– Гүлден, былай қарасаңыз, бір спорт клубы түгел бір ауданға қызмет етіп отыр. Естуімізше, сабақтарыңыз да тегін. Бұл жоба қалай басталды?
– Негізі әуелден спорт мектебін ашсақ деген арманымыз бар еді. Күйеуім Мұхадия Қуангереев – ІІ топтағы мүгедек. 2006 жылы инсульт алып, сол қол, сол аяғына зақым келді. Содан кейін өзі сияқты тағдырлас жандарды іздеп, араласа бастады. Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық секциялар іздеп, «Мүгедектер» спорт клубын тапты. Аяқ-қолы жоқ азаматтардың спортпен айналысып жүргенін көріп, өзі де спортпен айналысуды мақсат етті. 2007 жылы аталған спорт клубына жұмысқа орналасып, Махамбет ауданы бойынша тоғызқұмалақтан әдіскер болып қызмет ете бастады. Мен 2006 жылдан бері осы ауданда жұмыс істеймін, талай шәкірт тәрбиелеген ұстазбын. 2008 жылы отбасын құрдық. Арманымыз шындыққа айналып, 2018 жылы «Ержүректер» қоғамдық қорын құрып, спорт мектебінің жұмысын бастадық. Екі жылдың ішінде біраз жетістікке жеттік.
– Спорт мектебінде қандай секциялар бар?
– Қазіргі таңда тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, жеңіл атлетика, үстел теннисі секциялары жұмыс істейді. Барлық сабақ тегін. Қатысушыларымыз мүгедектігін растайтын анықтама алып келуі керек. Оларды даярлап, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатыстырамыз. Спорт шеберлігін қорғаған шәкірттеріміз де біраз. Көптен озып шыққан жүйріктердің жарыстарға кететін шығынын көтеруге облыс әкімдігі атсалысады.
Өзіміз тұрып жатқан ауданмен шектеліп қалмай, қасымыздағы елді мекендегі азаматтарға да мүмкіндік берейік деген оймен басқа ауылдардағы балаларға да мектеп ашқымыз келіп Британ кеңесі мен Chevron энергетикалық компаниясы ұйымдастырған конкурсқа қатысып, әлеуметтік startup жобасын жүзеге асыруға 3 мың АҚШ доллары көлемінде грант жеңіп алдық. Бүгінде алыс-жақын ауылдардағы мүмкіндігі шектеулі жандардың спорт мектебіне келіп-кетуіне жағдай жасап отырмыз.
– Спорт мектебіне кез келген адам келіп, жаттыға ала ма?
– Иә, спортпен айналысамын деген ынтасы бар кез келген ауыл тұрғынына есігіміз ашық. Біз тек спортқа баулып қана қоймай, олардың әлеуметтенуіне де мүмкіндік жасаймыз. Жұмысқа орналастыруға, оқуға түсіруге тырысамыз. Мүмкіндігі шектеулі жандар көбіне қоғамнан қол үзіп қалады, көпшілік жиналған жерге барудан тартынады. Мәселен, Махамбет ауданының Жалғансай ауылында бір замандасымыз 14 жыл бойы үйінен шықпай, қоғамдық өмірден қол үзіп қалған екен. Біздің спорт мектебімізге келіп, адамдармен араласа бастады. Тоғызқұмалақтан түрлі чемпионатқа қатысып, спорт шеберлігіне үміткер атағын алды. Оқуға түсті, бүгінде аудармашы болып жұмыс істейді. Қазан айында Ақтау қаласында өтетін тірек-қимыл аппараты зақымданған жандар арасындағы чемпионатқа жолдама алып отыр.
– Яғни мектебіңіз арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарға жаңа мүмкіндіктер ашуды мақсат еттіңіз?
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғаммен байланыс маңызды. Спорт – денсаулық кепілі, бірақ спорт адамдарды да өзара байланыстырады. Мысалы, біз осы спорттың арқасында отбасылы болдық. Ауданның қоғамдық өміріне де араласқымыз келеді. Былтыр аудандық жұмыспен қамту бөлімінен мемлекеттік тапсырыс алып, 160 мүмкіндігі шектеулі балаға мерекелік ертеңгілік өткіздік.
– Спорт үлкен өмірге жолдама береді дейсіз ғой?
– Мектебімізде тәрбиеленген, өзін жақсы қырынан көрсете алған шәкірттеріміз жаттықтырушылар қатарын толықтырады. Яғни олар түрлі жарыстарға қатысып, ысылып, белгілі деңгейлерден өткеннен кейін жұмысқа орналасады. Мысалы, мектебімізге 7 жыл бұрын келген шәкіртіміз Айна Байсанбаева осы уақытқа дейін түрлі республикалық жарыстың жеңімпазы атанып, тоғызқұмалақтан спорт шеберлігіне үміткер атанды. Жақында оны Есбол ауылына бапкер ретінде жұмысқа орналастырдық. Мұндай мысалдар аз емес.
Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына көңіл бөлінсе деген тілек бар. Үлкен компаниялар да қолдау білдірсе нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен, жолдасымның спортқа келуіне себепші болған Атырау облыстық «Мүгедектер» спорт клубы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған республика бойынша ашылған алғашқы мектеп. Оның негізін қалаушы Сарайшық ауылының тумасы Бауыржан Тақауов ағамыз бүгінде волейболды отырып ойнау федерациясының президенті. Спорт – өмір сапасын арттыруға, адамдардың көңіл күйін көтеруге қажет бірден-бір құрал. Сондықтан спорт волонтерлігі де назарға алатын дүние.
Әңгімелескен
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»