Бесінші онжылдыққа қадам басқан ұйым биыл көптеген мәселенің шешімін табуды міндетіне алып отыр. Әріптестік кеңесінің бас хатшысы Найеф Фалах әл-Хажраф бұл жиын жаңа бөлімнің кіріспесі екенін айтты. Биылғы жиынның басты миссиясы – Қатар елімен қарым-қатынасты түзеу. Өйткені 2017 жылы маусымда Сауд Арабиясы Біріккен Араб Әмірлігі, Бахрейн, Мысыр мемлекеттерімен бірігіп Қатармен әуе, әскери байланысты тоқтатқан-ды. Мұндай шешім қабылдауға Қатардың Ирандағы лаңкестік топтарды қолдауы әсер етіпті. Дегенмен Қатар бұл айыппен келіспейді.
Үш жыл бойы Қатар блокадаға шыдап келді. Соңғы кезде Сауд Арабиясы тарапынан жасалған қадамдар, шиеленістің күрмеуі шешілетініне үміттендіргендей.
Жақында Сауд Арабиясының ханзадасы Әріптестік кеңесінің отырысы мемлекеттердің бірігуіне, аймақтағы сынды бірігіп еңсеруге бастайды деген сенімін білдірді. Ал Кувейт Сыртқы істер министрі Ахмад Нассер әл-Сабах Сауд Арабиясы әуе кеңістігін, теңіз жолын ашуға келісім беріп отырғанын хабарлады. Дегенмен Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Файсал бин Фархан әл-Сауд келісім әлі де жүргізіліп жатқанын, шекара толықтай ашылмағанын мәлімдеді.
Екі елдің келісімге келуіне БАӘ мен Мысыр да мүдделі екенін білдірді. БАӘ Сыртқы істер министрі Ануар Гаргаш «Кеңес дұрыс бағытты таңдады» деген ойымен бөлісті. «Біз Әл-Улада жазылатын тарихи сәттің алдында тұрмыз. Осылайша біз шығанақтағы шиеленістің шешілуіне қадам жасамақпыз. Бұдан былай қауіпсіздік күшейіп, соңғы айларда туындаған мәселелерге нүкте қоямыз», деді.
Министрдің соңғы айлардағы мәселелер деп отырғаны Қатар мен Бахрейн арасындағы кикілжің болуы мүмкін. Өйткені 9 желтоқсанда Қатар БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне хат жолдаған-ды. Хатта «Бахрейн Қатар әуе кеңістігінен 4 рет жойғыш ұшақ ұшырды» деп жазылған. Бахрейн бұл айыппен келіспей, ұшақтар Сауд Арабиясы мен Бахрейн арасындағы оқу-жаттығу бағдарламасы негізінде ұшырылғанын хабарлады.
Осы орайда Қатар әміршісі шейх Тамим бин Хамад әл-Танидің 2017 жылдан бері кеңес отырысына қатыспай келгенін айтып өткен жөн. Ол жиынға дипломаттар мен өкілдер жіберіп отырды. Дегенмен биылғы жиында бой көрсетті. Бұл да елдер арасында келісім орнайтынына белгі ретінде қабылданды. Ал Бахрейн атынан король емес ханзада келетін болды. БАӘ атынан Дубай әміршісі сөйлейтіні мәлім.
Пандемия да – бұл жиынның басты тақырыптарының бірі. Парсы шығанағындағы елдер де әлемді жайлаған вирустан жапа шеккені анық. Олар экономиканы жаңғырту, тұрақтылық тақырыптары аясында да бірқатар келісімге келмек. «Біз шығанақтағы келісімді нығайту арқылы экономиканы қайта жаңғырта аламыз. Қалыпты өмірге қайта оралу да келісімге байланысты. Пандемиядан кейінгі мақсаттарға жету үшін де ауызбіршілік қажет», деді кеңестің бас хатшысы әл-Хажраф.
Отырыстың бірінші күні мемлекет басшылары кездесулер өткізіп, талқылауларға кірісті. Онда көбіне шекара мәселесі қозғалды. Қатар шейхы Хамад әл-Тани Airbus A340 ұшағымен ұшып келді. Оны Сауд Арабиясының ханзадасы Мұхаммед бин Салман жылы қарсы алды.
Кездесу барысында бірқатар салтанатты жиын да орайластырылды. Мемлекет басшылары мен министрлер әріптестікті жаңа деңгейге шығаратын, экономиканың қайта түлеуіне сеп болатын ғимараттардың ашылуына қатысты. Мәселен, Қатардың Қаржы министрі әлемдік деңгейдегі St. Regis Hotel-дің жұмысын бастауына рұқсатын берді.