Қазақстан • 12 Шілде, 2018

Маралды курорт салуға дайын ба?..

1212 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Былтыр Шығыс Қазақстандағы 10 көлдің және бірнеше су қоймасының суына бальнелогиялық зерттеу жүргізіліпті. Нәтижесінде өңірдегі қай өзен-көлдің суы шипалы, денсаулыққа пайдалы екені анықталған. Курорттық аймақ құруға болатын жерлер де белгілі.

Маралды курорт салуға дайын ба?..

Қазір біздің өңірдегі  демалушылар да жаз бойы Маралды көлінің жағасында. Бұрын да жер­гілікті тұрғындар тұзы мен балшығы ем деп баратынын еститінбіз. Мақала жазу барысында суына түспесек те өзіміз де барып қайттық. Бұрынғы жолсапарлар барысында да көлге соқпай кетпейтінбіз. Ол кездері тып-тыныш жататын көлдің әйтеуір, бір тылсым сыры бар сияқ­­­ты көрінетін. «О, Маралдым, Маралдым!» деп Мұзафар ақын тегін жырламаса керек. Естай ақын Қорланмен кездескен жер десек, сыры мол, өткені шежі­релі-ақ көл.

Ал облысқа әкім болып келген күннен бастап Болат Бақауов Маралды көлінің жағасында дема­лыс аймағын құрып, инфра­құрылымды дамытуды қолға алу үшін нақты іс-қимылға кө­шу қажет деп  өңірдегі туризм бас­­­қар­масына, аудан әкімдігіне тапсырма берген-ді. Өкінішке қа­рай, өңірдегі сауда және туризм бас­қармасының басшылары жиі ауысады, жуырда ғана туризм саласын дамыту жүктелген Қанат Шәбенов те қызметінен  кетіпті.

Сөйтіп Б.Бақауовтың  тап­сыр­­масына орай, 2016 жылы ал­ға­шында көл жағасынан  те­реңдігі 100 метр жер қазылып де­малушылар үшін тұщы су да шығарылып берілді.  Бюджеттен тыс қаражатқа көлге апаратын жол салынды. Бір-екі дәретхана жасалды. Маралды – Жылыбұлақ ауылы автомобиль жолын 4,5 мил­лион теңгеге күрделі жөндеу жұмыс­тарына құжаттар әзірлеуге келісімшарт та жасалды. Одан кейін ұзындығы 3 шақырымды құрайтын жоғары вольтты желі тартылады. Осы маңнан Ма­ралды  курорты салынады деген хабарлар да тарап жатты. Тіпті Алтай өлкесіндегі Яровое демалыс орнының тәжірибесінен үйренуге кеңес те берілді.

Жалпы, Шарбақты ауданының аума­ғында 22 көл бар, оның 19-ы ащы, тұзды көлдер. Маралды кө­лін туристік орталыққа  айнал­дырмақ жоба қолға алынар кез­де аудан әкімдігі облыстық «Жер қойнауын пайдалану, қор­шаған орта және су ресурстары  бас­қармасына»  аудандағы су айдын­дарын төлқұжаттау туралы хат жолдайды. Сөйтіп Маралды көлі «СтройБиоРесурс» ЖШС-не 44 жылға жалға беріледі. Бұған дейін облыстағы «Орман және жануа­рларды қорғау жөніндегі» мем­лекеттік мекемесінің уақыт­ша  қарамағына алынған-тын. Өңір­дегі  «Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстарын пайдалану» басқармасына конкурс өткізіп,  көлдің иесін анық­тау тапсырылған еді.

Жалға берілгендегі мақсат кәсіп­орын көлдегі артемия-са­лина шаяндарын арнайы бе­кітілген тәртіпке сай аулайтын болуы керек еді. Көлде көл суына  ғажайып бір қызғылт түс беретін аrtemiasalina шаян­дары бар. Қызыл құрттар дегеніңіз, қып-қызыл байлық. Қара базарда үлкен сұранысқа  ие дей­ді. Жалпы, артемия-салина шаяндарын аулауға тыйым са­лынған. Өйткені мамандардың ай­туынша, құртты заңсыз жи­наушылардың кесірінен олардың жоғалуы да мүмкін. Жұмыссыз жүрген ауылдықтарға бағалы құртты тергізіп, сатып алатындар оны Қытай асыратын көрінеді. Бұл да бір ойланатын мәселе.  Екін­шіден, заңсыз шаян аулаушылар жұмыртқасын ғана жинамай, шаяндардың аталығы мен аналығын қоса аулайтыны алаңдатады.  Құрттар биоресурс құрамындағы ақуыздың мол­дығымен ерекшеленеді. Өнім  медицина, ауыл шаруашылығы саласына аса қажет екен. 

Жалпы, артемия құрты – жа­нуарлар, балықтар, үйдегі тауықтар, егістік үшін таптырмас азық және тыңайтқыш. Тұз­ды судың омыртқасыз, шаян тә­різ­ді жәндігі. Ащы суларда ғана өмір сүретін ол микроорганизм­дермен және балдырлармен қоректенеді. Жұмыртқасы өте жоғары бағаланады. Балықтың қорегі – белок. Сондықтан біз­дер Маралдының ерекше қорға­латын экологиялық көл екенін ескергеніміз жөн.

Профессор, педагогикалық инс­титут оқытушысы Қайырбай Базарбековтің айтуынша, Ма­рал­ды көлін сақтау керек. Марал­ды көлі, жағалауы, жалпы Марал­ды жері-палентологиялық, архео­логиялық ескерткіштерге бай. Оны қалайда сақтап қалуымыз қажет. Курорт демекші, бола­шақ­тағы «Маралды курорты» ЖШС-ның жоба жетекшісі Дүй­сенбай Дүйсеновтің айтуынша, алдағы уақытта көл мен саз­дың,  тұзды судың емдік қа­сиетін анықтау үшін арнайы зерт­теу жүргізіледі. Көлдегі ем­дік қасиеті бар балшықтың қоры 100 мың текше метр. Аудан­дық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, «Маралды курорты» ЖШС 2017-2022 жылдар аралығында қонақүйлер, балшықпен емдеу шипажайларын, марал өсіретін орындар тұрғызу үшін көлде туристік биз­несті дамытуға қаражат салуды жоспарлап отыр. 

Бірақ көл суына нақты зерттеу  жүргізілмей, сынамалар алынбай тұрып курорт салу жұмысы бас­талып кеткені қызық. Кәсіпкер көлдің маңайындағы демалыс орнына өз қаражаттарына уақытша электр сымдарын тартпақшы. Бұ­дан кейін мемлекеттік бағ­дар­лама бойынша электр қуа­ты жеткізіледі. Инвестор көл жағалауын жөндеуге кіріс­ті. Көл­ді жалға алды деген кәсіп­орын әлгі біз айтқан болашақта бо­латын  «Маралды курорты» ЖШС болып құрыла қал­ған  кәсіпорынға көмекке ке­ліп, көлдің жағасына жасанды құмын төсеп, 100 орынға лайық­талған шағын пирс жасауға тех­ни­калық көмек көрсетсе керек.­ Демалушылар үшін пирс – қа­зір көл жағасындағы демалыс аумағының көркі. Күнге қыз­дырынуға, катамаранға отырып су бетінде қыдыруға жағдай жасалған. Дәмхана ашылды, би алаңы орнатылды. Vip-алаң құрылысы жүргізілуде. Дәрет­хана саны да көбейді. Қаладан автобус жүре бастады.

Шарбақты ауданының әкімі Балғабай Ыбыраевтың айтуынша, көл жағасының туризмі керемет. Көл маңындағы ауылдар­дың дамуы үшін қажет. Халық ағылуда. Күніне 2 мыңдай адам келеді. Көлбұлақ ауылына дейінгі жолға асфальт төселіп,  де­малыс аймағына дейінгі 2,7 ша­қырымға электр желісі тартылыпты. Бүгінгі таңда инвесторлар көл жиегіне 20-дан астам киіз үй тігіп, ағаш үйлер тұрғызған. Автотұрақ бар. Демалушыларға ыңғайлы болу үшін мұнда 100 ағаш тапшан да орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға пандустар қойылған. Енді 4-5 жылдың көлемінде Маралды көлінде стационарлық емдеу ор­талығы ашылады. Болашақта бұл жерде пантамен емдеу орталығын ашу мақсатында 55 марал сатып алыныпты. Әрине құптарлық жақсы бастама.

Ал облыстық «Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының хаба­рынша, өңір аумағында ор­наласқан 340 су қоймасының ба­сым бөлігі игерілмеген және заң­ды тұлғаларға бекітіліп беріл­меген. Тіпті облыстағы көл­дердің, оның ішінде Маралды да бар, суының тұзды немесе­ тұщы екенін айқындайтын құ­жат­тарының бар-жоғы бел­­гісіз. Сондықтан, өңірдегі әр көл­дің сипаттамасы,  суының биологиялық құрамы туралы құжаттар қолда болуы керек. Содан  кейін  ғана көлдер табиғат пайдаланушыларға  бекітіледі. Көлдер кәсіпкерлерге жалға берілген соң, олардың міндеттері де бекітіледі. Яғни, қосымша жұ­мыс орындарын ашу, бюджет қазынасын толтыру, көлді күзету және оның айналасын таза ұстау талап етіледі.

Сондай-ақ көлдерді жалға алу­шылар жыл сайын ғылыми-биологиялық зерттеулер жүргізіп, құрт, шаян аулау көлемін біліп отырулары қажет. Бұл жалға алушыларға көл түбіндегі артемия-салина құртын бей-берекет ауламау­ды, тұзды су­ды болашақ ұрпаққа жетуі үшін сақтауды қатаң міндеттейді. Яғ­ни, әр көлдің маңынан туризм мен демалыс, емдеу орталығын ашу­шылар үшін әуелі  көлдің өзін түбіне дейін зерттеп, жергілікті  жағдаймен танысып алып іске кіріскен дұрыс дегенді ескер­теді. Ал инвестор әуелі көлді, одан кейін көл түбіндегі жерді заңдастыруы қажет. Маралды көлі­нің аумағы 5,5 мың гектар болса, бұл аумақтың өзі Пав­лодар мен Шарбақты аудандарына тиесілі. Қарапайым  жұрт тұз­ды көлдің ем-шипасы үшін ба­рады дейміз. Екінші жағынан қой­ларын көлдегі тұзға түсіретін шаруашылықтар да бар көрінеді. «Өйткені Маралды көлінің емдік қасиеттері мол. Мұны арнайы зерттеу де дәлелдеп отыр», дейді об­лыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының мамандары.

Көлдің жағасы туризм, демалыс орталығына  айналмай жатып-ақ курорт, емдеу орны салынады деген хабар тарады. Сол кезде өңірдегі медицина және туризм басқармасының ма­мандары Маралды көлінің суы мен тұзды балшығының  бактериологиялық құрамына әлі  бальнеологиялық зерттеу жүр­гізілмегенін айтқан-ды. Кеңес өкіметі кезінде зерттелгені де анық, рұқсат берілген болса, қа­зір ол Мойылды курорты сияқ­ты жұмыс істеп те тұрар еді. Өйт­кені көлде аса бағалы табиғат бай­лығы – құрт-шаяндар бар.

Бірақ қазірдің өзінде көлдің жа­ғалауы демалыс орнына – тұз балшықпен емделу орнына айналғандай. Көл суының ем­дік қасиеттері көп екенін жо­ғарыда айттық. Шомылып шық­қан соң денеге жабысқан аппақ тұз  кәдімгідей қыздырып, күйдіретінін байқайсыз.   Зиянды ма, зиянсыз ба? Балшықты қанша  минут пайдалану керек, жалпы, қалай пайдалану керектігі жайлы  ешқандай  ақпарат жазылмаған. Сондықтан сауда және туризм басқармасының мамандары жазғы маусым кезінде  бұл жерде дәрігерлік бөлімшенің орналасқанын, тіпті қадағалайтын арнайы дәрігердің болуы қажет деп санайды. Ал ауылдықтар болса, «қасиетті көл ішін, маңайын был­ғамаңдар, көлдің иесі бар, күз айында көлден шығады, иесі қағады. Бұл жерде батырлардың молалары бар», деп бізді сақтандыратын. Көл жағасында тіпті артық сөз ай­туға қорқатынбыз. Көл маңын­дағы Байжырықтағы зираттарда сұлтандар жерленген деген де әңгіме бар.

«Көл жұртшылықтың  емделу, демалу  орнына айналды. Ата-баба әруағын  құрметтеген ха­лықпыз. Сұлтандар сүйегі жатқан көне қорымдарды қоршау керек, қарап, күтімге алу қажет  немесе ауыл зиратына қайта жерлеу керек», дейді үлкендер жағы.

Басты мәселемізге қайта орал­сақ, біріншіден, Маралдыдан  емдеу орнын  ашу үшін қыруар қаражат керек. Екіншіден, көлдің су құрамына зертханалық зерттеулер жүргізу үшін облыстық Жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресурс­тары басқармасы осы мақсатқа мүд­делі басқа да мемлекеттік органдармен бірге жұмыс жасаған. Үшіншіден, сауықтыру нысандарына қойылатын санитарлық талаптарға сәйкес, көлдің емдеу әлеуетін анықтау үшін су мен саздың зертханалық зерттеулерін жүргізуге медициналық қоры­тын­ды беріледі. Осы мақсатта С.Тор­айғыров атындағы мемлекеттік университеттің де ғылыми қыз­меткерлері шақырылыпты.

Мәселенің мәнісіне келсек, Жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресустары басқармасы Маралды суына талдау жасау үшін сынамаларды Қарағанды қаласының зертханасына жіберген. Зерт­ханалық зерттеулердің нәти­жесі бойын­ша аккредиттелген ғылыми ұйымдар еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі қараған соң ғана қорытынды бере алады. Медициналық қорытындыны алғаннан кейін көл емделуге арналған су нысандарының тізі­міне енеді.

Бірақ жергілікті басқармалар «біз көлден алынған сынамаларды тиісті орындарға жібердік. Бізге Алматыдағы  институттан жеткен қорытынды алдын ала тексеріс нәтижелері ғана. Толық әрі нақты шешім жоқ. Көлдің  су құрамынан бір емес, бірнеше рет сынамалар алынуы мүмкін. Бір рет алынған сынама ешқандай  нә­тиже бермейді. Сондықтан біз бұл нәтижелер барысын Шар­бақты аудандық әкімдігіне де жібердік. Ендігі мәселе көлдің иесі – мердігер ұйым әрі қарай  көлдің суын, тұзын, балшығын, батпағын  пайдалану керек пе, жоқ па деген мәселемен  өздері айналысып, зерттеуді толық  жү­зеге асырулары қажет» дейді.

Қорыта айтқанда, адамдар тұзбен, сазбен, батпақпен емде­лемін деп  жүріп, одан кері әсері алуы да әбден мүмкін. Екіншіден, табиғат байлығын, қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, сақтап қалу міндеті тұр. ...Ал қазір біздің Маралды көлінің жағасы мазасыз. Өйткені тұзбен, батпақпен емделемін деушілер көп...

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,

Шарбақты ауданы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше