«Нағыз қазақ – домбыра!»
Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:19
Сонау түркі дәуірінен тамыр тартатын ұшан-теңіз руханиятымыздың бір саласы – музыка өнері. Ұлы даланы ен жайлаған бабаларымыздың бұл салада қалдырған асыл мұрасы – халқымыздың баға жетпес ұлттық қазынасы. Сол алтын кеніштің ішіндегі ешбір халықта кездеспейтін феномендік құбылысқа балауға болатын күй жанры ерекше назар аудартады. Ықылым замандардан бері осы бір ғажайып өнер ұрпақтан-ұрпаққа дәстүр жалғастығы арқылы қазіргі дәуірімізге жетті.
Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:19
Сонау түркі дәуірінен тамыр тартатын ұшан-теңіз руханиятымыздың бір саласы – музыка өнері. Ұлы даланы ен жайлаған бабаларымыздың бұл салада қалдырған асыл мұрасы – халқымыздың баға жетпес ұлттық қазынасы. Сол алтын кеніштің ішіндегі ешбір халықта кездеспейтін феномендік құбылысқа балауға болатын күй жанры ерекше назар аудартады. Ықылым замандардан бері осы бір ғажайып өнер ұрпақтан-ұрпаққа дәстүр жалғастығы арқылы қазіргі дәуірімізге жетті.
Ноталық жазу-сызуы жоқ замандарда дүниеге келген бұл жәдігерлер кейінгі буынға тек есте сақтау, бейнелеп айтқанда «табиғи компьютер», яғни жады арқылы жетуі шын мәнінде таңданыс тудыратын жағдай.
Міне, осылай сан ғасырлық күйшілік өнеріміз дами келе түрлі аймақтарда төкпе, шертпе дәстүріндегі домбырашылық мектептерді қалыптастырды. Бірақ, бұл шартты түрдегі атау ғана. Ал, егер тереңірек үңіліп қарағанда, сол төкпеңіздің өзі Боғда, Құрманғазы, Абыл, Мәмен, Дәулеткерей, Дина, Қазанғап, Маңғыстау сарындарында, шертпеңіз Тәттімбет, Тоқа, Әшімтай, Сүгір шығармашылықтарында бір-бірінен құрылымдық, палитралық бояуы, әуездік үндестігі, орындалу мәнері жағынан алуан түрлі ағымдар болып тармақталып кете барады. Демек, бұл дегеніңіз күй жанрының аса бай, адамзат өркениетіндегі тұтастай жатқан синкреттік сипаттағы дара құбылыс екендігінен хабар береді.
Әңгімемізді әріден бастағандағы айтпағымыз, осы күйлерімізді бүгінгі дәуірімізге жеткізуші музыкалық аспабымыз – домбыраны халқымызға жете таныту және жаһандық ауқымда насихаттаудың тетіктері туралы ой бөлісу, нақтырақ айтқанда тиісті орындарға ұсыныс беру еді.
Әрине, ежелгі әуен-саздарымыз домбырадан басқа да қобыз, сыбызғы, жетіген, сазсырнай, шертер, шаңқобыз сияқты аспаптар арқылы жетіп отырғаны белгілі. Бірақ, осылардың ішіндегі тыңдаушыға ең етене жақыны, ел ішіне кеңінен таралып әрбір қазақтың сырласына айналған киелі жәдігеріміз – домбыра.
Ұлтымыздың жүріп өткен жолындағы бүкіл тыныс-тіршілігі, қайғы-қасіреті, мұң-шері, аңсар-арманы мен қуанышы осы қара домбыраның шанағында қатталған. Алла тағаланың берген сыйының құдіреттілігі сонда болар, тілмен айта алмаған жағдаяттарды күймен жеткізетін үрдістің болғанын тарих қатпарларынан кездестіресіз.
Міне, бабаларымыздың үніндей болып бағзы замандардан үздігіп жеткен осы күйлеріміздің бүгінгі жай-күйі, жөнді-жөнсіз эстрадаға салынып өзінің мөлдір қалпынан айырыла бастауы алаңдатпай қоймайды. Мұнымен қоса, сым ішектер тағылған электронды домбыралардың ащы шаңқылы қоңыр үнді дыбысқа құлағы үйренген, қоңырқай тіршілікті, қоңырқай ғана мінезді, қатқылдықты қаламайтын қазағымыздың санасына қабыспай тітіркендіретіні де рас.
Ендеше, осындай алмағайып кезеңде киелі домбыраның табиғи болмысын жан-жақтан анталаған афро-америкалық, «тобырлық» мәдениеттің экспансиясынан сақтап қалу бүгінгі күннің ділгер мәселесінің бірі болса керек.
Өйткені, бұл алпыс екі тамырды идіретін қазақтың тұма бұлақтай музыкалық тілін ғана емес, сондай-ақ, ділін қиратушы үрдіс. Сондықтан да домбыраны, домбыра арқылы күйлерімізді төлтума түрінде сақтау – елдігімізге сын.
Осыған байланысты нақты мынандай ұсыныс айтқан болар едік. Жеке музыкалық аспап ретінде домбыраны әлемге таныту және күйлерімізді музыкалық терминологияда жанр ретінде орнықтырып, жаһандық руханияттағы салмағын айшықтау мақсатында Қазақтың мемлекеттік ұлттық домбырашылар ансамблі құрылса. Бұл орайда жан-жағымыздағы жұрттардың төл жәдігерлерін ұлықтаудағы жасап жатқан тірліктерін айта кетсек артықтық етпес.
Айталық, Ресейде балалайкашылар мен баяншылардың, Өзбекстанда рубабшылардың, Беларусьте цимбалшылардың, Түркіменстанда дутаршылардың ансамбльдері жұмыс істейді. Бұлар айналып келгенде, ұлттың мәртебесін көтеру үшін істелініп жатқан шаруалар екендігіне дау жоқ.
Осы жерде «бізде онсыз да Құрманғазы атындағы, «Отырар сазы» сияқты атақты оркестрлер барлық облыстарда халық аспаптары оркестрлері, ансамбльдері бар емес пе?» деген сауал туындауы мүмкін. Иә, мұндай ұжымдардың бар екені рас және олардың мәдениетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқанына ешкімнің таласы жоқ. Бұл ұжымдарда домбыра басқа да аспаптармен үйлесімді үндесе отырып, бір бірлікте нақты бір шығарманы орындауда пайдаланады. Әрине, мұндай құрамдағы домбыра талай тыңдарманның жүрегінен орын алды.
Дей тұрғанмен, біртекті (однородный) домбырадан (тенор) тұратын көпдауысты мемлекеттік мәртебеге ие ансамбль құрылса нұр үстіне нұр емес пе? Себебі, домбыра – күй аспабы. Егер де күйлеріміз өңделіп, кең тыныспен бірнеше партияларда орындалар болса, ұлттық реңкке боялып, тұтастай бір көркем полотноға айналар еді. Мұндай өнер ұжымының құрылуы домбыраның әлемдік қауымдастықта ұлттық бренд болып танылуына жол ашары анық.
Жалпы алғанда, қазіргі таңда домбыра музыкалық аспап ретінде аккустикалық, техникалық мүмкіндігі жағынан кемелденіп, репертуарлық ауқымы да кеңи түсті. Сондай-ақ, кейінгі толқын жастардың домбыраны меңгеру деңгейі ғаламат биікке көтеріліп кетті. Міне, осындай өлшемдер мен жоғарыда дәйек етілген жайлар біз ұсынып отырғандай өнер ордасын құруға толықтай негіз бола алады.
Ал енді болашақта өнер ұжымын ұйымдастыру керек деп табылған жағдайда ең үздік домбырашыларды іріктеу үшін конкурс жариялау болашақ ұжым жетекшісіне халық музыкасын өте терең білетін, шығармашылық қиялы жүйрік, күйлерді өңдеп түсіруде асқан шебер, тәжірибесі мол, әрі кәсіби домбырашыны конкурстық негізде іріктеу музыканттардың толыққанды шығармашылықпен жұмыс істеуі үшін олардың әлеуметтік мәселелерін шешу сияқты мәселелер қаперге алынса дейміз.
Ата-бабамыздан келе жатқан рухани-мәдени желіге сызат түсіп, музыкалық тіліміз шұбарлана бастаған мынандай жаһандану заманында осындай тақылеттес өнер ордасының шаңырақ көтеруі ұлттың рухын көтерудегі нақты бір қадам болар еді. Өйткені, Қадыр ақын айтқандай, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!».
Өтеген ҒҰБАЙДУЛЛИН,
ардагер-ұстаз, профессор,
домбырашы-дирижер.
Қалмахан ОМАР,
ұстаз-домбырашы, Қазақстан
Журналистер одағының мүшесі.
ШЫМКЕНТ.