Экономика • 25 Қараша, 2021

Бағаға шама жетпей барады

208 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Пандемиямен күреске» деп көптеген мемлекет экономиканы құтқару мақсатында жеңілдетілген ақша-кредит саясатын жүргізгені мәлім. Алайда бұл жұмсақ саясаттың нәтижесі қатты болып шықты. Айталық, қазан айында Қазақстандағы инфляция деңгейі 8,9%-ды көрсетті. Мұның салдары негізгі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің өсуіне әкелді.

Бағаға шама жетпей барады

Finprom порталының дерегіне сүйенсек, ЕАЭО елдерінде бағаның жылдық өсімінің жеделдеуі бай­қалды. Соңғы жылда бағаның күрт көтерілуі Арменияда орын алып, жылдық инфляция 1,3%-дан 9,1%-ға дейін өскен. Соңғы айларда баға­ның төмендегеніне қарамастан, Қыр­ғызстанда инфляцияның ең жоға­ры көрсеткіші тіркелді – 12,5%. Беларусь елінде оның дең­гейі 10,5%-ға жетсе (2020 жыл­ғы қазан­дағы 6,2%-ға қарсы), Ресейде – 8,1% (4,0%-ға қарсы). Елімізде жоғарыда айтылғандай инфляция қазан айында 8,9% деңгейінде тіркелді.

Мұндай жағдайда орталық банк­тердің ақша-кредит саясаты бір­тіндеп бағытын өзгертіп, дамушы елдер барған сайын ақша-кре­дит шарттарын қатаңдату циклі­не бел­сенді түрде ауыстыратыны мәлім.

Проинфляциялық үдерістердің алдын алу үшін Ресейде негізгі мөлшерлеме 3,25 пайыздық тармақ­қа немесе 7,5%-ға көтерілді. Айыр қалпақты ағайындар бұл межені 2,5 пайыздық тармаққа арттырып, мұнда да 7,5% деңгей байқалса керек. Арменияда пайыз­дық тармақ 2-ге көбейтіліп, 7,25% тіркелсе, Беларусь елінде пайыз­дық тармақ 1,5%-ға немесе 9,25%-ға жетті. Қазақ­станда пайыздық тар­мақ 0,75 көр­сетіп, 9,75%-ға артты.

ЕАЭО құрамына кірмейтін ТМД елдерінде де, Өзбекстанды есепке алмағанда инфляцияның өскені байқалады. Бауырлас мемлекетте инфляция бастапқыда екі таңбалы болғанымен соңғы жылы 0,9%-дық тармаққа төмендеді.

Соңғы уақытта Украина мен Молдовада баға қарқынды түрде өсу үстінде. Нақты айтқанда, 2,6%-дан 10,9%-ға дейін және 1,6%-дан 8,8%-ға дейінгі аралықта. Осыған байланысты Украинада негізгі мөлшерлеме төрт есеге, айталық 6%-дан 8,5%-ға дейін және Молдовада үш мәрте 2,65%-дан 5,5%-ға дейін ұлғайды.

Жыл басынан бері негізгі мөлшерлеме Тәжікстан (2,5 п.т.-ға, 13,25%-ға дейін) мен Әзербай­жан­да да (0,75 п.т.-ға, 7,0%-ға де­йін) жоғарылаған.

ТМД және ЕАЭО елдерінде инфля­цияның қалыптасуы көбінесе монетарлық емес фактор­лардың әсерінен орын алыпты. Инфл­я­цияның қарқынды тетігі – азық-түлік тауарларына бағаның өсуінде. Инфляцияны жеделдетудің негізгі факторлары – азық-түлік бағасының жалпы әлемдік көтерілуі, пандемия салдарынан логистикалық тасымалдардың шектелуі, шикізат тауарларына әлемдік бағалардың өсуі және сауда әріптес елдердегі инфляциялық ахуалдың нашарлауы саналады.

Инфляциялық факторлардың тұрақтылығына байланысты ЕАЭО және ТМД елдерінің реттеуші органдары тәуекелдер теңгерімі проинфляциялық жағына ауысқан жағдайда ақша-кредит саясаты одан әрі қатаңдау мүмкін екенін жоққа шығармады.