Қазақстан • 12 Шілде, 2018

Ұлттық саябақ: аңыз бен тылсым табиғат

2228 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Аңыз айтады, құйрық бауыр жесіп, бесік құда болған екі бай аумағы тай шап­тырым жер үшін келісе алмай қалған деседі. Аумағы тайшаптырым ғана болғанымен, талайлардың көз құртына айналған құйқалы жер екен де. Айтысуға тұратын, тартысуға жарайтын табиғаттың тамаша бір тамылжыған мүйісі. Әкелерінің арасындағы дүрдараздықтың салқыны бірін-бірі сүйген қыз бен жігіттің махаббатын сөндіре алмаған. Ақыры үлкендердің тыйым салғанына қарамай, үйлерінен қашып шығып, Көкаралға табан тірепті. Көл ортасындағы Көкарал бірін-бірі өліп-өшіп сүйген екі жасты көкорай шалғынына жасырып, қорғаныш болған екен. Ақ сойылын сүйретіп жоқ іздегендер ат ізін суытпай қаншама сүзіп өтсе де, екі жас олардың көзіне түспеген. Аңыз соңы ғашық жүректердің мәңгілік табысуымен аяқталады.

Ұлттық саябақ: аңыз бен тылсым табиғат

Кейін көл суы тартылған соң Көкарал түбекке айналған.  Ілкідегі аңызды естіп-білген жергілікті жастар табиғаттың осы бір таңғажайып пұшпағымен таны­су­ға әуес. Мәңгі жасыл қарағайлар мен ақ балтыр қайың ормандарының жа­ға­лауын баса қонған Көкарал көз ұшы­нан-ақ мұнартып, қойнауына ша­қы­рып тұрғандай. Қырқабау шоқ­ы­сына шықсаңыз, көз алдыңыздан әл­дебір су­­ретшінің қылқаламымен кес­кін­дел­гендей ғажайып көріністің айшуақ ажары көз арбап, жалт ете түсер еді.

Қасиетті Көкшенің тосыннан көрген жан тосырқай қарайтын талай тамаша жері «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық саябағының еншісінде. Саябақ 1996 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Солтүстік Қазақстанның таулы-орманды және көлдерінің эко жүйелерін, табиғи археологиялық және ұлттық мәдени ес­керткіштерін сақтау мақсатында құ­рылған болатын. Облыс орталығынан оң­түстік батысқа қарай алпыс шақырым жол жүрсеңіз, саябақтың саялы қойнау­ына күмп ете түсесіз.

Негізгі міндеті, табиғи кешендерді жә­не мәдени мұраларды көздің қара­шы­­ғындай сақтау. Сақтап қана қоймай, ғы­лыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және туризмді дамыту.

Қазіргі күні саябақ аумағында біз атын біле бермейтін 600-ден астам өсімдік түрі өседі. Оның 84 түрі жер бетінен жоғалып кетуге шақ тұрған өсімдіктер. Демек, олар айрықша қорғауды талап етеді. Ағаш тектес өсімдіктердің ішін­де саябақта қарағай мен қайыңның үлес салмағы басым. Мұндай орманды ал­қап­тардың жалпы көлемі 118 мың 555 гектар жерді алып жатыр. Орманды ал­қап­та жалғыз қарағай мен қайың ғана емес, ақ үйеңкі, балқарағай, шегіршін де молынан кездеседі. Өсімдіктердің бі­р­қатары Қызыл кітапқа енгізілген. Олар­дың арасында бұғы мүгі, көктем жа­наргүлі, кәдімгі шолпанкебіс және тағы басқалары бар.

Саябақтағы дендропарктің негізі со­нау 1904 жылы қаланған. Ғасырдан астам тарихы бар денропаркте екпе ағаш­тарына сынақ жүргізіледі. Алғашқы кө­шет отырғызу жұмыстары 1905 жылда­ры қол­ға алыныпты. Бүгінгі таңда дендроп­арк­те отыздан астам ағаш түрлері өсі­рі­леді. Бұта тұқымдастардан сары акация, жұпаргүл, күнжара, таңқурай, қара және алтын түстес қарақат, аюбадам, то­шала тәрізді өсімдіктер бар. Оңтүстік ба­тыс жақ беткейінде 1960 жылдардың ба­сында отырғызылған жеміс бағы орналасқан. 

Саябақ аумағында республикалық маңызға ие 13 табиғат ескерткіші бар. Бүгінгі күні оларға туристік бағыттар жасалған. Бұл ескерткіштердің барлығы жер­гілікті тұрғындар мен алыстан ат сабылтып жететін туристердің сүйік­ті орындарына айналған. Табиғат ескер­ткіш­теріне қоса, мемлекет қор­ғау­ына алын­ған 185 археологиялық та­рихи сәу­­лет монументальді өнер ескер­ткіш­­тері бар. Соның ішінде әлемге а­ты әйгілі Ботай ескерткіші. Ертедегі адамдардың жылқыны алғаш қолға үйретіп, тұрмыстық салт-дәстүрлерін дамытумен құнды. Қазба жұмыстарының нәтижесінде 60 мыңнан астам сүйек пен тастан жасалған заттар табылған. Оның ішінде тасбалта мен үшкір жебе, найза ұштары, тас пышақ, сүйек ине және саздан жасалған ыдыс сынықтары көптен кездеседі. Көне Ботай жұртының үйлері ағаш пен саздан тұрғызылыпты, тас­тан қаланғандары да бар. Тұрғын үйлер дөңгелек пішінді болып келеді екен. Төбедегі шаңырақ іспеттес сұл­ба­ға қарағанда, кәдімгі қазақтың киіз үйін еске түсіреді. Ботай мәдениеті еура­зия­лық орманды, далалық белдеудің ежелгі тарихын зерттеуде үлкен маңызға ие.

Саябақ аумағындағы Шалқар көлі­нен басқа көлдердің суы негізінен тұщы әрі таза болып келеді. Шалқар­дың су құ­рамында аздаған тұз концент­ра­ция­сының болуы оның емдік қасиетін ай­қын­дай түседі. Осы маңда атақ-даң­қы алысқа кеткен, туған жерін жоң­ғар шапқыншылығынан асқан ерлікпен қорғаған Ағынтай мен Қарасай батырларға мемориалды-тарихи кешен ор­­натылған. Ал сәл әрірек жақсылар ұш­­қан жасыл тау – Сырымбеттің ете­гін­де Айғаным ханшаның қонысы, Шоқан Уәлихановтың мұражайы бар. Бұл Айыртау өлкесі. Әсем табиғат қана емес, тағылымды аңызға да бай өңір. Тағы да аңызға құлақ түрелік. Айыртау шоқысына байланысты мынадай бір аңыз айтылады. Бағзы заманда бейбіт жат­қан ел үлкен шапқыншылыққа ұшыраған екен. Жер қайысқан қалың қол қара бұлттай төніп келіп  қалды дей­ді. Еркек кіндікті тегіс атқа мінген. Қалың қолдың басында ағалы-інілі екі батыр. Қиян-кескі шайқас болады. Әлгі ағайынды батырлардың екеуі де көз­деп атқан жау оғынан мерт болып, үл­кенді-кішілі төбелерге айналса керек. Батыр­лар­дың қарындастарының көз жасынан ой­мақтай тұзды көл пайда болыпты. Жау жағынан қанша адам қырылса, беткейді бойлай сонша ағаш өсіпті. Ал жазықсыз, ел қорғаған жауынгерлердің қан тамшыларынан қып-қызыл болып жеміс-жидектер өсіп шыққан деседі.    

Саябаққа жататын тағы бір тамаша өңір – Имантау. Имантау елді меке­нін­де шамамен төрт шақырым жерде Имантау көлінің нақ ортасында Тасарал бар. Бұл да республикалық маңы­зы бар табиғи ескерткіш. Ең бір қы­зық жері, зәу биіктен қарасаңыз, әлгі Тасарал көзіңізге жүрек пішіндес болып көрінеді. Аралда бұл өлкеде сирек өсетін арша ағашы жағалауды өзінің сансыз бұталарымен көмкеріп, керемет сән беріп тұр. Аршадан сәл әріректе жасыл желек жамылған кәдімгі қарағай, са­қалды қайың, жабайы шие киіздей тұ­тасқан. Ит тұмсығы өтпестей болып ту­сырап жатқан бұталардың арасында сужыландар мен сұржыландар жиі кездеседі.

– «Көкшетау» ұлттық саябағы аума­ғын­да танымдық және экологиялық ту­ризмді дамытуға мол мүмкіндік бар. Оған қоса, спорттық және әуесқой балық ау­лау­ды да жолға қоюдамыз. Біздегі де­ма­лыс орындарының қаншалықты көр­кем екендігі алыс-жақын шетелдер­ге жақсы мәлім, – дейді саябақ дирек­то­рының міндетін атқарушы Медеу Ражанов, – саябақ аумағындағы табиғат аясына әр жыл сайын отыз мыңнан астам адам келеді. Оларға үш емдеу және демалыс мекемелері, 1 шипажай мен 1 пансионат, 14 демалыс үй­ле­рі, сауықтыру орталықтары қызмет көр­сетеді. Жадыраған жаз айларында 8 демалыс базасы мен 6 балаларды сауық­тыру орталықтары жұмыс істейді. Эко­ло­гия­лық және танымдық туризмді да­мыту мақсатында 20 туристік соқпақ бағыттары белгіленген. Олардың 14-і жаяу, екеуі су айдынында, ал қалған төр­теуі аралас. Келушілер «Найзатас» шо­қысы, «Шиелі» төбешігі, «Дәу саңы­рау­­құлақ», «Буян шатқалы» тәрізді ба­ғыт­­тарда серуен құрып, тылсым та­би­ғат­тың тамаша көрінісіне көз қанық­ты­рып, туған жеріміздің тарихымен таныса алады.

Саябақ басшыларының айтуына қа­рағанда, бұл бағыттарды жиі пай­да­ланушылар ұлттық саябақ аума­ғына жақын маңда орналасқан бала­лар лагерьлерінің демалушылары екен. Көк­шетау қаласының мектеп оқу­шы­ла­ры мен студенттері де жиі-жиі са­пар­ға шығып тұратын көрінеді. Сапар ба­ры­сында қызғылықты көрмелер мен әр­түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылып, ұлт­тық саябақтағы өсімдіктер әлемі мен жан-жануарлар дүниесін, сондай-ақ табиғи және тарихи археологиялық ес­кер­­ткіштердің тарихы таныстырылады.

Саябақтың басты байлығы – орман. Оның жалпы көлемі 182076 гектар. Соңғы жылдары 16716 гектар жер­ге ағаш көшеттері отырғызылған. Эко­логиялық жағдайды жақсарту ор­ман­ды қайта түлету мен аумағын барынша кеңейтуге тәуелді. Осы орайда, ұлттық саябақты ағаш көшеттерімен қамтамасыз етіп отырған төрт питомник бар екендігін айта кетуге тиістіміз. Ал қолда бар байлық көздің қарашығындай қорғалуда. Негізінде, инспекторлық қыз­мет жіті жұмыс істеп тұр. Өрт қаупі жоғары кезеңде әуеден бақылауда жүр­гізіледі. Бес байқау мұнарасынан кір­пігі айқастырылмай күзетіледі. Негі­зін­де, табиғи байлықтарды сақтау ке­рек­тігі жұртшылық арасында кеңінен тү­сін­дірілгені абзал. Әркім туған та­би­ғатымыздың қорғаушысы болса, жағ­дай бүгінгіден де жақсара түсер еді. Сон­дықтан саябақ ұжымы өрт қау­іп­сіз­дігін сақтау тақырыбында өз ау­мақ­­тарына 31 тақта орнатқан. Жүз ша­­қы­рым­ды қамтитын минералды жо­лақтар құ­рыл­ғысы жасалса, 10914 ша­қы­рым ми­нералды жолақтарға күтім жүр­гізіледі.

Әрбір орман шаруашылығы су тар­тқыштармен өртке қарсы әрекет ететін аспалы қондырғылар мен байла­ныс құ­ралдарымен, басқа да керек-жара­қ­тар­мен қамтамасыз етілген.

Саябақ жұмысының тағы бір қыры – эко­логиялық ағарту жұмыстары. Бұқа­ра­ның экологиялық сауаттылығын арттыру және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мәселесіне көңілін аударту нақты көмек көрсету мақсатында жыл сайын «Парктер шеруі» акциясы ұйымдастырылады. Екі айға созылатын атал­мыш акция барысында бірқатар жұ­мыстар атқарылды. Көкшетау қаласы мен Зеренді, Айыртау аудандарының оқу орындарындағы өткізілген «Құс­тар күні», «Бүкілқазақстандық орман оты­рғызу күні», «Жер күні», «Таза жа­ға­лау» сияқты іс-шаралар бары­сын­дағы әң­гімелесулер мен дәрістер, мұражайға экс­курсия, табиғат тал бесікті сақтауға ба­ғытталған викториналар акцияның маңыздылығын арттыра түсті.

Биыл өрт қаупі мол маусым пәлендей қи­ын­дық тудырған жоқ. Көктем мен жаз жаң­бырлы. Ендігісі шіліңгір шілде айында орман кезіп кететін демалушылардың са­лақ­тығынан төнетін айтып келмес апатқа сақ болсақ болғаны. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы