Музей қызметкері Батырлан Сағынтаевтың айтуынша, «Торғай өңіріндегі көтерілісшілер Әбдіғапар Жанбосынұлын хан көтеріп, Кенесарының бас батырларының бірі болған Иман батырдың немересі Амангелді Үдербайұлын сардарбектікке сайлаған. 1916 жылы 21 қазан күні қазіргі Жангелдин ауданының көлемінде жатқан Татыр көлінің жағасында жазалаушы отрядтар мен Амангелді сарбаздарының арасында алғашқы шайқас болған. Тарихта Татыр шайқасы деген атпен қалған кескілесте 21 жастағы Ғапбас Саламатұлы атты жас сарбаз жазалаушы отрядтың барлаушысын атып жығып, өзінің ерлігімен көзге түседі. Ғапбастың ерлігіне риза болған Амангелді батыр оған өзінің қанжарын сыйға берген. Ғапбас азамат соғысы жылдарында да әскери іс-қимылдарға белсене араласып, өлкеде бейбіт ғұмыр орнағаннан кейінгі кезеңде халық соты, болыстық кеңестің төрағасы сияқты жауапты қызметтерді атқарған. 1972 жылы Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы мұражайы ашылғанда Ғапбас Амангелді сыйға тартқан қанжарды осы мұражайға тапсырған. Қанжарды мұражайдың сол уақыттағы басшысы Таңатқан Рысаев қабылдап алған».
Мұражайдағы құнды жәдігерлердің бірі саналатын қанжар Златоуст қару-жарақ зауытында 1863 жылы жасалған. Қанжар екі жүзді. Болаттан жасалып, сабы жезден құйылған. Қанжардың сабында жасалған жылы (1863) мен екі басты самұрық бейнеленген таңбасы бар. Қанжардың ұзындығы – 64 см, жүзі – 49 см, сабы – 15 см. Жүзінің ені – 4 см. Салмағы – 1030 гр. Қынының түбіндегі металл бөлігі түсіп қалған. Қынның бауы қолдан тағылған.
Бүгінде мұражайдың құнды жәдігерлерінің бірі санатындағы батыр қанжары 1916 жылғы көтеріліске арналған экспозиция залында Амангелдінің Әбілхан Қастеев салған портреті, Кейкі батыр үйінің кебежесі секілді көне жәдігерлермен бірге сақтаулы тұр.
Қостанай облысы