Көккөл немесе Жер кіндігіне сапар
Жексенбі, 17 маусым 2012 0:27
Бала күнімізде Көккөл жайында көп әңгіме естуші едік. Үлкендер жағы ондайда әзіл-күлкіні тыя қойып, өзгеше салмақтана қалысатын. Сосын сараң бастап, сыздана сөз қозғайтын. Көккөлдегі кен қазу анау айтқандай құпия да болмаған сыңайлы. Бірақ біздің ағайындар Көккөлдің атын естісе көңілдеріне алаң бітіп, көп жағдайда тура жауаптан жалтарыса беретін.
Жексенбі, 17 маусым 2012 0:27
Бала күнімізде Көккөл жайында көп әңгіме естуші едік. Үлкендер жағы ондайда әзіл-күлкіні тыя қойып, өзгеше салмақтана қалысатын. Сосын сараң бастап, сыздана сөз қозғайтын. Көккөлдегі кен қазу анау айтқандай құпия да болмаған сыңайлы. Бірақ біздің ағайындар Көккөлдің атын естісе көңілдеріне алаң бітіп, көп жағдайда тура жауаптан жалтарыса беретін.
Содан ба, Көккөл бейнесі біздің санамызда бұлдыр-бұлдыр сағымдай қалып қойған.
Енді бағамдасақ, Көккөл әлгі адамдардың өміріндегі ең азапты, бейнетті жылдары болған екен ғой… Бейнетті болғаны соншалық, Көккөлді артық рет еске алудың өзі жандарын жаралағандай. Зіл батпан сол азапты арқалап өткен ағаларымыз түгелге дерлік өмірден озып кетті. Өкініштісі – бәрі де ерте кетті. Көбісі қырық пен елудің ішінде, ұзағаны алпысқа жете жығылды. Көккөлден соң өмір бойы көксау боп қалған менің Уатай атамның өзі әйтеуір өзін-өзі күткенінің арқасында (екі жыл ғана шахтер болған, қалған уақытта ұсталық жасапты) алпысты еңсеріп барып көз жұмды ғой. Бәрінің дерті біреу еді – ол “селикоз” болатын. Селикоз деген – өкпеңді шахтаның шаңы қамап, “цементтеп” қатырып тастайды. Құдайдың ауасын кеудені кере армансыз бір жұтуға зар болып, тынысың тарылып, ақыры тұншығып өлесің.
Қазір Көккөл туралы әңгімені айтар ағайын жоқтың қасы: аймақ бойынша қарайып бірер кісі ғана тірі жүр.
… Жалпы Алтайды армансыз аралаған адамның бірі біз шығармыз. Бала күнімізде қой бағып, бозбала шағымызда шөп шауып дегендей, Шабанбай мен Тарбағатайдан оңды-солды ойқастап түк қалдырғамыз жоқ. Кейін Иректің үстінен Марқакөлге дейін, Маралды ауылынан Қатын өзеніне дейін күн жүріп, түн жүріп жаяу да бардық. Таулы Алтайды Қосағашымен қоса айналып, Жазатыр басып Ақалақадан ел жаққа асып түстік. Осы сапарда Шындығатайдың шың биігінен Қазақстанға құлар тұста ардақты ағамыз Ілия Жақановтың өзімен бірге “Еділ мен Жайықты” шамырқана шырқағанымызды қайтіп ұмытарсың. Кейін Оралхан Бөкеевті бас етіп, Аршаты тауларының биігінде, ел сирек баратын алыстағы ғажайып Шәңген көлінің жағасында да бірер күн жатып қайттық. Туған жердің торғайы тұрымтайдай көрінер, құлыны тайдай көрінер, қыздары айдай көрінер деседі ғой… Жылына бір келер демалысымызды қалай мақтасаң да маңдайына сиятын Алтайды аралауға арнаушы едік. Сөйтіп туған жер төсінде аунап-қунап қайтудан асқан рахат бар деп білмейтінбіз.
Осылайша қаншама жерді араладық, қаншама жер көрдік, бірақ Көккөлге жолымыз бір түспей-ақ қойыпты.
Әйтсе де Көккөлге бір жетсек деген арман іште үнсіз бұғып жататын. Елдегі азаматтардың мойнына міндеттеп салып та көрдік. Бәрібір Көккөл сапарының реті келмеген.
Көккөл жолының ұзақтығы, уақыттың тапшылығы сылтау болып, сапарымыз сағыздай созыла берді.
Жол түспеген соң, Көккөл де көңілдегі әдемі бір сағыныштай жылдан-жылға қордаланып жинала түсті.
Содан, биылғы жыл көктем шыға Көккөлге баруға шындап бел шешкеміз. Жер ортасы жасқа келдік, бүйтіп соза берсек өмірдің де өте шығарын еске алуға тура келді. Дайындық жұмысына ерте бастан кірісіп, сапар жоспарын жүйесімен жан-жақты ойластыра бастадық.
Алдымен Мұзтау мен Көккөл жаққа сапарлауға ниет қылған азаматтар іріктелді. Олардың ішінде жазушы Дидахмет Әшімханов, домбыра жасау шебері, өнерпаз Жолаушы Тұрдығұлов, белгілі журналистер Сауытбек Абдрахманов пен Анатолий Гурский, баспагерлер Тұрлығазы Дуанбеков, Ахметқали Өтеғалиев, Қайырды Назырбаевтар, кәсіпкерлер Алашыбай Баймырзаев пен Амангелді Кенжиндер бар еді. Бәріміздің басымызды қосып, ақыл-кеңесін беріп, шаруашылық жұмыстарды ұйымдастыру ісін елдегі досымыз Ерен Жұмағұлов қолға алды. Ерен тау мен тайганың жөнін жақсы білетін атақты аңшы, Өр Алтай табиғатын қорушы жанашыры (қазіргі Катонқарағай Ұлттық паркінің директоры). Соңынан Ерекең бұл шаруаға өзінің қол астында қызмет жасайтын қорықшы інілері Мұқтархан Жұмағұлов пен Төлеухан Туратаевты да жұмылдырған. Осы азаматтардың іскерлігі болмаса Астана мен Алматыдан келген ағайынның жағдайы мүшкіл болғандай екен. Оған кейін, сапар барысында көзіміз жеткен.
Ерен қия-тасқа шыдамды он төрт атты ертерек таңдап, оның ер-тұрманын, жүген-саймандарын әзірлепті. Жігіттерге жылы киім, жаңбыр мен су өтпейтін плащтар, шатырлар, басқа да керек-жарақтарды дайындапты. Содан маусым орталай Тоқтар Бәженов деген ағамызды малын айдатып, жол ортадағы Сейсембай жайлауына көшіріп жібереді. Сейсембайға дейін ілдебайлап машина көлігімен баруға болады екен. Одан ары тек салт атпен ғана сапарлайсың. Машина көлігі дегенде, былайғы машина Сейсембайға тағы жете алмайтын боп шықты. Астанадан мініп келген екі “Джип” бұл жолға жарамай қалған.
* * *
Сөйтіп, шілденің ми қайнатар ыстық бір күнінде Астана мен Алматыдан жиналған достар әйгілі Берел қорғанының маңында бас қосқанбыз.
Мәдениетті қолдау жылын өткізу туралы қаулысында Қазақстан Үкіметі Берел қорғанының жанынан туристік база, қонақ үй кешенін салуды міндеттегені бар-ды. Катонқарағай ауданының әкімі Алтайбек Сейітов сөзінде тұрып, қорғанның тура жанына, сылдырап аққан Бұланты өзенінің жағасына, қайың-теректі орманның ортасына әп-әдемі коттедждерді салып тастапты. Жиырмадан астам қонақ бөлмесі, асхана, демалыс беседкалары, моншасы бар. Енді қосымша бірер құрылыс салып, бильярд пен теннис столдарын қоюды ойластырып отыр екен. Туристердің алды келіп жатқанға ұқсайды. Келген туристер Берел қорғанымен, табиғаттың көрікті жерлерімен, марал, омарта шаруашылықтарымен ғана танысып қоймайды, сонымен бірге бұғы мүйізінің сорпасына түсіп, емделіп те жатқан көрінеді.
Мұзтау мен Көккөл жаққа сапарлаушылар осы жерде. Бұланты өзенінің жағасында бір қондық та, ертеңінде “бісмілла” деп жолға шықтық. Сейсембайға басқа машина жарамайтындықтан, бәріміз “Газ-66”-ның қорабына тығылғамыз. Алдымызда тау мен тасты, қия-батпақты жүз шақырымдық жол жатты. Оның жартысын осы машинамен, қалған бөлігін атпен өту міндеті тұрды. Шақырым демекші, Өр Алтайда ара қашықтық шақырыммен емес, уақытпен өлшенетін секілді. Оған осы сапарда тағы да көзіміз жеткен…
Орман ішіндегі Язевка ауылына кірген кезде жолбасшымыз Ерен Жұмағұлов: – Қаракөлге дейін отыз шақырым ғана қалды, – деп ескертті.
– Олай болса сол Қаракөліңе жете бірақ дем алайық, – дедік біз.
Ғұмыры артық сөз айтпайтын салмақты да сырбаз Ерен миығынан жымиып:
– Байқаңдар, жігіттер, – деген.
Соңынан сол 30 шақырымды “алпыс алты” өкіріп-бақырып, ыңыранып-ырғатылып төрт сағат жүрген кезде бәріміз де ойға қалғамыз.
Қаракөлден арғы жол тіпті қиындап кеткен.
Қаракөлде ежелден пилорама бар екен, кеңес заманында Язевка мен осы пилораманың екі арасында “Маздар” мен “Краздар” ағаш тасып, арлы-берлі жөңкілеп жатыпты. Ал Қаракөлден ары біз сияқты жүрек жұтқандар ғана сапарлайтын сияқты.
Қаракөлден шыққан бетте біздің жол Катунь мемлекеттік қорығының территориясына бойлай кіріп кетті. Катунь қорығы – Ресейдегі атышулы қорықтың бірі. Сөйтіп біз Ресей жеріне еніп, Қатын (Катунь) өзенін жағалай өрлеп, бірер сағаттан соң қайыра өзіміздің Қазақстанға қайтып оралдық. Ұзақ жыл Катунь қорығының егері боп қызмет жасаған біздің жолбасшымыздың бірі – Ақәділ Сүндетбаев бауырымыз бұл маңайда аң мен құстың айрықша көптігін әңгіме етті. Әсіресе бұлан мен бұғы, бұлғын мен құндыз, кәмшат пен күзен көп кездеседі дейді.
– Бағана өздеріңіз көрген Қаракөлде язь деген балық өседі, – деді Ақәділ. – Қазақ оны шиқылдауық балық дейді. Ұстасаң болды, аузын ашып шиқылдай береді. Одан беріректегі шекарадағы дөңгелек көлді – Нәлім көлі дейді. Ол көлде иісі Алтайда кездеспейтін нәлім дейтін балық өседі.
– Нәлім қайдан пайда болған бұл жаққа?
– Язь да, нәлім де табиғаттың жұмбағы. Олар ғылымда эндемик түрлер ретінде қарастырылады.
Жалпы бұл қорықтың да территориясына кіруге қатаң тыйым салынған тәрізді, көзге түссең айыппұл төлетері сөзсіз. Мұзтауға бастар жалғыз жол осы болғандықтан біз қорыққа амалсыз кірген екенбіз.
Әлдебір күміс қоңыраудай сылдырап аққан бұлақтың жағасына қызылды-сарылы палаткалар тігіп тастап, от жағып, тамақ ішіп жатқан табордай топқа жолықтық. Сақалдары өскен еркектер, шорты, джинсі киген қыз-келіншектер, гүл теріп мәз болған бала-шаға.
– Бұлар рерихшілер ғой. Шамбалаға табынып, Мұзтауға кетіп бара жатқандар, – деді де, Ерен машинаны тоқтатып, бізге бес-он минөт үзіліс жариялады.
Біз де сол үзілісті пайдаланып, бұлақты жағалаған жұртпен жүздесіп суретке түстік, шым-шымдап әңгімеге тартқан болдық.
Тегі осы табордың көсемі болар, бурыл сақал біреуі қасымызға өзі келді.
– Қайда бара жатырсыздар? – дедік біз бурыл сақалға.
– Жер кіндігіне! – деді бурыл сақал жүзі бүлк етпей.
Біз бір-бірімізге қарастық.
Бурыл сақал біздің таңданысымызды сезді де, риясыз жымиып қойып өз ойын түсіндіруге кірісті.
– Космостық энергияның бәрі осы Мұзтауда тоғысады. Алғаш бұл құбылысты орыстың әйгілі философ-суретшісі Николай Рерих ашқан болатын, кейін бұл құбылыс ғылым әлемінде нақты дәлелденген…
– Аты-жөніңіз кім еді, ағасы?
– Зиновьий Петрович десеңіз болады. Геодезиспін.
Ұзақ жыл Северде жұмыс жасадым. Өзім Суздаль деген қаладанмын…
– Білеміз, Суздальда болғамыз…
– Апырмай, Алтайдан да Суздальда болған жанды кезіктіруге болады екен ғой, – деп Зиновьий Петрович балаша қуанып қалды.
– Жер кіндігі деп Сіз сонда Мұзтауды айтып тұрсыз ба?
– Иә, осы Мұзтаудың маңайы… Бұл тұста атмосфера қабаты аса жұқа. Космостық энергияның қуаты сондай, жыл бедерінде Мұзтаудың басы небәрі 14 күн ғана ашық тұрады. Қалған уақытта жағаға соққан судың иіріміндей бұлт тұмшалап, шыр көбелек айналып жатқаны.
– Қызық екен…
– Ешқандай қызығы жоқ. Бұл көзі қарақты азаматтардың бәріне белгілі аксиома. Байқайсыздар ма, Мұзтау пәлендей биік тау емес, небәрі 4506 метр ғана. Мұзтаудан әлдеқайда биік, әдемі әрі әсерлі шыңдар толып жатыр. Сөйте тұра неге жұртшылық Мұзтауға ағылады. Ойладыңдар ма осыны!
– Қызық екен…
Дәл осындай әңгімені баяғыда бір естігеніміз бар. Есімізде еміс-еміс қалған сол бір деректерді Зиновьий Петрович қайта жаңғыртып отыр. Біз үлкен жаңалық ашқандай күйге түсіп, қош айтыстық та машинамен ырғатылып тағы кете бардық.
Бірер сағаттан соң тайга ішіндегі сыңар соқпақтың бойында тізіліп кетіп бара жатқан қызылды-сарылы тағы бір топқа кезіктік. Алдарында аттылы екі қазақ жігіті, жалданған жол көрсетуші қойшы-қолаң. Омыраудағы нәресте болар, ат үстіндегі екі қазақ үш кішкентайды қолтықтарына қысып алыпты. Машинаны тоқтатып, аяқ жазып жерге түстік. Бізді көріп, тізілген табор да демалыс жасап, көгал үстіне аяқ серпіп отыра-отыра кетісті. Босқа тұрмай, бұл жүргіншілермен де жөн сұрасып шүйіркелесе жөнелгеміз.
– Қайда бет түзедіңіздер?
– Қалай десек екен… Жердің кіндігіне бара жатырмыз десек сіздерге ұғынықты бола ма?
Бұлар бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай сөйлейді екен.
– Анау жақта сіздер сияқты бір топты кездестірдік. Олар да сіздің адамдар болар?
– Топтар көп қой бұл жақта… Біз Иркутскі жақтан, Байкалдың маңайынан келе жатқан жандармыз… Мұзтауға келіп жүргенімізге көп жыл болды.
– Байкалдай әдемі жер тұрғанда, алыстағы Алтайға несіне әуре боп келіп жүрсіздер?
– Бұл Мұзтау ғой!..
Осы арада кейіндеп тұрған бір сары жігіт бірер аттап бізге жақындады да:
– Сіздер қазақ боларсыздар, қазақ болсаңыздар Ашина бабаларыңды білетін шығарсыздар? – деп түйіле қалды.
Біз бас изедік.
– Білсеңіздер сол, күллі түркінің ата тегі болған Ашина өзінің бес жүз жігітімен осы Орталық Алтайда тығылған, осы төңіректі пана еткен. Менің атым Мансур, татармын, яғни Ашина менің де бабам. Тарихта Ашинаның жігіттері кен қазып, темір өндіргені айтылады. Соңынан бес жүз жігіт ересен қуаттанып, көрші ұлыстарды бағындырған, сөйтіп түркі мемлекетінің негізін қалаған.
Осыдан бір күн бұрын еңісте Сауытбектің жалпы адамзаттың қола дәуірінен темір дәуіріне өтуі Алтай тауында басталғанын әңгімелеп жатқаны ойыма оралды. “Қоладан жасалған ауыздық аттың езуін тіліп жібереді, содан ат алыс жолға шыдамайды, аттың қатты шабуы да, жорық көлігі болуы да темір ауыздық шыққаннан кейін басталған, соған алғаш қол жеткізген көне түркілердің жер-дүниені дүбірлетіп жібергенінің негізгі себебі сол”, деп еді досымыз.
– Ол деректі Гумилевтен оқығамыз, – деп біз де бірдеңе білетінімізді сездірдік.
– Гумилев оны Бичуриннен алған, – деді Мансур. – Әңгіме онда емес, әңгіме – мемлекет құратындай алапат қуат Ашинаның жігіттеріне қайдан келді? Саны қазіргі бір батальонға да жетпейтін сарбаздар ғой. Осыны ойладыңыздар ма?
Біз жауап таппай, иығымызды көтердік.
– Олар осы Мұзтаудың маңайын паналаған. Мұзтаудан қуат алып, осы жерден өсіп-өнген. Сондықтан барша түркі жұрты Мұзтауға идолға табынғандай табынуы міндет.
– Қызық екен…
– Өз басым осы Мұзтауға үшінші рет келе жатырмын. Мұзтауға өзімнен басқа табынып жүрген бір қаракөзді көрмедім. Табынғанның бәрі де басқа халық. Іргеде отырған қазақтың ай қарап жүргеніне таңым бар.
– Ашинаның Мұзтау маңайын паналағаны жөнінде Сіздің ғылыми дәлеліңіз бар ма?
Мансур “осындай да сұрақ бола ма” дегендей көзін бір бажыраң еткізді де, түкті иегін сипады.
– Сенім керек, ағайын, – деді төмен қарап күрсініп.
– Ішкі бір сенімің болмаса, түйсігің болмаса, несіне адам атанып жүрміз…
Біз тағы бір жаңалық ашқандай күйде ошарылған топпен қош айтысып, машинаға отырдық.
* * *
… Кейіннен, Астанаға қайтып келген соң Интернеттен Шамбала туралы біраз ақпаратты ақтарғамыз. Шамбаланың мағынасы “Беловодье”, яғни жер жаннаты деген ұғымды береді екен. Жер үстіндегі Шамбала – көкорай майсалы мамыражай мекен, үйрек ұшып қаз қонған сулы да нулы жер. Ал жер астындағы Шамбала – хош иісті гүлдермен көмкеріліп, қымбат тастармен әшекейленген, алтын зерлі жарқыраған қала. Бұл таңғажайып қалаға кірер екі есік бар. Оның оңтүстіктегі есігі Гималай тауларының гүлжазиралы бір аңғарында, Брахмапутра өзенінің бастауында. Солтүстік есігі Алтай тауларында, Мұзтаудың маңайында деседі.
Ал енді осы жер жаннаты – Беловодье жайында орыс жылнамаларында да біршама дүние айтылыпты.
981 жылы Киев князі Владимир Святославович өзіне отыз үш жасар монах Сергийді шақырып алып, оған Жер жаннаты – Беловодьенің қайда екенін анықтап, сол жерді табу керектігі жөнінде тапсырма береді. Сергий не істерін білмей, құдайға құлшылық етіп, одан жалбарынып көмек сұрайды. Жетінші түні Сергийдің түсіне өзі монах болған Афон монастырінің настоятелі кіреді. Ол Жер жаннаты – Беловодье туралы аңыз айтады.
Көне заманда Византияның белгілі бір патшасы өз дініне көңілі толмай, бүкіл елдегі ақылдыларды жинап алып, жақсы дін таңдау үшін қайда елшіліктер жіберу керектігін сұрайды. Ақсақалдардың ішіндегі ең кәрісі орнынан тұрып: “Алыс Шығыста мәңгілік сұлулық пен ақиқат елі – Жер жаннаты туралы айтады, бірақ ол жаққа кез келген адам бара алмайды, сол елдің тұрғындары осы мақсатқа лайық деп танығандар ғана бара алады деп маған өз ұстазым айтып еді”, – дейді. Византия патшасына бұл аңыз ұнайды да, бас етіп әлгі қарияны сайлап, Шығысқа елшілік аттандырады. Олардан көп уақыт хабар болмайды, тек 20 жылдан соң әлгі қария ғана оралады. Көп жылға созылған қияметті сапарда қасындағы серіктерінің бәрі қаза болыпты.
Түсінде көргенін Сергий князьге баяндайды. Князь тыңдап болған соң Византия патшасы сияқты ол да 333 адамнан тұратын елшілікті жолға дайындайды. Оларға Шығысқа, тек күнге қарсы жүріп отыруға бұйрық беріп, ұзақ-сонар сапарға аттандырады. Олар үш жылдан кейін қайтып келуі тиіс деп күтіледі, алайда олар үш жыл емес, отыз жылда да оралмай қояды.
Жер жаннатына елшілік жібергеннен кейін арада 49 жыл өткенде Царьградтан бір жасы ұлғайған монах келеді. Ол Киевте жеті жыл елеусіз өмір сүріп, ажалының жақын қалғанын сезген кезде, көпшілікке бақұлдасу сөзін айтыпты: “Мен баяғы ұлы князь Владимирдің Жер жаннатын іздеуге жіберген елшісі боламын. Біз бөтен ел, бөтен жермен екі жыл жүріп, жылқы мен адам қаңқасына толы бір шөлге іліндік. Ақ сөңке боп шашылып жатқан қаңқаларды көрген кезде серіктерім шошып, көпшілігі кері қайтып кетті. Тек екі жолдасыммен мен ғана қалдым. Аптап пен аштыққа, сусыз шөлге қарамастан біз Шығысты бетке алып жүре бердік. Еңбегіміз ақталып, жолай бізге бір кездері Жер жаннатында болған кісі жолықты. Ол кісі бізге жөн сілтеп, қасымызға жолсеріктер қосып берді. Көптеген қиыншылықтан соң біз бір жазиралы тауға шықтық. Қасымдағы жолдастарым науқастанып қалды, ал жолсеріктер ары қарай барудан бас тартты. Мен тіптен жалғыз қалдым, қасымда тірі жан болмады. Бірақ мен жігерімді жасытпадым. Менің кеудем бақыт пен шаттыққа толып, жүрегімді белгісіз бір қуаныш сезімі билей берді. Мен саяхатымның мақсатына жақын екенімді әрі оған міндетті түрде жететінімді сездім”, – деп есіне алады. Сергий монахтың бұдан әрі айтқаны – ақыл-есі кіресілі-шығасылы жағдайда ол тау соқпақтарымен тоқтаусыз жүре береді. Төртінші күні кешке қарай оны белгісіз бір тілде, бірақ Сергий түсінетін тілде сөйлейтін бір адамдар тауып алады. Осылай орыс монахы ғажайып Жер жаннатына жетеді. Ол туралы Сергий былай дейді: “Менің көргенімнің бәрін айтуға тіл жетпейді. Бірақ мен шамам келгенше айтуға тырысайын. Ең бірінші айтарым, Беловодье – ертегі де, аңыз да емес, ол шындық…”. Соңынан монах қайтыс болады, бірақ Жер жаннаты туралы оның әңгімелері ауыздан ауызға тарап, көп адам “күнге қарсы” сапар шегуді армандайды.
Осы жолмен 1926 жылы орыстың атақты философ-зерттеушісі, суретші Николай Рерих те жүріп өткен екен. Өзінің саяхаты туралы Рерих: “Оңтүстіктегі орыс жазығы мен Кавказдың солтүстігіндегі далалар арқылы Алтайға түзу сызық жүргізіңдер, ал одан соң оңтүстікке бұрылыңдар. Егер осы бағытпен жүре берсеңіз, міндетті түрде Алтайдағы Белуха (Мұзтау) тауына барып тірелесіз”, – деп жазыпты.
Осылайша Жер жаннаты орыс халқы үшін ең бір арманды мақсат болып қала беріпті. Алтайдағы Мұзтауға барған адамдар нағыз әсемдік пен әділдік патшалығын табады деп иланған. Қасиетті Мұзтаудың маңындағы адам жүрмес шатқалдарында шұғылалы әлем – Шамбалаға кірер есік бар деп сенген.
* * *
Ымырт үйіріліп, қас қарайған шақта қалың орманның ішінен шығып, көк шалғынды кең аңғарға қарай құладық. Аңғардың қос қапталы бастарын қар шалған өркеш-өркеш таулар, сілемденіп көз жетер көкжиекке дейін созылып кете барған. Аңғардың түстігі шоқтанған қарағай, терістік жағы ұйысқан қара орман. Сай табанында мың бұралып сылаң қаққан арналы өзен. Төңіректі қараңғылық жауып түн түндігі көмкерсе де өзен күміс шашбаудай жалтырап жатыр.
– Бағана Берелдің қасындағы Ақбұлақ осы, бұл жоғарғы ағысы, – деп Ақәділ етектегі өзенді иегімен нұсқады.
Аңғардың орта тұсынан жылт етіп от көрінді. Бізді сарыла күтіп отырған Тоқтар Бәженов ағамыздың киіз үйі сол боп шықты.
Ажылдап айлы түнде қабақтан құлаған біздерді Тоқаң құшақ жайып есік алдында өзі қарсы алды:
– Аттарың дайын… Менің үлкен ұлым Тұрсынханды сендерге жолбасшы етіп жіберейін деп отырмын. – Тоқаң мән-жайды келген бетте айтып жатыр. – Көккөлдің жолын ұлым екеумізден басқа жан білмейді… Ертең таңғы салқынмен шығып кеткендерің жөн.
– Ақәділ, сені бұл төңіректің соқпағына дейін біледі деп мақтаушы еді ғой?
– Олары рас, бұл жақта мен білмейтін соқпақ жоқ. Бірақ, мойындау керек, Мұзтау мен Көккөлге барып көрмеппін. – Ақәділ кінәлі жандай желкесін қасыды.
Тоқаңның дастарқанынан дәм татып, сапырған сары қымызға сусындаған соң, далаға лаулатып от жақтық. Сосын баршамыз отты күргейлей жайғасып, түн жарымына дейін әңгіме соқтық.
Тұрсынхан оттың үстіне мосы орнатып, оған су толы шелек ілді де, балық пісіру қамына кірісті.
* * *
Мынау ағарып жатқан Ақбұлқақтың бұл тұсында балық болмайды екен: төменіректе отыз метрлік су құламасы бар деседі. Балық содан бері өрлей алмай қалатын сияқты. Бізге арнап балықтың сорпасын, яғни “уха” қайнатып жатқан Тұрсынхан балықтарды таудың арғы бетінен, Көксу жақтан ұстап әкеліпті.
Жалпы Өр Алтайда балық аулау да бір ғанибетті қызық ермек.
Алтайдың бұлағы да, өзені де тастай суық келеді. Тастай болатыны – бастауын биік мұздықтардан, мәңгі қардан алады. Осы тастай суық суда әдеби тілімен айтсақ аққайраң, жергілікті жұрттың тілімен айтсақ “хариус” деген балық өседі. Хариус – форельдің тау суында ғана өсетін текті жұрағаты. Осы аққайраң асау өзен ішінде атқан оқтай заулайды, көз ілеспес шапшаң. Кіші-гірім сарқырамадан жебедей атылып шығып кетеді.
Әрине, балықтың да, балықшының да түр-түрі көп қой. Қала жақта да балық десе делебесі қозып шыға келетін достар баршылық. Соларға еріп, бірер мәрте біздің де балық аулауға барғанымыз бар. Өзен мен көлдің тып-тымық айнасына қармақты салып қойып күнұзақ сарыла күтіп отырғаның… Өз басым ондай ұзақ күтіске шыдамай, далада балық аулауды біржола қойғамын.
Тастан тасқа ұрып, жағалауды сабалап аласұрып жатқан Алтай өзенінде балық аулаудың қызығы басқаша. Орыстың тамаша жазушысы Виктор Астафьев осы аққайраң аулаушыларды өз шығармаларында “хариусьятники” деп атайды. Біз бала күнімізден сондай нағыз құмарпаз “хариусьятниктің” бірі боп өстік.
Балықшылар алдымен темір қармаққа аюдың жүнін шыбынға ұқсатып, қанатын шығарып, жіппен өріп байлайды. Қармақтың біреуін қара жіппен, енді бірін сары, көк жіптермен өреді. Сосын табиғаттың мезгіліне, ауа райының жағдайына байланысты бірде қара шыбын, бірде сары, бірде көк шыбын салады. Яғни ақ көбіктенген судың бетімен әлгі қармақ-шыбынды ағызады. Ағып келе жатқан қармақ-шыбынға кенет аққайраң қарғиды. Су беті сарт етеді, құрығың солқ етеді, өзің селк етесің…
Міне, мынау шелек ішінде бұрқ-сарқ қайнап жатқан балықтар дәл сондай әдіспен ұсталған.
“Шіркін-ай, балықтың сорпасын-ай” деп балықшылар тамсанып, мұрындарын шүйіретін сорпаңыз да осы. Көзі ағарып балық піскен соң оны сүзіп алып былай қояды да, сорпаның үстіне келесі топ балықты салып жібереді. Ол да көзі ағарып піскен кезде үшінші топ балықты салады. Мұндай тағамның балығы өз алдына, сарымсақ, жуа, картоп араласқан сорпасы қатық қосқан мақпалдай қою, тіл үйірген дәмді.
Осы айтқан “тройной” жасауға ұстаған балығы жетпеді білем, Тұрсынхан бізге “двойная уха” жасап берген. Жігіттер “пай-пай” деп қойып, пора-пора терлесіп, балықтың сорпасын тамсана ішісті. Соңынан ортадағы отты демдей түсіп, тағы да ұзақ-сонар әңгімеге кіріскен. Мен топ ортада отырсам да ортақ әңгімеге араласпай, мынау түннің тынысын тыңдаған болдым…
От сытыр-сытыр жанып жатыр, сумаңдаған жалын тілі жігіттердің жүзінде ойнайды. Әріректен Ақбұлқақтың бір қалыпты сарыны сырылдап естіліп тұр. Түстіктегі шұбарланған самырсын басы баяу желмен қосылып ол да бір сарынды саз шығарады. Үй сыртындағы түп тобылғы жақтан тарғақ тарқылдады. Түнгі сағым астарында мұнартқан жоғарыдағы жазық беткейден байғыздың зарлы үні талып жетті.
Аспан шайдай ашық еді. Шайдай ашық аспаннан мың сан жұлдыздар жымыңдайды. Тау басында, жайлау төсінде жұлдыздар ерекше жарық, әрі жанға жақын. Қалада әсте мұндайды көре алмайсың, сосын да аспан төсіне құмарта қарайсың. Өзеннің арғы жағындағы орманның жиегінен бұғының сырнайлатқан уілі естілді. Біз келген жақтағы шағыл басынан тастар домалаған. Шың биігінен етекке түскен арқар мен таутекенің үйірі болар. Әлде түнгі жорыққа шыққан маймақ аяқтың өзі ме екен? Әне, тас тағы құлады…
Отқа қарап үңіліп отыр едім, анадай жердегі бөрененің үстіне жылтың етіп баршатышқан шыға келді. Көзі жәудіреп бізге қарап сәл-пәл отырды да, қауіп жоғын сезген соң жолақ жауырынын жарқ еткізіп ағаш басына өрмелей жөнелді.
Түн баласында алау басында отырған адам ойшыл келеді. Ойшыл болмасаң да тау түні адамды еріксіз ойға жетелейді. Түннің тылсымы, жұмбақ күй, салқын самал, таза ауа әлдебір жақсылық ойға бойлатқандай. Күнделікті күйбең тірлік, алаңы көп тынымсыз жұмыс – тау басында, алау қасында бәр-бәрі бекер секілді. Жаның да, тәнің де табиғаттай тазарып салады, өзіңді жас жігіттей әсершіл әрі кереметтей жеңіл сезінесің.
Ғафағаң айтқан, қазақтың арқалы ақыны Ғафу Қайырбеков ағамыз осы Катонқарағайға бір келгенінде жазған өлең жолдары есіме түсті:
Ардағым Алтай, даламның дарқан төрі екен,
Алланың өзі аспаннан түсер жер екен.
Расында Алтай жарықтық жердің төресі ғой, бекзат көркіне көңіл тойып болмайды. Мынау манаураған айлы аңғар, ағараңдаған Ақбұлқақ Архип Куинджидің әлемге әйгілі картинасын еске түсіргендей. Он тоғызыншы ғасырдағы зиялы қауымды қайран қалдырып, өнердің қайталанбас құбылысы болған шығарма еді ғой ол. Онда Днепр, мұнда Ақбұлқақ. Ішкі мазмұны, қуаты мен рухы кереметтей ұқсас суреттер. Көңілге мұң, жүрекке сағыныш ұялататын тылсым көріністер.
Тау адамға қуат береді деседі білетіндер. Өз басым осы қағидаға имандай сенетінмін. Ол үшін алдымен тауды сезіне білу керек, оның ғаламат қуатын, энергиясын бойыңа сіңіре білуге тырысу қажет. Сонда ғана таудың құдіретіне, оның ұлылығына бойлауға болады.
Әйтеуір, менің білетінім – тауда болған осындай бірер күнің мен түнің бір жылға медет. Кейін қыстың қақаған аязында да түсіңе кіріп, жүрегіңді жылытып, көңіліңді нұрландырып жүреді.
* * *
Алтай қойнауындағы таңның атуы да өзгеше. Кеше кешкісін күн лезде батып, ымырт та тез үйірілген. Таң да солай тез атып, жарқырап жарық түсе қалар деп едік, олай болмады… Тау қойнауы манаураған қаракөк сағым астарында біраз уақыт бусанып жатты. Сосын шың бастарындағы қарға шағылысқан күннің сүт сәулесі біртіндеп етекке ойысқан. Соңынан әлдебір әдемі көгілжім нұр аңғар ішін аралап жүре берді. Аңғар іші ұйқысынан енжар оянып, шым-шымдап ағара бастағанымен, тау белдеулерінде шудадай созылып ақшыл тұман қалды.
Атқа мінген он алты адам таңғы бозқырауды кешіп жолға шықтық.
Кешегі айық күн жоқ, аспан ала, жер шола. Сәлден соң аспан жарықтық аласынан да айырылып, мүлдем сұрланып алды. Алтайдың басынан ызғырық соқты. Соңынан сібірлеп жаңбыр жауа бастады. Найзағай шартылдап, шелектеп құйып өтсе жақсы ғой… Оның аты – өткінші. Ал мынадай сібірлеп жауған жаңбырдан без. Күн ұзаққа, кейде тіпті аптаға созылып, адамның зықысын шығаратын жаңбырдың өзі. Су өтпес плащтарымызды жамылғанымыз жақсы бопты, қымтана түсіп, тоқтаусыз тарта бердік. Жайлаудың бұтасы мен шалғыны ат сауырынан екен. Аздан соң киіп шыққан жап-жаңа етігіміз шылқып шыға келген. Кеудеміз жылы, аяғымыз малмаңдай су. Амал қанша, іштен тынып, аяңдап жылжи бердік.
Қапталда қарауытқан қапсағай тауды Итөлген атайды екен. Адам түгіл ит жете алмай өлген жердің түбі ғой тегі. Ал мана жолда қыл көпірдей бір қия беткейден өткенбіз. Төмені құз, құздың түбінде айға шапшыған арыстандай Ақбұлқақ қайнап жатыр. Оның үстіне тасқа жабысқан ағаштың бұтақтары жолыңды шлагбаумдай көлденең бөгеп тастапты. Аттың жалына жабысып, бетті бұтаққа осқызып әзер өткеміз. Сол қияны Түйеқұлаған атайды екен. Көшіп бара жатқан баяғының бір байының түйесі жүгімен шатқалға ұшып кеткен секілді. Енді бір жерді “Қыз өлген” деп таныстырды. Ол атау бертін, Көккөл кеніші заманында қойылған сыңайлы. Бой жетіп қалған бір қыз бала Көккөлде суық тиіп ауырып, ойдағы ауруханаға аттандырылады. Қыс айларында ауырмақ түгіл сеспей қат, сені ақ қар, көк мұзда анау Көккөлден таситын керемет жоқ. Мынау қыздың ауырғаны қазіргідей жаздың жаймашуақ күні болса керек. Сорлы қыз сонда да елге жете алмай, жол ортада көз жұмыпты. Содан бері Көкжотаның бір мүйісі Қызөлген аталып кетіпті.
Бірер сағат жүрістен соң Ақбұлқақтың жағасына құладық. Ақбұлқақтың жағасы шілік пен тал ұйыса өскен қалың тоғай екен. Төтелей салып жолсызбен жүріп кетіп едік, үсті-басымызды шыбыққа сызғызып, өзен жағасына азар жеттік. Өзен үстінде тақтайлары шіріп, бөренесі қарайып кеткен атам заманғы бір көпір тұр. Сонау қырқыншы жылдардан бері қалай шыдап келгеніне қайрансың. Өткелден өткізбек болып Тұрсынхан мен Ерен аттарды төменге жетелеп кетті, қалғанымыз жаяулатып көпірден өттік. Ақбұлқақ бұл тұста ағынды әрі терең, көпір астында әбжыландай қыстыға сырылдайды.
Көпірден өткен бетте қалың тайга ішіне еніп кеттік. Жалпы қазақта “тайга” деген сөз жоқ. Бұл сөз қазақ тіліне Сібір жазушыларының шығармаларын аударудан енген. Өр Алтайдың қазақтары тайганы “теріс” дейді.
Терісте қылқан жапырақтылардың түр-түрі кездеседі: самырсын, қара самырсын, қарағай, сары қарағай, балқарағай. Былайғы адамға көбісі бір-біріне ұқсас секілді, бірақ зер сала қарасаңыз – айырмасы толып жатыр.
Қара самырсынның бұтағы төмен қарай салбырай өседі, салалы саусаққа ұқсайды. Ал бұтақтары тіке біткен самырсынды шырша дейді.
Қаба сақал балқарағайларды бұл жақта ағаштың патшасы санайды. Басқа ағаштар сияқты басы найзадай үшкір емес, бұйраланған доғал әрі мәуелі биік. Түр-тұлғасы да еңгезердей алып, қылқаны да салалы ұзын. Биыл балқарағай мол болатыны байқалады: ағаштың басынан аяғына дейін жаңғақ самсап тұр. Бір ағаштан екі қап балқарағай жаңғағын жинауға болғандай. Қазір жинауға әлі ерте, сары сүйек боп пісетін уағы – қыркүйектің іші.
Селдір түкті, сұйық мұрт сібір қарағайы терісте ілуде бір кездеседі. Итөлген тайгасында да солай екен. Қылқан жапырақтыларға жатқанымен қарағайдың бұл түрі күзге салым сарғайып, қыста бүр тастайды.
Бұл жақтың орманы да жеміс-жидекке бай екенін байқап келеміз. Әсіресе көкбояу қалың екен. Таңқурай мен қарақат та кездесіп қалады. Дертке дауа шырғанақ, долантопшы да жеткілікті көрінді.
Жігіттер орман алаңқайының бірінен қымыздық теріп, жартас биігінен рауғаш жұлып, қаужаңдасып ат үстінде жеп келе жатысты.
Ертеректе, суретшілік өнерге ден қойып жүрген кезімізде тау мен тайганы суретке салуға әуес едім. Жаз бойы бірсыпыра этюд жазып, оларды күзге салым көрме жасап, мұғалімдердің талқысына салатынбыз. Менің жазған орманым көбінеки Шишкинге, тауларым Рерихқа ұқсап жататын.
– Шырағым, қазақтың суретшісі болғың келсе онда мынадай тау мен тасыңды ұмыт. Даланы жаз, қазаққа дала тән, қазақтың бояуы далада! – деді живописьтен сабақ беретін қазақ ағай.
– Сен Шишкинге де, Левитанға да еліктеме. Сен тауды да, орманды да қазақтың көзімен сал. Сенің орман-тоғайыңнан қазақтың иісі аңқып тұратын болсын! – деді композиция пәнінен сабақ беретін орыс мұғалім.
Осы екі мұғалімнің қайсысынікі жөн екенін білмей басым қатқан.
Тау десе бар шаруаны жиып қоятын студент жігітке далаға бауыр басу қиындау тиді. Әлі күнге солаймыз. Алматыда жүргенде сезбеген екенбіз, іргеде ақ бас Алатау, арқыраған өзені, орманы мен тоғайы бар, алаң көңілімізге Алтайды жетімсіретпепті ғой. Тау жазғанның қадір-қасиетін Арқаға көшіп барған соң бір-ақ сезінгеміз…
Итөлгеннің кіндігін бөктерлеп, біртіндеп биікке көтеріліп бара жаттық.
Орман ішінде ескі арба жолдың сорабы байқалады. Ескі жолды белуардан шалғын шөп басып кетіпті, оңды-солды жығылған ағаштар, сынған бұтақ-сидалар. Ағаштар тазаланбағасын ескі жол да бітеліп қалған, туристер өз ыңғайына бұрып жол жиегінен сүрлеу салып алыпты.
Орман іші сыз, бірақ шайырдың иісі танау жарғандай екен. Өзгеше жағымды иіс, сарайыңды ашып, кеудеңді кере кең тыныстатады.
– Ауыл артындағы асуға иек артып, жайлауға шыққанға Алтайды көрдік деп мәз болған екенбіз ғой… Нағыз Алтай мынау ма дедім! – деп, мұндайда көп сыр бере қоймайтын Дидахмет те таңданысын жасыра алмады.
– Солайы солай, – деді Ерен Дидекеңнің сөзін құптап. – Бұл жаққа екінің бірінің аяғы жете бермейді. Ең соңғы елді мекеннің өзінен жүз шақырым шығып кеттік.
– Егер дәл осы бағытпен адасып жүре берсек Тундрадан бір-ақ шығатын шығармыз? – деп Ахметқали екі ұдай сауал тастаған.
– Тундрада нағашың бар ма еді… Мұзды мұхитқа барып бірақ тірелесің, – деді қалжыңбас Амангелді.
– Рас айтады. Мынау орман Сібір тайгасының етегі. Тайганың басы Тундрада жатыр… – деді Ерен.
— Қызық екен…
Ат тізгінін шаужайлап, қиыстап жолдан шыға беріп едім, тура алдымдағы бір шоқ ужапырақтың түбінен пар-р етіп ұлар көтерілген. Астымдағы атым жалт беріп, мені тастап кете жаздады. Ұлар қалықтап барып, төмендегі мық қайыңның арасына кіріп жоғалды.
Тұрлығазы тепеңдеп ұлардың соңынан қуып берейін деп еді, Ерекең:
– Алтай ұлары “Қызыл кітапқа” енген, тимеңдер, – деп ескерту жасады.
– Ата қаздай ірі екен өзі! – деп, құсқа қатты қызығып кеткен Тұрлығазы амалсыз тізгінді тежей берді.
Қапталдағы мүк басқан үйдей граниттің жалпақ беті жалт-жұлт күнге шағылысты. Жақындай бере көргеніміз – тас беті қаптаған эпитафиялық жазулар. Тот баспайтын ақ болат, қара шойын, сұр дюраль… Құйылып жазылғаны, ойылып жазылғаны бар бәрін қатарлап, тас бетіне шұрыппен мықтап бекітіп тастаған. Қаза болған туристерге, альпинистерге достарының орнатқан белгісі, жүрек тебірентер қоштасу сөздері. Бірі Катунь асуында, енді бірі Берель мұздағында, үшіншісі Ақбұлқақ аңғарында, әйтеуір жер аты көп, оқыста мерт болғандар.
Тайга қателікті кешірмейді, – деп Ерен бізге де ескерту жасады. – Алладан амандық тілеп, абай болайық!
Бір заматта жоғарыдан ересен гүріл естілді. Бір-бірімізбен үзеңгілесе тізілген біз елеңдесе тың тыңдаймыз. Бір эскадрилья реактивті ұшақ дәл төбемізден өтіп бара жатқандай құлақ тұндырады, алақтап төбеге телміреміз. Жолбасшылар тіс жарған жоқ, үнсіз бастап әкелді де, әлдебір жарқабақтың басына жете тізгін тежеді.
Міне, ғажап! Демімізді ішімізге тартып, оқыс ашылып салған көріністен көз ала алмай қалдық. Арқыраған үлкен тау өзені биік тастан қарғып, төменге, шатқалға қарай өкіре құлап жатыр. Шатқал жаққа иіліп қарау мүмкін емес, жүрек шайлығады.
Жігіттер аттарынан түсе-түсе қалып, сыртылдатып бірін бірі суретке түсіре бастады.
– “Көккөл су құламасы” дегеніңіз осы болады, – деді Тұрсынхан.
Күннің көзі жылт ете қалып еді, шатқал түбінен көтерілген бумен қоса кемпірқосақ ойнап шыға келді. Сарқыраманың даусы құлақ жарғандай, су шашырандысы жарқабақ биігінде атпен тұрған біздің бетімізді тершітті.
Бұл Қазақстандағы ең ірі су құламасы еді. 12 томдық “Қазақ совет энциклопедиясына” енген әйгілі сарқырама. Энциклопедияда судың құлау биіктігі 70 метр деп жазылған. Бұлақ пен өзеншенің тастан құлағанын көріп жүрміз ғой. Ал мынадай өткел бермес адуын өзеннің биік жартастан құлауы жон арқаңды шымырлатар сұмдық сурет екен.
– Біз Төменгі лагерьге келдік, – деп Тұрсынхан құлаққағыс жасады.
“Төменгі лагерь” дегеніңіз жаңағы сарқыраманың өр жағында Көккөл өзенінің екі жағасына жайғасыпты. Әр тұста бір қарайып үш-төрт үй тұр. Кезінде