Өткізіліп отырған халықаралық конференция волонтерлікті дамытудың қазақстандық тәжірибесін ұсынудың және халықаралық деңгейде тәжірибе алмасудың бірегей мүмкіндігі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бір жыл ішінде волонтерлік қызметке қатысатын азаматтар мен ұйымдар саны өсіп, іске асырылатын бағдарламалар мен жобалар ауқымының кеңейгені анық. Деректерге қарасақ, осы уақыт ішінде волонтерлік ұйымдар мен топтардың саны үш есеге артып, 600-ге жетті. Тұрақты волонтерлер саны екі есеге артып, бүгінде
100 мыңнан астам адамға жуықтаған.
Қазақстандық волонтерлердің қызметі бүкіл әлемді шарпыған пандемия қаупі кезінде айрықша көрінді. Осы қиын кезеңде волонтерлік істерге 500 мыңнан астам адам тартылды, олардың тарапынан миллионнан аса азаматқа көмек көрсетілді.
Осы бір жылда «Біргеміз!» республикалық фронт-офисі және 17 өңірлік фронт-офис ашылды. Qazvolunteer.kz онлайн-платформасы іске қосылып, онда 44 мыңнан астам волонтер, 3 063 ұйым және 977 жоба тіркелген.
Конференцияда тақырыптық секциялармен қоса пленарлық отырыс өтті. Онлайн форматтағы пікірталас сессияларында қатысушылар волонтерлік саласындағы IT-технологиялар, волонтерлердің СOVID-19-ға қарсы күреске қатысуының халықаралық тәжірибесі, волонтерлікке қатысты заңнаманы жетілдіру және волонтерлердің мемлекеттік органдармен, қоғамдық және бизнес-құрылымдармен өзара іс-қимылы мәселелерін талқылады.
Конференцияға қатысушылар 7 жалпыұлттық жобаның, атап айтқанда, «Sabaqtastyq», «Saýlyq», «Taza Álem», «Asyl mura», «Qamqor», «Úmit», «Bilim» шараларының жүзеге асырылу барысы туралы айтты. Оның аясында еріктілерді қолдау орталықтары ашылды. Волонтер болғысы келетін азаматтардың барлығына кеңес беру қызметтері көрсетілді. 7 мыңнан астам волонтер оқытылды. Волонтерлікті дамыту бойынша 50 бастамашыл топ құрылды.
Конференция жұмысына БҰҰ ЮНИСЕФ балалар қорының төрағасы Артур ван Дизен, БҰҰ Еуропа мен Орталық Азияға арналған волонтерлер бағдарламасының аймақтық менеджері Римма Сабаева, сондай-ақ қазақстандық еріктілер, ҮЕҰ өкілдері, жалпыұлттық волонтерлік жобалар амбассадорлары, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Молдова волонтерлік ұйымдарының өкілдері қатысты.