Әлем • 10 Сәуір, 2019

«Егеменнің» суретшісі топ жарды

1260 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кубаның Сан-Антонио-де-лос-Баньос қаласында өткен ХХІ халықаралық графикалық юмор биенналесінде «Егемен Қазақстан» газетінің суретшісі Айдарбек Ғазизовтың туындысы бірінші орын алды.

«Егеменнің» суретшісі  топ жарды

Сан-Антонио-де-лос-Баньос қаласы Юмор музейі, Куба журналистер одағы және Юмористер мен графикалық тарих клубы бірлесе ұйымдастырған шараға  әу баста 55 мемлекеттен 500 автордың 1400 шығармасы келіпті. Ал, конкурстың соңғы айналымына 43 мемлекеттің 209 суретшісі жолдаған 299 шығарма қатыстырылған. «Жеке карикатура», «Фотография», «Саяси сатира» және «Жалпы юмор» деп аталатын бірнеше аталым бойынша ұйымдастырылған конкурс барысында бас жүлдені кубалық суретші Луис Рейнир Энрике Торрес иеленген. Сонымен қатар, оның еңбегі «Жеке карикатура» аталымында бірінші орын алса керек. Ал, әріптесіміз Айдарбек Ғазизовтың  еңбегі «Жалпы  юмор» аталымында бірінші орын алыпты.

Конкурстың қазылар алқасы құрамына Ресейден Владимир Солдатов, АҚШ-тан Лиза Доннели, Сальвадордан Карлос Альфредо Руиз Мойса, Белгиядан Сесиль Бертран, Жапониядан Косей Оно,  Кубадан Зенаида Манес Родригес және Алфредо Мартирена Эрнандес қатарлы суретшілер енген. Бұл конкурс-көрме 1979 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатыр. Әрі сатира жанрындағы ірі биенналелердің бірі.