Әлем • 21 Қаңтар, 2021

Джек Ма қайтып оралды

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Alibaba компаниясы құрушы Джек Ма Қытай үкіметі тарапынан жасалған қысымнан кейін халық алдына қайта оралды. Ол соңғы рет 24 қазанда Шанхайда өткен форумда үкіметті инновация мен қаржылық шектеу жасағаны үшін айыптаған еді.

Джек Ма қайтып оралды

Одан кейін кәсіпкерден хабар жоғалды. Желі қолданушылары оның қай жерде екенін анықтауға тырысты. Алайда Джек Ма үш айға жуық еш хабар бермеді. Кеше ол ауыл мұғалімдерімен бейнебайланысқа шықты.

Бұл Джек Маның қайырымдылық шараларының аясында орайластырылған кездесу. Ол жыл сайын Саня қаласында ұстаздарға арналған жиын өткізіп тұрады. Биылғы пандемияға байланысты кездесу онлайн форматта өткен. «Эпидемия салдарынан Саняда жүздесе алмадық. Бұл кезеңнен өткен соң кездесуді қайта өткізуге тырысуымыз керек», деді ол.

Өткен айда Қытай Орталық банкі Джек Ма басқаратын Ant Group компаниясының операцияларына тексеріс жүргізді. Жалпы, аталған компания Қытайдағы ең ірі төлем провайдері саналады. Одан кейін Alibaba компаниясына қатысты монополияға қарсы тергеу басталғаны мәлім болды. 

Бұл қысым кәсіпкерді әбігерге салса керек, ол өзі негізін қалаған Africa’s Business Heroes кәсіпкерлер байқауының финалдық бәсекесіне де қатыспады. Халықаралық басылымдар оның өзі ұйымдастыратын жиындарда ән айтып, би билейтін мінезін негізге алып, назардан жоғалуын қалыпты емес деп жазды.

Оның туыстары мен достары кәсіпкердің жағдайы жақсы екенін айтып, өздерімен байланыс­ты үзбегенін мәлімдеді. Басылымдар оның үкімет өкілдерімен байланысудан бас тартып, құқық бұзушылыққа қатысты мәселелер туындағанын жазды.

Дегенмен кешегі жиында кәсіпкер өзін әдеттегі қалпында ұстап, әріптестерімен халықтың әл-ауқатына көңіл бөлетін кез келді деп шешкенін хабарлады. «Біз әріптестерімізбен кеңесе келе, қазіргі таңда халықтың жағдайына, олардың біліміне көңіл бөлу қажет деген шешім қабылдадық. Ендігі кезекте оқу-ағарту бағытындағы бастамаларға басымдық береміз» деп түйіндеді белгілі кәсіпкер.