17 Қараша, 2011

Арқа төріндегі ажарлы қала

350 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады.

Төменде Ақмола  облысының Степногор қаласынан фоторепортаж беріліп отыр.

Солтүстік Қазақстандағы уран кеніштерін игеру мақсатында құрылған Степногор қаласы Ақмола облысының ірі индустриялық орталығы саналады. Мәскеудің тікелей әміріндегі шаһар жабық режімде жұмыс істегендіктен, КСРО құ­ла­сымен іргесі сөгіліп, күйрей бастаған. Қаланы нәрлендіруші қуатты кәсіпорындардың өзі лезде банкрот болып жатты. Әйткенмен, ол тез есін жиды. Сондықтан, Степногорді тәуелсізді­гіміз­дің елең-алаңындағы сұрапыл сындарға төтеп берген, ел басшылығының салиқалы саясаты­ның, жұртшылықтың табандылығы мен қажыр-қайратының үлгісін бейнелеген қала деуімізге болады. Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан хал­қы Ассамблеясының 10 жылдық мерекесіндегі салтанатқа арнайы қатысып, 17 ұлттың өкілі тұратын степногорлықтарға тұтқалы міндеттер қоюы да жалпы серпіліске қуат бергені анық. Степногорде машина жасау, тау-кен, метал­лургия, химия өндірісі, энергетика, биотехнология жақсы дамыған. Жыл басынан бері мұнда 47362,1 миллион теңгенің тауарлы өнімі өндіріл­ді. Бұл – өткен жылғы деңгейдің 134,4 пайызы. Былайша айтқанда, қала облыс өнеркәсібінің 40 пайыздық үлесін иемденеді. Осынау шырайлы шаһардағы «Тау-кен комбинаты» ЖШС, «Подщипник зауыты» АҚ, «Целингормаш», «Тау-кен жабдықтары зауыты», «Джет-7» ЖШС мен «Қазақалтын тау-металлургия концернінің» іргелі табыстары байтақ елімізге кеңінен мәлім. Сондай-ақ, соңғы жылдары Степногор зама­на­лық кәсіпорындарымен әлем назарына ілігіп отыр. «Сага Крик Гол Компани» Доре қорыт­па­сын­дағы алтын өндірсе, «Құнарлы» мен «Теп­лич­ные технологии Казахстана» озық үлгідегі жылыжайларының біріншісі жылына 6 миллион дана қалампыр гүлін өсіріп, екіншісі, ел дас­тар­қанына жылына 1832 тонна қызанақ, қияр, аскөк­ ұсынуда. Инновациялық техноло­гиядағы мал дәрігерлік биологиялық дәрі-дәрмектер, мал мен құсқа арналған белок-витамин-минералды қоспалар, өсімдіктерді химиялық қорғау құрал­да­ры, спирт жоғары сұраныстағы өнімдер сана­ла­ды. Индустриялық даму бағдарламасы шең­берінде пайдалануға берілген «Арыстан» ЖШС жылына ауқымы 20-1200 мм. 25 мың тонна құ­бырлар шығаруда. Өнім түрін көбейту мақсатын­да тағы да алты технологиялық желіні іске қосу жоспарланған. Бұл 2012 жылдың соңына қарай жоғарыдағы көрсеткішті 35 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде жұ­мыс орнының саны 50-ге көбейіп, 300 адам тұ­рақ­ты жалақымен қамтамасыз етіледі. Бұған қо­сымша, «Жылына 180 мың тонна күкірт қыш­қы­лын шығаратын зауытты қайта құру», «Звездное кен орнының Шығыс бөлігін игеру», «Теплич­ные технологии» ЖШС-да «Жылына 60 тонна балық пен ашық алаңда 12 мың тонна көкөніс өндіру» инвестициялық жобалары қолға алынған. Қаладағы 22 шаруа қожалығы 36826 гектар жер­ді күтіп, баптап, игілік жинап отыр. Бұл өнім­дерді қайта өңдеуде «Молторг» ЖШС озық келеді. Кәсіпорын қазірдің өзінде 41 миллион тең­ге­нің 400 тонна өнімін тұтынушыларға жеткізді. Шағын бизнес құрылымдарының саны 4 мыңнан асады. Осының арқасында соңғы төрт жылда 7 мыңнан астам адам тұрақты нәпақа тауып жүр. «Жол картасымен» әлеуметтік жұмыс орын­дарын құруға, қайта даярлауға 50 миллион теңге игерілсе, биыл басталған жаңа бағдарлама ая­сын­да 167 адамды еңбекке тарту қарастырылуда. Степногорлықтар 32 білім беру мекемесімен, «Халықтық» атағы бар 10 шығармашылық орта­лығымен мақтана алады. Бөгенбай батыр атындағы  спорт мектебінің түлегі, халықаралық дәрежедегі шебер Ирина Некрасова Пекин Олимпиадасында алғаш­қы күміс медальді жеңіп алып, көк туы­мызды аспандатқаны баршамыздың мерейімізді өсірді. Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Бақберген АМАЛБЕК.
Соңғы жаңалықтар

Берекелі грант

Қоғам • Кеше