Медицина • 12 Шілде, 2018

Сақтық шараларына назар аударуды ескертті

428 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қыз­метінде Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау коми­тетінің төрағасы – Қазақстан Респуб­ликасының Бас мемлекеттік санита­риялық дәрігері Жандарбек Бекшиннің қатысуымен жаз мезгіліндегі ау­ру­лардың алдын алуға арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Сақтық шараларына назар аударуды ескертті

«Ауаның температурасы көтерілуіне байланысты халық арасында жіті ішек инфекцияларының, вирустың таралу қаупі де артады. Осы мезгілде адамдардың тамақтанатын объектілерінде, тамақ өнімдерінде және суда қоздырғыштардың сақталуы мен көбеюі үшін қолайлы жағдай туады. Ауру инфекция жұқтырылған тамақ өнімдерін, ластанған ауыз суды ішкенде, науқастармен және бактерия тасымалдаушылармен қарым-қатынаста болған кезде лас қол және тұрмыстық заттар арқылы жұғады. Үй жағдайларында тамақтан уланулардың алдын алу мақсатында өнімдердің сапасын мұқият бақылау керек. Тұрмыстық жағдайда адам көбінесе уытты инфекциямен ауырады. Егер өнім аздап бұзыла бастаса, улануды тудыратын бактериялар пайда болады. Инфекция көбінесе құс өнімі (ет, жұмыртқа), сүт өнімдері, салаттар, кремді-кондитерлік өнімдер және тағы басқалар арқылы жұғады», дейді Ж.Бекшин.

Оның сөзінше, өнім бұзылды деп күдіктенген жағдайда оны пайдаланбау керек. Жұқтыру қаупі осыған ұқсас микроорганизмдердің көбеюі үшін қолайлы орта ыстық – жаз мезгілінде айтарлықтай артады. Ішек инфекцияларының алдын алу жеке бас гигиенасының ережелерін сақтауға байланысты. Ішек таяқшаларының алдын алу үшін; жеке бас гигиенасын сақтау керек. Тамақ ішу алдында, дәретханадан кейін, даладан үйге оралғаннан кейін қолды жақсылап жуу, қайнаған немесе бөтелкеге құйылған сапасына кепілдік берілген суды пайдалану, тамақ өнімдерін тасымалдау және сақтау үшін таза қаптаманы (тамақ өнімдері үшін полиэтилен, қағаз, контейнер) пайдалану, тез бұзылатын өнімдерді (сүт, қаймақ, жартылай ет өнімдері, дайын ет және балық өнімі, салаттар, кремі бар аспаздық өнімдер) сатып алған күні немесе дайындалған күні пайдалану, оларды салқын жағдайда да ұзақ сақтамау (6-12 сағаттан асырмау), 12 сағаттан астам уақыт сақталған тамақты пайдалану алдында жақсылап жылыту, рұқсат етілмеген сауда орындарында – кездейсоқ адамдардан өнімдерді сатып алмау, тамақты дайындаудың температуралық режімін сақтау (әсіресе ет, құс еті және теңіз өнімдері мен жұмыртқаны пайдалану кезінде), дайындалған тамақты бөлме температурасында 1 сағаттан асырмай ұстау немесе дайындалған тамақты дастарқанға қойғанға дейін ыстық күйінде ( 60°С жоғары) ұстау, ресми рұқсат етілген орындарда шомылу, шомылу кезінде суды жұтпауға тырысу керек.

Сонымен қатар ол той және тағы басқа да жиын өткізерде алдымен тойхананың әсемдігіне емес, оның ішкі тазалығына баса назар аудару керектігін алға тартты. «Біз тойға барсақ, ең бірінші залдың әдемілігіне қараймыз. Асханаға бармаймыз. Ол жерде тамақтарды қайда сақтайды. Тоңазытқышы бар ма? Кейбір мейрамханалар ыстық су болмаса да той жасаған. Мұндай жағдайлар да кездесті. Әрине осындай мәселелерді бірінші қарау керек. Сонымен қатар қызметшілер түгел ме, даяшылары толық па, аспазшының арнаулы киімі бар ма. Осы сияқты маңызды мәселелерге мән берген абзал», деді ол.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»