17 Қараша, 2011

Кеңсайда емес, жүрегімде жатқандай

282 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
(Тұманбай Молдағалиевке реквием) Беу, дүние-ай! Күні кеше ғана ара­мызда ал­шаң басып жүрген Тұмағаң­­ның қайтпас сапар­ға аттанғанына да, міне, қырық күнге таяп қалыпты. Алайда арда ақынын ар­тын­дағы ел-жұрты әлден-ақ сағына баста­ғандай. Со­­ның бір айғағы, біз бүгін назар­ларыңызға ұсынып отыр­­­ған Тұмағаң­ның замандасы, лирик ақын Кәкімбек Салықов­тың мына реквиемі. Қырық күн толды өмірден Тұмаш өткелі, Жазатайым ғұмырын тағдыр шектеді. Бір ауыз сөз айта да алмай аттанды, Осы екен ғой нардың үнсіз шөккені.   Қайран тірлік неге осынша келте еді? Болған жоқ қой ол заманның тентегі. Оза шапқан дүбіріне көз тиді-ау, Тұмашым деп халқым сүйген ерке еді.   Озбыр қаза оңдырмай жан өртеді, Отты ақынға оқыс кету ерте еді. Туған жерге сыймай кетті-ау, Өзі айтқан, Жылы жаққа қайтқан құстай көктегі.   Достығымыз болса аңыз-ертегі, Қатты тиді өмірдің бұл өткелі. Қайран жүрек, Досты жоқтап бауырымдай Өксік басып, азалы мұң шертеді.   Оның орнын толтыра алмас мың кісі, Сағынады-ау, елге оралған жыл құсы. Өтті өмірден лириканың саңлағы, Көзін жұмды махаббаттың жыршысы.   Аңсатқандай Тұманбайдың жан нұры, Сыңсып тұрды Алматы ақ жаңбыры. Қара ормандай қаралы жиын теңселді, Қапыда кеткен ақынның батып тағдыры.   Тоқтатқандай өзінің сәтті дәуірін, Қайғы басты туып-өскен ауылын. Алатауға көңіл айтты бар қазақ, Әкетсе өлім төрдегі ең тәуірін.   Көңіл айтып хат арнапты Елбасы, Елжіретті қимастық мол сөз нәші. Академик Қирабаев толғанса, Маржан төкті қалың қауым көз жасы.   Тағдыр, шіркін, атағына қарай ма? Бір қозғалды жердің беті шарайна. Түркі тектес елдер қайғы бөлісті, Фирдоуси де көңіл айтты Абайға.   Бұлт жамылды Кеңсайдағы күн нұры, Аяттан басқа... Сансыз көптің тынды үні. Қара жердің қойнына кірді ұлы ақын, Алты алаштың әлемге әйгі дүлдүлі.   Үнсіз қалдым Естен кетпей нұр жүзі, Ой-хой дерсің, Аттап баспай тынды ізі. Ағып түсті көк аспанды қақ жарып Алатаудың жырдан туған жұлдызы.   Ормандағы аңдай таппас қорған да, Осынау қаза шошыдым сырын шолғанда. Өлім деген сонша оңай екен ғой, Өмір сүру қанша қиын болғанда.   Асау тағдыр, ақын атын доғарттың, Пәк жүрекке өшің бардай оқ аттың. Манашты аңсап жүргенімде жыр төгіп, Ойда жоқта Тұманбайды жоғалттым.   Қырық күн өтті, Содан бері, ағайын, Селдіреп қалды қызығы мол маңайым. Не демекпін? Шара бар ма тағдырға? Егіле бермей есімді жинап алайын.   Оны сүйген дос-жаранның талайын Жұбатуға, Жан-жағыма қарайын. Құстар қайтып оралғанда көктемде Тұманбайша көңіл күйін табайын.   Ол орнатқан өлең сөздің сарайын, Жан баураған нәзік сезім арайын Ай-Әлемге Мақтанышпен паш етіп, Жанға шабыт, жырға бағыт табайын.   «Құстар әнін» кеңдеу шырқап салайын, «Ғашық жүрек» қоңырауын қағайын. Жарқыл қағып Аққан жұлдыз сөнбестей, Жер бетінде жаңа шырақ жағайын.   Тұманбайды өлді деуге бармаймын, Сонда ғана бәсең тартар бар қайғым. Ол аттанды мәңгіліктің жолына, Рухына жан тілегін арнаймын.   Қатты батты өмірден Тұмаш озғаны, Айтылмастай шемен шерді қозғады. Тұманбайлар бұл жалғанда азайса, Тез көрінер кісілік көркі тозғаны.   Артық болмас Достың сырын білген де. Ол ел-жұрттан талант іздеп жүргенде, Жезқазғанның шахтасында кездестік, Шаруасы бардай жалғыз бір менде.   Сыпайы екен жас жігітім шын-ақ тым, Қолда барды келді ақынға сынатқым. Ет пен шайдың арасында жыр оқып, Қонағымды аса қатты қуанттым. Оқып, тыңдап, Жазғанымды зор тұтты, «Болды, – деді, – маған дағы жол құтты». Орыс досы жақсы талант тапқанда, Құралақан кетем бе деп қорқыпты.   Кеншілермен дос боп кетті жас ақын, Жайраң қағып құшағын кең ашатын. Сыр ақтарса адал, таза толқитын, Жыр оқыса маң бүлкілге басатын.   Туған елге жан-тәнімен берілген, Атпал еді бір күні жоқ ерінген. Отансүйгіш, ұлтынсүйгіш нар еді, Тәуелсіздік биігінен көрінген.   Саған дағы, Беу, азамат, маған да, Керек еді Тұманбайлар әманда. Шын ұлтжанды, ары таза ер еді, Өте керек мына қатал заманда.   Ығыр қылып, Шұрқан салып біреуге, Бармайтұғын қасақана үдеуге. Ол тірлікте беріп өтті қолұшын Жер бетінде сүрінген мен жүдеуге.   «Бар» мен «жоқты» әділ, таза ұғатын, Ақиқатқа арнап өтті қуатын. Әлдеқалай кеткендерді нақақтан, Түрмеден де кейде алып шығатын.   Ауылдастар жан тілегін жалғайтын, Қашан көрсем маңайынан қалмайтын. Жаман тайын тәңірісіндей ардақтап, Жалын атқан жыр төресін арнайтын.   Қолда барын аяр дерсің достан кім, Аз емес қой мол дастарқан тосқан күн. Армандайтын ауылдастар тобында Сайрандауды «тоғайында тоқсанның».   Ата-ананың ақ тілегін ақтады, Шаңырақ сүйгіш Әулет жолын сақтады. Гүлдей нәзік, жаны мөлдір Күлтәйі Ең ардақты болды бақыт тапқаны.   Тұмаш болды тәуелсіз ел асылы, Адалдықтың, сұлулықтың ғашығы. Майпаң басқан Шалқар мінез биязы, Заңғар ақын өтті алтын ғасыры.   Ол мерт болса дер кезінде сақтанбай, Естен кетпес кере қарыс ақ маңдай. Ұмытпаспын көз жұмылып кеткенше, Кеңсайда емес, Жүрегімде жатқандай. Кәкімбек САЛЫҚОВ.
Соңғы жаңалықтар

Берекелі грант

Қоғам • Кеше