұлттардың тілі секілді елеусіз қа­лып, түбі оны ешкім керек қылмайтын болады. Сондықтан оған мемлекеттік мәртебе берілуі үшін күрестік. Күрес оңай болмады. Нағыз айтыс осы арада басталды. Кейбір қазақ зиялы­ла­ры­ның өздері қарсы шықты. Сол қарсы шы­ғу­шыларды қолдаған Колбин бол­ды. Сол кезде мен «Мемлекеттік тіл» деген ма­қала жаздым. Оны ешбір газет Кол­бин­нің рұқсаты керек деп баспай қойды. Құдай қолдап, Мәскеуде жиналыста  жүрген Назарбаев елге келе сала қа­зақ тілін қол­дайтынын ашық айтты. Сол-ақ ек­ен, менің әлгі жарыққа шық­пай жатқан мақалам газетке басылды. Мен талай үл­кен жиналыс­тар­да Колбинге қар­сы шығып жүр­дім. Арнайы ша­қырып сөйлес­ке­нінде де алған бетімнен қайтпа­дым. Сондай жи­ын­дардың бірінде, сол кезде Шет тілдер инсти­ту­ты­ның ректоры бол­ған қазақ Колбинді жақтап, өзге тіл­дің өрісін кеңей­туді қолдады. Бү­кіл қазақ зиялы­ларының бетіне топырақ шаша сөйледі. Кейінірек, қазақ билі­гінің ба­сы­на қазақ келген заманда, Ұлттық ғылым ака­де­миясына мүше сайлап жат­тық. Міне, қы­зық, әлгі қа­зақ тіліне қарсы қазақ қоғамдық ғы­лым­дар бөлімшесі бой­ын­ша мүше­лік­ке құжат тапсырыпты. Мен сол қо­ғам­дық ғылымның корреспон­дент-мүше­сімін, соған орай дауыс беруім керек. Бір кезде әлгі қазақ шығып сөйлеген кезде, оған «сіз Колбиннің ал­дын­дағы қазақ тілі мен орыс тілін қатар қол­дану керек деген пікіріңізді өзгерт­ті­ңіз бе?» деп сұрақ қойдым. Ол «ол енді саясат қой» деп күмілжи берді. Ақыры мүшелікке өте алмай қалды. Біздің Елбасымыз сол заманда да қазақ тіліне қолдау көрсеткен еді. Қазір де қолдап жүр. Менің кеудеме «Отан» орденін тағып тұрғанда «бұл сіздің тіл үшін жасаған еңбегіңізге көрсетілген құрмет» деп айтты ол кісі. Қазақ тілі бүгінде аяғынан тік тұрып кетті деп, әрине, айта алмаймыз. Дегенмен оң өзгеріс бар. Ең бастысы, Үкі­мет­тің өзі бұл мәселеге тікелей араласып отыр. Түрлі заңдарды қа­был­дап, қада­ға­лауды қолға алып отыр. Жауапты қыз­мет­ке алынатын маман­дардың тіл білуін талап ете бастады. Үкімет араласса, үкі таққан тіліміздің бағы ашылады ғой деп ойлаймын. Қазақ тілінің мәртебесін көтер­мей, мемлекеттің маңызы артпай­ты­ны кім-кімге де белгілі қағида ғой. – Қателессең, кері тартып, дұрыс қолдана білсең, алға сүйрейтін және тілді байытатын құралдың бірі – термин. Бір кездері терминдерді жап­пай қазақыландырамыз деп орынсыз ең­бек­тенгеніміз сонша­лық­ты, тіліміздің дәмін кетіріп ала жаздадық. Жалпы, тер­миндерді аудару­ға қалай қарайсыз? – Терминдерді сол қалпында қалды­ру­ға болмайды. Жекелеген терминдер біздің ұғымымызға сіңісіп кетпеуі де мүмкін. Бірақ терминдерді қазақы­лан­дыру керек деп ойлаймын, бұл менің жеке пікірім. Сонымен қа­тар, сырттан келген терминдерді шы­ға­рып тастап, олардан бас тартуға да болмайды. Бұл мә­селеде әлі көп ой­ла­са­мыз. Терминология – өте нәзік ғы­лым. Әрбір жаңа терминнің табиғатын тура тауып, қазақтың ұғы­мына сай жасау оңай шаруа емес. – Бүгінде жиырма жыл толып отырған, елімізді жаһанға мәшһүр еткен Тәуелсіздіктің туған тілімізге әсері болды ма? – Тәуелсіздігіміздің тілге тигізген әсері орасан. Қазір қазақ баласы қазақ балабақшасына барады, қазақ баласы қазақ мектептерінде оқитын болды. Кезінде біздің студент шағымызда трам­вайда отырып бір қазақ бір қазақпен өз тілінде сөйлессе, сонадай жерде отыр­ған орыстың кемпірлері «адамның тілінде сөйлесіңдер» деп зекитін. Мен өз кө­зіммен көрдім сондай жағдайды. Түр­кияға сапармен ба­рып, сонда осы елдің Премьер-министрі марқұм Демирелдің омырауына «Қазақ тілі» қоғамының Алтын белгісін таққан кезде, ол бізге «сендер бұл күнге егемендіктің арқа­сында жетіп отырсыңдар» деп еді. Осы Тәуелсіз­діктің шарапаты қазақтың әрбір ісіне тиіп жатқаны анық. Қазір бізге жиналыстарда ешкім залдан «өзге тілде сөйле!» деп айғай­ламайды, қазір көшеде бізге ешкім «өз тіліңде сөйлеме!» деп жекімейді, осы табыс емес пе?! Тәуелсіздіктің, Қазақ мемлекетінің азаттығын, өзге ұлттармен терезесі тең екендігін қазақ түсінді, қазақ сезінді, енді арамыздағы өзге ұлттар да оны сезінуге тиіс және мойындауы керек. Біз осы қол жеткізген жетістіктерімізге марқайып қалмауымыз керек. Тәуелсіздік үшін, азаттық үшін, мәде­ниет пен руханият үшін, тіл үшін күрес ешқашан тоқтамайды, соны әсте естен шығармауға тиіспіз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қанат ЕСКЕНДІР. Алматы.
Соңғы жаңалықтар

Берекелі грант

Қоғам • Кеше