Шағын кәсіпкерлердің өз сөзімен айтсақ, «пандемияның бел баласы» саналатын мониторингтік топтар өңірдегі карантин талаптарының орындалуын тексеру барысында асыра сілтеуге жиі барады. Тіпті түймедейді түйедей етіп көрсетіп, ескертумен шектелуі тиіс ұсақ-түйек кемшіліктің өзіне айыппұл салып кетеді екен. Кеңес отырысында бір күннің ішінде бір бизнес нысанының өзіне әр саладағы қызметтерден бірнеше рет тексеруші келетіні айтылды. Мұның сыртында, тексерушілер өздерінің өкілеттігін растайтын ешбір құжат көрсетпестен, кәсіпкерге айыппұл саламын деп қоқаңдауды әдет еткен.
– Былтыр кәсіпкерлер палатасына бақылаушы органдардың әрекеті мен шешімдеріне наразы кәсіпкерлерден 260 шағым келіп түсті. Оның 20 пайызы мониторингтік топтардың әрекеті мен шешімдеріне қатысты. Біз бұл жерде шектеу талаптарына жауапкершілікпен қарайтын кәсіпкерлер туралы ғана айтып отырмыз. Санитарлық талапты жиі бұзатын кәсіпкерлер кінәлі екенін өздері де жақсы біледі, сондықтан олар бізге шағымданбайды да. Біздің ойымызша, мониторингтік топтар бизнеске шүйлігуден гөрі, түсіндіру жұмыстарына көп көңіл бөлуі керек. Алайда өкінішке қарай, қазіргі мониторингтік топтар жүргізіп жатқан жұмыстың жазалаушылық сипаты айқын аңғарылып отыр. Олардың басты мақсаты – қалай да айыппұл салу сияқты, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы құқықтық қорғау бөлімінің бастығы Ренат Давлетпаев.
Оның айтуынша, таяуда мониторингтік топ Қостанайдағы дүкендердің біріне жұмыс күні аяқталған соң тексеру жүргізген. Тексерушілер дүкенде бірде-бір тұтынушы жоқ екенін, касса аппаратының ағытулы күйде тұрғанын, ал дүкеншілердің саудамен емес, күндік табысты есептеумен айналысып жатқанын көре тұра, тыйым салынған уақытта жұмыс істегені үшін дүкен иесін жазаға тартпақ болған.
– Негізінде мұндай тәртіп бұзушылықтар кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының қатысуымен анықталуы тиіс. Мұны айтпағанда, бизнес өкілдері мониторингтік топтардың жұмыс істеу алгоритмінің қандай екенін де білмейді. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы қала және аудан әкімдерін санитарлық-эпидемиялық нормалардың сақталуын бақылайтын инспекторлар туралы мәліметтерді «InfoKazakhstan» порталына орналастыруға міндеттеген. Алайда бұл талап сақталмай отыр, – деді бөлім бастығы.
Шағын дүкен ұстап отырған кейбір кәсіпкерлер, тіпті өздеріне не үшін айыппұл салынғанын түсінбей қалатын жағдайлар да аз емес. Мысалы, таяуда Меңдіқара ауданындағы мониторингтік топ Теңіз ауылындағы екі азық-түлік дүкенінің санитарлық-эпидемиялық талаптарды бұзғанын анықтап, аталған сауда нысандарының біріне 320 мың теңге, екіншісіне 42 мың теңге айыппұл салған. Қазір бұл жағдайды прокуратура тексеріп жатыр. Кеңес отырысында айыппұл арқалаған шағын кәсіпкерлердің бірі сөйледі. «Сатушы жұмыс барысында қолғабын уақытша шешсе, мұны сыртта жүрген дүкен иесі қалай біледі? Мониторингтік топ неліктен сатушыны емес, дүкен иесін жазалауы тиіс? Өйткені сатушы заң тұрғысынан алғанда жеке тұлға болып есептеледі, демек оған салынатын айыппұлдың көлемі де шамалы. Ал кәсіпкердің өзіне салынған айыппұл сатушының айыппұлына қарағанда 7 есе салмақты. Сондықтан тексерушілер қасақана жеке кәсіпкерге айыппұл арқалатуға бейім тұрады», деді шыр-пыр еткен дүкен иесі.
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңес төрағасы Владимир Шакунның айтуынша, кеңес отырысында қаралған көптеген шағымның негізі бар. Қазір, өкінішке қарай, мониторингтік топтар туралы құқықтық негіздеме жоқ, тек олардың жасақталуы жөніндегі әкімдердің өкімдері ғана бар. Алайда аймақта жүріп жатқан тексерулердің бәрі эпидемиялық ахуалға байланысты қажеттіліктен туындап жатқанын қаперде ұстағанымыз жөн. Солай бола тұра, мониторингтік топтар шаруасы онсыз да шатқаяқтап тұрған шағын кәсіпкерлерді жаппай жазалай беруден гөрі, санитарлық талапты сақтау дағдысын қалыптастыруға көп көңіл бөлуі керек. Бұл орайда тәртіпті жиі бұзып, талапты белшеден басып отырған кәсіпкерлер емес, санитарлық-эпидемиялық жағдайға жауапкершілікпен қарап отырған кәсіпкерлердің ғана құқығы қорғалуы тиіс.
Қостанай облысы