Аймақтар • 12 Шілде, 2018

Таңғажайып торпедолар

538 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздегі ең көне өндіріс ошақтарының бірі деп Алматыдағы машина жасау зауытын айтуымызға әбден болатын шығар. Олай деуімізге зауыттың ғасырға жуық тарихы себеп. Өндіріс бүгінгі күн талабына бейімделіп, жұмысын жалғастырып тұрған зауыт ретінде де ерекшеленеді. Бұл зауыт дәстүрлі KADEX көрмесінің тұрақты қатысушысы ретінде жаңа әлемдегі әскери және қорғаныс өнеркәсібі саласында да әйгілі.

Таңғажайып торпедолар

1942 жылы жаппай эвакуа­ция­ланған ны­сандар қатарында Махачкаладан Алматыға көші­ріл­ген зауыт Кеңес ода­ғының қуатты мемлекет ретінде қа­лып­­тасуына үлес қосқан. Кеңес одағы үшін әскери өндіріс пен қару-жарақ зауыттарының маңызы орасан болғаны белгілі.

Олардың жұмысы мейлінше құпия сақталып, аса сақтықпен қадағаланатын. Кезінде Алма­ты­дағы зауыттың ауласына ұшқан құстан өзге тірі жан бейсауат кіре алмайтын болған. Қазір ғой Махачкаладан көшірілген зауыт­тың КСРО әскери теңіз флоты үшін оқтұм­сы­қт­ы торпедо шы­ғарғанын білу ешқан­дай қиын­дық тудырмайды. Ал соғыс уа­қы­тында, одан кейінгі кезеңде де за­уыттың жұмысы жайлы дерек жоқтың қасы еді. Тіпті 1960-1980 жылдар аралығындағы «қырғи қабақ соғыс» дәуірінде Киров зауытының жұмысы кү­шейтіліп, құпиялылық деңгейі де жо­ғарылаған. Кезіндегі Кеңес одағынан бөл­ек Варшава шартына біріккен мем­ле­кеттердің әскери қажеті үшін өнім жаса­ған зауыт шетел барлаушыларының түн ұйқысын төрт бөлгенге ұқсайды.

Біз арнайы рұқсаттама алып, атақты зауыттың жұмыс барысын өз көзімізбен көріп-білуге мүмкіндік алдық. Зауыттың өткені мен бүгіні туралы әңгімелеп берген бас инженер Валентин Сундюков өткен ғасырдың 60-жылдары болған бір қызық оқиғаны баяндап берді. Ол кезде Алматы көшелері қазіргідей емес еді. Қоғамдық көліктен трамвайлар ғана жүретін. Зауыт орын тепкен Космонавтар мен Пастер көшесінің қиылысында аялдама болған екен. Бірде жұмысқа асық­қан жұмысшы түсетін тұсын ұмы­тып қа­лып, трамвай кондукторына «Торпедо зау­ытынан тоқтап кетіңізші» дейді дауыстап. Әрине ол кезде бұл зауыттың әскери мақсатта жұмыс істейтінін жұрт білмейтін еді. Кейін жұмысшыны арнайы қызмет әбден тексеріп, ығыр қылған көрінеді...

Қазір зауытта әскери жаб­дық­тарды қа­лыпқа келтіру мен жөндеу жұмыс­та­рынан бөлек, тау-кен өндірісі, темір жол құрылысы және мұнай өндіру ба­ғы­тына қажетті құрылғылар мен қо­сал­қы бөлшектер жасау жанданған. Қа­рап отырсақ, қазақстан экономикасын өрге сүй­рейтін маңызды салалардың жұ­мы­сын жандандыруға айтарлықтай ықпал етіп отыр. Кәсіпорында төрт жүзге жуық жұмысшы еңбек етеді.

– Біздің зауыттың әскери теңіз флоты үшін жойқын қару жасағаны ендігі уақытта тарих қана. Кезінде су астындағы және су бетіндегі қарсыластарды жою үшін қолданылатын оқтұмсықты торпедолар сериясы шығарылып келді. Зауыттағы соңғы қару-жарақ партиясы 1990 жылы тапсырыс берушіге жөнелтілді. Санаулы айдан кейін КСРО тарады. Көп ұзамай өндіріс те тоқтады. Зауыттың жағдайы нашарлап кетті. Тәуелсіздіктің нығаюымен ғана өндіріске қайта қан жүгірді. Бүгінде біз еліміздің қорғаныс өнеркәсібі үшін ерекше маңызы бар кәсіпорынға айналдық. «Қазақ­стан Инжиниринг» компания­сы­ның қана­тының астында дамып ке­леміз. Тек әс­кери өндіріске қа­жет­ті бөлшектерден басқа ауыл шаруашылығына, мұнай өндірі­сіне қажетті құрылғылар жасауға тапсырыс алдық, – дейді зауыттың бас инженері Валентин Сундюков.

Зауыт ауласындағы цехтардың жұ­мысы бір тоқтамайды. Мұнда кәсіп­орында жасалатын қосалқы бөл­шек­тер мен құрылғыларға қажетті дүние­лер­дің барлығы дайындалады. Ел эко­номикасының маңызды секторларына аса қажетті дүниелер осы жерде өн­ді­рі­леді. Мысалы, кеме жасау өндірісі үшін дайындалатын гидравлика жүйесі үшін резеңке қаптамалардың алуан түрі байыту цехында жасалады. Яғни шикізаттан дайын өнім шығарады.

Қажетті бөлшектердің зауыт аума­ғын­да жасалуы қорғаныс өнеркәсібі бой­ынша қалыпқа кел­тіру, жөндеу жұ­мыс­тарын жүр­гізуге оң ықпал етіп отыр. Әсі­ресе осыдан 20 жыл бұрын зауыт­та жасалған торпедоларды толықтай қайта жасақтау кезеңі басталғалы бері тапсырыс көлемі айтарлықтай өсті.

Кезінде жасалған қару-жарақ түр­ле­рінің сапалы жұмысына зауыт 20 жылға кепілдік беретін. Осы уақыт аралығында қолданылмаған торпедолар қоймаларда сақталуға тиіс. Әрине бейбіт заманда су астындағы соғыстың болмағаны керек. Ал қару түрі әскери қуатты­лық­ты арттыру үшін сақтала­тыны анық. Заманында Киров зауытының өнімін сатып алған шетелдік әскерилер қазір сол өнімдерді қайта қалыпқа келтіруге тапсырыс беріп отыр.

Зауыт Қазақстанда өтетін KADEX көр­месінің тұрақты қаты­сушысы ретін­де өз өнімдерін әлем елдерінің назарына ұсынып келе жатқанын айрықша атап өткен ләзім. KADEX-2018 көр­ме­сі­не биыл отандық және шетел­дік қор­ғаныс-өнеркәсіп кешені, ғарыштық са­ла мен ақпарат­тық қауіпсіздік сала­сы­ның кәсіп­орындары, жетекші кон­струк­торлық бюро мен ғылыми-зерттеу инс­титуттары қатысты. Әлемнің АҚШ, Бразилия, Германия, Из­раиль, Үндістан, Қытай, Ресей тәрізді 26 елінен 294 кәсіпорын өз өнімдерін әкелді. Алматыдағы машина жасау зауыты да көрмеге өз өнімдерін ұсынды.

2016 жылы Астанада өткен халық­ара­лық қару-жарақ көр­ме­сіне зауыт «5365-К» аталатын торпедо макетін ұсынған болатын. Кезінде «243 өнім» деген шартты атаумен әйгілі болған тор­педо түрін зауыт қабырғасында жа­сау­ға қазір мүмкіндік бар. Бұл шет мем­лекеттердің әскери ма­мандарының қызы­ғушылығын туғызған екен. Ал би­ылғы көр­меде қатысушылар назарына осы торпедо түрінің оқу-жаттығу мақ­сатында қолданылатын нұсқасы ұсынылды.

– Біздің бұл торпедомызды жаттығу жасау кезінде тұрақты қол­дануға болады. Яғни торпедода оқтұмсық болмайды, құрыл­ғы қауіпсіз. Су астында басқа­руға ыңғайлы, тиісті нысандарды анықтау мен шартты түрде «жою­ға» қолдануды оқып-үйрену үшін жасалды, – дейді бас инженер.

 Бәлкім біз аса әсірелеп айтатын шығар­мыз, бірақ Алматыдағы зауыт­та жасалған өнімді «Таң­ға­жайып торпедо» деуге әбден лайық. Әрине Қазақстан бей­бітшілік жолында белін бекем бу­ған, бітімгерлік бағытты ту еткен ел. Біз әлемге ядролық қарудан бас тару жө­ніндегі үндеу тастаған алғаш­қы мем­ле­кетпіз. Дәл осы мақ­сатта кез келген жой­ғыш және оқ­тұмсықты қару түрлерін де бей­біт мақсатқа қолдану ісінде үлгі көр­сетуіміз орынды. С.Киров атын­дағы зауытта жасалған оқу-жаттығу торпедосы бұған дәлел.

Ал зауыттың халық тұрмы­сын­да қол­данылатын өнім шығаруға бет бұр­ғаны рас. Мысалы, зауыт конс­трукторлары роторлы ав­тотұрақтар құрастырып, сынақтан өткізуде екен. Егер бұл жоба сәтті жүзеге асса, үлкен қалалардағы көлік қоятын орындарға қатысты қиындық шешімін табуы мүмкін. Бұдан басқа инновациялық жобалар бар. Электромобильдерді қуаттандыруға арналған бірегей бекет пен «Пионер» атты шағын электроцикл көлігін құрастыру жұмыстары да аяқталуға жақын.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы