Азияда науқастар саны бойынша көш бастап тұрған – Иран. Пандемияның бірінші толқынында да Иранда науқастар саны күн санап өскен-ді. ДДҰ үшінші толқын деп жариялаған кезеңде вирустан қайтыс болғандар саны 50 000-ға жетіп жығылды. Үкімет карантин жариялап, қоғамдық орындардың жұмысына шектеу қойған. Мемлекетті аймақтарға бөліп, науқастар саны төмен, қауіпсіз аймақты «ақ» деп белгілеп, науқастар саны күн санап өсіп, шектеулері көп қалаларды «қызыл» деп көрсетті. «Ақтан» «қызылға» өтіп жатқан, жағдайы тұрақсыз қалалар «күлгін» деп бекітілді. Қазіргі таңда Иранның 278 қаласы «күлгінге» боялды. Бұл дегеніміз елдегі ахуалдың бұдан да күрделенуі мүмкін екенін көрсетеді.
Елдегі жалпы жағдайдан бұрын халықтың салғырттығы алаңдатады. Өйткені Коронавируспен күрес ұлттық қызметінің өкілі Алиреза Раисидің айтуынша, қоғамдық бақылау кезінде автобуспен сапарламақ болған 6 400 жолаушыдан коронавирус анықталған. Яғни ирандықтар вирустың таралуын тежеу, алдын алу сынды шараларға салғырт, әлеуметтік жауапкершілікке мән бермейді деген мәлімдеме жасады үкімет өкілі.
Халық мұны күнкөрістің қамымен, нан табумен ақтайды. «Сақтық шараларын қолданып, абай болуға тырысамыз. Бірақ жұмысқа баруымыз керек», дейді тұрғындар. Ресми статистика науқастар санының күніне 15 мыңға жететінін көрсетті. Елдегі вирус жұқтырғандардың жалпы саны 1 млн 300 мыңан астам.
Ресей жаппай вакциналауды бастады. Мәскеуде арнайы орталықтар ашылып, вирус жұқтыру қаупі жоғары қызметкерлерге вакцина жасауға кірісті. Ресейлік БАҚ-қа сүйенсек, ел бойынша 70 аурухана вакцина сала алады.
Вирусқа қарсы құралдың Ресейде жасалғанын атап өткен жөн. Ресей үкіметі вакцинаны алдымен медицина қызметкерлері, мұғалімдер, әлеуметтік қызметкерлер мен вирустың таралу қаупі жоғары орын қызметкерлері салдыратынын мәлімдеді. Зерттеушілердің айтуынша, бұл вакцина Оксфорд зертханасы дайындап жатқан Oxford-AstraZeneca вакцинасымен бірдей, яғни 2 инъекция салынады. Екі инъекцияның арасы 21 күн болуы тиіс.
Көршілес елде де жағдай мәз емес. Күніне 30 мыңға жуық науқас тіркеліп, пандемия басталғалы 2,5 млн адам вирус жұқтырған. Айта кететін жайт, ресейлік вакцина нәтижесі 42 күнде білінеді.
Алда Рождество мерекесі. Бұл мейрамның еуропалықтар үшін қандай маңызды екені дүйім жұртқа әуелден белгілі. Биылғы мерекенің бұған дейінгілерден өзгеше болары сөзсіз. Еуропадағы жағдайы барынша тұрақты елдердің бірі – Португалия. Алайда Португалия үкіметі 120-дан аса муниципалитетінің қауіпті аймаққа айналғанын мәлімдеді. Аталған муниципалитеттерде халықтың 70 пайызы шоғырланған. Сондықтан халыққа себепсіз үйден шығуға болмайды. Билік биылғы мереке үйде тойланатынын хабарлады. 319 мыңнан астам науқас тіркелген елде, бүгін тағы 6 087 адамнан вирус табылды.
Нидерланд үкіметі үйге келетін қонақ санына да шектеу қойды. Бұдан былай үйге үш адамнан артық адам келуге тыйым салынған. Амстердам 550 мың адамның дертке душар болғанын айтты.
Италия да пандемия кезінде жиі аталатындардың қатарында. Әуел баста науқастар саны күрт өсіп, жаппай үйде отыруға мәжбүр болған италиялықтар осы жолы да сол күйді кешіп жүр. Премьер-министр Джузеп Конт карантиннің Рождество кезінде де жалғасатынын хабарлады. Ел ішіндегі рейстер 21 желтоқсан мен 6 қаңтар аралығында тоқтатылмақ. Ал қазір кешкі 10-нан таңғы 5-ке дейін көшеге шығуға болмайды.
Данияда жағдай тұрақты болғанымен, қоғамдық орында жиналуға рұқсат етілген адам саны 50-ден 10-ға қысқартылды. Елде сағат 22:00-ден кейін алкоголь өнімдері сатылмайды. Медициналық маска тағу бәріне міндеттелді. Жаңа ережелерді қаңтарға дейін сақтау талап етілген. Елдегі науқастар саны 100 мыңға жетер-жетпес. Пандемияның алғашқы күнінен 88 мыңға жуық даниялықтың вирус жұқтырғаны белгілі.
Швецияның вирустың таралуына қарсы шаралар қолданбағаны одақтас мемлекеттердің үрейін туғызғаны мәлім. Көршілес елдер сынағанымен қоймай, Швеция азаматтарын елдеріне кіргізуден бас тартты. Оқшаулану, сақтық шаралары дегенге аса мән бермеген Швеция Денсаулық сақтау министрі жақында бұл идеяның дұрыс болмағанын көпшілік алдында мойындады. Елдің бас дәрігерінің айтуынша, адам ағзасы бұл вируспен өзінше күресе алмайды екен. Оның осындай ойына елдегі ахуалдың тұрақтанбауы әсер етсе керек, өйткені Швециядағы вирус жұқтырғандар саны 279 мыңға жетті.
Ал кеше Бельгия үкіметі қаңтарда вакцина салдыру басталатынын және мұның барлық халыққа тегін болатынын хабарлады. 600 мыңға жуық науқасты тіркеген Бельгия да дабыл қағушы елдердің бірі. Өйткені бір тәулікте вирус жұқтырғандар 3 мыңға жуықтапты.
Испания 25 қазаннан бастаған карантинін әлі жалғастырып жатыр. Испания халқы 23:00 мен 06:00 арасында көшеге шыға алмайды. Жұмысқа барып-келу, дәріхана мен дүкенге шығудан басқаға рұқсат жоқ. Үкімет мәлімдемесіне сенсек, жаңа ереже келер жылдың мамырына дейін күшін жоғалтпайды. Алтаудан артық адам қатысатын жиынға айыппұл салынады. Әйтсе де жоғарыда айтылған ережелер Канар аралдарында міндетті емес.
Франция үкіметі 30 қазанда азаматтарға аса үлкен қажеттіліксіз үйден шығуға тыйым салған-ды. Бұл жолы да наурыздағы карантиндегідей жазбаша рұқсаты болмайынша, далада жүруге шектеу қойылған. Дүкендер, мейрамханалар мен мектептер жұмысын тоқтатты. 2,3 млн науқас тіркеп үлгерген Франция да жаппай вакциналауға кірісетінін хабарлады.
Бұған дейін Африка құрлығында вакцинаны былай қойғанда, вирус анықтау үшін қажетті сынамалардың жетпей жатқанын жазған болатынбыз. ДДҰ мәліметі бойынша, аймақтағы науқас саны апта сайын 7,5 пайызға артып отырады. Нигерия, Мысыр, Оңтүстік Африка, Конго, Кенияда жағдай күн артқан сайын ауырлап жатса, Эфиопияда науқастар саны азаюда, дейді ДДҰ.
Шолуымыздың басында айтып өткен Азия аймағына қайтып оралсақ, Ауғанстанда 48 мыңға жуық науқас тіркелген. Бүгінге дейін 2 мыңдай адам қайтыс болған. Көршілес Пәкістан мен Ауғанстан үкіметі вакцина күтпей, елдің ағзасына күш беруді бас жоспарға айналдырды. Жалпы үшінші толқынға қамдану жалғасып жатыр. Жақында ғана Герат қаласында 100 орындық аурухананың іске қосылғаны хабарланды. Алайда Ауғанстан үкіметі төтенше жағдай жариялауға асығар емес.