Жаңадан ашылған №27-мектепте негізінен «Юбилейный» және «Алтын Арман» шағын аудандарында тұратын балалар білім алады. 18 мыңға жуық тұрғыны бар бұл екі шағын ауданда бүгінде мектеп жасындағы 1700 бала бар екен. Биылғы оқу жылының үшінші тоқсаннан бастап 830 бала осы мектепте білім алатын болады.
Жаңа мекенде жаңа мектептің ашылуы, ең алдымен, осы төңіректегі тұрғындарды қуанышқа бөледі. Бұған дейін балаларын қала орталығындағы тұрғылықты мекендерінен алыс мектептерде оқытып келген ата-аналар салтанатты жиында сөз алып, шараға жиналған көпшілікке шағын аудан тұрғындарының алғысын жеткізді.
– Біз былтыр мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болып, «Юбилейный» шағын ауданындағы жаңа пәтерімізге көшіп келдік. Бұған дейін балалар орталықтағы №115 орта мектепте оқыды. Рас, жол алыс, балалар үйге оралғанша алаңдап отырасың. Міне, бүгін үйіміздің іргесінен көптен күткен білім ордасы ашылып, қуанышымызға қуаныш қосылып, мерейіміз өсіп отыр. Мектеп пен үйдің арасы бес-ақ минуттық жер. Екі баламды да осы мектепке бердім. Өйткені бізге өте ыңғайлы. Балаларымыздың мынадай кең әрі сәулетті мектепте оқығаны өзімізге де жақсы. Сіздерге осы шағын ауданда тұратын ата-аналардың атынан зор алғысымды білдіремін, – деді шағын аудандағы №39 үйдің тұрғыны Мәншүк Алғашбаева.
Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылған білім ордасында жалпы саны 49 сынып бар. Мектеп директорының айтуынша, мұнда 2021 жылдың басынан бастап 1-11 сыныптарда 770 оқушы білім алады.
– Мектепалды даярлық сыныбына қабылданған 88 баланың 17-сі мемлекеттік тілде оқуға өтініш берді. Қазір 76 мұғалімді жұмысқа қабылдадық. Олардың дені жоғары және бірінші санаттағы ұстаздар. Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау барысында біз бірінші кезекте осы шағын ауданда тұратын мамандарға көп көңіл бөлдік. Сыныптардың бәрі заманауи техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сапалы білім беру үшін не қажет, соның бәрі бар, – деді мектеп директорының міндетін атқарушы Бақытжан Исетова.
Жаңа білім ордасында мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті білім беру мүмкіндіктері де қарастырылған. Мектеп ауласында ойын және демалыс алаңдары бар. Сонымен қатар балалар жеміс-жидек, гүл және түрлі дақылдар егіп, селекция жұмысымен айналысатын арнайы оқу-тәжірибелік аймақ та бар. Мердігерлердің айтуынша, сәулетті мектеп ғимаратын салуға жұмсалған құрылыс материалдарының сапасы өте жоғары әрі бұл материалдардың 95%-ы отандық кәсіпорындардың өнімі. Мектеп құрылысы барысында 189 адам еңбекке тартылған. Мұның сыртында, мектеп пайдалануға берілген соң мұнда 100-ге жуық жаңа жұмыс орны пайда болып, 76 мұғалім, 28 техникалық қызметші тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменованың сөзінше, алдағы жылы жаңа шағын ауданда 280 орынға арналған балабақша құрылысы басталады. Сонымен қатар «Алтын арманға» іргелес жатқан «Береке» шағын ауданында тағы бір жаңа мектеп салынады.
– Пандемияға байланысты қиыншылықтарға қарамастан, облыстың бірнеше ауданында жаңа мектеп ғимараттары салынып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, қыркүйек айында Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылында мемлекеттік тілде білім беретін 320 балаға арналған заманауи мектеп ашылды. Қазір Қарасу ауылында мемлекеттік тілде білім беретін 320 орынға арналған қазақ мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Қарасу мектебі 2021 жылы пайдалануға беріледі, – деді Зәуре Байменова.
Облыс орталығында мектеп ғимараттарын жөндеу жұмыстары да ерекше қарқынды. Мәселен, биыл жалпы сомасы 3,1 млрд теңгеге 7 білім мекемесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Мұның сыртында, 313 млн теңгеге 18 білім нысаны ағымдағы жөндеуден өтті. Бұл 2 мыңға жуық білім саласы қызметкерінің еңбек жағдайының жақсарып, 22 мың баланың сапалы ғимаратта білім алуына мүмкіндік туғызып отыр. Басқарма басшысының айтуынша, биыл облыс көлемінде 11,2 млрд теңге қаржыға 133 білім мекемесі күрделі және ағымдағы жөндеуден өткен.